Жергілікті Bizim.media ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Әзербайжанда оқушылар арасында әзербайжан тілін түрік тілі ығыстыру үстінде.
Өйткені жас ұрпақ арасында түрік тілі шектен тыс танымал. Жастар түрікше сөйлегенді сәнді санайды, соны бедел көреді.
Түркияның "жер жәннатындай" тамаша курорттарында демалуды жаны сүйетін, әлемнің әр түкпіріне Түркия арқылы сапарлайтын әзербайжандық ата-аналар да балаларының тілі түрікше шыққанын оң санайды.
Сарапшылар бұл құбылыстың басқа да себептерін атады.
"Әзербайжанда бастауыш сыныптардың мұғалімдері дабыл қағуда. Мектеп табалдырығын аттаған оқушылар арасында бірінші сыныптан бастап, өзара ана тілінде емес, түрік тілінде тілдесуді қалайтын балалар саны көбейіп барады. Педагогтердің байламынша, мұның басты бір себебін – мектепке дейінгі жастағы қазіргі бүлдіршіндердің көретін мультфильмдерден іздеген жөн", – деп хабарлады Bizim.media.
Қазақстандық көрерменге дейін жете бермейді, бірақ интернеттің түрік сегменті өте сапалы, аса қызықты, әрі жалт-жұлт, жарқ-жұрқ арнайы эффектілерімен көздің жауын алар анимациялық фильмдер мен мультсериалдарға толы.
Бүгінде тапшылық көрген ресейлік онлайн кинотеатрлар да түрік анимациясын орысшаға аударып, өз аудиториясына ұсынуға кірісті. Түрік комикстері бойынша Голливуд фильм түсіре бастады. Бұл дүрмекке Әзербайжан ілесіп қана қоймай, оның бел ортасынан бір-ақ шықты.
Тіл жанашырлары көтерген осы мәселеге қатысты журналистерге бастауыш сыныптардың мұғалімі Севда Мамедова пікір білдірді.
Оның айтуынша, "көпшілік жағдайда бұған ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысқысы келмеуі, балаларымен жеткілікті тілдеспеуі" ықпал етеді.
Қазақстандық ата-аналар сияқты олар да баласын алдандыру, тыныштандыру үшін қолына смартфонды, планшетті ұстатата салады. Түріктің қызықты мультфильмдерді қосып қояды.
Осылайша, әзербайжандық өскелең ұрпақ есіл-дертін билеп алған түрік мультфильмдерін, есейе келе оның көркем фильмдерін күні-түні іздеп тұрады.
Педагогтің айтуынша, мысалы, қазіргі 3-сынып оқушылары бірінші сыныптан бастап, өзара әңгімелескенде, сондай-ақ шығарма жазғанда әзербайжаншаға қарағанда түрік сөздерін көп пайдаланады. Түрікшеге бейім тұрмаған құрбы-құрдастары да соларға қарап, бой түзейді, өзін солай ұстауға құмартады.
Ұстаз бұл проблеманы шешу педагогтер мен ата-аналардың мұқият жұмысын талап ететініне назар аудартты. Өз тәжірибесін бөлісті.
"Менің шәкіртім сөз арасына түрік сөздерін қоса жөнелгенде, мен оны кідіртіп, ескерту жасаймын, түзетемін. Соның арқасында бірте-бірте балалардың өздері де аңдамай, түрікшеге немесе басқа тілге көшіп кеткенін түсініп, өз қателігін өзі түзете қояды", – деді Севда Мамедова.
Сонымен қатар ол ата-аналарға балаларына ана тілдегі кітаптарды көп оқып, әзербайжанша туындыларға әуес етуге, осы арқылы ана тіліне деген сүйіспеншілікті оятуға, отаншылдық сезімін дарытуға кеңес берді.
Жасөскіндер арасында түрік тілінің төрге шығып, мемлекеттік тілді шеттете бастауының тағы бір себебі ретінде педагог әзербайжан тіліндегі балалар телеарналарының аздығын атады.
Каспий бойынша бұл көршімізде қазіргі уақытта жалғыз ғана балалар арнасы хабар таратады. Ал, оның іргесіндегі Түркияда балалар телеарнасының саны оннан асады. Онда бәсеке ғаламат.
"Ең дұрысы, ата-аналардың балаларымен мейлінше көп уақытын бірге өткізіп, олармен ана тілінде сөйлескені ләзім. Отбасы мен мектеп күш біріктірсе ғана болашақта еліміздің тізгінін ұстайтын өскелең ұрпақты әзербайжанша сөйлеуге, ана тілге деген құрметке баули аламыз", – деп тұжырымдады С.Мамедова.
Жалпы, лингвистер әзербайжан тілін (Azərbaycan dili) әдетте Алтай тілдік отбасының Түркі тармағының оғыз (оңтүстік-батыс) тобына жатқызады.
Германиялық лингвист И.Бенцинг, шығыстанушы-түрколог В.Радлов, филолог Ф.Корш әзербайжан, түрік және түрікмен тілдерін – байырғы оғыз тілдік тобының заманауи тілдері деп санайды. Олардың пікірінше, бастапқыда түркі тілдері солтүстік және оңтүстік топтарға ғана бөлінген. Бертінде олардан батыс және шығыс топтары бөлініп шықты.
Филология ғылымдарының докторы, тілтанушы ғалым Олег Мудрак етене жақын болғанымен, әзербайжан тілінің түрік тілінен біраз ерекшелігі барына назар аудартады.
Мысалы, қазіргі түріктер байырғы заманда барша түркі халықтарына ортақ болған "қ" әрпін жоғалтып алды. Орнына "к"-ны қолданады.
Ал, әзербайжан тілінде "қ" дыбысы соноризация және спирантизация процесіне ұшырағанымен, сақталып қалды. Оны түрік тілінен даралайтын келесі бір ерекшелігі сол, әзербайжан фонетикасында, барлық позицияларда "ə" фонемасы жиі қолданылады.
Сондай-ақ "толық емес ұяң дауысты дыбыстардың" (тілтану ғылымында "mediae lenes" аталады) көптігімен де айрықшаланады. Тіл мамандары бірқатар фонетикалық ерекшеліктері бойынша әзербайжан тілі қазақ, өзбек, ноғай және құмық тілдеріне ұқсас келетінін де айтып жүр.
Қалай болғанда, түркі тілдері ішінде бір-біріне ең жақыны – әзербайжан және түрік тілі болып тұр. Дегенмен, бір тілдің бір тілді жұтып қоюы бәрібір жақсы дүние болмаса керек.