Қорғаныс саласындағы инновация дегені музейлік экспонат болғаны ма?

1795

Мамандар "Қазақстанда шығарылатын жаңа құрал" деп жарияланғаны өткен ғасырдың 70-жылдары оқулықтарға кірген ескі жабдық деседі.

Қорғаныс саласындағы инновация дегені музейлік экспонат болғаны ма?

Елімізде қорғаныс саласының олқылықтарын әскери мамандар көптен айтып келеді. Мысалы, республиканың жалпы қорғанысына Қорғаныс министрлігі жауап беретіні мәлім. Алайда өңірлерде қорғаныс саласы жергілікті әкімдіктерге берілген. Солар саланы жергілікті бюджеттен қаржыландырады. Әр ауыл-қала тек өз аумағына ғана жауапты әрі олардың арасында үйлесімді әрекет ету жолға қойылмапты.

Тағы бір түйткіл – әскерді қару-жарақпен қамтамасыз ететін құрылымдар Қорғаныс министрлігіне бағынбайды. Оған басшылығында бірде бір әскери маман жоқ азаматтық ведомство – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басшылық етеді.

Осы ведомствоның таяудағы "сүйінші" хабары әскерилер арасында дау тудырды. ИИДМ "отандық қорғаныс кәсіпорындары қандай жобаларды қолға алатынын" ақпарат құралдарына хабарлады.

Сонымен Индустрия министрлігі 2022 жылы Көкшетауда – 2015 жылғы үлгідегі Калашников автоматтарының өндірісі, "№405 авиажөндеу зауыты" АҚ базасында – Ми-171Ш тікұшақтарын құрастыру, "Семей инжиниринг" АҚ базасында – бронды танктер техникасын жаңғырту, "Steel manufacturing" ЖШС-де – автоматтарға арналған оқ-дәрілер өндірісі, "Қазақстан Парамаунт инжиниринг" ЖШС-інде – "Барыс 8х8" бронды-доңғалақты машиналарды жасау, "Тыныс" АҚ-ы кәсіпорнында – АК-12 және АК-15 автоматтарын құрастыру басталатынын жариялады. Бұл жобалар Ресей-Украина соғысы қарсаңында жарияланған, ендігі тағдыры не болатыны белгісіз.

Заманауи үлгілер тұрғанда, кеңестік жүйе қажет пе?

Дегенмен мәселе министрлік дәріптеген басқа бір жоба – "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" АҚ-да "Мемлекеттік шекараны күзетудің техникалық құралдарының өндірісі" жобасы туралы. Егер елімізде қорғаныс саласына және шекараға арналған заманауи күзет жабдығы шығарылса, бұл серпінді жоба, жаңа индустрия болар еді. Осыған қуанған сарапшылар жобаның мән-жайын біліпті. Білген соң түңілген.  

"Шынымды айтайын, бұл жаңалық мені қатты қуантты. Қазақстанда ақыры күзеттің техникалық құралдарын жасайтын өндіріс пайда болады деп ойладым. Негізі, менің қауіпсіздік құралдары нарығында 25 жылдық жұмыс тәжірибем бар. Содан кәсіби қызығушылық оянып, ол жүйе туралы ақпарат іздей бастадым. Қажетті ақпаратты "Қазақстанның патенттер базасынан" таптым", – дейді қорғаныс құралдары саласының сарапшысы, АҚШ және басқа шетелдік жетекші өндірушілердің қауіпсіздік жүйелері жабдықтарына қолдау көрсететін отандық белді компанияның басшысы Ренат Нарбаев. 

"Қазпатентте" "Ночь-12" аппаратурасы күзет техникалық құралдарының жүйесі" туралы жазылған. Авторлары – Ю. Мягких, В. Перлов.

"Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті берген құжатты мұқият оқып шықтым. Онда аппаратура конструкциясы жаңа, заманауи, элементарлы базаға көшірілгені жазылған. Әзірлеу үшін жаңа материалдар қолданылған. Аппаратураның техникалық мүмкіндіктері кеңейтіліпті. Яғни "Ночь-12"-нің техникалық сипаттамалары жақсартылған, кеңейтілген. Осы арқылы аппаратураның пайдалану қасиеттері бірнеше есе арттырылған. Бұл жерде техникалық нәтижесіне заманауи электрорадиоэлементтерді пайдалану есебінен қол жеткізіледі дейді. Индикацияға арналған кеңес кезіндегі қызба лампа светодиодтармен ауыстырылыпты", – дейді Р. Нарбаев.

Оның айтуынша, "жаңа жабдық" негізіне ескі оқулықтарда айтылған аппаратура алынды.

"Ол жабдық 1978 жылы В.Ф. Пасечник жазған, Мәскеуде басылған "Ночь-12. Система технических средств охраны" деп аталатын оқу құралында айтылған. Президент Қ. Тоқаевтың өзі армиямыздың техникамен және қару-жарақпен жарақтануын шұғыл жаңғыртуға тапсырма берді. Мемлекет басшысы әскерімізде 30-50 жыл бұрынғы, кеңестік ескі қару мен оқ-дәрінің үлесі тым көп екеніне назар аудартты. Ескінің орнын ескі басуы керек пе? Мұның инновациясы қайда? Онда шекарамыз үшін "инновациялы қада" ойлап табайық. Оған ең заманауи технологиялармен ойлап табылған бояу жағайық. Көзбояушылық керек емес. Бюджеттің қыруар қаражатын музей экспонатының өндірісіне шығындаған жөн бе? Оларды Қорғаныс министрлігінің стратегиялық нысандарын күзетуге қойған дұрыс па? Қазір мұндай жабдықтардың небір заманауи үлгілері бар", – дейді Ренат Нарбаев.

Жауапты тұлғалар не дейді?

Өнімді шығару жоспарланып отырған "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" АҚ-ы "Қазақстан инжиниринг" (Kazakhstan Engineering)" ұлттық компаниясының құрамына кіреді. Ал "Қазақстан инжиниринг" – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды.

Екінің бірі біле бермейді, кеңес уақытында дәл осы зауытта жабық мекемелерге арналған күзеттің техникалық құралдарының жүйесі – сөз болып отырған "Ночь-12" аппаратурасы өндірілген. Қазақстандық кәсіпорын осы күзет жүйесімен одақтағы барлық дерлік түзеу мекемелерін қамтамасыз еткен.

Зауыт тәуелсіздік жылдары Ұлттық ұланмен ынтымақтаса бастады. Әрине, "Ночь-12"-нің бұрынғы моделі моральдық тұрғыдан ескірді, жаңа заманға сәйкес келмейді. Сондықтан оған техникалық жаңа шешімдерді енгізіп, кешенді жетілдірген. Нәтижесінде, 2011 жылдан бері құқықтық тәртіпке жауапты ішкі әскерлерге күзеттің осы жүйесін жеткізе бастады.

Жалпы "Ночь-12" түрме секілді жабық объектілердің ішін, периметрін күзетуге арналған. Енді оны өндірушілер қорғаныс пен шекара саласына бейімдепті. Соларға арналған күзет жүйесін құруда. 

Мысалы, зауыт мамандары "Ұлан" атты әскери қалашықтарды күзетуге арналған жаңа кешенді әзірледі. Кешен объектіні ішкі телефон байланысымен, күзет жүйесімен, бейнебақылаумен, адамдар мен жүктердің қозғалысын қадағалау жүйесімен, кіруді бақылаумен және дыбысты бұйрықтар немесе арнайы дабыл беру үшін қатты дауыс байланысымен қамтамасыз етеді.

Бірақ бұл құралдың тым қарапайымдығы мамандардың сынын тудырып отыр. Құрал авторлары кез келген солдат басқара алуы үшін "аппаратураның пайдалануда өте қарапайым және сенімді болуын" басты мақсат еткенін айтады. Оны әскери қалашықтарды, стратегиялық объектілерді, әскери қару-жарақ қоймаларын қорғауға ұсынылыпты.

"Ең бастысы, бұл – зауыттың, біздің конструкторлардың төл әзірлемесі, өз өнімі. Жүйені біз өзіміз жасаймыз, өзіміз орнатамыз, өзіміз сервистік қызмет көрсетеміз", – деген түсініктеме берді зауыт.

"Ночь-12" жаңғыртылған кешенінің авторы, мамандардың жетекші тобының конструкторы Владимир Перлов оның эксплуатацияда және жөндеуде қарапайымдылығымен ерекшеленетінін жеткізді.

"Егер аппаратураға көп қабатты баспа платасын, микросхемаларды қолданғанда, бұл жөндеуге келмейтін бұйымға айналар еді. Біз қарапайым базаны пайдаландық. Оның керек-жарағын радиодүкені бар кез келген қалада сатып ала салуға болады. Біздің кешенді жөндеу үшін паяльник, отвертка және тістеуік-плоскогубцы болса, жеткілікті", – деді "Казправдаға" берген сұхбатында В. Перлов.

Бірақ Қорғаныс ведомствосы тістеуікпен жөндей салуға болатын бұл "инновациялық құрал" Қарулы күштерде пайдаланылмайды дейді.

"Қорғаныс министрлігі сатып алатын күзеттің техникалық құралдары мен технологияларына мамандардың алаңдаушылық танытқанына ризамыз. Біздің министрлік Қарулы күштер объектілерінде қолдану үшін озық технологиялардың пайдаланылуына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бұл ретте Қазақстан Қарулы күштерінің мекемелерін және әскери бөлімдердің периметрлерін күзету ісінде "Ночь-12" аппаратурасы қолданылмайды", – деп қысқаша түсініктеме берді Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу