Қостанай облысына кім қанша көмек көрсетіп жатыр?

2563

Небір қиын кезеңде қайырымынан жаңылмаған халқымыз бұл жолы да тартынып қалмады. Қазақстанның барлық өңірінде қаражат жинау басталды. Мәжіліс депутаттарының жетекшілігімен гуманитарлық көмек жиналып, жөнелтілуде. Түрлі ұйым-мекемелер қаражат аударуға кірісті.

Қостанай облысына кім қанша көмек көрсетіп жатыр?

Ақпарат құралдары ашынған қостанайлық қыздың видеоүндеуін таратты. Онда ол елге қатысы жоқ әрнәрсеге жаны аши қалатын адамдардың неге өртке оранған өз өңірімізге көмек қолын созбағанына қайран қалды.

"Шетелді айтып, шырылдаған жұрт қайда? Терісіне сыймай жүретін патриоттар қайда? Бай-бағылан қайда? Сырттағы елге жаны ашығансып, әлеуметтік желіден шықпайтындар қайда? Мен қалталы азамат Марғұлан Сейсембайға сөз арнағым келеді. Қаншама отбасы үйсіз қалды. Өртеніп кетті. Біздің облысқа жүк көліктерімен азық-түлік, көмек жіберіңіздер!", – деді ол.

Шынында, алғашқы күндері билік те, халық та, бизнесмендер де тілсіз жаумен алысқан құзырлы органдардың ісін тамашалап қана отырғандай әсер қалыптасты. Бұл ашынтатын жағдай еді. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар-наурыз аралығында ғана Қазақстан шетелге, негізінен Ауғанстан мен Украинаға жалпы сомасы 9,4 млн доллар (4,5 миллиард теңгедей) гуманитарлық көмек жолдапты. Өз халқымыз көмекке жарымай жатқанда жатқа жомарттықтан не пайда?

Бұл ретте "Қазақстан халқына" қоры Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсететініне "анонс" жасаумен тыйылды. Тіпті шарт қойды. Алдымен өрт салдарын жойып алсын.

"Апат салдары жойылған соң және залал көлемі анықталғаннан кейін "Қазақстан халқына" қоры жергілікті атқарушы органдармен бірлесе өңір тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсету тетігін пысықтайды. Қор орын алған жағдайды қадағалап, зардап шеккендерге қолдау мақсатында барлық қажетті шараны қабылдайды", – деп мәлімдеді қор.

Қазір "Қазақстан халқына" қорында 131,3 миллиард теңгеден артық сома жинақталған. Бүкіл көмекті жалғыз сол еңсере алады. Соған қарамастан ол бюрократия, шабандық пен шығайбайлыққа салынуда.

Ал қостанайлықтарға көмек қазір және шұғыл қажет. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, 4 қыркүйектің өзінде 108 үй мен нысан өртеніп кеткен. Баспанасыз қалған, бар жиған дүние-мүлкінен әп-сәтте айырылған халық ұлардай шулауда. Эвакуацияланғандарды орналастыру, тамақтандыру аудан, ауыл әкімдерінің мойнына артылған, олардың бюджеті тым аз. Ауылда демеушілік жасай алар бизнесмен аз.

Апаттың бастапқы күндері Озерное ауылынан 250 адам, ең ауыр зардап шеккен Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен 1000 адам, Калинин ауылынан 228 адам және Лесное ауылынан 363 адам, жалпы саны 1 841 адам эвакуацияланған. Жергілікті әкімдіктер босыған халықты Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастырды. Оларға симағандар туысқандарын жағалап кеткен. Ал Новонеженка ауылында әскерилер зардап шеккен халықты қабылдау үшін шатырлар тігіпті.

Алда босқындар саны одан да көп болуы мүмкін. Тілсіз жау басқыншылығын жалғастыруда. Бүгін таңертең ТЖ мамандары тікұшақпен аралап шықты. Әулиекөл ауданында орман, дала өрттері жаңа күшпен өршіп кеткені анықталды. Аптап ыстық сақталуда, екпінді жел көрікше үрлеп, өртті Қазанбасы және Босағалы кенттеріне қарай қуып барады. Отпен күреске жаңа күштер жұмылдырылды.

Сонымен бірге кешелі бері қамқорлыққа толы қайырымды істерге де ақыры қозғау салынды. Кешкісін ТЖМ жедел штабы астанада Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Қостанайда зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсететін колонна жасақталғанын жариялады. Ал бүгін Мәжіліс бір күндік жалақысын Қостанай облысындағы зардап шеккендерге көмекке аударатынын хабарлады. Биліктің өзге органдары да осындай шараларды ойластыруда.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Әулиекөл ауданында тілсіз жау кесірінен баспаналарынан айырылғандар далада қалмайтынын, олар үшін жаңа 91 үй салынатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімдері бөлінді.

"Үкімет басшысының тапсырмасымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй тұрғызуға көмек көрсетеді. Бірлескен жұмыс тобы құрылды", – деді аймақ басшысы.

Әкім бұл өңірге қыс ерте түсетінін, қазан айында қара суық үстемдік ететінін білетінін жеткізді. Сондықтан жаңа үйлер қазан айының соңына дейін іске қосылуға тиіс деген тапсырма беріліпті. Осыған орай бюрократияны ысырып қойып, шұғыл түрде, алдағы екі-үш күнде типті үйлердің жобалары бекітіледі. Онсыз құрылыс басталмайтыны белгілі. Нәтижесінде, жергілікті билік бірнеше күн ішінде баспана құрылысына кірісуге ниетті. А.Мұхамбетов құрылысқа білікті құрылыс компаниялары тартылатынына, үйлер жедел және сапалы тұрғызылатынына уәде етті.

Қостанайлықтарға қоғамдық ұйымдар да көмектеседі. Қазақстанның барлық өңірлерінде қайырымдылық қаражат жинау басталды. Halyk Bank өртеніп кеткен үйлердің қожайындарында өзінен алған кредиті болса, оны есептен шығаруға шешім қабылдапты. Бірақ олардың санын атамады: негізі, аз болса керек. Себебі ауылдағылар қарызды көбіне микроқаржы ұйымдарынан алады. Бір жақсысы, бұған қоса, банк әрбір зардап шеккен отбасыға миллион теңгеден бөлетінін жария етті.  

AMANAT партиясының барлық өңірлік филиалдары жексенбіде гуманитарлық көмек қабылдау бекеттерін ашты. Сондай-ақ аманаттық волонтерлар, "Жастар Рухы" жастар қанатының мүшелері Қостанай облысындағы жермен-жексен болған ауылдарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін өңірге аттанады. Өзге партиялар да қал-қадари көмек көрсетіп, гумкөмек жолдаудың қамын жасауда.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 4 қыркүйекте елорда, Алматы, Шымкент қалаларындағы және облыстардағы Достық үйлерінде ақша және қажетті заттар жинайтын жедел штабтар ашылғанын жеткізді.

Қостанайдың Allur және "АгромашХолдинг KZ" машина жасау кәсіпорындары Қостанайдағы орман өртінен зардап шеккендерге 100 миллион теңге аударатындарын хабарлады. Кәсіпорындар базасында зауыт жұмысшылары жедел штаб ұйымдастырып, азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмекті сатып алып қойған, оларды таситын арнайы көлік дайындалған. Кешелі бері зауыттардан зардап шеккен ауылдарға 8 автобус, жеті тонналық отын құюшы машина бағыт алды. Оларға волонтерлар, кәсіпорындардың медициналық персоналы, психологтар ілесе жүреді.

Ормандар отқа орана бастағанда Қостанайда өткен Kostanay Music Fest концертін ұйымдастырушылар одан түскен барлық қаржыны – 50 миллион теңгені табиғи апаттан жапа шеккендерге беруге ұйғарыпты.

Qazaq Oil жанар-жағармай құю ұлттық желісінің ұжымы 50 миллион теңге бөліп, Қостанай облысында өртті сөндіруге қатысқан техникаларға – төтенше жағдайлар органдарының арнайы техникалары мен барлық коммуналдық қызметтерге тегін дизельдік отын берді.

Волонтер жастар гуманитарлық көмекті үлестіру үшін кеше Әулиекөл ауданына жолға шықты.

Үкімет те төтенше жағдай аясында Қостанай облысына қаржылай жәрдемдесу мәселелерін пысықтауда. Зардап шеккен тұрғындарға материалдық шығындары өтеледі деп күтілуде. Премьер Әлихан Смайылов баспаналары жанып кеткен азаматтарға арналған жаңа үйлердің құрылысын шұғыл бастауды жүктеді.

Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Қостанай облысы бойынша жергілікті ауқымдағы ТЖ жарияланды. Облыс әкімдігінің резервінен зардап шеккендерге көмек көрсетілді. Бұл ең алдымен эвакуацияланғандарды жатын орын және тамақтанумен қамтуға қатысты. 1 800 адам құтқарылды. Көбісі өрт сөндірілген соң, өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарын паналады. Мектептерде 200-ге жуық адам жатыр.

Облыс әкімі зардап шеккендердің жаңа үй салуға немесе өтемақы алуға мүмкіндігі барын айтты.

Әрине, салынуы жоспарланып отырған 91 үй жетпеуі мүмкін. Өртенген нысандар саны жүзден асты. Тілсіз жау болса, жаңа территорияларға "шабуылдауда". Сондықтан Архимед Мұхамбетов "қазір басты міндет – өртті толығымен ауыздықтау" екенін нықтады.

Әкімдіктің сендіруінше, облыстағы инвесторлар, ірі кәсіпорындар мен шағын бизнес шет қалмайды. Зардап шеккендерге барлық жағынан көмектеседі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Аманқарағай ауылының тұрғындары үшін 100 шаршы метрлік жаңа баспана салынатынын хабарлады. Бұл туралы вице-министр Еркебұлан Дауылбаев айтты. Жалпы алғанда, бүгінде Қостанай облысындағы өрт 108 нысанды шарпыды. Оның 91-і – тұрғын үй. Соның ішінде Аманқарағай ауылында 85, Озерное ауылында 6 баспана зақымдалған.  

Техникалық зерделеу қорытындысында тұрғын үйлер толықтай жанып кеткендіктен қайта қалпына келтіруге жатпайды. Қазір тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Әулиекөл ауылынан 2 гектар жер телімі бөлінді. Ондағы әр 8 сотық жерге жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайтын бір қабатты баспаналар салынбақ. Әулиекөл ауылы аудан орталығы болғандықтан елді мекенде инфрақұрылым толықтай жүргізілген. Ауылда әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың барлығы бар.

"Жергілікті мердігер ұйымдарды тарту арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Құрылыс жұмыстарына тек қана жергілікті өндірушілердің өнімдері қолданылады. Жедел түрде жұмысты бастау туралы тапсырма қойылып отыр. ИИДМ 2 ай ішінде құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтауды мақсат етеді. Бұл үшін барлық шара қабылдануда. Аталған мәселе министрлік басшысының тікелей бақылауында", – деп атап өтті вице-министр Е.Дауылбаев.

"Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" АҚ мен ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің "Мемсараптама" РМК өздерінің жеке қаражаты есебінен инженерлік жүйелердің жобасын даярлау жұмыстарын бастады. Мемсараптама да институттардың қаржысы есебінен жүргізілмек.

Өңірдегі жағдайды ел Президенті жеке назарда ұстайды. Бүгін өңірге сапарлаған Қасым-Жомарт Тоқаев орман өртінен зардап шеккен азаматтармен кездесті. Ауыр зұлматты бастан өткеріп жатқан Аманқарағай ауылының аумағын аралады. Мемлекет басшысы Әулиекөл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде зардап шеккен азаматтармен кездесті. Жүздесу барысында Қ.Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шараларды қабылдайтынына сендірді. Ол гуманитарлық көмек тарату пунктіне барды. Ал жедел штаб отырысында Президент Үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы төлеуді тапсырды.

Қорыта айтқанда, қостанайлықтар тағдыр тауқыметімен жалғыз қалмайды, барша қазақстандық, мемлекет пен бизнес оларға қамқор болып, қанатының астына алып жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу