Көзқарас пайда табу арқылы өзгереді

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
12587

Ауыл шаруашылық министрлігі 2021 жылға дейінгі агроөнеркәсіп (АӨК) кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасымен таныстырды.

Көзқарас пайда табу арқылы өзгереді

Отандық ауыл шаруашылығын дамыту ісінде бұл мекеме алдағы 5 жылда "аса зор алға ұмтылыс" жасауды жоспарлап отыр.  АӨК-тің жалпы өнімі 5 жыл ішінде триллион теңгеге немесе 33%-ға артып, мал шаруашылығының тиімділігі – 58%-ға, егін шаруашылығы 40%-ға өсіп, ауыл шаруашылық кооперациясының тауар өндірісіне 670 мың шағын өндіруші тартылатын болады.

Журналистерге жаңа бағдарлама туралы әңгімелеген Ауыл шаруашылық министрлігінің бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа үлгісін ұсынып отырғанын мәлімдеді.

Мәселен, Ауыл шаруашылық министрлігі егістік алқабын 2021 жылы қазіргі 64%-дан 46%-ға дейін қысқартпақшы. Босаған алқаптар мен ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жаңа жерлерді арпа мен зәйтүн сияқты басқа дәнді-дақылдар егуге қайта бағдарлау жоспарланып отыр.

Азық-түлік корпорациясы ("ҚазАгро" холдингінің еншілес ұйымы) базасының негізінде арпа мен зәйтүн дақылдары бойынша екі экспорттық хаб құру көзделген. Бұл елдегі қайта өңдеуді және экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған.

"Келесі жылы арпаны мақсатты түрде (форвардтық) сатып алуға 7 млрд теңге жұмсалады деп отырмыз. Бұл шамамен 700 мың тонна. Сатып алынған арпа корпорацияға тиесілі элеваторларға түсіріледі, яғни 1 желтоқсанға дейін ол Азық-түлік корпорациясының қамбасында сақталады. 700 мың тоннаның 400 мыңы экспортқа жөнелтіледі (бірінші кезеңде, біртіндеп көлемі ұлғайтылатын болады).

1993-1993 жылдары Қазақстан Сауд Арабиясына млн тонна арпа экспорттаған болатын. Қазір логистика басқа, бізге бұл тиімсіз. Бірақ, арпаны экспорттайтын нарық жеткілікті, әлемдік нарықта арпаға деген сұраныс зор. Сондықтан Қазақстан экспорттаушы басқа елдер үшін арпа хабы болуға тиіс", – дейді Қайрат Айтуғанов.

Бұдан бөлек сатып алынатын 300 мың тонна арпаны құрама жем зауыттарына қайта өңдеуге жөнелту қажет. Қазіргі кезде елде қуаты жылына  2,5 млн тонна болатын 72 құрама жем зауыты бар. Бірақ, олардың 48%-ы ғана жұмыспен қамтылған. Қайта өңделетін шикізатпен қамтамасыз етілетін болса, бұл зауыттар толық қуатын пайдаланатын еді, – дейді ауыл шаруашылық министрлігі өкілдері.

Құрама жем өндірісі тізбегіне май өңдеуші зауыттарды да іске қосу көзделіп отыр. Вице-министрдің айтуынша, Азық-түлік корпорациясы арқылы шамамен 8 млрд теңгеге май дақылдары (рапс, зығыр, мақсары, күнбағыс) сатып алынбақшы. Бұл 800 мың тонна көлемінде "май хабын" құруға мүмкіндік береді.

Зауыттан шыққан дайын өнім ішкі нарыққа немесе экспортқа шығарылады, ал жом (жмых) сияқты өндірістік қалдықтар құрама жем өндірісіне жөнелтіледі. Ауыл шаруашылық министрлігі дерегіне сүйенсек, елде Азық-түлік корпорациясының элеваторы, құрама жем және май өңдеуші зауыттары сынды үш компонент біріктірілген 40 сәйкестік бар, барлығы бір аймақта орналасқан, бұл логистика мәселесін шешеді.

"Біз олармен сөйлесіп, өз қызметімізді ұсынамыз", – деді вице-министр Қайрат Айтуғанов.

Ауыл шаруашылық министрлігі шағын фермерлермен де, жеке қосалқы шаруа қожалықтарымен де келіссөз жүргізетін болады. Оларға ауыл шаруашылық кооперативтеріне (кем дегенде 20 шағын шаруашылық) бірігіп, ірі өндірісті дамыту ұсынылмақ.

Мысалы, сүт кооперативі. Бұл жағдайда ауыл шаруашылық кооперативі субсидия алады, оның ішінде инвестициялық субсидия да бар, сонымен қатар қажет құрал-жабдықты жеңілдетілген несиемен алуға мүмкіндік туады.

Жаңа бағдарламаны қолдау мақсатында Қайрат Айтуғанов мынадай мысал келтірді: "Сүт блогы (сүт жинайтын "танк") қажет делік, ол зауытта 5 млн теңге тұрады, өздері жеткізіп береді. Бізде ауыл шаруашылық кооперативі құрылды, ол зауытқа сүт блогын алу үшін өтініш жасайды, келісім-шарт бар, бірақ ақша жоқ.

Енді кооператив ауыл шаруашылығына қолдау көрсететін қаржылық орталыққа өтініш жасайды, қор зауытқа 5 млн береді. Сүт блогы менің ауылымда тұр. Енді кооператив қорға қарыз. Кооператив Облыстық ауыл шаруашылық басқармасына инвестициялық субсидия беру өтінішімен хат жазып, 2,5 млн теңге алады – бұл сүт блогы құнының 50%-ы. Оны қор өтейді. Сонымен, жылына 6%-бен 2,5 млн теңге қарыз.

Біз сүт блогын орнаттық, енді ауыл адамдары, кооператив мүшелері сүт тапсыра бастайды. Біз сүтті қабылдап алып, сүт зауытына өткіземіз, шартты түрде сүттің орташа бағасы литріне 80 теңге. Келесі кезекте кооператив төрағасы сүт өткізетіндердің тізімін жасайды, олар Қазпоштада өз аттарына есеп-шот ашады, зауыт сол есеп-шоттарға кімнің қанша сүт өткізгеніне байланысты ақша аударатын болады. Кооператив бір тиын да алған жоқ.

Бұдан бөлек, кооператив құрғаны үшін, сүт жинауды ұйымдастырғаны үшін субсидия жүріп жатыр – бір литр сүт үшін шартты түрде 10 теңге. Несиені өтеу мерзімі 3-ші жылдан басталады, сатып алынған сүт блогы үшін бір жылдың ішінде-ақ есеп айырысуға болады".

Осыған байланысты Ауыл шаруашылық министрлігі мына жағдайды атап көрсетіп отыр: олар шағын фермерлерді кооперативке бірігуге мәжбүрлемейді. Бірақ, осы саланы қолдауға қаражат бөлінген кезде басымдық ауыл шаруашылық кооперациясына берілетінін ескертеді. Кооперацияның артықшылығын көрсетуді министрлік өкілдері өз міндетіміз деп біледі.

"Бүкіл әлем ауыл шаруашылық кооперациялары арқылы жұмыс істейді. Аграрлық қызметкерлер бірінші жылы-ақ (біріккеннен кейін) пайда тапқаннан кейін біздің де көзқарасымыз өзгереді", – дейді Қайрат Айтуғанов.

АӨК-ті дамытудың жаңа үлгісіне министрліктің бюджеттен қосымша қаражат талап етпейтінін айта кету керек. Ауыл шаруашылық министрлігінің есебі бойынша, жаңа бағдарламаға жұмсалатын қаржы "Агробизнес-2020" бағдарламасын іске асыруға жоспарланған бұрынғы қаражатпен бірдей.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу