Қостанайға тілсіз жаудың шапқыншылығы: "Майдан" даласында не болып жатыр?

2892

Сарапшылар оны тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі апаттардың қатарына жатқызады. Өңірге Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, шұғыл жиын өткізді.

Қостанайға тілсіз жаудың шапқыншылығы: "Майдан" даласында не болып жатыр?

Ондаған үйлер отқа оранды. Қап-қара түтін жүздеген метрге көтеріліп, күннің көзін жапты. Жергілікті тұрғындар шұғыл әрі жаппай эвакуацияланып жатыр. Теміржол қатынасы тоқтатылды. Автомобиль жолдары жабылды. Тілсіз жау Аманқарағай мұнай базасының аумағына жетті. Қостанай қаласы мен облысындағы әріптестеріне көмекке жедел түрде астанадан да өрт сөндірушілер аттанды.

Бұған дейін оқиға орнына Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан отпен күресушілер жеткен. Өрт облыстың кем дегенде үш ауданын жаулады.

Билік Қостанай – Әулиекөл – Нұр-Сұлтан трассасын барлық көлік үшін жауып тастады. Әуені шарпыған, алыстан көрініп, үрей шақырған өрт үш аудандағы жақын ауылдардың жұртшылығын далаға үдере шығуға мәжбүрледі. Халық жедел ақпаратты бір-біріне чаттар арқылы жіберіп, көмек сұрауда. 

"Тозақтың ортасына түскендейміз. Тыныс алу қиын, айнала қап-қара түтінге бөкті. Орман жақтан жалынның ыстық лебі еседі. Өрт көз ілеспес жылдамдықпен тарауда. Көзді ашып жұмғанша, жетіп келеді деп жатыр. Өртті екпінді жел таяу маңдағы ауыл жаққа айдап әкетті деп жатыр, ондағылар тірі қалды ма, жоқ па, білмейміз", – деп әңгімелейді Новонежинка ауылының тұрғыны.

Тұрғындар Әулиекөл ауданының Озерное ауылындағы 50 үй жанып кеткенін біліпті. Ормандағы балалар лагері де тып-типыл болған.

Кеше түнде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында жедел штабқа барып, өртті сөндіру үшін қабылданып жатқан шаралармен танысты.

Президент Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың өрт аймағындағы жағдай туралы жедел есебін тыңдады. Барлық меморгандардың жұмысын Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу мен Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов үйлестіреді (бұған дейін ТЖМ басшысы үйлестіреді делінген).

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, олар Мемлекет басшысына өртті ауыздықтау және елді мекендерден азаматтарды эвакуациялау бойынша қабылданған шаралар туралы жедел баяндап отыр.

Қ.Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өртті сөндіру шараларына баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ Үкіметке төтенше жағдай салдарларын жою үшін қажетті қаражатты бөлуді тапсырды.

Ресми дерекке жүгіне отырып, Қостанай өңіріндегі ғаламат апаттың хроникасына тоқталсақ.

2 қыркүйек күні сағат 15:10-да Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде, Басаман орман шаруашылығы мекемесінің Кондратьев орманшылығы аумағында (4-6, 8-10, 15-17, 22, 23, 31, 32 орамдар) көктерек, қарағай сияқты ағаштар және құрғақ шөп өртене бастайды. Оның себебін арнайы комиссия анықтайды. Өрт сөндірушілер орталыққа баянаттарында желдің екпіні мен күннің қатты ыстық болуына, шөптің қалың өсуіне және ошаққа баратын жолдардың болмауына байланысты өртті сөндіру қиынға түсіп жатқанын хабарлаған. Өрт орнында Новонеженка ауылынан Қазанбасы ауылына қарай 10 шақырым жерде жедел штаб құрылды, оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары кірді. ТЖД бастығы полковник Б.Кәрімов өрт орнына барды. ТЖМ ДЖБО базасында да жедел штаб ашылып, жұмыс істеуде.

Алайда бәрібір тілсіз жауға тосқауыл қоя алмады. Қатты, екпінді желдің салдарынан өрт Семиозер ОШМ-нің Калинин орманшылығындағы (92, 93, 110) қылқан жапырақты ағаштарға жайылды.

Ол кезде өрттің алдын ала тарау ауданы 2 мың гектардан асты.

Ертесіне, 3 қыркүйекте құрықталмаған өрт күрт белең алып, 9 400 гектарға жайылды. Бұған бірнеше фактор ықпал еткен. Біріншіден, көптеген өңір сияқты Қостанай облысында да температура көтеріліп, 36 градус аптап ыстық орнады. Салдарынан, жасыл желек атаулы қурады.

Екіншіден, бұған желдің күшеюі қосылды. Өкпек желдің жылдамдығы секундына 28 метрге жетеді. Метеорологиялық ахуалдың күрделенуі өрттің тез қанат жаюына соқтырды.

Төтенше жағдай министрлігінің сендіруінше, өрт орнына дереу ТЖД күштері мен құралдары: 61 қызметкер, 9 автоцистерна, 1 Вахтовка, 1 МТЛБ (көпмақсатты бронды транспортер), 1 тралл, 1 командалық штабтық машина, 1 су тасушы машина жолданыпты.

Өз кезегінде жергілікті әкімдік 20 адамын бағыттаған. Бұдан бөлек Басаман мекемесінен 80 қызметкер және 15 бірлік техника: 11 автоцистерна, соқасы бар 2 бірлік МТЗ-80, 1 бірлік МТЗ-80 су таратқыш және Ан-2 ұшағы жұмылдырылды.

Бұған қоса, "Қазақстан темір жолы" АҚ үш өрт сөндіруші пойызын және 21 адамын бөлді. Оның аясында біріншіден, сорғы станциясы, әрқайсысына 50 текше метр су тиеген екі вагон-цистернасы бар Есіл өрт сөндіруші пойызы, екіншіден, ұқсас екі вагон-цистернадан, сорғы станциясы вагонынан, гараж вагоннан құралған Құсмұрын өрт сөндіру пойызы, сондай-ақ екі вагон-цистерна мен сорғы станциясы вагонынан тұратын Тобыл өрт сөндіруші пойызы жетті.

3 қыркүйекте, түс ауа ормандағы өрттердің жалыны жалпы ауданы 40 мың гектарды жалмаған. Қостанайдағы төтенше оқиға отандық, шетелдік ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналды, әлеуметтік желілер апат орнынан түсірілген видеоларға толды.

Осы күні түскі 13:42-де ТЖМ орман өртіне байланысты Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оқиға орнына аттанғанын хабарлады. Ол Қостанай облысының Әулиекөл ауданына тікұшақпен аттанған.

Өртпен күресушілерге жәрдемдесу үшін қосымша күштер – күштік құрылымдар жұмылдырылды. Атап айтқанда, бой бермей, лауған от орнына №90260 әскери бөлімінің 20 адамы кірген жеке құрамы, ІІМ Академиясының 33 адам курсанты, Қарағанды облысындағы №52859 әскери бөлімінің жеке құрамынан 100 қызметкер мен 11 бірлік техника, Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімінің әскерилері аттанған.

Сонымен қатар ТЖМ басқа өңірлердегі күштерін мобилизациялады. Қостанай, Рудный, Тобыл қалаларындағы, Наурызым ауданындағы водовоздар өртті сөндіруге жолданды.

3 қыркүйекте аймақ жұртшылығы қайта дүрлікті. Енді Қостанай қаласының өзінде, қару-жарақ дүкенінде ірі өрт шықты. 11:20-да Н.Назарбаев даңғылында орналасқан "Оружейная палата" дүкенінің жеке тұрған бір қабатты ғимараты өртеніп, от одан әрі "ЮГ" техникалық қызмет көрсету станциясын (СТО) және асхана ғимаратының шатырын шарпыды. Өрт ауданы 2,5 мың шаршы метрден астам алаңды қамтыды. Түс кезінде ақпарат құралдары онда оқ-дәрілер жарылып жатқанын, ал дүкеннің жертөлесінде екі адам қамалып қалғанын хабарлады.

Өкінішке қарай өрт ауыздықталмай, іргелес орын тепкен 8 жеке тұрғын үйге тарады. Сондай-ақ үйдің жанында тұрған жеңіл автокөліктер жанып кеткен. Қару-жарақ дүкенінің иесі өрт сөндірушілерге жертөлені 2 адам паналағанын растады, бірақ жеке құрам оқ-дәрілердің жарылуына байланысты дүкенге кіре алмады. Өрттің құрықталғаны 14:29-да мәлімделді. Қару-жарақ дүкенінен бір ер адамның мәйіті шығарылды.

"Ер адамның мүрдесі жертөледен сыртқа шығарылды, оның тұлғасы әзірге анықталған жоқ. Бұдан басқа Қостанай қалалық ауруханасына 1981 жылы туған ер адам жеткізілді", – деп түсініктеме берді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 40 адам және 12 бірлік техника жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі анықталуда. Оның салдарынан Қостанайда 7 адам зардап шекті.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, жертөледе жасырынып, зардап шеккен екі адам сыртында "Оружейная палатаның" директоры да қатты күйікпен ауруханаға түсті. 41 жасар ер адамның 50% терісі қуырылып қалған, жағдайы ауыр екені мәлім етілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қаладағы өрт салдарынан 7 адам зардап шекті, оның алтауын жедел жәрдем түрлі ауырлық дәрежесіндегі күйікпен ауруханаға жеткізді. Біреуі ауруханаға барудан бас тартқан. Қостанай облысының ТЖД дерегінше, өрт себебі әзірге анықталмады.

Төтенше жағдайлар министрлігі кеше кешке Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртіне қатысты соңғы ақпаратты таратты. 

Ведомство дерегінше, өртпен алысу жалғасуда. Өртті сөндіруге ТЖМ-нен, ІІМ-нен, Қорғаныс министрлігінен, Орман шаруашылығынан, жергілікті әкімдіктерден, "ҚТЖ" АҚ-ынан 235 адам, 3 әуе кемесі, 3 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.

Кешкі 18:00-ге дейін 2 тікұшақ өртті сөндіру үшін 12 рет көтеріліп, 36 тонна су шашты. Тікұшақтар суды өрт орынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан  көлдерден тасып жатыр. Ал түнге дейін ұшақтар 21 рет аспаннан су төккен.

Мамандар өртпен күрес әрі қарай жалғасатынын болжайды. Себебі "Қазгидромет" РМК деректері бойынша Қостанай облысында 38 градусқа дейінгі жоғары температура және 23 метрге дейінгі жылдамдықтағы қарқынды жел сақталады.

Аманқарағай және Новонежинка елді мекендерін қорғау үшін күштер мен құралдарды қайта топтастыру жүргізілді. 250 тұрғыны бар Озерное ауылынан және 1 мың адам тұрып жатқан Аманқарағай ауылынан халық эвакуацияланды. Ізінше жалын тілі осы ауылдарға да жетті.

Кешқұрым Озерное ауылында 50 тұрғын үй өртке оранып жатты. Өртті сөндіруге 6 өрт сөндіру, 8 су тасу машинасы жұмылдырылды.

Тілсіз жау жаңа аумақтарды басып алуын жалғастырды. Сондықтан шұғыл түрде Калинино ауылынан 228 адам, Лесное ауылынан 363 адам әкетілді.

Сағат 17.20-да Аманқарағай ауылындағы мұнай базасына, ондағы әкімшілік ғимаратқа және оның жанындағы 30 тұрғын үйге қауіп төнді. Түнгі 22-де мұнай базасы мен 30 үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар тарады. Ондағы "KSt Trade" ЖШС резервуарларының жалпы саны – 16. Оқиға орнында 3 өрт сөндіру автоцистернасы жұмыс істеуде. Мұнай базасының төтенше жағдайлармен күресетін Объектілік қызметінде 1 ғана автоцистерна бар болып шықты. Ондағы су тез таусылып қалғандықтан, ТЖМ дала өртіне тартылған 2 автоцистернасын сол жаққа бағыттауға мәжбүр болды.

Әкімдік эвакуацияланған адамдарды Әулиекөл орта мектебінде және Әулиекөл мектеп-интернатында орналастырды. Оларды тамақпен қамтамасыз еткен. Бар жиған дүние-мүлкі жанып кеткен, малдарынан айырылып, азынаған халықты сабырға шақырып, демеу үшін ТЖД психологтары жұмыс жүргізуде.

Өзге өңірлердегі тұрғындар ондағы туысқандарын тауып, жағдайын білуі үшін қауырт желі ұйымдастырылды: 8 717 2 53 32 84, 8 714 2 50 36 24. Көмекке мұқтаж адамдар 112 және 101 телефондарына да жүгіне алады.

Қостанай облысының әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау мәселесін пысықтап жатыр. Бұл жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету үшін қажет. "Азаматтық қорғау туралы" заңының 58-бабына сәйкес, табиғи сипаттағы ТЖ салдарынан жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян Үкімет айқындайтын тәртіппен өтеледі. Олар үшін салынған тұрғын үй ТЖ салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға Үкімет айқындайтын тәртіппен беріледі.

Осы күні республикалық мақсаттағы Р-36 автожолының Тобыл қаласынан Әулиекөл ауылына дейінгі аралықтағы 100 шақырымдық бөлігін жабу туралы шешім қабылданды. Өйткені ол жолмен жүрген көліктер өрт "құшағында" қалып қоюы мүмкін.

Сондай-ақ кешкі 21:00-ден бастап, 2 жолаушылар пойызының қозғалысы тоқтатылды.

Қостанай облысына елордадан көмекке қосымша астаналық төтенше жағдай департаментінің 98 қызметкері, 15 автоцистерна,  2 Вахтовка бағыт алды. Кеше түнгі 22:00-дегі жағдай бойынша ең алапат өрттер ошағы қаулап жатқан Әулиекөлге 50 адамнан, 9 техникадан тұратын Ақмола облысының және 50 адам мен 6 техникадан құралған Солтүстік Қазақстан облысының күштері мен құралдары жетті.

Қостанай облысының өзге аудандарда табиғи өрт ошақтары тіркелуде.

  • Қарасу ауданының Люблинка ауылында құрғақ шөп тұтанып, соңы өртке ұласқан. 12 жеке үйді, одан бөлек қора, сарай, басқа шаруашылық нысандарды жайпады. Өрттің 21:35-те сөндірілгені хабарланды. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат түспеді.
  • Қарабалық ауданында, Боскөл ауылынан 7 шақырым жердегі Михайлов орман шаруашылығы басқармасында құрғақ шөптер, ақ қайың, көктеректер өртенген. Өрт ауданы анықталуда. Оны сөндіруге орман шаруашылығының 10 жұмыскері мен 7 техникасы, "Боскөл" ЖШС 5 қызметкері, 2 К-700 тракторы жұмылдырылған. ТЖМ күштері мен құралдары тартылмады.

Жалпы алғанда, кеше кешке Қостанай облысында жүзге дейінгі үй жанып жатқан көрінеді. Кеше өртті сөндіруге Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының және астананың 500-ден аса адамы мен ондаған техникасы жұмылдырылған. Бұл сан тез өсуде.

"Қостанай облысында өрт сөндіру үшін 250 теміржолшы тартылды. Оқиға орнында өрт сөндіру командаларын сумен қамтамасыз ететін және инфрақұрылым нысандарын қорғайтын 5 өрт сөндіру пойызы жұмыс істеуде. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Орман өрттері салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Инфрақұрылым нысандары зақымдануының жағдайлары анықталуда. Орман өрттері пойыздар қозғалысы кестесіне әсер етті: ағымдағы жылғы 4 қыркүйектегі сағат 01.00-дегі жағдай бойынша 11 жүк және 6 жолаушылар пойызының кідіруіне тура келді", – дфп хабарлады бүгін "ҚТЖ" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.

Қостанай облысындағы өртке байланысты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар кейінге шегерілді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Биылғы 5 айда Қазақстанда 67 ірі орман өрті және 394 дала өрті тіркелген. Бүгінде орман және дала өрттері шырқау шегіне жетті. Мысалы, 2021 жылы республикада, қала мен далада 12 256 өрт тіркелген. Өртте 413 адам қаза тапты, 429 адам жарақат алды. Былтыр өрттен 9 млрд 336,6 теңге шығын келген.

Өрт көрші Ресей аумағынан да ауысуда. РФ ТЖМ министрінің орынбасары Александр Чуприянның мәліметінше, 2022 жыл басталғалы Ресей аумағында 5 миллион гектар орман өртеніп кетті.

Халықаралық климатолог мамандар Жердің қызуы көтерілген сайын әлемді құрғақшылық жайлап, өрттер саны арта беретінін ескертеді. Адамзатты ауыр сынақ күтіп тұрғандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу