Қосымша білім: Үкімет ата-аналарға жаңажылдық сыйлық әзірледі

3050

Елімізде оқушылар сарайларына, үйірмелерге, секцияларға және басқа да тегін қосымша білім беру ұйымдарына енді жылдың кез келген уақытында тіркелуге рұқсат етілуі мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz.

Қосымша білім: Үкімет ата-аналарға жаңажылдық сыйлық әзірледі

Қосымша білім саласы деградацияға ұшыраған ба?

Қалыптасқан тәжірибе және БҒМ-нің 2020 жылғы 22 мамырдағы №219 бұйрығының қосымшасына сәйкес, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарына қабылдау мерзімі қатаң шектелген. Жыл ішінде ата-аналар өз баласын секция және басқасына тек 1 тамыздан 1 қазанға дейінгі аралықта ғана тіркете алады.

"Бұл ақыр соңында қаланың осы білім беру нысандары табысының тым төмен болуына соқтырды. Төмен табыстың бірінші себебі – балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарына қабылдау мерзімін шектеу. Екіншіден, білім беру саласындағы коммуналдық қазыналық кәсіпорындар іске асыратын қосымша білім беру объектілерінің саны жеткіліксіз. Үшіншіден, бұл салада кадрлар, педагогтер тапшылығы туындап отыр", – деп түсіндірді елордалық Білім басқармасы.

Осы салада тіпті Нұр-Сұлтанның жағдайы нашар болса, ауыл-аймақтың ахуалы қандай екенін бағамдай беруге болады.

Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде бас қалада 3-18 жас аралығындағы білім алушылар саны 321 мың 124 баланы құрайды. Алайда соның ішінде 30 637 бала ғана коммуналдық қазыналық кәсіпорындарда қосымша білім алып жатыр. Қалғаны жекеменшік қосымша білім ұйымдарына баруға мәжбүр.

Ата-аналар балаларын мемлекеттік үйірме-секцияларға берейін десе, үлгермейді. Тамыз-қыркүйекте жазып үлгермесе, жыл бойы қағылады. Елордалық білім басқармасы келесі жылы саладағы шектеулер жойылса, оқушылардың 80%-ына дейін қосымша біліммен қамту мүмкін болады деп болжап отыр.

Бұл үшін "Бір жыл ішінде балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарына қабылдау бойынша шектеулерді алып тастау" ұсынылып отыр. Мұндай балама "Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 24 мамырдағы "Білім беру саласындағы коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) бағаларын белгілеу туралы" №105-1016 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа қаулы жобасында қарастырылған. Құжатта мемлекеттік қолдауды анықтау, қосымша білім беруді ұйымдастыру саласындағы кадрлық педагогикалық әлеуетті экономикалық ынталандыру ұсынылады.

Егер ұсыныс өмірге жолдама алса, астанада 2022 жылы – 5 500 жаңа орын, 2023 жылы – 6 000, 2024 жылы – 6 500, ал 2025 жылы – 7 000 орын ашылады деп жоспарланған.

Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Римма Иманғазинованың мәліметінше, балаларға қосымша білім беруге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 2022 жылы 5 500 орынға 1 миллиард теңгеге жуық көлемде (951 млн 750 мың теңге) белгіленген.   

Бұл ретте қосымша білімнің әрбір бағыты бойынша бюджеттен әр балаға әртүрлі мөлшерде қаражат бөлінеді. Мәселен, техника, роботтар құрастыруға үйрететін үйірмелер көбірек алады. Тарата айтсақ, "техникалық бағытта" 1 251 бала қосымша біліммен қамтылмақ, бұл ретте қала бюджетінен әр бала үшін айына 33 388 теңгеден беріледі.

Бірақ одан да көбірек төленетін бағыт бар, ол "көркем-эстетикалық бағыт", онда әр білім алушы үшін 42 198 теңгеден төленеді. Рас, мұнда орын тым шектеулі – 400 ғана.

"Инклюзивті қосымша білім беру" бағытында ерекше балалар да өте аз қамтылмақ – 427 тәрбиеленушінің әрқайсысы үшін 29 975 теңгеден ұсынылады.     

"Дене шынықтыру-сауықтыру бағытында" әрбір бала үшін 15 581 теңгеден (1 822 орын), "Көркемдік бағытта" – 14 987 теңгеден (795), "Әлеуметтік-гуманитарлық бағытта" – 12 040 теңгеден (280), "Туристік-өлкетану бағытында" – 11 922 теңгеден (315), ал "Жаратылыстану бағытында" – 9 107 (210 бала барады) теңгеден аударылады.

Жалпы Қазақстанда қосымша білім беру ұйымдарының өркен жайып кеткені шамалы. Ұлттық статбюро дерегінше, олардың саны 2013 жылы 828 болыпты. Әрі қарай 2014 жылы – 833, 2015 жылы – 860, 2016 жылы – 834, 2017 жылы – 850, 2018 жылы – 846, 2019 жылы – 806, 2020 жылы – небәрі 814-ті құрады. Яғни керісінше, сан азайып, кері кетуде.

Сұраныс жоқ емес бар. Үйірме-секцияларға барғысы келетін балалар қатары қалың. Содан сапы сиреген ұйымдарға амалсыздан, көбірек баланы қамтуға тура келуде. Нәтижесінде, қосымша білім алатын балалар саны 2013 жылғы 598 769 білім алушыдан 2014 жылы – 629 200, 2015 жылы – 673 219, 2016 жылы – 651 409, 2017 жылы – 648 295, 2018 жылы – 674 206, 2019 жылы – 695 101, ал 2020 жылы 656 320 балаға дейін артты.

Соның ішінде елордадағы қосымша білімге қол жеткізген балалар саны 2013 жылғы 25 738-ден биыл 30 637-ге дейін көбейді.

Ең жақсы көрсеткіш Жамбыл облысында (70 228 бала), БҚО-да (61 996) және ШҚО-да (57 172). Аутсайдерлер – Шымкент қаласы (19 962), Ақмола облысы (20 871) және Алматы қаласы (25 096).

Балалардың неге үйірмелерге баруға мүмкіндігі жоқ?

Қосымша білім беру ұйымының басшысы Алексей Дмитриев ата-аналарға балаларын үйірме-секцияларға қолайлы кез келген уақытта тіркетуге рұқсат етуді сұрап, БҒМ-ге жүгінді.

"Балалар оқушылар сарайына, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталықтарына және басқа да қосымша білім берудің мемлекеттік ұйымдарына кез келген уақытта, әсіресе, каникулдар кезінде қабылданғаны маңызды. Әйтпесе, тамыз-қыркүйек аралығы ата-аналар үшін перзенттерін мектепке дайындайтын қауырт шақ. Яғни, қосымша білім жайында ойланып, оған мойын бұруға шамасы бола бермейді. Әзірге қосымша білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау мемқызметін көрсету мерзімі әр жылдың 1 тамызы мен 1 қазаны аралығымен шектелген. Қалған уақытта мемлекет балаларды үйірмеге бару мүмкіндігінен айырады", – дейді ол.

БҒМ дерегінше, осыған орай ведомство "Балаларға қосымша білім беру бойынша қосымша білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №219 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа бұйрық жобасын әзірледі. Құжат барлық мүдделі меморгандармен және жергілікті атқарушы органдармен келісілді.

"Білім және ғылым министрлігі аталған мемқызметті көрсету қағидаларына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Қазіргі уақытта аталған бұйрықтың жобасы Әділет министрлігіне тіркеуге енгізілді. Бұйрық аясында қосымша білім беру ұйымдарына балаларды жыл бойы қабылдау туралы норма қарастырылған", – деп мәлімдеді БҒМ.

Дегенмен, ата-аналар биліктің бұл бағыттағы қадамдарының бір-біріне қайшы келетініне назар аудартады. Елорда тұрғыны Гүлмира Омарова балалардың үйірме-секцияларға баруға шамасы жоқтығын айтады.

"Менің үлкен балам биыл бастауыш сыныптан орта сыныптарға, яғни 5-ші сыныпқа көшті. Мектеп бекіткен оқу кестесі бойынша балам күн сайын 6-7 сабақтан оқиды. Сабақ 13:05-те басталып, 19:10-да аяқталады. Сөмкесі зілбатпан ауыр: кітаптары, дәптерлері, пенал және басқа керек-жарақтарын қосқанда рюкзагының салмағы 8-10 келіге дейін жетеді. Үйге шаршап келеді. Кешкі асын іше сала, кейде ұйықтап кетеді. Ондайда 6-7 пән бойынша үй тапсырмасын таңертең тұрып орындауға мәжбүр. БЖБ, ТЖБ кезінде одан да ұзақ дайындалады. Салдарынан, балаларда спорт секцияларына немесе қосымша білім алуға мүмкіндік қалмайды", – дейді ана.

Ол баласын үйірме, секцияға тіркепті. Алайда мектептегі оқудан баланың бос уақыты қалмайтындықтан, оларды өткізіп алуға тура келеді дейді.

Мұндай проблема өзге өңірлерге де тән: ата-аналар мектептегі сабақ кестесінің шектен тыс жүктелгеніне шағымданып жүр.

Мектеп директорларының түсіндіруінше, мұның бірнеше себебі бар: біріншіден, ата-аналар балаларының сенбі күні оқығанын қаламайды. Екіншіден, министрлік жаңа пәндерді енгізуде. Үшіншіден, кейбір мектепте мұғалімдер жетіспейді. Төртіншіден, білім ордаларының көбі оқушыларға шектен тыс толған.

Демек қосымша білім беру мәселелері кешенді шешуді талап етеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу