Көрші Қытай Қазақстанмен арасындағы шекараға жақын маңда, Шыңжаңдағы Тарим ойпатында шектен тыс терең ұңғыманы бұрғылауға 2023 жылдың жазында кіріскен болатын. Кейбір сарапшылар содан бері Алматы өңірінде жиілеп кеткен жер сілкіністеріне шың елінің осы тірлігі серпін бергенін айтып жүр.
Сейсмолог-ғалым, "Қазселденқорғау", "Сейсмология институты" сияқты жер сілкінісін зерттейтін бірнеше ұйымды басқарған маман Мұхтар Хайдаров көршінің Шыңжаңда 11 шақырымға дейінгі тереңдікке бұрғы салуы Алматыға дейін жеткен жер тербелістерін туындатуы мүмкіндігін жоққа шығармады.
"Мұндай құбылыстар техногенді не жасанды жер сілкінісі деп аталады. Егер, бұрғылау кезінде жер астына үлкен көлемде су айдалса жер сілікінісі болады. Классикалық мысал: АҚШ-тың бір қаласында пайдаланылған кәріз суын қайда жіберерін білмей, оны ұңғымаға айдайды. Сонда ұсақ жер дүмпулері басталған соң, дереу бұл істі қоя қойған. Мұны ғалымдар зерттеген. Бірақ Қытайдың әлемдегі ең терең ұңғымасына қатысты жүз пайыз ештеңе айта алмаймын, ол жақтан ешқандай мәлімет алған жоқпыз. Қытайлардың онда не істеп жатқанынан хабарсызбын. Жалпы алғанда, жер сілкінісі техногенді сипатта болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын", – деген еді ғалым Мұхтар Хайдаров Tengrinews.kz журналисіне сұхбатында.
Жағдай алда тіптен ушығуы мүмкін. ҚХР-дың Гуанчжоудағы кеме жасау алаңында Meng Xiang аталған алып кеменің құрылысы аяқталып, ол су айдынына жіберілді. Атауы "Арман" деп аударылатын осы су көлігінің көмегімен іргедегі шың елі енді теңіз түбін де бұрғылауға кіріспек. Бұл туралы Science Adviser ғылыми басылымы хабарлады.
Қытай осы арқылы қандай құпия сынақтар жүргізетіні толыққанды белгісіз, тек ресми мәлімет бойынша көрші "ғаламшарымыздың өткені мен болашағын зерттеуді жоспарлап отыр" деп жазылған.
Кемеге Бейжің 470 миллион доллардай (246,8 миллиард теңгедей) қаражат шығындады. Оның ұзындығы 180 метрге жетеді. "Арман" жұмысқа келесі жылы кіріспек.
Ресми жарияланғандай, ҚХР оны жерасты плиталардың тектоникасын, байырғы теңіз климатын және шыңыраудағы жыныстарда тұнып қалған микроағзалардың өмірін зерттеуге пайдаланады-мыс.
"Өршіл міндеттердің бірі – Жердің қабаттарын тесіп өтіп, оның мантиясына дейін жету, "Мохоровичич қабығы" немесе "Мохо шекарасы" деп аталатын межеден ары қарай енуге талаптану болады", – деп хабарлады Science Adviser.
Яғни, қоңсы қонған көршіміз жанымызда отырып, Жер шарын тесіп тастамақ. Осы мақсатта Meng Xiang 9 ғылыми лабораториямен, алып бұрғылау қондырғысымен жабдықталған. Соңғысы теңіз түбінен ары санағанда, 11 мың метр (11 шақырым) тереңдіктерге баса-көктей енуге қауқарлы көрінеді.
Қытайлық ақпарат құралдары "Арманның" әлемде теңдесі жоқтығын айтып мақтанды. Оған дейін жасалған ұқсас кемелердің көрсеткіштері әлдеқайда төмен. Мысалы, америкалық JOIDES Resolution – тек 8 385 метр, ал, жапондық Chikyu 10 000 метр тереңдіктерге дейін тесе алады.
Meng Xiang-тың мүмкіндіктеріне дүниежүзіндегі көптеген ғалым елеңдей қарап отыр: олар "Мохоны" тесіп өтуге 1961 жылдан бері талаптануда. Сол жылы мұхит түбін тереңдете бұрғылаудың бірінші жобасы басталған еді. Алайда, Жер-Ананың қарсылығына кезігіп, қанша тырысса да, бұрғылаушылар көздегеніне жете алмапты.
"Мохо шекарасында" жыныстар мантияның магнийге бай, тығыз жыныстарына күрт ауысады. Сонымен бірге ол – Жер қабығының барынша жеңіл габбросы (магмалық тау жынысы) саналады.
Ақпарат құралдары жазғандай, планетаны тесіп тастауға құштарланған ғалымдар тылсым ғажайыпқа тап болған. Мантияға барынша жақын қалғанда, Жердің "жүрегін" түсініксіз субстанцияның жауып тұрғанын білген. Ол бір жағынан өте жұмсақ болған, екінші жағынан оны бірде бір бұрғы тесе алмаған деседі.
Қалай болғанда, ғылыми журналдар АҚШ жетекшілігіндегі ұқсас миссия жарға жығылғанын жазды. Америка ондаған жыл бойы "Мұхитты зерттеудің халықаралық бағдарламасын" (IODP) жүргізіп, JOIDES Resolution кемесімен терең бұрғы салып әлектенді. Алайда, биылғы қыркүйекте кемесін пайдалануды тоқтатып, оны есептен шығарып тастады.
Енді бұл істі Қытай еңсеруге талаптанып көрмек. Кейбір ғалымдар тұңғиықтан жер бетіне жеткізілетін жаңа сынамалар Жер қабығының қалыптасу процестерін түсінуге және мантияның құрамы туралы болжам-гипотезаларды растауға жәрдемдеседі деген пікірде.
Ханзу елі Жер шарын жай ғана теспейді. Үлкен тереңдіктерге бұрғы жетуі және ол алапат жерасты қысымына төтеп беруі үшін тесікке "тығыз ерітінді" құйылатын болады. Оның құрамы неден тұратыны жарияланбады.
Ұңғы арқылы берілетін суспензия "құдық қабырғаларының" ішіне опырылып түсуінің де алдын алатын көрінеді.
Сондай-ақ, қытайлық мамандар ерітіндіні қатты қысыммен төмен құю үшін циркуляцияның жаңа жүйесін жолға қоюға тиіс. Осының бәрі ҚХР-ға 2030 жылға қарай Жердің ортасына жетуге көмектеседі деп белгіленді.
Science Adviser мәліметінше, егер Қытай жетістікке жетсе, терең бұрғылаудың басқа да жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Соның бірі – соңғы 5 миллион жыл бойы теңіз деңгейінің қалай өзгергенін зерттеу үшін Индонезиядағы Зунд қайраңына бұрғы салу болады.
Сондай-ақ, Тайваньнан шығысқа қарай болған ежелгі мұхит бассейнін зерттеу жоспарланған: ол мұхит тектоникалық процестер нәтижесінде жойылып кетті.
Ғалымдар осыдан кейін Мариана ойпатын (The Marianas Trench) тереңірек зерттеуге ерекше ынтық екен: ол тұста мұхиттық плита мантияға дендей еніп тұр. Соның нәтижесінде жаңа тектоникалық, геохимиялық және биологиялық процестер туындатуда.
Басты бастамалардың бірі Австралия мен Антарктиданы біріктіретін ағындарды зерттеу болмақ. Бұл аса қуатты ағыс Оңтүстік жартышардың климатына және антарктидалық мұздықтардың орнықтылығына елеулі ықпал етеді.
Осы және басқа да зерттеулер үшін ең қатал табиғи жағдайларда бұрғылау жұмыстарын жүргізу талап етіледі. Сондықтан бүкіл әлемдік мұхиттарда жүзеге асырылатын аталған жобаларға Meng Xiang шақырылды.
Өз кезегінде Қытай Meng Xiang алпауытымен байланысты ғылыми бағдарламаға шетелдік ғалымдарды да жіберуі мүмкін екенін білдірді. Өзге елдердің ғалымдары ҚХР-дің басшылығымен жүретін зерттеу миссияларына қатысуға өтініш бере алады. Бірақ олардың қайсысын жіберуді қытайлық құзырлы органдар анықтап, іріктейді.
Бейжің ғаламшарды тескенде алған деректерін әлемдік ғылыми қоғамдастық үшін қолжетімді ететінін мәлім етті (әрине, егер ол кезде адамзат аман қалса).
Шығыс көрші 2025 жылдан бастап, 2035 жыл аралығында жер астына 30 экспедиция ұйымдастыруға ниетті. Олардың барысында литосфералық плиталардың, мұхиттық бассейндердің қозғалысы және басқа да геологиялық феномендерді зерделеумен байланысты жан-жақты зерттеулер жүргізіледі.
Бұл жаңалық әлемдік әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды. Конспирологтар Қытайдың осы арқылы "тектоникалық қару" жасауға тырысуы мүмкін екенін ескертеді. Ресейлік Securitylab порталының сарапшылары Meng Xiang кемесін "Зонд в преисподнюю" деп атады.
Уикипедия жазуынша, ядролық және климаттық қарудан кейінгі деңгей саналатын "тектоникалық қару" гипотетикалық қондырғысы немесе жүйесі – кез келген елде, мысалы, жаудың территориясында жасанды әрі қуатты жер сілкіністерін, жанартаулардың атқылауын туғызуға, табиғи геологиялық процестерге ықпал ету жолымен басқа да дүлей құбылыстарға түрткі болуды қарастырады екен.
Мұндай жағдайда қарсылас "байтал түгіл бас қайғы" жағдайға жетіп, мемлекеті күйреп, тірі қалған халқы өзге елдерге босып кетуі ықтимал. Солай болса, бұл заманауи "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның" зұлмат қаруы. Бірақ мұның бәрі әзірге қиял-ғажайып, фантастика сияқты естіледі. Болашақта не боларын кім білсін?!