Қос кәсіпорын жерді бөлісе алмай әлек

2030

Павлодардағы "Ертіс-Агро" кооперативі жерден айырылып, жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Қос кәсіпорын жерді бөлісе алмай әлек

Жер кімдікі
Павлодар облысында 2016 жылы алғаш құрылған ауыл шаруашылығы кооперативі – "Ертіс-Агро". Оның құрамына астық бағытында жұмыс істейтін 40-тан астам шаруа қожалығы кіреді. Осыдан екі жыл бұрын аталмыш кооператив 14 жыл бойы тұралап, бос қалған Қалқаман элеваторын 300 млн теңгеден астам қаржыға сатып алып, ісін қайта жандандырған еді. Тіпті, былтыр Түркия мен Өзбекстанға астық экспорттай бастады. Бірақ...

Бірақ өткен жылдың қараша айында кооператив басшылығына соттан шақырту қағазы келеді. Белгілі болғандай, "Көліктік сервис орталығы" АҚ элеватор кешенінің мүлкін сату-сатып алу туралы келісімшартын негізсіз, ал  элеватор алып жатқан аумақты аталмыш компанияға тиесілі деп тануды сұрап, сотқа арыз түсірген. Кооператив басшысы Ерлан Тоқтышақовтың айтуынша, жылдар бойы иесіз болған элеватордың қожайыны күтпеген жерден пайда болғаны күмән тудырмай қоймады.

"Көліктік сервис орталығы" сот барысында дәлел ретінде келтірген жалғыз құжат – аталмыш аумаққа меншік құқығының тіркелгені туралы анықтама. Бұл анықтаманы сол тұстағы Жылжымайтын мүлік орталығы 2005 жылы берген және ол тек бір күнге жарамды. Егер шынымен бұл жер осы компанияға тиесілі болса, "13 жыл бойы қайда болды?" деген заңды сауал туындайды. Жер үш жыл бойы мақсатты түрде пайдаланбай, қараусыз қалса мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс емес пе еді? Көкейіміздегі осы сұрақтарға компания өкілдері "ол кезде қаржымыз болған жоқ" деп қысқа қайырды. Бірақ, мұндай уәж ешқандай құжатта қарастырылмаған. Оған қоса, мемлекеттік органдарға жолданған сұранысхаттар нәтижесінде "Көлік сервис орталығының" атына тіркелген жылжымайтын мүлік те, жер де болмай шықты", - дейді Ерлан Тоқтышақов.

Кооператив басшысының айтуынша,  "Астық туралы" ҚР заңы, Жер кодексі шаруалар ісінің дұрыстығын дәлелдейді. Айталық, Жер кодесінің 52-бабына сәйкес, жер мен мүлікті бір-бірінен ажыратуға болмайды. Сондықтан, "Ертіс-Агро" өкілдері сот олардың пайдасына шешім қабылдайтынына сенімді еді. Әйтсе де, мемлекеттік актіде "бөлінетін жер телімі" деген бірауыз сөзді негізге алған Павлодардың экономикалық соты шешімді "Көліктік сервис орталығының" пайдасына шешкен. Сөйтіп, шаруалар жеңілді.

"Астық туралы" заң мен Жер Кодексі бәрінен жоғары тұруға тиіс. Десе де, сот темір жол біздікі емес екенін алға тартып, жеке меншік компанияның арызы негізді деген байламға келді. Соттың шешімі бізге әлі де түсініксіз. 28 ақпанға дейін аппеляцияға беруге құқылымыз. Осы уақытқа дейін тиісті құжаттарды әзірлеп, сот шешімімен келіспейтінімізді білдіреміз", – дейді Ерлан Тоқтышақов.

 "Күйіп" кетуі мүмкін
Қалқаман элеваторында облыстағы 40 шаруашылық жинаған және "Азық-түлік корпорациясы" АҚ мемлекеттік резервке қойған 16 мың тонна бидай бар. Оның бағасы шамамен 1 млрд теңгеге бағаланып отыр. Бірақ, кооператив пен "Көліктік сервис орталығы" компаниясының арасындағы келіспеушілік салдарынан бұл бидайдың түкке жарамсыз болып қалатын түрі бар.

"Егер сот шешімі өзгеріссіз қалып, күшіне енсе, жерді меншіктен шығаруға тура келеді. Бұл дегеніңіз ауыл шаруашылығы кооперативінің лицензиясын қайтарып алады деген сөз. Заңға сәйкес, біз лиценциясыз ештеңе істей алмаймыз. Өнімді қабылдап, сақтап, сатуға құқығымыз жоқ. Демек, жұмысты тоқтатуға тура келеді. Ал элеваторда сақтаулы астық құрдан құр "күйіп" кетеді", – дейді Ерлан Тоқтышақов.

Бұл мәселеге жергілікті шаруалар да алаңдаулы. Мәселен, "Байқал" фермерлік шаруашылығының  басшысы Артем Чуденковтың элеваторда 3 мың тонна бидайы мен 1 мың тонна арпасы бар.

"Біздің шаруашылық шағын ғана Ленино ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Егер сот шешімі өзгеріссіз қалса, Қалқамандағы былтырғы өнімнен табыс таппаймыз. Биылғы егіс жұмыстарын да жүргізе алмай қаламыз. Қысқасы, жұмыс тұралап қалмақ. Бұдан соң ауылдастырымның көзіне қалай қарарымды да білмеймін", – дейді кәсіпкер.

Тағы бір шаруашылық иесі Қайрат Құсайынов элеватордағы астықты сатып, соның есебінен қожалығын кеңейтпек ниетте еді. Бірақ бұл жоспары орындалмайтынға ұқсайды.

"Бұл жағдай Павлодар облысының тұтас агроөнеркәсіптік кешеніне қауіп төндіріп тұр. Себебі, біз элеваторға тапсырған бидайдан наубайханалардың барлығы дерлік нан пісіреді. Ал қоймадағы өнім кәдеге жарамай қалса, көп ұзамай нанның қымбаттауы ғажап емес", – дейді Қайрат Құсайынов.

Мемлекет те мүдделі
Қалқамандағы элеваторда шаруалардан бөлек, мемлекеттің де астығы бар. Ержан Тоқтышақовтың айтуынша, былтыр тұрақтандыру қоры бидайдың бір тоннасын 42 мың теңгеге сатып алған. Нарықта бағасы күрт өссе немесе азая қалса, осы қордағыны пайдаланбақ. Бірақ, жоғарыда аталған сот ісінің салдарынан бұл бидайдың "тағдыры" не болары белгісіз.

Сонымен қатар, дауға айналған Қалқаман элеваторы мемлекеттің кепілдігінде тұр. Дәл осы кешенді сатып алу үшін "Ертіс-Агро" кооперативі "Аграрлық несиелік корпорация" АҚ-нан жылдық 16 пайыздық мөлшерлемемен несие алған. Сол себепті оның жабылмай, әрі қарай жұмыс істеуіне мемлекеттік органдар мүдделі.

"Элеватор жұмысына тағар мін жоқ. Былтыр жүргізілген тексеріс жұмыстары нәтижесінде астық сақтау орнында барлық талаптың сақталатыны байқалды. Бұған дейін аталмыш кешен бірнеше рет сатылған. Астық туралы заңға сәйкес, кез келген астық қабылдау пункті бір кешен түрінде қарастырылады. Осы уақытқа дейін элеватор жеке, жер жеке бөлінген жағдайлардың болғаны есімде жоқ", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сәбит Қаратаев.

"Көздегені – қалтаны қампайту"
"Ертіс-Агро" ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Ержан Тоқтышақов оларды сотқа берген "Көліктік сервис орталығы" АҚ-мен соңғы жылдары әріптестік байланыста екенін атап өтті. Дәлірек айтқанда, шаруалар жеке компанияға тиесілі аумақтан, яғни теміржол стансасынан элеваторға дейін қатынағаны үшін қомақты қаржы төлейтін көрінеді.

"Біздің пайымымыз бойынша, Көліктік сервис орталығы элеватор аумағындағы жерді де өз меншіктеріне алып, шаруалар сол аумақта жүріп-тұрғаны үшін қосымша ақы сұрамақ. Сөйтіп, қалтаны қампайтуды көздеп отыр", - дейді Ержан Шапайұлы.

Өкінішке қарай, екінші тараптың уәжін тыңдау мүмкін болмады. Екі бірдей кәсіпорын арасындағы түйткілдің нүктесі аппеляциялық инстанциядан соң қойылмақ. Бұл жолғы шешімге өңірдің агроөнеркәсіптің кешенінің келешегі байланысты болып тұр.

Айта кетелік, бүгінде Павлодар облысының аумағында сақтау сыйымдылығы 301,3 мың тонна болатын 7 элеватор жұмыс істейді. Қазіргі таңда аталмыш кәсіпорындарда барлығы 118,4 мың тонна астық бар.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу