Көрші Ресейдің жағдайы шынымен нашарлай бастады

10902

S&P Ресейдің "ішінара дефолтқа" ұшырағанын жариялады. Толық дефолт мамырда күтілуде. Көрші дефолт болса, 1998 жылғы ғаламат күйзеліс қайталана ма?

Көрші Ресейдің жағдайы шынымен нашарлай бастады

РФ үкіметі басшысының орынбасары Андрей Белоусов бүгін Федерация кеңесінде, яғни Сенатта сөйлеген сөзінде Батыс әлемінің санкциялық соққысының тегеуріні енді өткір байқала бастағанын білдірді: тек логистикалық шектеулер мен валюта тапшылығының өзі экономиканың қатты шөгуіне соқтырған. Бұл тараптағы санкциялардың мультипликативті әсері өнеркәсіп пен сауданың 11%-ға құлдырауына түрткі болған. Басқа секторларда ол көрсеткіш -9-10%.

"Батыс Ресейді әлемдік экономикадан барынша оқшаулап тастауға тырысуда. Турасын айтқанда, Ресейді әлемдік шаруашылық байланыстардан жұлып алып тастамақ. Бұл біздің экономикалық жүйеде деградация және күйреу процестерін іске қосады. Шын мәнінде, қазіргі кезде қаржылық, сауда, көлік және гуманитарлық төрт "сақинадан" тұратын, Ресейді төрт рет орап алатын жаһандық блокада ұйымдастырылып жатыр", – деп күрсінді РФ вице-премьері.

Ізінше жұртын тегіс торықтырмау үшін "ондай блокаданы толық құрып шығу мүмкін болмайтынын" айтып, үміт бере сөйледі. Бірақ неге құру мүмкін еместігін, нақты себептерін және блокаданы айналып өту жолдарын сенаторларға айта алмады.

Осының алдында РФ Орталық банкі Украинадағы соғыс басталғалы бергі алғашқы "макроэкономикалық консенсус-болжамын" ұсынды. Қаржылық реттеушіге ақыл қосқан беделді экономистер биылғы жыл қорытындысында Ресейдің ЖІӨ-сі -8%-ға құлайды деген ымыраға келген. Әйткенмен кейбір экономист -23%-ға дейін құлдырайды деп болжаған. Өз кезегінде Дүниежүзілік банктің сарапшылары РФ экономикасы 2022 жылы -11,2%-ға кері кетеді деп жорамалдады. Бұл сандардың қай-қайсысы Ресейдің жаңа тарихындағы рекорд саналады. Солтүстік көршінің экономикасы сонша нашарласа, онда тіпті 1990 жылдардағы алапат дағдарыстан да жаман болатынға ұқсайды.

JPMorgan Chase Украинаға басып кіруі Ресейдің экономикасына 1998 жылғы дефолттан да ауыр зиян әкеледі деп есептейді: "Ресей экономикалық коллапс-күйреу жолына түсті. Ол ауқымы жөнінен 1998 жылғы күйреуден де асып түсуі мүмкін".

Салыстыру үшін айтсақ, 1998 жылы ресейлік экономика дефолт салдарынан -5,3%-ға кеміді.

1998 жылғы 17 тамызда Ресей мемлекеттік қарыз міндеттемелерін төлей алмайтынын аңғартып, техникалық дефолт жариялады. Сонымен бір мезгілде рубльдің долларға шаққандағы тұрақты бағамын жасанды түрде ұстап тұрудан бас тартылды. Нәтижесінде, бас еркіне жіберілген рубль бағамы жарты жыл ішінде 3,5 есеге құнсызданды. Дефолт қарсаңында, 1998 жылғы 16 тамызда 1 доллар 6,8 рубль тұрса, 1999 жылғы 1 қаңтарда 22 рубльге жетті. Содан бері тек құнын жоғалтумен болды.

Ресей халқының және шетелдік инвесторлардың ресейлік банктерге, билікке және рубльге деген сенімі жойылды. Кәсіпорындардың үлкен көлемі банкрот болып жабылып қалды. Банк жүйесі коллапсқа ұшырады, банктер бірінен соң бірі күйреді. Оларға сенген салымшылар бар жинағынан айырылды. Ақшасын үйінде ұстағандардың жинағы күрт құнсызданды. Ресей халқының тұрмыс деңгейі шектен тыс нашарлады.

Ресейлік экономистердің өзі сол кезеңге ұқсас көріністер қайта бой көтергеніне назар аудартады. Біріншіден, Кремльдің тапсырмасымен Орталық банк қайтадан рубль бағамын жасанды түрде бекітуге көшті.

Екіншіден, S&P рейтинг агенттігі Ресейдің еуробонд бойынша "ішінара дефолтқа" тап болғанын жариялады. Мұны әрине, РФ қаржы министрлігі жоққа шығарды. Ведомствоның мәлімдеуінше, кредиторлар барлық шағым-претензияларын АҚШ-қа бағыттауы керек, себебі Америка Ресейдің шетелдік инвесторларға төлемін бұғаттап тастады.

CNN хабарлауынша, Мәскеу кезінде доллармен алған шетелдік қарызын енді рублмен қайтармақ болыпты. "Ішінара дефолт" деп аталу себебі – Ресей әзірге жекелеген облигация ұстаушылар алдындағы борышын ғана өтей алмады. Егер Мәскеу өзінің барлық шетелдік қарызын өтеуге қауқарсыз жағдайға жетсе, Ресей жаппай дефолт болады. Мұндай дефолт мамыр айының басында болуы ықтимал.

Дефолт жарияланса, салдары қандай болады?

Ресейлік ғалым, экономика ғылымдарының докторы Максим Марамыгин егер дефолт жарияланса, барлық дамыған елдерде Ресей үкіметіне тиесілі жылжымайтын мүлік, ғимараттар және басқасы су-тегінге сатылады дейді. Инвесторлар салымдарын тез қайтаруға тырысады.

"Ресейдің барлық міндеттемелері, бүкіл қарызы сот арқылы өндіруге жатады. Өйткені Ресей берешегін өтемейтін борышкерге айналады. Бұл кредиторларға Ресей меншігіндегі шетелдегі барлық мүлікті өтемақы ретінде тартып алуға, сатуға мүмкіндік береді. Біздің еліміз бай, шетелдегі мүлкі де көп, барлық елде бар. Мұндай мүлік есепке алынып, саудаға қойылады, онда оның бағасы шынайы құнынан әлдеқайда арзан бағаланады. Біздің еліміз озық елдерде ондаған жылдар бойы жиған барлық мүлкінен айырылуы мүмкін. Мен мұны "жаһандық тонау" деп бағалар едім. Себебі 1998 жылдан айырмашылығы сол, Ресейдің қарызын өтеуге қоры бар, төлемеймін деп отырған жоқ, тек Батыс Ресейдің төл алтын-валюталық резервін, еуро мен долларды пайдалануына тыйым салды", – деді ресейлік экономист.

Оның мәліметінше, Вена конвенциясына сәйкес, елшіліктердің, дипломатиялық мекемелердің ғимараттарына тиіспеуі мүмкін. Дегенмен әртүрлі елдер мен қалалардағы қаптаған достық үйлерін, түрлі өкілдіктерді, бизнес және коммерциялық нысандарды, ресейлік мемкомпаниялардың мүлкін, қызметтік пәтерлерді саудаға қоя алады. 

Бұл – бір. Екіншіден, оның айтуынша, дефолт Ресей және ресейлік компаниялар үшін сырттан қарыз тартуды қиындатады, тіпті серіктес елдердің өзі несиені тым қымбат пайызбен ұсынатын болады. Үшіншіден, шетелде ресейлік бизнес қатысатын жобалар күрт қымбаттайды. Себебі барлық халықаралық контрактілер сақтандырылады. Компанияда Ресей азаматының үлесі болса, онда санкция қаупі төнеді деп есептеледі. Яғни, ресейлік бизнеске соққы. Төртіншіден, дефолт болса, инвесторлар Ресей экономикасынан теріс айналады, инвестиция салудан аяқ тартады.

Ресейлік қаржыгер, экономист, РФ Орталық банкі басшысының бұрынғы орынбасары Сергей Алексашенко мемлекет пен бизнес болмаса, қарапайым тұрғындар қазіргі дефолттан дәл 1998 жылғыдай қатты күйзелмейді деген пікірде.

"Бірден айталық, бұл 1998 жылғы дефолттан өзгешеленеді. Өйткені бүгінде Ресейдің өз қарыздарын өтеуге қаржысы, қоры бар. Дефолт болса, мемлекет, "РЖД", "Алроса" және басқа да компаниялар енді шетелден кредит-қарыз ала алмайды. Санкция салдарынан олар үшін шетелдік қаржы нарығы онсыз да жабық еді. Америкалық, еуропалық инвесторларға Ресейге қарыз беруге тыйым салынған. 1998 жылды еске түсірсек, ол кезде алапат девальвация және инфляция болды. Қазір де инфляция шығандап барады. Девальвация шынында болды, оны жасырып, рубль бағамын жасанды түрде белгілеп қойды. Бірақ халықтың көбі долларды сатып ала алмайтындықтан, оның бағамы елдің көңіл-күйіне әсер етпейді", – дейді Сергей Алексашенко.

Оның бағалауынша, дефолт жарияланса, Ресейде импорт азаяды. Шетелден өнім тасушылардың төлем қабілеттілігі төмендейді, оларға шетелдік өндірушілер алдын ала әрі толық төлем жасамаса, өнімін бермейді. Бұл сауда орындарының сөрелерінде импорттық тауарлардың жоғалуына соқтырады. Содан Ресей халқының тұрмысы төмендейді.

Ресейдің дефолтқа тап болуы Қазақстанға да әсер ететіні даусыз. Шетелдік тауардан тарыққан ресейліктер оны Қазақстанның іргелес өңірлерінен таситын болады. Бұл шекара жақтағы өңірлерімізде тауар тапшылығының туындауына, әсіресе, дәрі-дәрмек, халық кең тұтынатын өнімдердің жетіспеуіне соқтырмақ. Ресей рублі 1998 жылғыдай бірнеше есе девальвацияланса, теңге де құнсыздануы ықтимал. Ресей – Қазақстанның басты инвесторларының бірі, бүгінде ресейлік компаниялардың алды еліміздегі жобаларына қаржы салуды доғаруда.

Ресейде 150 мыңдай вагон бос қаңтарылып тұр

Дефолтқа ұшырайтын компаниялардың алғашқы легі қатарында РЖД аталуда. Ресей Федерациясындағы дағдарыстың бір көрінісі – тұйықтар мен темір жол станцияларының айналасын толтырған, қаңтарылып тұрған вагондар. РФ Көлік министрлігі бүгін "санкциялар салдарынан бос тұрған вагондар саны 150 мыңнан асқанын" мәлімдеді. Қатары ары қарай көбеюде. Себебі Ресейдің тауарлары мен шикізатына дүниежүзінде сұраныс күрт төмендеді. Ресей теңіз порттарына жүк тиеп алу үшін кіретін танкер, кемелер саны сиреді.

Көлік министрлігі Федерация кеңесінің экономикалық саясат комитетінің сұрауы бойынша әзірлеген жауабында санкцияларға байланысты бос тұрып қалған ондаған мың вагондар "теміржол қатынасына, жүктердің қозғалысына кедергі келтіретінін", әрі мұндай жағдай "эксплуатациялық ахуалға теріс әсер етіп отырғанын" ашық айтты. Парламент бизнесті қолдау мақсатында жалпы пайдаланымдағы жолдарда тұрып қалған сұранысы жоқ вагондар үшін РЖД-ның ақы алуына мораторий енгізбек болған.

Министрліктің бағалауынша, 2015 жылдан бері қолданылатын бұл ақыны жойса, РЖД жыл сайын 1 миллиард рубль шығын шекпек. "Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады" дегеннің кері жолдағы бос вагоны үшін ақы төлеуді жалғастырса, ресейлік көптеген тасымалдаушы банкрот болуы мүмкін, оған мораторий жарияласа, ұлттық теміржол компаниясы дәрменсіз күйге жетпек.

Бұған қоса, РФ үкіметі сұрауы жоқ вагондарды тәркілеп, эвакуациялау мәселесін қарастыруда. Ол вагондар "мемлекеттік міндеттерді орындауға және әлеуметтік маңызды тасымалдарға қажетті топтастырылған вагон паркін" жасақтауға кетуі мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу