Коронавирус шабуылдайтын органдар көбейіп келеді

8985

Ғалымдар COVID-19-дың денсаулыққа тигізер өзге залалдарын енді ғана түсіне бастады. 

Коронавирус шабуылдайтын органдар көбейіп келеді

Америкалық зерттеушілер жаңа коронавирустың адам денсаулығында түрлі проблема туындататынын енді ғана түсіне бастады. Сол залалдардың кейбірі пациенттер мен денсаулық сақтау жүйесіне жылдар бойы әсер етуі мүмкін.

COVID-19 науқастардың тынысын тарылтатын респираторлық ауру ғана емес – ол талай органға шабуыл жасап, кейбір жағдайларда пациенттерге  алапат зиян әкелуі мүмкін.

"Алғашында біз бұны тек респираторлық вирус деп ойладық. Сөйтсек, ол асқазан асты безінің де, жүректің де, бауыр мен мидың да, бүйрек пен өзге  органдардың да соңына түседі екен. Әу баста осының бәрін байқамаппыз", – дейді АҚШ-тың Калифорния штатының Ла-Холья қаласындағы "Скриппс" зерттеу институтының директоры Эрик Тополь "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Сонымен қатар, коронавирус жұқтырған адамдардың дем алуы қиындап қана қоймай, қаны ұйып инсультке ұшырау мүмкіндігі күшейіп, қатты қабынудан түрлі органдары зақымданатыны анықталып отыр.  COVID-19  науқастарды неврологиялық асқынуларға душар етіп, олардың басы ауырады, дәм мен иіс сезуі мұңға айналып, сіңірі тартылып, санасы шатасуы да ықтимал.

Бұның бәрін қалпына келтіру ұзаққа созылып, сол әрекеттер кейде аяқсыз қалып, шығынға батырып, адамның өмір сапасына үлкен соққы болып тиюі мүмкін.

"COVID-19-дың осылайша кең көлемде әрі сан қырымен көрініс беруі – ерекше жағдай", - дейді Чикагодағы Northwestern Medicine орталығының кардиологы Садия Хан.

Ханның сөзінше, жүрегінде кінәраты бар адамның қарапайым тұмауға шалдыққанда жағдайының қиындау қаупі жоғары. Бірақ  коронавирус жұқтырған пациенттің проблемасы өкпемен шектеліп қалмай, түрлі органдарға тарауымен дәрігерлерді аса таңқалдырып отыр.

Ханның ойынша, бұл мәселе денсаулық сақтау жүйесін үлкен шығынға батырып, COVID-19-ды бастан кешкен адамға ауыр салмақ түсіруі мүмкін.

Айығуға ұзақ уақыт қажет

Зерттеулерге қарағанда, интенсивтік терапия бөлімінде жатқандардың немесе бірнеше апта бойы өкпе желдеткішіне жүгінген пациенттердің қайта ширап, күш алуы үшін қосымша уақыт қажет болады.

"Госпитальде жатқан әр күніңде жоғалтқан күшіңді қалпына келтіру үшін жеті күнге дейін уақыт керек болады. Жасыңыз неғұрлым үлкен болса, аяққа тұрып кетуіңіз соғұрлым қиын", – дейді Хан.

Бүгінде әлем госпитальдерінде жағдайы ауыр науқастарға көбірек назар аударылып отыр. Алайда дәрігерлер кейінгі кездері ауруханаға жатуға мұқтаж болмаса да инфекцияны алғаш рет жұқтырғаннан кейін бірнеше ай өткенде осы вирустан әлі зардап шегіп жүрген пациенттерге ерекше көңіл бөле бастады.

АҚШ-тың Аурулардың алдын алу және бақылау орталығының инфекциялық аурулар жөніндегі директорының орынбасары Джей Батлер айтқандай, қазір коронавирустың ұзақмерзімдік зардабын анықтау жолында зерттеулер басталды.

"Біз үнемі шаршап жүретін, деміге беретін адамдар туралы расталмаған хабар-ошарларды естіп жүрміз. Олар мұндай жағдайда қанша жүреді. Бұны дөп басып айту қиын", – дейді Батлер.

Оксфорд университетінің докторы Хелен Солсберидің сейсенбі күні "Британ медициналық журналында"  жарық көрген сұқбатында әдетте коронавирустың симптомдары 2-3 аптада жоғалғанымен, шамамен 10 пациенттің біреуінде сол белгілер ұзақ уақыт сақталатынын айтқан.

Бұған қоса, Солсберидің сөзінше, оның пациенттерінің көбінің кеуде клеткасының рентгенографиясы қалыпты болып, одан қабыну белгілері көрінбесе де, сол адамдар бұрынғы өмірге әлі орала қоймаған.  

"Егер сіз бұрын аптасына үш мәрте 5 шақырымнан жүгіріп, қазір баспалдақтың бір бөлігінен өткеннің өзінде демігетін болсаңыз немесе жөтеле берсеңіз, онда бұрынғы денсаулығыңызды ешқашан қалпына келтіре алмауыңыз әбден мүмкін", – дейді Солсбери.

Northwestern Medicine орталығының нейро-инфекциялық аурулар бөлімінің басшысы Игорь Коральник жақында зерттеу жүргізіп, COVID-19  вирусын жұқтырған адамдардың жартысының басы айналғанын, қырағылығы төмендегенін, назар салуы қиындағанын, иіс және дәм сезу қабілетінің бұзылғанын, денесі әлсіреп, бұлшық еттері ауырғанын анықтады.

Үш жаңа симптом

АҚШ-тың Аурулардың алдын алу және бақылау орталығы коронавирус симптомдарына тағы үш белгіні қосты. Олар – мұрынның бітелуі, жүректің айнуы немесе лоқсу, диарея немесе іштің өтуі. Мұны осыдан бірер күн бұрын Американың Newsweek журналы аталған орталықтың сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу