Қосшыны қала қылатын 28 шарттың 21-і орындалды

2554

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев баспасөз мәлихатында елорда шетіндегі Қосшы ауылының жағдайына жеке тоқталды.  

Қосшыны қала қылатын 28 шарттың 21-і орындалды

Әкімнің айтуынша, қазір ауылдағы халықтың саны шамамен 60 мыңға таяп қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Осы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысының алдына барып, Қосшыдағы нақты жағдайды баян еткенмін. Ол жерде нақты не болып жатыр? Қосшыда ауқымды жұмыс жүргізілді. 2017 жылы мәселен, Қосшы ауылына 1,7 млрд теңге бөлінген. 2018 жылы 2,5 млрд теңге, 2019 жылы 5,9 млрд теңге, 2020 жылы 7 млрд теңге бөлінген. Биыл да шамамен 7 млрд теңге аударылады. Бүкіл қызмет бақылап отырған осы қаражатқа су тартылып, жол салынып, электр желілері тартылып жатыр",– деді Ақмола облысының әкімі.

Ермек Маржықбаевтың айтуынша 2018 жылы Қосшының жолын жөндеуге 100 млн теңге бөлінсе, 2020 жылы 2 млрд теңге аударылған. Биыл ауылдың жолына 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінбек.

"Екі мектеп мен балабақшалар салынуда. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Бизнес те бізге зор қолдау көрсете бастады. Былтыр 400 орындық "Дара" мектебін пайдалануға бердік. "Балбұлақ" балабақшасы ашылды. Яғни ауыл дамып келеді",  деді.

Облыс әкімі 2011 жылы ауылда шамамен 7 мың адам тұрғанымен, қазіргі уақытта 60 мыңға жуық адам тұратынын мәлім етті. Журналистердің қайтара қойған сұрағына әкім таяуда ғана ауылды халық санағы жүргізілгенін, сол бойынша ауылдағы халықтың саны ресми түрде 50200 адам екенін жеткізді.

"Әрине, ауылдағы халықтың өсіміне үлгере алмай жатырмыз. Мәселелер бар. Әйтсе де алға жылжып келеміз. Ірі қалалардың маңындағы ауылдарды дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама, Бизнестің жол картасы – бәрі де қала маңындағы ауылдардың игілігіне жұмыс істейді. Жауапкершілігімізде Қосшы ғана емес, бүкіл облыс барын да ұмытпайық", деді.

Сонымен қатар әкімге Қосшыға қала мәртебесін беру туралы шаруа қандай сатыда тұрғаны жайлы сұрақ қойылды.

"Бұл сұрақ бойынша Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бар. Жол картасын құрып, Үкіметпен етене жұмыс істеп жатырмыз. Жол картасы 28 бөлімнен тұрады. Оның 21-ін орындадық. Қандай мәселелермен бетпе-бет келдік? Бәріміз де Қосшыда 60 мыңға жуық кісінің тұратынын білеміз. Оны бәрі растайды. Аулаларды аралап біліп отырмыз. Ауылға қала мәртебесін беру үшін ол елдімекенде кем дегенде 50 мың адам тұруы керек екен. Екі жарым ай бойы жүгірдік. Адамдар Қосшыда тіркеуде тұрғысы келмейді. Нұр-Сұлтанда тіркеліп, Қосшыда тұрғысы келеді. Ал дәл қазір біз дайындаған құжат орталық мемлекеттік органның қарауында",  деді ол.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу