"Көз жұма қарау үшін 3 бөлмелі пәтер мен Camry 70 көлігін ұсынған кездер де болды..."

18035

2022-2023 жылдардың қорытындысы бойынша елімізде тиімсіз жұмсалған 800 миллион теңге бюджетке қайтарылған екен. 

"Көз жұма қарау үшін 3 бөлмелі пәтер мен Camry 70 көлігін ұсынған кездер де болды..." Фото: inbusiness.kz

Одан бөлек мемлекеттік сатып алулардан 15,1 млрд теңге үнемделген. 1 224 әкімшілік хаттама толтырылып, 77 қылмыстық іс қозғалған. Бұл жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында құрылған "Әділдік жолы" РҚБ-ның соңғы екі жылда жүргізген белсенді жұмыстарының жемісі. Бір жағы қоғам дамуына, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың да арқасы. Өйткені, аталған кезеңде РҚБ-ға 11000-нан астам адам хабарласыпты. Ендеше, жемқорлықпен күрестің қиындықтары мен жетістіктері туралы бірлестік директоры Дидар Смағұловтың өзі айтып берсін.

5 миллионның костюмі​

– Дидар Нұркенұлы, жалпы былтырғы жылдарға өзіңіз қандай баға бересіз? Өткен екі жылды салыстырып айтып беріңізші.

– Цифрлардың өзі-ақ айтып тұрғандай, жоғары баға беремін. Бұл біздің команданың қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін. Өйткені олар күн сайын түрлі қысым мен кедергілерге, қауіп-қатер мен тәуекелдерге қарамастан азаматтар мен қоғам мүддесін қорғауды биік қоя отырып күресті. "Әділдік жолы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері – өз елін жақсы көретін және оны сөзбен емес, іс жүзінде жақсартуды қалайтын патриоттар. Сондықтан да мен осындай жандармен бір қатарда жүргенімді мақтан тұтамын.

Енді 2022-2023 жылдарды салыстырып айтар болсам, алдыңғы жылы біздің РҚБ жауапкершілікке тарту бойынша 836 фактіге қол жеткізді. Олардың ішінде қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілік те бар. Ал 2023-те бұл көрсеткіш 1061-ге жетті. Мәселен, 296 лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оларға 264 млн теңгеге айыппұл салынды, оның ішінде 4-еуі жұмыстан шығарылды.

Біз былтыр мемлекеттік бюджетті үнемдеу бағытына өте қатты назар аудардық. Соның нәтижесінде 2022 жылы бұл көрсеткіш 2 млрд болса, өткен жылы үстінен тағы 13 млрд теңгеге өсті. Неге олай? Ішкі істер министрлігі 5 миллионның костюмін сатып алғалы жатқаны туралы ақпаратты анықтадық. Ұлттық статистика бюросының бір қаламсапты 3,8 миллион теңгеге сатып алғалы жатқан әрекетін тоқтаттық. Міне осындай көптеген деректерге тосқауыл қойдық. Осылайша, Мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг 15,1 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуын болдырмауға мүмкіндік берді.

Ал бюджетке қайтарылған 800 миллион теңгенің ішінде ҚҚС төлеуші болып табылмайтын өнім берушілерге ҚҚС түрінде заңсыз төленген 160 млн теңге мемлекеттік бюджетке қайтарылды. 77 қылмыстық іс қозғалды. Көбі әлі де тергеуде. Өйткені, бізде бір істің өзі бір жылдан көп, тіпті екі жыл қаралады. Жұмыстарымызды толығырақ сайтымыздан, әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздан көре аласыздар.

Жымқыру – 2 млрд, үнемдеу – 7 млрд

– Жалпы "Әділдік жолының" тарихындағы анықталған ең үлкен сома қандай? Ол жымқыру ма, пара ма әлде ысырапшылдық па? Қай өңірде, қандай мақсатта көзделген қаржы?

– Ең үлкен сома, ол – былтыр сәуір айында Талдықорған қалалық Білім бөлімі бас бухгалтерінің 2 млрд теңгемен ұсталуы. Есіңізде болса, бүкіл Қазақстанға шу болып еді ғой. Бас есепшімен бірге оның орынбасары және бірнеше қызметкер қамауға алынды. Кейін анықталғандай, олар ұзақ жылдар бойы білім саласында жұмыс істемейтін адамдарға ақша аударып келген. Бас есепшіні ұстаған кезінде одан 1 миллиард теңге тәркіленді. Оның біразын ол шетел валютасына айырбастап үлгерген. Сондай-ақ тұрғылықты жерінен 14 пәтер, 7 коммерциялық нысан және Лэнд Крузер 200 маркалы көліктің құжаттары, зергерлік бұйымдар табылды. 48 жастағы әйел сол уақыттарда шетелге қашып кетпекші болған екен, бірақ тәртіп сақшылары ұстап үлгеріпті. Осы күнге дейін әлі тергеу біткен жоқ. Өйткені, қылмыстық іс бірнеше жүздеген томнан тұрады. Бұл – жымқыру фактісі. Осы тұста айтып кететіні, мұндай дерек елімізде бюджетті жоспарлау процесі толық цифрланбағанын білдіреді. Яки, қолмен толтырылатын таблицаға кез-келген адам жасырын өзгеріс енгізіп, бұрмаланған мәліметтер арқылы қажетті сомадан артық ақшаға тапсырыс бере алады. Ал бұл ақшаны сыбайластар мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдардың немесе бір қызметкердің шотына бірнеше рет аудару арқылы жымқырған.

Тағы бір дерек, ол – Қызылорда облысындағы үнемдеу дерегі. Біз бір өңірдің өзінен 7 млрд теңге мемлекет қаржысын үнемдеп қала алдық. Оның 3,8 млрды Art-sport бағдарламасына бөлінген қаражат. Мониторинг жасау барысында құжаты тіркелген, бірақ ешқандай үйірмелерге бармаған балаларды анықтадық. Сол бойынша 5 қылмыстық іс тіркелді. Басқарма осы аталған соманы қайтадан бюджетке қайтарды. Одан бөлек, балабақшаға өтірік бала санын тіркеп, солардың атынан мемлекеттен субсидия алу дерегін де анықтадық. Яки ол балалар іс жүзінде балабақшаға бармаған. Бұл іс бойынша бюджетке 2,8 млрд теңге қайтарылды.

3 бөлмелі пәтер мен Camry 70 ұсынды

– Қолда бар деректердің ішінде біз білмейтін ерекше атап өтер оқиғалар бар ма?

– Енді біздің қызметіміз үнемі көптің көз алдында болғандықтан мен айтып отырған деректердің нобайы ендігісі белгілі болуы да мүмкін. Бірақ мен өзім маңызды деп санайтын осы қызметке дейінгі өзімнің басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Ұлттық тестілеу орталығында істейтін кезім. Түркістан облысына ҰБТ кезінде заң бұзушылықтарды болдырмау үшін тексеруге барғанбыз. Емтихан тапсыруға ұялы телефон алып кіруге болмайды. Мен бейнекамералар жалғанған мониторлары бар кабинетте тұрғанмын. Бір кезде оқушыларды тексеретін бір әйел менің аты-жөнімді айтып дауыстап, шақырады. Барсам, оңаша кабинетте мектеп бітіріп жатқан оқушы қыз ұялы телефонын алып кіруге рұқсат сұрап, 200 мың теңге ұсынып тұр. Бірден бас тартып, ол қызды сынаққа кіргізбей тастадым. Сөйтсем, "қалай да өтеміз" деп өздеріне сенімді жүргендер көп екен. Сол кезде жемқорлықтың қоғамды жайлап бара жатқанын шын байқадым. Бәлкім, осы қызметке келуіме сол оқиға да ықпал еткен болу мүмкін. Енді қараңызшы, емтихан басталғаннан 10-15 минут өткен соң ғимаратта электр жүйесінен ақау шығып, жалп етіп жарық өшіп қалды. Тексерушілер қарап отырған мониторлар сөніп қалды. Бұл алдын ала ойластырылған әрекет екенін бірден түсіндім де шұғыл шешім қабылдадым. Сол күнгі ҰБТ емтиханын тоқтатып тастағанымды көп адам естіген де болар. Мұның соңы үлкен айқай болып, талай адам телефон соғып, қайта жалғастыруымды өтінді. Ешқайсысына да көнгенім жоқ. ҰБТ басқа уақытқа ысырылып, басқа ғимаратқа ауыстырылды. Сондықтан да біздің бірлестік осындай ҰБТ мен басқа да тест сынақтарына мониторинг жүргізуді назарынан тыс қалдырмайды. Сондай тексерулер барысында біздің бірлестік белсенділері соңғы екі жылда 165 заң бұзушылық дерегін анықтады.

"Ерекше оқиға бар ма?" дегеннен тағы да есіме түсіп отырғаны, ол да ҰБТ сияқты Түркістанда болған еді. Жалпы бұл өңір менің басты назарымда. Өйткені, оңтүстік бетте жемқорлық жағдайы салыстырмалы түрде өте күрделі. Сондықтан да біз мұндағы көп мәселелерді жиі көтереміз. Міне, былтыр осы мәселелерге көз жұма қарау үшін, тіпті "Түркістанды ұмыту үшін" бізге 3 бөлмелі пәтер мен Camry 70 автокөлігін ұсынған кездер де болды. Сондықтан 2023 жылдағы ұсынылған ең жоғары пара деп осыны айтуға болады.

Заңсыз баюға қарсы жауапкершілік енгізу керек

– Осы азаматтық позицияларыңыз үшін сіздің немесе басқа әріптестердің өміріне қауіп төнген кездер болған жоқ па?

– Өмірімізге нақты қауіп төнген уақыттар болған жоқ. Бірақ біз жауапкершілікке тартуға шақырған заң бұзушылар тарапынан "қырам-жоям", "көрсетемін" деп қоқан-лоқы жасайтын кездер көп. Десе де біз тек заң жүзінде ғана әрекет етеміз. Біреулердің тапсырысын орындамаймыз, хайп қумаймыз. Тек қана заңнаманы басшылыққа аламыз. Президенттің жемқорлыққа қарсы саясаты бар. Біз соны іске асырып жатырмыз. Сондықтан да бізге доқ көрсетудің, қысым жасаудың қажеті жоқ.

– Жемқорлықты жеңуге бола ма? Ол үшін не істеу керек?

– Жемқорлықты жеңуге, әрине, болады. Толық жеңуге емес, бірақ деңгейін төмендетуге болады. Ол үшін тек қана бір тәсіл керек. Ол – заңсыз баюға қарсы жауапкершілік енгізу. Мысалы, өмір бойы мемлекеттік қызметте істеген, жалақысы 250-300 мың теңге болған адамдар бар. Бірақ, тұратын үйі зәулім сарай, мінген көлігі соңғы үлгідегі модель, баласы шетелде қымбат оқу орынында оқиды, әйелі шетелге шопингке барады, жылына бес-алты рет ең мықты туристік қалаларда демалады. Міне, осының бәріне ақшаны қайдан алады? Осы сұрақты міндетті түрде қоямыз. Егер осы сұраққа жауап бермесе, автоматты түрде жауапкершілікке тартылады. Әлемде мұндай мысалдар көп. Мысалы Гонконгты алайық, 1970 жылдары ондағы мемлекеттік аппараттың жемқорлық деңгейі 92-93% болды. Олар сол кезде заңсыз баюға қарсы жауапкершілікті енгізді. Енді, міне, қазіргі таңда бұл ел жемқорлықсыз мемлекет ретінде жоғары деңгейде тұр. Сондықтан елімізде заңсыз баюды енгізгеннен кейін ғана біз жемқорлықты жеңе аламыз. Бірақ, бізде мұндай жауапкершілік 2027 жылдан бастап енгізілгелі отыр. Сондықтан жемқорлықтың деңгейін төмендетуге бізге әлі де алыс сияқты. Ол үш жылдан кейін енгізілемін дегенше, ол заң күш алып кеткенше де көп уақыт керек. Әйтсе де сол әдіс арқылы жемқорларды анықтауға біздің мүмкіндігіміз көп боламақ.

Жемқорларға байкот жариялау керек

– Сіздің жемқорлыққа қарсы күресте айтып жүрген өткір-өткір ойларыңыз бар. Жалпы елімізде ахуал қаншалықты күрделі, соншалықты трагедия етерліктей ме?

– Ия, өкінішке қарай елімізде пара алу-беру, мемлекет қаражатын жымқыру, қызмет бабын асыра пайдалану, теріс пайдалану, ысырапшылдық деген сияқты келеңсіздіктер өте асқынып тұр. Тіпті жемқорлық деген нәрсе мәдени кодымызға айналып барады. Мектеп бітірген, үлкен өмірге енді ғана қанат қаққалы тұрған жас қыздың маған пара ұсынғаны көп нәрсені аңғартса керек. Пара беру қалыпты жағдай емес, күнделікті өмірдің талабы боп бара жатыр. Бұл өте қауіпті. Сондықтан да біз жемқор адамдарға қоғам болып байкот жариялауымыз керек. Мәселен, ондай адамдарға құрмет көрсетіп, араласпауымыз қажет. Қонаққа шақырмауға тиіспіз. Тіпті көрген жерде ізет танытып амандаспағанымыз жөн. Бұл көзқарас бізде менталитеттік деңгейге дейін орнығуға тиіс.

Әйтпесе, "Ұсталмаған ұры емес" деп қолындағы мүмкіндігін заңсыз баюға жұмсап жатқандар былайғы халық пара алып жатқанымды білмейді деп ойлауы мүмкін. Тіпті өзін қылмыс жасап жатырмын деп те санамауы ықтимал. "Мен бай болған сайын халық та менен ығады, мені сыйлайды" деген пікір қалыптастыруы сөзсіз. Сол себеп, тек қана сол адамның өзі емес, отбасы мүшелері, туған-туыс, жақындарына, араласатын ортасына да сондай ұстанымда болған абзал. Егер қоғам тарапынан, сіз бен біздің тарапымыздан шеттету көзқарасы қалыптасатын болса, жемқорлық тәуекеліне тірелген әрбір адам ойланатын болады, қылмысқа барудан тартынатын болады. Теріс әрекеті тек өзіне ғана емес, балалары, жақындарына да зияны тиетінін түсінеді. Өйткені, әрбір жемқор жымқырған бір теңге, ысырап еткен бір тиынның өзі біздің ұлттың несібесі, болашақ ұрпақтың бәсіресі. Осыны дұрыс түсінуіміз керек! Бүгін біздің халқымыз бастан кешіп отырған күрделі әлеуметтік жағдай өз ішімізден шыққан жемқорлардың ашкөздігінің салдары.

Заңмен жеңу мүмкін емес

– Заңды қатаңдата түсу қажет болар?

– Мен қоғамдық байкот туралы неге айтып отырмын. Жемқорлықты заңмен тыйым салып, санкциялық немесе пенитенциарлы жолмен жеңу мүмкін емес. Ол әлеуметтік немесе қоғамдық проблемадан бұрын, психологиялық проблема. Мысалы, Қытайды алалық. Онда өлім жазасы бар. Жылда мыңдаған шенеуніктер ұсталып, көпшілігі ең қатаң жазаға тартылып жатады. Бірақ статистиканы қарасақ, одан жемқорлық деңгейі төмендегенін көрмейміз. Жыл сайын жазаланып жатқан жемқорлардың қарасы бірдей. Сондықтан да заңды қатаңдата түсу қажет болар, бірақ екінші жағынан бірлескен антикоррупциялық мәдениетті де қалыптастыру керек.

– Ол үшін не істеу керек?

– Көп нәрсе істеу керек. Мемлекет пен қоғам бірігіп күресуге тиіс. Мәселен, біздер 2018-2019 жылдары жемқорлардың тізімін суретімен бірге жариялау керек деп ұсынғанбыз. Сол кездегі Антикордың төрағасы Алик Жатқанбайұлына бұл мәселені бірнеше рет айтқанбыз. Мен өзім қызметкер ретінде де мұны жеткіздім. "Әртүрлі жоспарларға, тұжырымдамаларға осындай шараны енгізу керек" дедік. Ол бастамамыз қолдау тапты. Енді бұл шара биылдан басталады. Тиісті заңға қол қойылды. Енді жемқорлардың тізімі жарияланатын болады. Бұл да оларды қоғамнан шеттетудің, мен айтқан мәдениетті қалыптастырудың бір жолы. Міне осы секілді батыл қадамдар қажет. Сонда ғана біз Президент айтқан Әділетті Қазақстанды орната аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Жемқорлықпен ымырасыз күрестегі қажырлы еңбектеріңізге жеміс тілеймін!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу