Көршінің демографиялық құрдымға құлауының себептері жарияланды

8478

Ресейлік әлеуметтанушы ғалымдар ресейлік әйелдердің неге бала туғысы келмейтінін атады. 

Көршінің демографиялық құрдымға құлауының себептері жарияланды Фото: domstrousam.ru

Бұған дейін inbusiness.kz Қазақстан мен Ресей тұрғындарының саны теңесетінін жазған болатын. Бұл ретте РФ Жоғарғы экономика мектебінің демографтары Валерий Юмагузин және Мария Винниктің байламы алға тартылды: олар 2100 жылы Ресей халқының саны 67,4 миллион адамға дейін кемитінін болжап отыр.

Ал отандық демографтардың жорамалдауынша, ғасыр соңында Қазақстан халқының саны 60 миллионнан асуы мүмкін. Сол заманға қазіргі жас қазақстандықтар қартайған шағында куә болуы ғажап емес.

Осы орайда көрші мемлекетке қарасты Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы (ВЦИОМ) Кремлдің тапсырысына сәйкес, РФ аналарының өмірге перзент әкелуден неге жиі бас тарта бастағанын анықтады.

Бұған дейін Кремлдің қожайыны В.Путин бірнеше баяндамасында Ресейдің демографиялық шыңырауға құлауына "батыстың іріткі салғыш ықпалын" айыптаған болатын. Оның пікірінше, Батыста бір жынысты отбасылар, ЛГБТ, феминизм, Чайлдфри (бала сүюден өз еркімен бас тартушылар) қозғалыстары және бір-екі баламен шектелу сияқты кесірлі құбылыстар кең тараған. Олар Ресей дәстүріне кереғар, сондықтан олармен тегеурінді күрес жүргізіледі.

Бірақ ресми ВЦИОМ-ның өзі кең ауқымды төл әлеуметтік зерттеуінің нәтижесінде басқа қорытындыға келді: Ресейде әйелдердің шамамен 40%-ы материалдық жағдайының нашарлығы және баспанасының жоқтығы салдарынан бала тумайды. Сонымен қатар олар таяу 5 жыл ішінде перзентін дүниеге әкелуді жоспарлап отырған жоқ.

Бұл жайында "Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы" қорының бас директоры Константин Абрамов жария етті.

"Зерттеу аясындағы сауалнама кезінде "Бала тууға не кедергі?" деген сауалдың жауабы қызықты болып шықты. "Егер сіз алдағы бес жылда бала тууды жоспарлап отырмасаңыз, оған себеп не?" деп сұрастырдық. Бірінші орынға материалдық жағдайлар мен баспана жағдайлары шықты: ресейлік әйелдердің 39%-ының арасында дәл осы себеп танымал. Тағы 38%-ы бала тууға кедергі ретінде елдегі теріс саяси ахуалды, өмірдегі тұрақтылықтың және болашаққа сенімнің жоқтығын атады", – деді Абрамов "Ресейдің әлеуметтік-мәдени дамуы негізінде халықты сақтау" тақырыбындағы конференцияда.

Бұл ретте белгілі болғандай, репродуктивтік жастағы әйелдердің 37%-ының балалары бар. Сондықтан олар да келесі баласын өмірге әкелуді жоспарлап отырған жоқ.

ВЦИОМ басшысы көңіліне қаяу түсірген тағы бір жайтты бөлісті: ресейлік нәзік болмыс иелері өздерін тым ерте кексе, кәрі сезінеді.

Медицина бүгінде әйелдер кем дегенде 42 жасқа дейін бала туа алады деп есептейді. Қор басшысының айтуынша, жасы бала тууға мүмкіндік беретініне қарамастан, РФ әйелдерінің 36%-ы оған кедергі келтіретін фактор ретінде "жасы жеткенін, шау тартқанын" нұсқаған.

Осы бесжылдықта перзент сүюіне денсаулығы жарамайтын, яғни медициналық шектеулері бар 18–45 жастағы ресейлік әйелдердің үлесі 18%-ды құрады.

"Қорыта айтқанда, біздің дерегімізше, бала тууға негізгі кедергілер әйелдердің санасында екенін байқадық. Оның үстіне ресейлік әйелдердің ақыл-ойы позитивті емес, өте теріс. Бұдан шығар байлам сол, алдағы уақытта Ресейді демографиялық дүмпу күтіп тұрған жоқ", – деп күрсіне жеткізді Константин Абрамов.

Әйтсе де, жағдай өзгеруі мүмкін. Ол үшін Ресей Украинадағы соғысын тоқтатуы, өз халқының қамын ойлай бастауы, демократиялық даму жолына түсуі, халықаралық санкциялардан арылуы шарт.

Өйткені ВЦИОМ зерттеушілері өз қорытындысында осыған қатысты тоқтамға келген. Әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, егер кедергілер жойылса, яғни материалдық ауқаты артса, лайықты баспананы иеленсе, Ресейдегі саяси ахуал түзелсе, денсаулықтары жақсарса, онда репродуктивті жастағы ресейлік әйелдердің шамамен 88%-ы бала тууға қуана келіспек.

Мұны қор басшысы да растады.

"Бала туа алатын жастағы әйелдеріміздің сексен сегіз пайыздайы кедергі келтіруші факторлардың бәрі жойылса, онда Ресейде перзентін дүниеге әкелгісі келетінін жеткізді. Соның ішінде  12%-ы – бір бала, 39%-ы – екі бала, 28%-ы – үш бала, 9%-ы – төрт және одан көп бала тууға дайын. Тек репродуктивті жастағы әйелдердің 7%-ы ғана кез келген жағдайда бала тууды қаламайтынын жеткізді", – деді ВЦИОМ бас директоры Константин Абрамов.

Соның ішінде childfree әйелдердің саны Мәскеу мен Петерборда басым болып шықты: үлесі орташа ресейлік көсеткіштен (7%) екі есе артық – 14%.

Бұл жерде көп балалы болғысы келетін, бірақ одан амалсыз аяқ тартып отырған аналардың 54%-ының қазірдің өзінде бір баласы бар. 39%-ының қолында – екі, 7%-ының – үш баласы бар.

Яғни, Ресейдің өз демографиясын түзетуінің пайдаланылмаған әлеуеті әзірге зор.

Ғалымдардың айтуынша, ол әлеуеттің жүзеге асырылуына тезірек жағдай жасаған жөн. Өйткені күн өткен сайын әйелдердің алдыңғы қатары қартайып, фертилді жастан лек-легімен кетуде.

Әлеуметтанушылардың бұл зерттеуі пропагандистер мен "Z-қоғамдастықтың" ашуын, қызу пікірталасын туғызды. Олар ВЦИОМ мен Абрамовты әйелдер арасында теріс уағыз таратып отыр деп күстәналады.

Қалай болғанда, қанша жерден Кремльдің шашбауын көтергенімен, әлеуметтанушы ғалымдар істің жөнін айтып отырғанға ұқсайды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу