Қос мегаполис арасын жаңа трасса қашан байланыстырады?

15401

Бұл мәселеде Қазақстан көп елден артта қалды.

Қос мегаполис арасын жаңа трасса қашан байланыстырады?

Еліміздің басты екі мегаполисін заманауи автожолмен байланыстыру мәселесі ХХІ ғасыр басталғалы сөз болып келе жатыр. Содан бері осы жолдың бір ұшындағы атау да ауысып кетті.

"Алматы–Астана трассасының құрылысы бітетін түрі жоқ. Бұл жоба қашан аяқталады екен? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінiң Автомобиль жолдары комитетiнің сайтында ол туралы өзекті ешқандай ақпарат жоқ. Телефонмен ешкім түсіндіре алмады", – дейді алматылық заңгер Елдар Құдайқұлов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ол меже жақын қалғанын айтады. Бірақ мерзімі келесі жылға ысырылған көрінеді.

"Нұр-Сұлтан–Алматы республикалық маңыздағы автомобиль жолын реконструкциялау "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қарастырылған болатын. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Осы жоба басталғалы 171 шақырымдық Астана–Теміртау учаскесінде және 104 шақырымдық Алматы–Қапшағай телімінде қайта қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Бұған қоса, 2019 жылдың қорытындысында Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жолының құрылысы бітіп, қозғалыс ашылды. Ол жоба 48 шақырымды құрайды. Сондай-ақ Теміртау–Қарағанды аралығындағы 14 шақырымдық телім де іске қосылды", – деді Бейбіт Бәкірұлы.

Ал басқа учаскелері ше?

Индустрия министрінің мәліметінше, биылғы жылы осы дәлізде құрылыс жұмыстары жалғасады. Және кілең ірі телімдер қалуда.

Атап айтқанда, 363 шақырымға созылып жатқан ең ұзын учаскесі – Қарағанды–Балқаш трассасы былтырдан бері реконструкцияланып жатыр. 297 шақырымдық Балқаш–Бурылбайтал учаскесінің де жыры былтыр бітпеді. Салу жұмыстары жалғасын табатын телімдерге 228 шақырымдық Бурылбайтал–Құрты да кіреді.

"Бұдан өзге, 67 шақырымдық Құрты–Қапшағай жобасын жүзеге асыру 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта басталады. Жалпы алғанда, Нұр-Сұлтан–Алматы дәлізінің бүкіл бойындағы құрылыс жұмыстары 2022 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр", – деді министр Бейбіт Атамқұлов.

Айта кету керек, Астана–Қарағанды–Балқаш–Құрты–Қапшағай–Алматы дәлізімен өтетін бұл трасса бюджетке қымбатқа түсуде. Қазақстанға ол үшін шетелден кредит алуға тура келді. Мысалы, Құрты–Бурылбайтал жол учаскесінің жобасына 2017 жылы Халықаралық қайта құру және даму банкінен қарыз алды. Тиісті келісімді ел Парламенті сол жылғы желтоқсанда ратификациялады. Құжатқа сәйкес, Құрты–Бұрылбайталдың 85 шақырымдық І санаттағы, 4 жолақты жолын салу үшін 271,3 миллион АҚШ доллары көлемінде заем берілді. Бұл қазіргі бағаммен 115,2 миллиард теңгеге тең.

Негізі, барлық озық елдерде бас қалалардың, ірі мегаполистердің арасын жоғары сапалы және жылдамдықты highway-автострадалар, сонымен қатар ұшақтармен жарыса алатын ұшқыр пойыздар қатынасы байланыстырады.

Дамыған мемлекеттерді айтпағанның өзінде, көрші Ресейде 2009 жылдан бастап, Мәскеу мен Санкт-Петербург арасында сағатына 240 шақырымды еңсеретін "Сапсан" заманауи пойызы жолға қойылды. Нәтижесінде, ресейліктер бір астанасынан екіншісіне 4 сағатқа да жетпейтін уақытта жетіп барады.

Ал Қазақстанда елорда мен ең ірі мегаполисіміз арасына "Тұлпар-Тальго" жүрдек пойызынның өзі 13 сағат 52 минут шығындайды. Өзге фирмалық пойыздармен осы аралықта 18–20 сағат бойы селкілдейсіз.

2010 жылы Астана мен Алматы арасында қытайдың жоғары жылдамдықты пойызын жүргізу жобасы қарастырылғаны мәлім. Тіпті ҚТЖ франциялық Systra компаниясымен контракт бекітіп, оған қос қала арасындағы жоғары жылдамдықты бірінші теміржол желісін жобалау және салу жобасын әзірлеуге тапсырыс жасады. Желінің ұзындығы 1 мың шақырымды құрауға, ал пойыздар онымен сағатына 250 шақырымдық жылдамдықпен зымырауға тиіс еді.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын Асқар Мамин басқарып тұрған тұста, 2013 жылы сарапшылар қорытындысына орай бұл жобаны кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Бертінде Үкімет бұл жобаға қайта оралды, бірақ сол бойы жүзеге асыра алмады. Себебі сапар жолы ұзақ болғандықтан шығыны да көп болып, билет бағасы қымбатқа түсетіні, бюджеттен жыл сайын мол субсидияны қажет ететіні анықталды. Оның үстіне екі мегаполис арасындағы теміржолмен қатынайтын жолаушылар айналымы бұл жолдың табыстылығын қамтамасыз етпейтіні белгілі болып отыр.

Ендеше билік ұзақ жылдар бойы бұл бағытта тек жоғары жылдамдықты автожолға ғана басымдық беретінге ұқсайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу