Бұл туралы Өзбекстанның Статистика жөніндегі мемлекеттік комитетіне сілтеме жасап, қырғыздың 24.kg арнасы хабарлады.
"Өзбекстан туристердің келуі бойынша қарқынды түрде рекордтар жаңартуда. Бұл көрші елге тасқындаған туристік ағын 2025 жылғы алғашқы 4 айда бірден 146,1%-ға өсіп шыға келді. Белгілі болғанындай, 2025 жылғы қаңтар-ақпан аралығында Өзбекстан шетелден шамамен 3,1 миллион туристі қабылдады. Бұл – бүкіл Орталық Азия елдері арасындағы рекорд", – деп хабарлады қырғыздың ақпарат құралы.
Өткен жылда өзбек еліне 8 миллионнан астам шетелдік турист келіп, төрт және одан көп күн демалыпты.
Бұл ретте ӨР-ге саяхаттаған қонақтар арасында Қырғызстан көш бастады. Екі елдің шекараға қатысты мәселелері шешілгелі, республикалардың арасы жақындай түсіп, бауырлас елдердің бір-біріне барыс-келісі күрт артты.
Ресми мәліметке сәйкес, биылғы 4 айда Қырғызстаннан өзбек еліне 1 миллионға жуық (942 мыңнан аса) турист барыпты. Екінші орында Тәжікстан (793,9 мың), үшінші орында Қазақстан (617,2 мың) тұр.
Саяхатшылар арасындағы Ташкент, Самарқан пен Бұқара ең танымал бағыт болып қалуда.
Алматылық Нұрлан Есқали кейінгі 2 жыл бойы отбасымен тек Өзбекстанда демалатынын әңгімеледі.
"Отбасым үлкен, қолымдағы үлкен кісілерді қоса алғанда, 7 адамбыз. Тіпті бесеуімізге алғанның өзінде Египет, Түркия, Вьетнамға бірнеше миллион теңге қаржы қажет болады. Ал, Өзбекстанда барлығы демейін, біразы арзан. Айталық, кез келген дәмханасына кірсеңіз, табақ сияқты үлкен тәрелкені үйіп тұрып салып, палау әкеледі. Отбасымызға соның екеуі де жетеді. Биыл 5 адамның түстенуіне небәрі 6 мың теңге ғана төледік. Алматыда бұл сомаға бір ас түрін ғана аласыз", – деді Нұрлан.
Ол тағы бір сырымен бөлісті. Өзбек базарларының саудагерлері меймандос, мейірімді келеді. Сатып алушысының алдына бар жылы-жұмсағын ұсынады, дәмін татып көруге қоймай-қоймай шақырып, қолқалайды.
"Содан бір базарды басынан аяғына дейін аралап шыққанда небір тәттіге тоюға болады. Мысалы, балалармен Самарқанның ең байырғы "Сияб" базарына (Siyob bozori) үш күн бойы бардық. Керемет магниттей тартып тұрады. Өзбектерде азық-түлік әлдеқайда арзан. Негізі, қалтаңда тиын-тебен жатса да аш қалмайсың. Дәмхана-асханаларының кіреберісіне шәугім толы ең дәмді шайды қойып қояды. Қасындағы кесені алып, қанша шәй ішем десең де еркің, ол үшін ақы сұрамайды, тегін. Адамдары да ақкөңіл, жарқын", – дейді алматылық.
Дәл осы кезде іргелес жатқан Моңғолия да (ол Солтүстік-Шығыс Азияға жатады) туризмді дамытуда қайран қалдырарлық серпін танытуда. Мысалы, бұл елге Оңтүстік Корея тұрғындары жаппай ағыла бастады.
Егер бұрынғы жылдары олардың саны 5 мыңнан көп аспаса, 2024 жылы 175 мыңнан астам оңтүстіккореялық Моңғолияда демалып қайтқан.
Statista мәліметінше, Моңғолия "Таң самал елінің" тұрғындары үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналды. Тиісінше, моңғол туризмі Оңтүстік Корея кейпінде шешуші бір нарықты ашты.
Сарапшылар мұндай танымалдылықтың өсуінің бірнеше себебін атады. Біріншіден, моңғол Үкіметі өз еліне туристерді шақыратын шетелдегі жарнаманы үдетуде. Бұл үшін қымбат газет-журналдарға жарнама беріп, қатты шығындалмайды. Пиар негізінен әлеуметтік желі арқылы үдемелі түрде жүргізіліп жатыр.
Екіншіден, Моңғолия Оңтүстік Кореяға тікелей жақын орналасқан, бұл оны қысқа және ұзақ саяхаттар үшін ең қолайлы орынның біріне айналдырады. Екі ел арасындағы рейстар саны күрт артты.
Үшіншіден, кезінде Шыңғыс хан және оның әулеті Кореяны тұтас бағындырған, оның бірігуіне ықпал еткен. Сондықтан екі елдің тарихы белгілі бір кезеңдерде ортақ болып келеді.
Төртіншіден, Моңғолияның мәдени мұрасы да ынта-ықылас туғызады. Тек кореялық қана емес, жалпы, Шығыс елдерінің саяхатшылары арасында Моңғолиядағы байырғыдан сақталған буддистік храмдар, ғибадатханалар, көне жәдігерлер аса танымал. Шетелдік, әсіресе, батыстық туристер көпқанатты, тіпті бірнеше қабатты, жайлы киізүйлерде тұрып, өздерін көшпенді сезіне алады.
Бесіншіден, туристерді Моңғолияның ұланғайыр даласы, Гоби шөлі, таулы жоталары және терең өзендері қызықтырады, бұл белсенді демалысты таңдайтындар үшін де, тұмса табиғат аясында тынығуды сүйетіндер үшін де тартымды.
Ең бастысы, Еуропа мен Американы айтпағанның өзінде, Түркия, Вьетнам, Тайланд, Мысыр сияқты кең танымал бағыттардың туржолдамасының қатты қымбаттап кетуі саяхатшылардың өз назарын арзаншылық жайлаған Моңғолияға аударуға мәжбүр етті.
Оның үстіне Моңғолия шетелдік блогерлер арасында кең танымал тақырыпқа айналып, сәнге енді. Осының арқасында моңғол елі енді жатжұрттық жастарды және көркем фотосуреттерге ынтық жандарды көптеп тарта бастады.
Тағы бір назар аударатын жайт, Азия елдерінде алғашқы болып, екі жыл бұрын дәл осы Моңғолияда Илон Масктың Starlink ұшқыр жылдамдықты интернеті іске қосылды.
Осының арқасында Моңғолияда туристер интернетке тегін қосылады. Олардың трафигі субсидияланады. Бұл туралы Моңғолияның премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ хабарлады. Оның ақпаратынша, бұл елге АҚШ, Үндістан және Еуропалық Одақ елдерінің саяхатшылары тарапынан да қызығушылық зор.
Ресми мәлімет бойынша 2024 жылы Моңғолияда бірнеше күн бойы демалу үшін 7 миллион 179,2 мың шетелдік турист келген. Бұл 2023 жылғыдан бірден 1 миллион 844,3 мың адамға немесе 34,6%-ға көп.
Таяуда Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2024 жылы Қазақстанға 15 миллионнан аса шетелдік турист келгенін мақтана жариялады.
Алайда бұл ретте шенеуніктердің Қазақстан арқылы шетелге транзитпен ұшқан ресейліктерді, қытайларды, үнділерді, кореялықтарды және басқасын да "елге келген туристер" қатарына қоса салғаны анықталды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шынында да 2024 жылы Қазақстанға түрлі мақсатпен 15 262 368 шетел азаматы шекарадан бері өтіпті.
Бірақ оның 4 880 800-і елде бір күн де болмай, әуежайда әрі қарай басқа елдерге ұшып кеткен. Тағы 4 725 990-ы бір күн болғанымен, екінші күнге түнемей кетіп қалған.
Демек, бұлар да транзиттік жолаушылар қатарынан болса керек.