Көшкендердің жүгіне, елдің жолдаған сәлемдемесіне жаппай тінту жүргізілуі мүмкін

4467

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеуде. 

Көшкендердің жүгіне, елдің жолдаған сәлемдемесіне жаппай тінту жүргізілуі мүмкін Фото: inbusiness.kz

Ведомство сарапшыларының түсіндіруінше, құжат "жанына иесі ере жүрмейтін багаждардың" қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұған мысалы, сәлемдемелер, пошта жөнелтілімдері, шетелдік интернет дүкен-маркетплейстерден сатып алынған тауарлар (карго) және басқасы жатады. Тіпті бір өңірден екіншісіне, немесе қала ішінде көшкенде азаматтардың "Газельден" бастап, фураға дейін тиеп жіберетін жүктерін де осы заң жобасы қамтитын болады.

Цифрлық даму министрлігінің байламынша, осы жүктердің арасында қару-жарақ, есірткі және басқа тыйым салынған заттар жасырылуы мүмкін. Оған жол бермеу үшін билік барлық тасымалдаушы-экспедициялық компанияларды құны удай қымбат ресейлік, шетелдік жабдықтарды жаппай сатып алуға міндеттемек. Мәдиевтің ведомствосы мұның салдарынан бұқара мен бизнес үшін осы тасымал қызметі, тарифтер қымбаттайтынын жасырмады.

Осылайша, ол алдыңғы министрдің мұрасын дамытқалы тұр. Өйткені бұрынғы басшысы тұсында Цифрлық даму министрлігі осы бастамасын "ҚР көлік туралы" жаңа заң жобасына тықпалап көрді. Сондай-ақ депутаттар арқылы астыртын қимылдап, солар жазған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізді. Бұл заң 2024 жылғы 21 мамырда күшіне енді. Алайда қос құжаттың ақырғы нұсқасында тиісті нормалар болмады.

Өйткені "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық бизнес қауымдастықтар атой салып, қарсы шығып, ақыры Мусин командасының ол бастамасын қос заңнан да түре қуып шықты. Оларды Ұлттық экономика, Көлік министрліктері қолдады.

Оларға оппозиция болған Цифрлық даму министрлігі бұл түзетулері "жедел-іздестіру қызметі саласындағы мәселелерді реттеу, экстремизмге, терроризмге қарсы іс-қимыл шараларын күшейту, клиенттер ере жүрмейтін жүктер мен багаждардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет" деп дәйектеді.

Кәсіпкерлік субъектілеріне талапты қатайтатын, жаңа жазалар енгізетін кез келген заң жоба міндетті түрде реттеушілік әсерді талдау (РӘТ) рәсімдерінен өтуге тиіс. Сондықтан қазіргі кезде жаңа заң жобасын жазып жатқан Мәдиевтің командасы аталған рәсімді қатар жүргізуде. РӘТ өткізу 6 айға дейін созылады.

Айта кету керек, шенеуніктер ұқсас талапты бұдан бұрын пошта саласына енгізді. Сөйтіп, сарапшылардың айтуынша, бұл саланы жарға жықты. Мысалы, бұрынғы үкімет пошта қызметін өркендету, нарықтың дамуына серпін беру, сондай-ақ осы салаға шағын және орта бизнестің еркін, кедергісіз кіруін қамтамасыз етіп, әкімшілік тосқауылдарды жою үшін 2012 жылы лицензиялауды алып тастады. Осыдан кейін салаға біршама жан кірді, өркендеуіне соны серпін берді.

Статистика бойынша пошта қызметін лицензиялау жойылғанға дейін уәкілетті орган бүкіл Қазақстанда пошта саласында небары 60 лицензия беріпті. Фирмалардың көбі лицензия алғанымен, ісіне кіріспеген. Лицензиялау алып тасталғаннан кейін елімізде пошта қызметін жүзеге асыратын жеке компаниялардың саны 500 субъектіден асып түсті.

Сол кезде нарықта пошта-экспедициялық жеке компаниялардың қаптағаны, олар хатыңыз бен сәлемдемеңізді үйіңізге, немесе кеңсеңізге келіп, өзі алып кетуге таласқаны қазақстандықтардың есінде болар. Бірер жылдан соң оның бәрі сап тыйылғандай болды. Бүгінде бірен-саран ғана пошта қызметі қалды.

Сонда не болып қалды? 2019 жылы "Пошта туралы" жаңа заң күшіне енді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2019 жылдан бері пошта саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны еселеп азайды. Бүгінде 30-ға жетпейтін субъект қана қалды. Бұл – лицензиялау жойылмағанға дейінгі кезеңдегіден де екі есе нашар көрсеткіш.

Пошта атаулының бағын ашуға тиіс "Пошта туралы" жаңа заң неге пошта саласын дәрменсіз жағдайға жеткізіп, көптеген пошталық компанияларды банкрот қылды?

"Бұған 2019 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген пошта туралы жаңа заңның 39-бабының 3-бөлімі ықпал етті. Аталған нормаға сәйкес, бұдан былай пошта операторлары пошталық жөнелтілімдерге тығылған тыйым салынған заттарды іздеп табуға бағытталған шаралар қабылдауға міндеттелді. Тыйым салынған заттарды жолай әшкерелеу үшін пошта операторлары хаттар мен қораптарды жарып қараусыз, оларда тыйым салынған заттардың бар-жоқтығын анықтайтын техникалық құралдарды, жабдықтарды пайдалануға, кеңселерін тегіс бейнефиксациялау жүйелерімен жарақтандыруға тиіс", – деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігі.

Мұның бәрі санаулы хат-конверттер мен сәлемдемелерді әрлі-берлі тасып, азын-аулақ табыс тауып, күнін күнге жалғаған шағын және орта бизнестен қосымша ылан-ойран шығындалуды талап етті. Содан оларға жабылып тынудан басқа амал қалмады. 2012 жылдан кейін ашылған 500 пошта субъектісінен сөйтіп, отызға жуығы ғана қалды. Бір бөлігі пошта атауынан бас тартып, жүк тасымалдаушы компанияға қайта маманданды.

Басқасын айтпағанның өзінде, тіпті DHL, FedEx, DPD, Pony Express, UPS және басқа да жаһандық брендке ие халықаралық компаниялардың қазақстандық бөлімшелері осыдан кейін "пошта қызметтері нарығындағы пошталық оператор" мәртебесінен бас тартқан. Бүгінде олар жүк-тауар тасымалдаушы немесе көліктік экспедиция қызметін жүзеге асырушы ретінде қызметін жалғастыруда.

Ал, "Қазпошта" сияқты өз статусын сақтап қалған бірлі-жарым почта операторлары амалсыз, жаңа заң нормасының талаптарын орындауға бағытталған жұмысқа кірісіп, рентген-телевизиялық қондырғыларды сатып алды, оларды барлық кеңсе-бөлімшелеріне орнатты.

Цифрлық даму министрлігі пошта саласының күл-талқанын шығарған дәл осы "операциясын" енді шағын жүк таситын кәсіпкерлікке қарсы бастауға ниетті. Оның Мәжіліске енгізуге әзірлеп жатқан жаңа заң жобасы "иесі еріп жүрмейтін жүктерді, тауарларды және багажды жеткізу кезінде көлік-логистикалық, көлік-экспедициялық қызметтер ұсынатын барлық кәсіпкерлік субъектілерінің тыйым салынған заттарды анықтау жөніндегі міндеттемесін енгізеді".  

Сарапшылардың дерегінше, қазіргі уақытта осы талапты орындау үшін ведомство ресейлік УРП-1, КАЛАН-2М, Норка 120 модельдерінің рентген-телевизиялық қондырғыларын сатып алуды ұсынады. Олардың тек бір данасының құны шамамен 11-15 миллион теңге тұрады. Бұл қондырғыларды мәскеулік "НЕЛК нестандартная электроника" фирмасының өндірістік орталығы құрастырады.

Бұған қоса, пошта сияқты енді көлік-логистикалық, көлік-экспедициялық компанияларға сатып алуға тура келетін, ресейлік дистрибьютор жеткізетін Интерскоп ХR3D-60S, Интерскоп ХR3D-50S сканерлерінің біреуінің нарықтық құны шамамен 30 миллион теңгедей. Мұндай шығынды шағын және орта кәсіпкерлерінің бәрі бірдей көтере алмауы мүмкін. Бірақ Цифрлық даму министрлігі өз бастамасында табандап, өзінікін дұрыс көріп отыр.

"Атап өтетін жайт, пошта саласында қауіпсіздік шаралары жөніндегі талаптар күшіне енгелі рентген-телевизиялық қондырғылар кешенін және басқа да техникалық құралдарды пайдаланып, тыйым салынған заттарды жөнелтудің жүзден аса фактісі әшкереленіп, жолы кесілді. Пошталық жөнелтілімдерден марихуана, “экстази” таблеткалары, ЛСД, синтетикалық есірткі, қару-жарақ, оқ-дәрі және басқалары табылды. Сондықтан көлік-логистикалық, көлік-экспедициялық қызмет көрсететін компанияларға қатысты ұсынылған жаңа норма мемлекеттің мүддесін сақтауға, терроризмге қарсы тұруға, барлау және контрбарлау қызметінде, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметінде көмектеседі", – деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігі.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 637-бабының 1-бөліміне сәйкес, егер пошта операторы төл пошта желілерінде тыйым салынған заттарды анықтауға мүмкіндік беретін техникалық құралдар мен жабдықтарды орнатпаса, оның лауазымды, жауапты тұлғаларына, сондай-ақ шағын кәсіпкерлік нысандарына – 20 АЕК (2024 жылы 73 840 теңге), орта кәсіпкерлік компаниясына – 40 АЕК (147 680 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектісіне – 100 АЕК (369 200 теңге) айыппұл салынады. Ұқсас жаза енді көлік-логистикалық, көлік-экспедициялық компанияларына да қарастырылуы мүмкін.

Цифрлық даму министрлігінің сендіруінше, бұл шаралар жарылғыш заттардың, есірткі түрлерінің, өзге де тыйым салынған заттардың Қазақстан аумағы арқылы қозғалысына тосқауыл қояды.

Жалпы, жаза тек айыппұлмен шектелмейді. Аталған ресейлік және басқа қымбат жабдықтарды сатып алып, жаппай орнатпаса, жүк пен сәлемдеме тасушыларға ары қарай жұмыс істеуге құзырлы органдар мүмкіндік бермейді. Онда қазақстандықтардың "көші көлікті" болмауы мүмкін. Сондай-ақ саладан инвесторлар қашып, DHL, FedEx, DPD сияқты әлемдік брендтер Қазақстан нарығын тастап кетуі ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу