Өйткені бұл саланың жағдайы мәз емес екені белгілі. Мысалы, сарапшылар санавиция пайдаланатын кеңестік Ан-2 және Як-40 ұшақтарының әбден тозғанын, оларды ауыстыратын заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды алу қажеттігін айтып жүр.
Парламентке хатында Премьер-министр Олжас Бектенов санавиация авиакомпаниялардың қызметін сатып алатынын жеткізді.
Оның мәліметінше, таяуда, 2024 жылғы 31 мамырда бекітілген шарт бойынша "Қазавиақұтқару" бірыңғай операторының 11 тікұшағы Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Талдықорған, Шымкент қалаларында сырқаттарға медициналық авиация қызметтерін көрсетеді.
Бұдан бөлек, 10 авиакомпания да ел ішінде және шетелден Қазақстанға пациенттерді тасымалдау қызметтерін көрсетуге тілек білдіріп, келісімге отырып, 18 ұшағын бөлді. Оның арасында кеңестік Ан-2, швейцариялық бір моторлы Pilatus PC-12 ұшағы, чехиялық қос моторлы жеңіл L-410 "Turbolet" ұшағы бар.
Ел ішінде санитарлық авиацияны "VIP-тұлғалар" ғана пайдаланады деген түсінік қалыптасқан. Шынында, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы мамандарының мәліметінше, кез келген адам "VIP" бола алады. Өйткені санавиация қызметтері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін жүзеге асырады.
Бұл тегін қызметті алудың талабы біреу: шалғай елді мекендердің тұрғыны медициналық тексеруі қорытындысында медициналық авиация қызметінің шұғыл көмегіне мұқтаж екенін растау қажет. Бұл құжаттар емдеуші дәрігер арқылы өтінішке қоса тіркеліп, жіберілуге тиіс.
Соны талдай келе, орталықтың маманы пацентке нақты қандай көмек керектігін анықтайды не жергілікті дәрігерге қашықтан кеңес-консультация береді, не бригадасы жедел жетіп, сол жерде ота жасайды, немесе науқас Астанаға, облыс орталығына тасымалданады.
Үкімет басшысы депутаттарға аэродромы, ұшу-қону жолағы жоқ ауылдарға тек кеңестік үлгідегі ұшақтар қона алады дегенді айтты.
"Еліміздің шалғайда орналасқан, немесе жету қиын елді мекендерінде ұшу-қону жолағының жоқтығына байланысты пациенттерді облыс орталықтарына тасымалдау тек Ан-2 ұшақтарымен жүзеге асырылады. Ескі Як-40 маркалы 3 ұшақтың саны 1-ге дейін қысқартылды, ол енді тек донорлық бригадаларды ғана тасымалдайды. Санавиацияға қызмет көрсететін авиакомпаниялардағы ұшақтар да ескірген. Осыған байланысты олар соңғы үш жылда Pilatus PC-12, L-410 сияқты заманауи ұшақтарды тартты, әуе кемелері паркін жаңарту бойынша жұмыстар жалғасады", – деп сендірді Олжас Бектенов.
Батыстық заманауи ұшақтары мен тікұшақтары бар әуе компаниялары сырқаттарды тасымалдауға қызығушылық танытпайды екен. Себебі, авиакомпаниялармен шарт жасасқанда, ең арзан тарифті ұсынғаны ғана таңдалады. Мұндай тәртіп барын Премьер жасырмады.
"Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы медициналық авиация қызметтерін мемлекеттік тапсырма аясында жүзеге асырады. Осыған байланысты орталық ұсынған біліктілік және техникалық талаптарға сәйкес, ең төмен баға ұсынған авиакомпаниялар таңдалады. Авиакомпанияларды іріктеу кезінде негізгі шарт – оның ұшуға жарамдылық талаптарына сәйкестік сертификаты және әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігінің техникалық талаптарының сәйкестігін растайтын куәлігі болуы қажет. Өз кезегінде техникалық талаптарға сәйкестігін растайтын қажетті құжаттарды "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ береді", – деді О.Бектенов.
Соғыс басталғалы Киевтегі негізгі зауыты тоқтап, запастық бөлшектері Қытайдан тасылатын көнерген Ан-2 ұшақтары қалтылдап тағы қанша қалықтай алатыны белгісіз.
Pilatus PC-12 ұшағы швейцариялық дегенімен, жалғыз ғана моторға ие, бетін аулақ қылсын, онысы істен шықса, демейтін екінші қозғалтқышы жоқ. Жеңіл L-410 "Turbolet" жаңа ұшақ емес, ол сонау Чехословакияда әзірленген, бүгінде әлемде ондай мемлекеттік бірлестік жоқ.
Премьердің хатынан санавиацияның әрбір ұшуы 5,2 миллион теңге тұратыны мәлім болды.
"Медициналық авиация қызметтерін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен келісімшарты бар авиакомпаниялар жүзеге асырады. Оны іске асыру үшін 2024 жылға 11,8 миллиард теңге қаражат көзделген. Бұл 2 244 рет ұшуға жетеді", – деді Үкімет басшысы.
Соңғы 2 жылда ұшу құны біраз көтерілген:
- Як-40 ұшағымен ұшудың 1 сағаты үшін тарифтер – 1,3 миллион теңгеден 1,9 миллион теңгеге,
- Pilatus PC-12 ұшағына – 1,7 миллион теңгеден 1,9 миллион теңгеге дейін,
- Airbus Helicopters ЕС-145 қос қозғалтқышты тікұшағының 1 сағат ұшу бағасы – 936 мың теңгеден 984 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Өткен маусым айының соңында жабылған ІІ-сессиясында Мәжілістегі "AMANAT" фракциясының бір топ депутаты отандық медициналық авиацияның жыларман жағдайына Үкіметтің назарын аудартып, депсауал жолдаған болатын. Мәжілісмендер Үкіметтің "санавиация ұшақтарына автокөліктің жанармайын құйып ұшыратын, жарты ғасырлық ғұмыры бар көне әуе көліктерін өлім аузында жатқан адамды әкелуге жұмсайтын" қатыгездігін қатты сынады.
"Қазақ: "Қатты қыстан мал қалса – олжа, қатты аурудан жан қалса – олжа" дейді. Ол олжа оңайлықпен оралмайды. Оның үстіне ауылдағы медицинасы тұрмақ, қаладағы медицинасы шатқаяқтап шайқалып тұрған Қазақстанның ахуалы айтпаса да түсінікті. Оған көз жеткізу үшін орталық меморгандардың орағытып беретін есебін емес, қатардағы қарапайым қараша халықтың пікірін тыңдап көз жеткізуге болады. Біздегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек екен. Мамыр айында Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесіне төңкеріліп жатқанын көпшілік көрді. Алыстағы ағайынды емдеуге, орайын тауып орталыққа әкелуге аттанған ұшақтың сиқы сол. Аурудан келмеген ажалым авиациядан келе ме деп қорқады енді қарапайым ел", – делінген билеуші партияның депутаттық сауалында.
Жалпы, Қостанайда суға қонамын деп аударылған санавиацияға тиесілі Ан-2 ұшағы біраз былықтың бетін ашыпты. Қазбалап кеп жібергенде, жантүршігерлік жайттар әшкере болған екен. 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелген. Соның тең жартысы аталған Ан-2 ұшағының еншісінде.
Саланың өзге де жөнсіздігі жетерлік.
"Қазақстандағы санавиацияда қолданылатын Ан-2 Кеңес кезінде, яки 1947 жылдан бастап шыққан ұшақ. Ал, Як-40 1966–1981 жылдары құрастырылға әуе көлігі. Ойлап көріңіз, табиғи байлықтың бәрі табанының астында жатқан еліміздің санитарлық рейстерінде орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан ұшақтар ұшып жүр! Ең сорақысы, Қазақстанның санавиациясындағы Ан-2 ұшақтары АИ-95 маркалы автомобиль бензинімен ұшып жүр. Аспанмен адам құтқаруға аттанатын ұшаққа жерде жүретін автокөліктің жанармайын құйып жүрген ел атандық. Осыдан кейін санитарлық авиациядағы апаттарға ешкім таң қала қоймас", – дейді депутат Н.Сәрсенғалиев.
Депутаттар мұның бәрін терең бір зерттеу жүргізіп, өз бетінше әшкерелеген жоқ, мұның барлығы Жоғарғы аудиторлық палатаның есебінде көрсетілген. Яғни, жоғарғы жақтағылар онсыз да біледі.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ан-2 ұшақтарын авиациялық отынмен қамтамасыз ету жайы бұрыннан қарастырылып жатқанын айтады. Бірақ әзірге іс талқылаудан ары ілгерілемеген.
"Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі әуе кемелерінің жұмысын АИ-95 маркалы автомобиль бензинінен Б91/115 маркалы авиациялық бензинге ауыстыру мәселесін пысықтауда. Бұл үшін тарифті 328 мыңнан 420 мың теңгеге дейін ұлғайту қажет. Ол үшін қаражатты қайта бөлу керек", – деді Бектенов.
Талқылаудың шет-шегі көрінбегендіктен, дәрігерлер жанын шүберекке түйіп, қияндағы ауылдарға ескі-құсқы әуе көліктерімен аттануға мәжбүр. 2023 жылы "Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы" шалғайдағы науқасқа жедел жету үшін 11 әуе компаниясымен шарт жасасқан (биыл – 10-ымен). Бірақ соңғы 4 жылдағы ұшулардың 70%-ы Ан-2 және Як-40 ұшақтарымен жүзеге асырылған.
Қиыр шетте қалып, жаны мұрнының ұшына келген қазақстандықтарға "утиль" ұшақ құламай жеткеннің өзінде, көмек кеш барады. Себебі, Ан-2 санавиациядағы басқа әуе көліктерінен 1-1,5 сағатқа ұзақ ұшады. Мысалы, Ан-2 4 сағатта жететін жерге, пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан еуропалық ЕС-145 тікұшағы 2,5 сағатта жетеді. Соған қарамастан ескі ұшақтардың тарифі жыл санап өсіп барады. Оны жоғарыдағы тізімнен көруге болады.
Қалай болғанда, санавиация халық тарапынан сұранысқа ие. Былтыр санитарлық авиация көліктері 2 323 рет әуеге көтерілген. Үкімет басшысы хабарлағандай, биыл небәрі 2 244 рет ұшуға рұқсат етіліп отыр.
Шығандағы ауылда жаны қысылған әрбір ауыр науқас өзіне мемлекеттің ұшақ не тікұшақ жібергенін қалар еді. Әрбір сырқат емін тауып, құлан-таза жазылуы үшін оған "VIP" жағдайды қамтамасыз етсе, елдің билікке сенімі нығая түсер еді.