"Космонавтика күні" қарсаңында ғарыш саласы үлкен ұятқа қалды

4793

Кеше, 9 сәуірде, Амур уақытымен кешкі 18:00-де Ресейдің өз жеріндегі, Амур облысындағы жаңа ғарыш айлағы – "Восточныйдан" "Ангара-А5" зымырантасығышы көк сеңгіріне аттануға тиіс еді.

"Космонавтика күні" қарсаңында ғарыш саласы үлкен ұятқа қалды Фото: ampravda.ru

Бұл тарихи оқиғаны ресейлік федералдық телеарналар, ақпарат агенттіктері бір сағаттан астам уақыт бойы тікелей эфирде трансляциялады.

Оқиғаның тарихи болатыны – "Ангара" аталған зымырантасығышы тұңғыш рет ғарышқа аттанбақ. Бұл – кейінгі жылдары кері кетіп, деградацияланған Ресей космонавтикасының биік белесіне, жаңа тарихи асуына айналуға тиіс еді.

Сонымен, біріншіден, кешегі күн "Ангара-А5"-тің салтанат-триумф күніне айналуға тиіс болды. Өйткені "Ангара" – Кеңес одағы күйрегелі бері толығымен Ресейдің өзі жасап шыққан ауыр сыныптағы тұңғыш зымырантасығыш саналады.

Екіншіден, бұл күні ресейлік "Орион" екпiндеткіш блогы (разгонный блок) тұңғыш рет сынақтан өтуге тиіс еді.

Үшіншіден, кешегі ұшырылым КСРО ыдырағалы тұрғызылған тұңғыш космодром – Восточныйдың "Ангара" тобындағы барлық зымырандарды ұшыруға арналған жаңа кешенінің тұсаукесеріне айналуға тиіс еді. "Ангары-А5" – "Амур" аталған жаңа ұшыру-конструкторлық, сынақтық, ғарыштық зымыран кешенінен тұңғыш рет аспанға "қанат қағуы" керек еді.

Осынау "тұңғыштарын" жаһанға паш ететін ірі жетістігін Мәскеу "12 сәуір – Космонавтика күніне" (Қазақстанда ол "Ғарышкерлер күні" деп аталады) арнауға шешім қабылдады. Ғарыш саласына маманданған ақпарат құралдардың жазуынша, "Ангараның" алғашқы ұшырылымы о баста 2023 жылдың соңына жоспарланды. Бірақ Мәскеудің өзі оны ұшыратын жаңа датаны таңдап, "9 сәуірге" белгілеген екен.

Ұзаққа созылған, арасында ресейлік ғарыш саласының арғы-бергі тарихындағы жетістіктерін тегіс теріп, шолған сюжеттермен көркемделген трансляция нәтижесіз аяқталды. Дуылдата қол шапалақтау орнына, эфирде: "Отбой пуска, подготовить стоянку на 24 часа!" деген қапалы бұйрық естілді.

Артынша ресейлік және шетелдік ақпарат құралдары "Восточный космодромынан тұңғыш "Ангара" зымыраны ұшпай қалды" деген шұғыл жаңалықтарды жарыса таратты.

Кезінде "Ангара" зымырантасығышы біздің "Байқоңырдан" ұшырылу үшін жасалған еді. Сол арқылы экологиялық тазалау отынмен – керосинмен ұшатын бұл зымыран гептилмен ұшатын "Протон" ауыр зымырантасығыштарын ауыстыруға тиіс болатын.

Алайда кейін Мәскеу оны Қазақстаннан ұшырудан бас тартты. "Байқоңырдан" сол бойы "Протондар" ұшып, қазақ даласына көктен улы гептил себуін жалғастыруда. Дегенмен, РФ космонавтикасындағы дағдарыс нәтижесінде, олардың ұшырылу саны еселеп қысқарды.

"Ангара-А5"-ті ұшырудан стартқа небәрі 2 минут қалғанда бас тартылды. "Роскосмос" басшылығының шешімімен "Ангараны" ұшыру бір күн кейінге қалдырылды. Себебі әзірше, жария етілмеді", – деп хабарлады Amur.info.

Кеше кешке қарай "Роскосмос" ұшырудан бас тартуға қатысты түсініктеме берді. Ғарыштық мемкорпорацияның басшысы Юрий Борисовтың айтуынша, "стартты автоматты жүйелер тоқтатып тастады".

Өйткені дәл ұшырар алдында зымырантасығыштың орталық блокта орналасқан қышқылдандырғыш багының үрлеу жүйесінде ақау шыққан. Осыдан кейін автоматика ұшыруды тоқтатуға бұйрық беріп, бұғаттап тастапты.

Ю.Борисовтың айтуынша, осының кесірінен енді зымыранның барлық жүйелерін шұғыл түрде қайта тексеруге тура келеді.

Алдын ала деректер бойынша "Роскосмос" "Ангараны" Восточный ғарыш айлағынан ұшыруға бүгін, 10 сәуірдің кешінде тағы талаптанып көретін болады. Кейінге қалдыруы да мүмкін.

Тіпті ұшып кеткеннің өзінде кешегі оқиға "Ресей космонавтикасындағы сәтсіздіктердің" қатарына кіріп отыр. Оның үстіне қайтадан ұшпай қалып, тағы ұятқа қалмау үшін көптеген телеарна тікелей трансляциядан бас тартқан.  

Ауыр сыныптағы "Ангара" зымырантасығыштарын әзірлеумен және жасаумен Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталық айналысады.

Бұған дейін "Ангараның" сынақтары Ресейдің Архангель облысында орын тепкен Плесецк космодромында жүргізіліп келді.

Бүгінде әртүрлі көлемде жүк көтере алатын әралуан зымырантасығыштардан тұратын "ангараларды" жасауға және ұшыруға РФ қорғаныс министрлігі тапсырыс береді.

"Ангара" зымыраны әуеге ұшып кеткеннің өзінде Ресей қоғамының көңілінде қыжыл қалмақ. Оны Рунеттегі көңілі қалған тұрғындардың жабырқаңқы комментарийлерінен аңғаруға болады.

Өз кезегінде ресейлік сарапшылар бұл жобаның табысты жүзеге асырылуына жемқорлық соққы жасағанын алға тартты.

Ресей космонавтика федерациясының мүшесі Александр Хохловтың мәліметінше, Амурдағы "Восточный" космодромын Ресей сонау 2012 жылы сала бастады.

2019 жылы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков оның құрылысы кезінде кемінде 11 миллиард рубль ұрланғанын мәлімдеді.

2019 жылдың соңында прокуратура хабарлағандай, ғарыш айлағының құрылысы басталғалы жалпы саны 163 қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстардан мемлекетке келген шығын 21 миллиард рубльге (шамамен 105 миллиард теңгедей) жеткен. 60 адам сотталған.

Космодромда құрылыс әрі қарай жүріп жатыр.

Сарапшылардың дерегінше, осы ғарыш айлағына жеткізілген, бірінші талабында ұша алмай қалған "Ангара-А5" зымыранын жасау шығыны бастапқысынан бірнеше есе асып түсті.

"Ангара" зымырантасығышын әзірлеу сонау 1995 жылы басталды. Осындай атауы бар ғарыштық зымыран кешенін құру туралы жарлыққа Борис Ельцин қол қойып кетті. Бұл жаңа зымыран "Байқоңырдан" ұшыру үшін өткен ғасырдың 60-шы жылдарында әзірленген "Протондарды" ауыстыруға тиіс болды.

Бірақ ел тізгінін қолына алған В.Путин басқаша шешім қабылдады: 2000-шы жылдары "Протондарды" модификациялап, "Байқоңырдан" ары қарай ұшыра берді. "Ангара" тек Ресей жеріндегі Плесецк және Восточный ғарыш айлақтарынан ұшатын болды.

Қазақстан өз кезегінде "Байқоңырдың" орнын басатын "Бәйтерек" жаңа ғарыш айлағын салып, ол арқылы экологияға зияны аздау "Союз-5" орташа сыныптағы зымырантасығышын ұшыра бастауды жоспарлады. "Сұңқар" немесе "Ертіс" деген жаңа атау алуы мүмкін кеңестік жаңғыртылған осы зымырандар 2024 жылы ғарышқа аттанады деп күтілді. Алайда соғыс басталып, Ресей санкциялық қыспаққа қалғалы "Бәйтерек" пен "Союз-5" жобалары дағдарды.

Кеше ұша алмаған "Ангара-А5" Омбы облысындағы "Полет" зауытында құрастырылды. Жергілікті басылымдардың жазуынша, оны құрастыруға бірнеше жыл кеткен. Осы мақсатта зауыттың үш корпусы жаңа зымыранның қажеттілігіне сай, толығымен қайта құрылыпты.

Нәтижесінде, тек осы зауытты реконструкциялау жобасына федералдық бюджеттен 6 миллиард рубль шығындалды.

Сонымен қатар, "Ангара" зымыранының біреуін жасау 7 миллиард рубльге бағаланып отыр. Бұл ретте "Ангара" Илон Масктың америкалық зымырантасығыштары сияқты жердегі платформасына кері оралып, қонбайды. "Протон" сияқты, "Ангара" да бір реттік зат: ұшқаннан кейін қайтпайды. Яғни, оның әрбір ұшырылымы удай қымбатқа түседі.

Осы шығынын жабу үшін "Роскосмос" зымырандарға жарнама орналастыру жобасын қолға алуда. Осыған орай ресейлік блогерлер: "Ондағы жарнаманы бүкіл әлем көріп болуы үшін зымырантасығыштардың ұша алмай қалу талаптарының саны да артады" деп әзілдеп жатыр.

Бірақ бірінші ұшатын "Ангарада" жарнама жоқ.

2022 жылы "Роскосмостың" сол кездегі басшысы Дмитрий Рогозин Кремльге омбылық "Полет" зауыты жылына 8 "Ангара" ауыр зымырантасығыштарын құрастырылатынына уәде еткен. Осы жоспар орындалуы үшін зауытқа бюджеттік миллиардтар тасқыны бағытталды. Бірақ зауыт әзірге бір зымырантасығышты жасап, Амурға аттандырды.

"Роскосмос" дерегінше, "Ангара-А5" биіктігі – шамамен 55,4 метр. Оның салмағы 770 тоннадан асады. Соған қарамастан, жалпы салмағы бар-жоғы 24,5 тонна ғана болатын жүкті орбитаға шығара алады.

Салыстырсақ, Илон Масктың SpaceX Starship ауыр зымырантасығышы жер айналасындағы орбитаға 100-150 тонна жүк шығарады. Оның үстіне Starship "Ангара" сияқты бір реттік емес, көп рет пайдаланылатын зымырантасығыш. Әзірлеушілер оның пайдалы жүктемесінің салмағын 250 тоннаға жеткізуге кірісіпті. "Старшип" Айға, сол жерде "жанар-жағармай" құйып алып, Марсқа 150 тоннаға дейін жүк жеткізе алады деп күтілуде.

Дегенмен, ғарыш саласы тоқыраған Ресейге сонша көлемдегі жүк көтеретін зымыран қажет болмайтынға ұқсайды. Маманданған Space басылымының жазуынша, соғыс басталғалы Ресей бір ғана ақылы, коммерциялық спутник ұшыра алыпты. Салыстырсақ, соның қарсаңында 2021 жылы "Роскосмос" 18 елдің 339 жерсерігін орбитаға алып шыққан еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу