Көршіге кіріптарлықтан құтылу үшін

3716

Үкімет үшеудің жүгін төртеуге жүктемекші.

Көршіге кіріптарлықтан құтылу үшін

Қазақстанда төртінші мұнай зауытын салу туралы 2014 жылы басталған әңгіме күні бүгінге дейін талдау мен талқылау деңгейінен аса алмай келе жатыр. Керек десеңіз, аталмыш зауыттың қай аймаққа салынатыны және құрылысқа қанша қаржы жұмсалатыны да нақтыланбаған.   

Алдағы аптада үкіметте төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты ұсыныс күн тәртібіне қойылуы мүмкін. Сол кезде жаңа зауыттың Қазақстанға қаншалықты қажет екендігі ой елегінен өткізілуі тиіс.

Тәуелсіз сарапшы Шамиль Даурановтың пікірінше, төртінші мұнай зауытының құрылысы күні бүгінге дейінгідей сағызша созылатын болса, жоба өзін-өзі ақтамайды. Ал "Финам" компаниясының сарапшысы Алексей Калачев әріптесінің ойымен келіспейді. Оның пікірінше, төртінші мұнай зауыты ішкі сұранысты қанағаттандырып, жанар-жағармай тапшылығын жояды.

"Жаңа мұнай өңдеу зауыты Қазақстанды энергетикалық тәуелділіктен құтқарады", – деді Алексей Калачев.

Құрылысы аяқталып, жұмыс істеп тұрған еліміздегі үш МӨЗ-ді жаңғырту жұмысына 6,2 млрд доллар жұмсалды. Ал тақыр жерге мұнай өңдеу зауытын салу үшін қанша қажет?  Бұл сұраққа бүгінге дейін энергетика министрі Қанат Бозымбаев ләм-лим деп жауап берген жоқ. Осыған қарағанда министрліктегілер шығынды есептемеген немесе есептеп қойып, нөлдері көп сан болғандықтан жариялауға жүрексініп отыр деп топшылауға тура келеді. Себебі осыдан 3 жыл бұрын сол кездегі энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына 10 млрд доллар қажет екенін мәлімдеген болатын. Ал одан бері талай құм көшті.

Бұдан бірнеше жыл бұрын  төртінші мұнай өңдеу зауытын Ақтау қаласында салу туралы бастама көтерілді. Ақтау қаласының шикізат қорына жақын орналасқаны, дайын өнімді Маңғыстау мен Түркіменстан арасындағы теміржол арқылы Парсы шығанағы елдеріне, Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға, Ресейге, одан әрі Еуропаға, сондай-ақ темір жол арқылы көршілес жатқан Орта Азия елдеріне шығаруға болатыны бұлтартпас дәлел ретінде алға тартылды. Дәл осы уақытта төртінші мұнай өңдеу зауытын Жезқазған қаласында салу туралы ұсыныс жасалды. Идея авторлары Жезқазған өңірінің географиялық орналасуы, климаттық жағдайы жаңа зауыт үшін басымдық болып табылатынын алға тартты. Алайда мұның бәрі құр сөз болып қалды. Бір қызығы, осы сөз әлі күнге дейін қайта қозғалмай жатыр. Сол себепті Қазақстандағы төртінші мұнай зауыты қай жерге салынатынын ешкім білмейді.

Қазақстанға  үш МӨЗ кеңес одағынан мұра болып қалды. Олар: 1945 жылы қолданысқа берілген, Атырау мұнай, 1978 жылы жұмысын бастаған Павлодар мұнай-химия және 1985 жылы қызметіне кіріскен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары. Бір кездері осы үш зауыт Қазақ КСР мен қоса бірнеше бауырлас елді сұйық отынмен қамтамасыз етіп тұрды. Өйткені ол кезде жанар-жағармайға деген сұраныс қазіргідей болған жоқ.

Айта кетейік, былтыр жоғарыда аталған үш МӨЗ 3 млн тонна бензин өндірді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға көп көрсеткіш. 2017 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеудің құны 709,6 млрд теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 14,2%-ға артты. Өндірістің  59,3% - Атырау облысына, 12%-ы - Павлодар облысына, 11,2%-ы - Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі болды.
Жасыратыны жоқ, осы үш зауыт Қазақстанды мұнаймен толық қамтамасыз ете алмай отырғандықтан, тапшылықты Ресейдің өнімімен толтырып жүрміз. Біздің елде авиаотынды Шымкент мұнай өңдеу зауыты ғана шығарады. Бір зауыттың өнімі тұтас Қазақстанды қамти алмайды. Жетпеген авиаотынды тағы да солтүстіктегі көршімізден қымбат бағаға сатып аламыз. Ал министр Қанат Бозымбаев Қазақстан 2030-2040 жылдары мұнай өндіру көлемін 100 млн тоннаға жеткізуді көздеп отырғанын айтып жүр. Бұл төртінші зауыт салмасақ, көршіге кіріптарлықтан мүлде құтылмаймыз деген сөз болса керек.

"Менің өз пікірім, төртінші мұнай өңдеу зауыты керек. Биыл қолға алу керек. Тиісті инвесторларды табу керек. Тиісті құжаттарды дайындау керек. Мұндай зауытты 1-2 жыл ішінде сала алмаймыз, 4-5 жыл керек болады. 2022 жылы 4-5 жылдан кейін ғой...", – деді энергетика министрі.

Бұдан түйгеніміз, Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты 2022 жылы немесе одан арғы уақытта пайда болады.  

Семіз сөйлеп, арық шықты

Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмысы үкіметтің үмітін ақтамапты. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, жанар-жағармай тапшылығынан құтқарады деген бастама баянсыз болған.

Қанат Бозымбаев мұны амалсыз мойындады. Оның айтуынша, ішкі нарықты өзімізде өндірілген мұнаймен қамтамасыз ету мүмкін емес. Меморган өкілдері мен сарапшылардан құралған жұмыс тобының мүшелері таяуда осындай шешім шығарған.

"Жұмыс тобы мұнай өңдеу зауытын жаңғыртқаннан кейінгі жанар-жағармай өндірісі ішкі нарықтың сұранысын ортамерзімде ғана қамтамасыз ете алатынын алға тартты. Алдын алда жасалған болжам бойынша, сұраныстың артуы салдарынан 2021-2023 жылдар аралығында автобензин, 2018-2023 жылдар аралығында дизель, ал 2026 жылы авиациялық отынның тапшылығы сезіледі", – деді Қанат Бозымбаев.

Осылай деу арқылы министр төртінші мұнай зауытын салу уақыт талабы екенін тілге тиек етті.

"Менің пікірімше, Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауыты қажет. Қазіргі таңда бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Зауыт салу бір жылдың жұмысы емес. Біздің болжамымыз бойынша, шамамен 2022 жылы мұнай өнімдерінің импортын өсіру қажет болады. Осы уақытқа дейін төртінші зауытты салып үлгерген жөн. Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға қолданыстағы үш зауыттың қуаты жетпейді", – деді Қанат Бозымбаев. Сонымен қатар ол мәселені зерттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын, 2019 жылы жаңа зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Мына қызықты қараңыз, 2017 жылдың желтоқсан айында өткен "Kazakhstan Global Investment Roundtable" форумында тілшілермен тілдескен Қанат Бозымбаев алдағы 5-6 жылда Қазақстанға мұнай өңдеу зауытының қажет емес екенін айтқан болатын.

"Менің пікірімді сұрасаңыздар, бүгінгі күні төртінші  мұнай зауыты керек емес. Үш зауытта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. "ҚазМұнайгаз" Атырау мен Павлодар зауыттарын жаңғырту жұмыстарын биыл бітіруі керек. Келесі жылы Шымкент мұнай зауытында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі", – деген еліміздің бас энергетигі.

Сөз арасында ол Қазақстан алдағы 5-6 жылда тұтынушыларды бензинмен, дизель отынымен және  авиакеросинмен 100% қамтамасыз ете алатынын баяндаған.

Министр: "Ал 2024-2025 жылдары бір зауытты екі есе үлкейтуіміз  керек немесе төртінші зауыт салуға мәжбүр боламыз. Өйткені сұраныс өсіп келе жатыр. Осындай жоспар бар", – деген.

Қанат Бозымбаевтың аяқ астынан ойын өзгертуіне 9 ақпан күні өткен үкіметтің кеңейтілген отырысындағы президенттің пәрмені ықпал еткен тәрізді.

"Біз үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырттық. Жанар-жағармай тапшылығы таяу 3-4 жылда жабылады. Одан кейін қайтадан импорттайтын боламыз. Тез арада төртінші зауыт салу қажеттігін айтқан кезде сіздер оның қажет еместігін, бізде жанар-жағармай жеткілікті болып, қайда жіберерімізді білмей қалатынымызды айтып, дәлелдедіңіздер. Яғни біз  проблема қуып жеткен кезде жұмыс істей бастаймыз. Сондықтан қазіргі уақытта бұл іспен айналысып жатқанын білемін және Қарашығанақтағы инвесторлармен әңгіме болды.  Мұнай өңдеу  зауыты бойынша шешім қабылдауды жеделдету қажет", – деп тапсырма жүктеген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Былтыр ҚР премьер-министрінің ұсынымы негізінде жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығына тиісті бақылауды қамтамасыз етпеу түрінде көрініс тапқан жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін энергетика министрі Қанат Бозымбаев мемлекет басшысынан сөгіс алған. Сол кезде ол журналистердің өзіне қойған сауалына: "Мен осы үкіметтің министрімін. Менің тағдырым президенттің қолында. Президент не айтса, мен солай істеймін. Мәселе болса, біз оны дұрыс жолға түсіруіміз қажет", – деп жауап берген.

Айта кетейік, Қанат Бозымбаев сөз етіп жүрген төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы 2019 жылы аяқталуы тиіс еді. Бұл уәдені "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның қазіргі  басқарма төрағасы, бұрынғы энергетика сонымен қатар мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев 2011 жылы берген болатын.

Айтпақшы Қазақстанда мұнайға, мұнай өнімдеріне оның тапшылығына қатысты мәселенің барлығының нәзік қалтарысы бар. Мысалы Қазақстандағы  былтырғы жанар-жағармай тапшылығына Павлодар мұнай-химия зауытының дәнеркерлеушісі кінәлі болған. Бұл туралы  "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның мұнайды тасымалдау, қайта өңдеу және маркетинг бойынша атқарушы вице-президентінің міндетін атқарушы Данияр Тиесов: "Орашолақтыққа біліксіз маман жол берген. Дәнекерлеу арнайы болаттан жасалған бірегей бөлшекте жүргізіледі. Сондықтан бұл істі жоғары білікті маман қолға алып, арнайы құралмен  қамтылуға тиіс еді. Жауапты міндет технологиядан бейхабар қатардағы дәнекерлеушіге жүктеліпті. Салдарынан бірегей бөлшекте жарық пайда болған. Оқыс оқиға туралы басшылыққа дер кезінде хабарланбаған,  жергілікті шеберханада қаптама дайындалып, жарық қолдан бітелген. Бұл мәселені одан әрі ушықтырған. Бұған қатысты ақпарат ұлттық компанияға 10 күннен соң ғана түскен", – деп мәлімдеме жасаған.

Мұны болашақта елімізде мұнайға, оның бағасына, тапшылығына және төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты ерекше мәлімдеме жасалса таң қалудың қажеті жоқ екенін ескерту үшін жазып отырмыз.   

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу