Көрші Ресейдің ядролық қаруы қаншалықты сенімді қолда?

2418

Халықаралық сарапшылар оған лаңкестік топтардың қол жеткізе алуы неғайбыл деп отыр. 

Көрші Ресейдің ядролық қаруы қаншалықты сенімді қолда? Фото: wsjournal.ru

Ресей және Украина арасындағы соғыс одан әрі ушығып барады. Бүгіннен, 20 шілдеден бастап Мәскеу Қара теңіз арқылы украиналық порттарға кіретін барлық кемелерді, соның ішінде азық-түлік пен астық тиелген танкерлерді "заңды әскери нысана" деп танитынын және соққы беретінін мәлімдеді.

РФ тарапынан эскалацияның соңғы сатысы ядролық соққы болмақ: ресейлік пропаганда бүгінде қайтадан тың қарқынмен Украина мен дамыған елдерге қарсы атом қаруын қолдануға шақыра бастады.

Осы орайда халықаралық ақпарат құралдары таратқан, вагнерліктердің биылғы маусымдағы бүлік кезінде РФ ядролық базасына дейін жеткені туралы хабар жаһан жұртшылығын тіксінтті. 

Reuters агенттігіне сұхбат берген Украина Бас барлау басқармасының бастығы Кирилл Будановтың айтуынша, "Вагнер" заңсыз жеке әскери компаниясы кеңес кезінде шығарылған шағын ядролық құрылғыларды қолға түсіруге ниеттенген. Әскери бүлік кезінде Пригожиннің жалдамалы содырларының іріктелген бір тобы Ресейдің ядролық қаруы сақталған орынға аттаныпты. Барлау мәліметінше, олар "Воронеж-45" ядролық базасына жеткен. Осы арқылы олар көтерілістерінің бәсін көтермек болыпты.

Фото: topnews.ru

Кирилл Будановтың сендіруінше, ядролық базаны қорғауға жауаптылар содырларға еш қарсылық көрсетпей тайып тұрған, салдарынан "Вагнердің" төл ядролық арсеналын иеленуіне атом қаруы қоймасының алып, ауыр есіктері ғана тосқауыл болған. Бүлікшілер кеңес кезінде барлық қауіпсіздік талаптары сақталып, салынған базаның есігін аша алмапты.

"Қойма есіктерінің жабық болуы нәтижесінде олар техникалық бөлікке сол бойы кіре алмады", – деді К.Буданов агенттік тілшісіне.

Reuters украиналық барлаушылардың бұл дерегінің шын-өтіріктігін өз бетінше тексеріп көрді.

Журналистердің айтуынша, Будановтың мәліметін "Кремльге жақын және РФ әскерилерімен байланысы бар тұлға ішінара растады".

Өз кезегінде РФ басшысының баспасөз хатшысы Д.Песков бұл ақпаратты жоққа шығаруға асықты.

Агенттіктің сұрауына жауап қатқан Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Адам Ходж: "ресейлік ядролық қаруға немесе оның материалдарына қатер төнгендігін білдіретін ешқандай нышан болмағанын" мәлімдеді.

Сонымен бірге В.Путин ядролық қаруды Беларуське бергені анық. Мұны 1 шілдеде тағы растаған Беларусь басшысы Александр Лукашенко өз елінің сол ядролық қаруды қолдануға ешқашан мәжбүр болмайтынына үміттенетінін жеткізді.

Осының бәрі "ресейлік ядролық қару бөгде адамдардың, лаңкестердің қолына түсіп кетпей ме" деген сауал тудырады. Ресейдің дәл іргесінде отырған Қазақстанды да осы маңызды мәселе алаңдатса керек.

Foreign Policy сарапшылары бұл сұраққа жауап іздеді.

Орталық Еуропа университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының доценті (assistant professor of international relations at Central European University) Кристофер Дэвид Ларош (Christopher David LaRoche) пен Еуропалық халықаралық қатынастар кеңесінің шақырылған ғылыми қызметкері Кирилл Шамиевтің байламынша, Мәскеу ядролық басшылық пен басқарудың бұрынғы қатаң жүйесін сақтап қалды. Бірақ "қауіп-қатер әлде де бар".

"Белгілі болғанындай, Ресейдегі бүліктің қарсаңында және соның барысында, бірнеше апта бойы АҚШ бұл елдің ядролық арсеналын жіті бақылап отырған. Егер Ресей биліктің жаңа дағдарысына тап болса, немесе Мәскеудегі орталық билік күйресе, жеке әскери топтар немесе лаңкестер Кремлдің атомдық арсеналын өз мақсатына пайдаланып кетпей ме? Қысқа жауап: нығайбыл. Алайда бізге белгісіз егжей-тегжейлер бұл байламды жоққа шығаруы мүмкін. Дегенмен, қолда бар ақпаратқа жүгінсек, Ресейдегі ядролық бақылау мен басшылық ету жүйесі бөтен қаскүнем адамдардың бұл қаруды иеленуін және қарау ниетпен қолдануын біршама қиындатады", – деді Foreign Policy сарапшылары.

Олардың түсіндіруінше, бұл жаппай қырып-жою қаруын санкцияланбаған қолданудың алдын алу үшін ядролық мемлекеттер C2 немесе NC2 аталатын басшылық пен басқарудың рәсімдерін әзірлеп енгізді. Ол ядролық соққыға заңды негізде кім рұқсат ете алатынын және соққыны кімдер орындайтынын нақты бекітеді.  

NC2 рәсімінің америкалық нұсқасы мамандарға жақсы белгілі, олар Голливудтың түрлі кинотуындыларында да көрініс тапты. Ал Ресей оны толық құпияландырды.

Құрама Штаттарда ел Президенті осындай шешім қабылдаудың айрықша құзырына ие. Бірақ ол алжасып, немесе есін білмеген күйде ядролық соққы жасауға бұйрық беріп қоймауы үшін қадам-қадаммен жүзеге асырылатын бірнеше күрделі рәсімнен өтуі шарт. Біріншіден, "Денни мәзірі" (“Denny’s menu”) деп аталатын құжатпен танысып, тиімді ядролық соққы тәсілінің бір нұсқасын таңдауы керек.

Екіншіден, Пентагондағы Ұлттық әскери қолбасшылық орталықпен, егер оны жау жойса, баламалы орталықпен байланысуға тиісті. Байланыс барысында Президент ID-card түріндегі құрылғыда сақталатын кодтарды атау арқылы өзінің тұлғасын куәландыруға міндетті. Егер кодтарды дұрыс атай алмаса, немесе ұғынықты айта алмаса, оның бұйрығы орындалмауы мүмкін.

Содан соң Америка Президенті соққының жай-жапсарын хабарлайды.

Ары қарай әскери қолбасшылық бомбалаушы ұшақтардың экипажына, субмариналарға немесе басқасына қысқа, шифрландырылған хабарламалар жолдау арқылы ядролық соққының жоспарын, аутентификациялау кодтарын, рұқсат беру кодтарын тапсырады. Мұның бәрі зымырандар мен олардың ядролық оқтұмсықтарын бұғаттан босатып, активациялау үшін қажет.

Осы қадамдардың барлығында "екі адам қағидаты" қолданылады. Яғни, Президенттің жанында оның тұлғасын танып, растай алатын тағы бір лауазымды адам болады. Орталықта кем дегенде екі қолбасшы болуы шарт. Осылайша, тізбек бойынша зымыран ұшыратын алаңға дейін барлық жұмысты кем дегенде жұп адам жүзеге асырады.

Ресейде ядролық соққы жасауға бұйрықты бір адам – қазіргі кезде Владимир Путин ғана қабылдай алады. Бұл атом арсеналын санкциялаусыз қолдану тәуекелін азайтады және бүкіл тізгінді бір адамның қолында шоғырландырады. Батыс елдерінің сол бойы Путинмен санасуының бір сыры осында болса керек. 

Тиісінше, бүлік жасап, оны тағынан құлатқан тұлға ядролық соққы беруге бұйыра алмайды. Бұйрық бергенімен төменде кез келген қолбасшы не жауынгер әскери жарғы бойынша оны орындамауға міндетті. Бұйрығы орындалуы үшін ол адам Президент болып сайлануы шарт.

"Ресейдегі ядролық қаруға басшылық ету және басқару жүйесі америкалыққа ұқсас: 2020 жылы қабылданған РФ ядролық доктринасы бойынша "ядролық қаруды қолдану туралы шешімді РФ президенті қабылдайды". Басқа бүге-шігесі, яғни Президенттің авторизациялануы, бұйрық беру және оны орындау жолдары жасырылған. Бұл ретте мамандар ресейлік NC2 рәсімін талдағанда, бұрынғы кеңестік маман Валерий Ярыничтың есебіне жүгінеді. Алайда оның ақпараты бүгінде толық өзекті деуге келмейді. Ресейде ядролық күштерді қолдануға Президент, Қорғаныс министрі және Бас штаб бастығы қатар тұрып, санкция беруге тиіс", – деп жазады америкалық зерттеуші Кристофер Дэвид Ларош.

Осыдан-ақ ядролық соққыны жақтайтын Пригожиннің неге РФ қорғаныс министрі Сергей Шойуге және РФ қарулы күштерінің Бас штабының бастығы Валерий Герасимовке шүйліккені, оларды орнынан алып тастауды талап еткені бекер еместей.

Ларош бір жайтқа назар аудартады: кеңес кезінен бері, 1985 жылы қолданысқа қабылданған байланыс теминалдары, немесе ядролық чемодандар Чегет аталады. Бұл – Кавказ тауларының бейресми атауы. Ресей басшыларына кез келген жерден ядролық соққыға қатысты бұйрық беруіне мүмкіндік беретін Чегет чемодандары Кремль басшысында ғана емес, Шойгуде де, Герасимовта да бар көрінеді.

Басқа мамандар ресейлік NC2 рәсімінде соққыға санкция беру үшін кем дегенде екі тұлға талап етіледі деген пікірде.

Халықаралық сарапшылар 1991 жылғы Ресейдегі төңкерісті еске салады. "Тамыз бүлігі" аталған сол оқиғалар кезінде демалыстағы КСРО президенті Михаил Горбачевті сырттай "орнынан кетірген" "бүлікшілер" оның чегетіне қол жеткізген.

Сол кездегі Бас штаб бастығы Михаил Моисеевтің естелігінде айтылғандай, президенттік чегет қолды болып, тек оның ғана ядролық чемоданы қалыпты. Әйтсе де,  "путчистер" — Павлов, Язов, Пуго, Крючковтар қалағанның өзінде, бәрібір президенттік чегетті пайдалана алмайтын еді.

Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік департаменті америкалық журналистердің сауалына жауап бере келе, ресейлік ядролық арсеналдың қозғалысын тұрақты қадағалап отырғандарын және РФ стратегиялық арсеналы жақсы сақталғанын мәлімдеді. Мұның дұрыс әлде бұрыстығын тағы да тек өмір көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу