Көше жақ беті – көрікті, аула жақ беті – ажарсыз үйлер

Жаз басталғалы бері Қызылорда қаласында 50 үйдің қасбеті заманауи панелдермен қапталып жатыр. Бұл жұмыстарға демеушілер есебінен 1 миллиард 100 миллион теңге бөлінген. 

Көше жақ беті – көрікті, аула жақ беті – ажарсыз үйлер Фото: inbusiness.kz

Тұрғындар "Бұл сырттан келген қонақтардың көзіне әдемі көріну үшін ғана жасалып жатқан сияқты" дейді. Оған себеп, көпқабатты тұрғын үйлердің аула жақ беті сол күйінде тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

- Әрине, жөндеу жұмыстары жүргеннен кейін үйіміздің көркі кірді. Бірақ, неліктен үйдің аула жағына жөндеу жұмысы жүргізілмеді? Онымен қоса үйдің (подъезд) ішіне кірсең, адам шошырлық, әбден тозып кеткен. Бұл үйлер кірпіштен тұрғызылғандықтан, сыртын қандай металмен қаптасаң да, суықты да, ыстықты да өткізбейді. Бір түсінбегенім, апатты жағдайдағы үйге абаттандыру жұмысын жүргізудің керегі не? Одан да саудасы біткен үйді бұзып, жаңа баспана салмай ма? Қысқаша айтқанда, үйіміздің сырты – бүтін, іші – түтін, - деді Қанат есімді тұрғын.

 

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

Әрине, атқарылған жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Жалпы, қала тұрғындары мен қонақтары абаттандыру жұмыстары көпқабатты тұрғын үйлерге сұлулық сыйлап тұрғанын жасырмайды. Бұл жердегі басты мәселе – тек көше жақ бетін көрікті етіп, аула жақ бетінің ажарсыз қалуында.

Осы орайда, тағы бір мәселенің басы қылтияды. Мәселен, Айдос есімді тұрғын "Үйді толық панелмен қаптап тастаса, болашақта қабырғадағы жарықтар көрінбей қалады. Ол мүлдем қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан, аула жақ бетін панелмен қаптамағанының да себебі бар шығар", - дегенді айтады.

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

 Абай даңғылындағы №37, №39 сынды т.б. үйлер ескірген. Тек сыртын металмен қаптап жатыр. Жөндеу жұмысын толықтай іші-сыртына істемей ме? Подъездің түрі қорқынышты, бетоны, сылағы опырылып кеткен. Балаларды жіберуге қорқасың. Бір сөзбен айтқанда, бұл сырттан келген қонақтардың көзіне әдемі көріну үшін ғана жасалған сияқты. Үйдің сыртын жапқаннан кейін, қабырғада жарық пайда болса, көрінбей қалады. Ол – өте қауіпті. Сондықтан, үй жөндеудің басқаша әдісін қарастыру керек еді деп ойлаймын, - дейді ол.

Қызылордада күн райының қолайсыздығы тағы бар. Аптап ыстық, одан қалды гуілдеген жел. Көкейде "Металл панелдер қыста суықты, жазда ыстықты тартып, тұрғындарды әбігерге түсірмей ме?" деген күдік бар. Жауаптылар мұның бәрі алдын ала зерттелгенін, панелдердің заманауи екенін алға тартады.

"Соңғы үлгідегі, сапалы материалдармен қапталған тұрғын үйлердің қасбеті шаһардың сәулеттік келбетіне жарасымды әрі суық пен ыстыққа төзімді. Бүгінде жалпы 10 үйдің, атап айтқанда, Абай даңғылындағы №41, 43, 44, 46, 54 үй, Панфилов көшесіндегі №26 үй, Ғ.Мұратбаев көшесіндегі №17 үй, Желтоқсан көшесіндегі №34 үй, Сырдария шағын ауданындағы №1 және №2 тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары аяқталған" деп хабарлады Қызылорда қаласының әкімдігі.

Тұрғындармен сөйлесу барысында мәселені ашық айтуға тартыншақтайтындары анық байқалды. Десе де, тұрғындар "Айғайлайтын жерде ауыз ашпау – айып" екенін білмейді емес, біледі деген ойдамыз.

Сондықтан болар, қала тұрғыны Бану Ахметова өз мәселесін жасырмай айтты. Ол мұндағы үйлердің жағдайы мәз емес екенін жеткізді.

- Үйдің сырты жөнделіп жатқаны көңілімнен шығады. Бірақ мен "бұлар ескі үй болғаннан кейін бұзылып, жаңасы соғылар" деп ойлап жүр едім. Үйдің сыртын жылтыратқанымен, аула жағы сол күйі қалды. Оның үстіне есік алдын қопарып тастады. Аулада аяқ басып жүре алмай қалдық. Астан-кестені шыққан жерлерді қайта қалпына келтіреді деп ойлаймыз. Подъездің ішін жөндеу өзімізге байланысты шығар. Бірақ, үйдің жағдайы нашар. Мұнда тұратын қарт кісілер де бар. Олардың жөндеуге шамасы келмейді ғой. Үйдің сыртының көркін кіргізгенімен, іші адам шошырлықтай болып тұр, - деді ол.

Заманауи панелмен қапталғандардың арасында өткен жылы ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүрген тұрғын үйлер бар. Бір байқағанымыз, былтыр ғана түрлі түске боялған үйлердің өңі кетіп үлгерген. Сондықтан, күн райына қолайлы етіп қасбетін металмен қаптау да дұрыс шешім секілді. Ең бастысы, қандай істе болмасын, тұрғындар зардап шекпеуі тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу