Көшеде жүргенде күлімдемеу керектігі ескертілді

21039

Ресейлік ақпарат құралдары мен блогерлері осындай ақпарат тарата бастады.

Көшеде жүргенде күлімдемеу керектігі ескертілді Фото: playbookpro.ru

Бұл есепшотыңыздан ақшаның шешіп алынуына әкеп соқтыруы мүмкін.

"Ішкі істер министрлігі ресейліктерге қоғамдық орындарда көп күлімсіремеу керектігі туралы ұсыным-рекомендация таратты. Бұл "күлкі" (улыбка) арқылы санкцияланбаған төлем жасауды болдырмау үшін қажет. Езу тарту қаржыны жоғалтудың себебіне айналуы мүмкін: 2024 жылы Ішкі істер министрлігі Ресей бойынша дүкенде немесе дәріханада бекер жымиған азаматтардың бөтен адамның тапсырысының төлемін өз еркінен тыс төлеп қоюының 43 оқиғасын тіркеді. Бұл жағдайлардың бәрінде кездейсоқ шешіп алынған қаражат касса арқылы заңды иелеріне қайтарылған. Соған қарамастан ІІМ мұндай оқиғалардың алдын алу үшін бірқатар профилактикалық шараларды қабылдауға кеңес береді", – деп жазды РФ Заңгерлер лигасы.

Бірқатар ресейлік ақпарат құралы тіпті ІІМ өкілінің түсініктемесін келтірді.

"Ең бастысы – күлімсіремеу және салмақты қалыпты сақтау. Касса алдында тұрғанда өзіңізді барынша байсалды, ұстамды ұстаңыз! – деді экономикалық қылмыстармен күрес бөлімінің кеңесшісі Василий Ярошенко. Жымиюды тану функциясы бар төлем терминалдары орнатылуы мүмкін барлық жерде, соның ішінде дүкендерде, дәріханаларда, сауда орталықтарында, метродағы турникеттердің жанында, әуежайда бұл ережені қатаң ұстану қажет. Егер жылмаң қағуға деген құштарлығыңызды құрықтап ұстай алмасаңыз, онда өз қаражатыңызды сақтауға көмектесетін бірнеше қарапайым қағиданы жадыңызға тоқып алыңыз", – деп түсіндірді "Пикабу".

Онда айтылғандай, "төлем терминалы сіздің ырсиғаныңызды келісіміңіз деп санап, бөтен адамның сатып алған тауарына ақшаңызды шешіп алмауы" үшін эксперттер ресейліктерге "қауіп аймақтарында" жүргенде басына түскен қиындықтарды, проблемаларды үнемі еске түсіріп тұруға кеңес береді.

"Бұған ипотека бойынша төлем жасайтын, немесе қарызды қайтаратын уақыттың жеткені туралы қалың ойлар жақсы жарайды. Сондай-ақ қымбатшылықтың жайлағаны, тұтынушылық себеттегі өнімдер бағасының тоқтаусыз өсіп бара жатқаны, бұл ретте жалақының өспегені, зейнетақының индексацияланбағаны туралы уайымдасаңыз, қатып кетеді. Егер осы қарапайым тәсілдер де көмектеспесе, майдан мен тылдағы ауыр ахуал туралы жазатын Telegram-арналар шұғыл көмек көрсете алады", – деп хабарлады көршінің басылымдары.

Олар сондай-ақ мамандардың "ең шетін жағдайларда ресейлік оппозиционерлердің РФ экономикасының болашағы туралы болжамдарын тұрақты оқып отыруды" ұсынатынын жеткізді.

Ресей тұрғындары осы қарапайым шараларды сақтаса, өздерінің электронды есепшоттарын қауіпсіздендіріп, сенімді қорғайтыны, күлкімен санкцияланбаған төлем жасау тәуекелін жоққа теңестіре алатыны айтылды.     

Өйткені мысалы, Мәскеу метросында "Күлімсіреп төлем жасаңыз!" деген жазу ілінген.

Жалпы, бұл мәліметке шағын фактчек жүргізу арқылы оның бастапқы дереккөзі "IA.Panorama" болғанын анықтадық. Ал, "Панорама" ақпарат агенттігі – 2017 жылдан бастап жұмыс істейтін ресейлік сатиралық, әзіл "жаңалықтар" сайты болып табылады.

Содан бері қаншама беделді, ресми ақпарат құралдары оның құрығына түсіп қалды: оның ойдан құрастырған қағытпа, әжуа "жаңалықтарын" шын деп ойлап, жарыса жариялады. "Экономикалық қылмыстармен күрес бөлімінің кеңесшісі" де ойдан құрастырылған болып шықты.  

Алайда бұл әзілдің түбінде зіл болуы мүмкін. Оған сенген ресейліктер өздерінің тап болған оқиғаларымен бөлісуде.

"Мен "Ресей банкінің" тез төлем жүйесі (СБП) арқылы метрода төлем жасауды қосқанмын. Өйткені QR-кодты турникеттегі терезеге тақасаңыз, "кэшбек" беріледі. Бірақ онысы QR-кодты оқымай, сілекпемді шығарды. Жыларман күйге жетіп, ызадан ақсиған күйде QR-кодты тақағаным сол, төлем өтті. Таблода: "Күлкіңіз сізге жарасады" деген сөз шықты. Содан ойға қалдым. Мен бұл жүйеге бет-жүзімді "байлатпаған" едім. Кешке тексерсем, бірде бір шотымнан жол ақысы үшін ақша шешіп алынбапты. Бәлкім, арт жақта күлімсіреген бір байғұстың есебінен метромен жүрдім бе деп жорамалдадым", – дейді мәскеулік Ксения Шаляпина.

Өткен аптада Lenta.ru ресейлік шенеуніктің жымыңдаймын деп кездейсоқ арақ (водка) сатып алғанын хабарлады. Жаңалық: "Чиновник из Калининграда случайно купил бутылку водки улыбкой" деген тақырыппен шықты.

Онда жазылғандай, Калининградтың Білім беруді ақпараттандыру орталығының бастығы Дмитрий Кулагиннің айтуынша, оқиға дүкендер желісінің бірінде кассаға кезекке тұрғанда болыпты.

"Оның алдында тұрған азамат спиртті ішімдік үшін ақы төлеуге тырысып жатқанда, шенеуніктің көзі кассир қыздың көзімен түйісіпті. "Мен оған күлімдедім. Кенет өзімнің жарқын күлкім терминалдың экранына шығарылғанын байқадым", – деді Кулагин. Осыдан кейін цифрландыруға жауапты орталықтың бастығы төлемнің жасалғанын құлағдар ететін дыбыстық сигналды естиді. Белгілі болғанындай, автоматика тауардың ақысын күлімсіреу көмегімен төлеуге бапталған екен. "Осылайша, менің голливудтық күлкім жат жанның арағының ақысын төлеп берді", – дейді Кулагин", – деп жазды РФ ақпарат агенттігі.

Ресейліктер жымиюдың биометрия саналатынына, ал, биометриямен банкте салым ашып, кредит алуға да болатынына назар аудартады.

"Ендеше көшеде әркіммен күлімдесе беретіндер болашақта мойындарына жаңа кредиттердің ілінген біліп, жағы қарысып қалатын шығар?", – дейді әлеужеліде пікірін білдірген РФ тұрғынының бірі.

"Пятерочка" желісіндегі биометрия жүйесіне қызмет көрсетумен айналысқан маман Сергей Верещагин күлкімен ақы төлеудің әзірге мүмкін еместігіне сенімді.

"Ақы төлегенде күлімсіреуді сұрау – клиенттің көңілін көтеруге бағытталған амал, жарнамалық слоган ғана. Биометриямен ақы төлеу терминалына жымиюдың тіпті қажеті жоқ. Бет-жүзіңіз сай келсе болды. Бұл – бір! Екіншіден, биометрия бойынша төлем өтуі үшін экрандағы тиісті батырманы басуыңыз керек. Баспасаңыз, растамасаңыз, төлем жасалмайды, ақша шешіп алынбайды. Үшіншіден, әлдебір адам терминал арқылы бетімен, биометриясымен ақы төлеуге, немесе онлайн қарыз рәсімдеуге тырысып жатқанында, оның артынан тақап тұрып алып, жынды адам сияқты экранға сұқтанудың қажеті жоқ. Бұл жүйеде әрине, арнайы қорғаныш қарастырылған: егер экранда екі және одан көп бет пайда болса, терминал бұл туралы ескертеді және операция жүзеге аспайды", – деді сарапшы.    

Айта кету керек, былтыр "Сбер" және X5 Group Ресейдегі 4 100 дүкенде "күлкінің көмегімен төлем жасау" сервисін жолға қойды. Бұл көршінің бірқатар сарапшысының алаңдаушылығын туғызды.

Бастама "әр адамның күлкісі қайталанбайды, ешкімге ұқсамайды" деген теорияға құрылған. Алайда беттің бұлшық еттерін жаттықтыру, грим немесе ота жасату арқылы күлкіні "копиялауға" болатын көрінеді.

CESCA айти-компаниясының ақпараттық жүйелерді және бизнес қосымшаларды әзірлеу жөніндегі басшысы Александр Жижанковтың байламынша, өзге адамдардың әлеуметтік желі мен ғаламтордан алынған фото, видеосын қолданатын алаяқтар осындай жүйелерді қарау істері үшін пайдалана алады.

"Мысалы, саусақ таңбасы, көз торын сканерлеу сияқты биометрияның өзге формаларына қарағанда, күлкіні тануға және оны төлем жасауға келісім ретінде қабылдауға негізделген биометриялық жүйелердің олқылығы көп, нақтылығы төмен. Мұндай жүйелер тежеліп, ақпаратты ұзақ өңдеуі мүмкін. Бұл күлкіні дұрыс айқындау кезіндегі қателіктерге соқтырады. Егер жүйе видеоаналитика платформасында жұмыс істесе, кез келген адамның күлкісін фотосурет немесе видеожазба көмегімен оңай қолдан жасап алуға болады. Мұның бәрі қаскөйлер, қылмыскерлер үшін кең өріс ашады", – деді Жижанков.

Жалпы, қазіргі кезде қазақстандық компаниялар да биометриямен, соның ішінде күлкінің көмегімен ақы төлеу жүйелерін енгізуге талаптанып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу