Крахмал зауыты қашан салынады?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6767

Кәсіпорын жылына 24 мың тонна крахмал өндіреді деп жоспарлануда. 

Крахмал зауыты қашан салынады?

Павлодар облысында крахмал зауыты салынады. Ал крахмалдың картоптан алынатыны белгілі. Сондықтан, жаңа зауытты салу үшін Павлодар облысы таңдалып отыр. Өйткені, бұл өңірде картоп көп өсіріледі. Жергілікті өнімді республиканың бірнеше аймағы мен көршілес мемлекеттер тұтынуда.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы экспортты және импортты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айдана Бейсекееваның сөзінше, былтыр облыста 17,9 мың гектар жерге картоп егіліп, әр гектардан орташа есеппен 309 центнер өнім жиналған. Барлығы 552 мың тонна картоп алынды.

"Облыс тұрғындары шамамен 100 мың тонна өнім тұтынады. Қалған өнім экспортталады. Былтыр Қазақстанның облыстарына барлығы 27 684 тонна картоп жеткізілді. Сонымен қатар, әлем елдеріне 106 мың тоннадан астам өнім экспортталды. Олардың қатарында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді ірі сатып алушылар бар", – деді Айдана Бейсекеева.

Байқағанымыздай, жиналған картоптың сатылымға шығарылып, экспортталғаннан кейінгі көп бөлігі қоймаларда сақталады. Сондықтан, Қазақстан картоп өңдейтін зауыт салуы керек. Мұндай пікірді Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілері одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев алға тартып отыр.  

"Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан импортқа тәуелді ел болса, бүгінде экспорттаушы мемлекетке айналды. Айталық, жыл сайын орта есеппен 200 мың тонна қазақстандық картоп экспортталады. Десе де, экспорттың болашағы бұлыңғыр. Бүгін бар сұраныс ертең болмауы әбден мүмкін. Оған қоса, елімізде өсірілген өнім кей жағдайда сатылымға да жарамай, ысырап болып жатады. Сондықтан, крахмал зауытын салған дұрыс. Ал оның Павлодар облысында іске қосылуы құптарлық дүние. Себебі, Павлодар картопты өсіру көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орында тұр", – деді Қайрат Бисетаев.

Былтыр күзде Павлодар облысына арнайы келген шетелдік сарапшы Ханс Громбах жергілікті шаруалардың әлеуеті жоғары екенін айтты. Маманның сөзінше, өңірде көбінесе картоптың асханалық түрі өсіріледі. Оның құрамындағы крахмалдың үлесі – 12-13 пайыз. Ал зауыт жұмысы үшін крахмалы 19-25 пайыз болатын өндірістік картоп керек.

"Картоптың мұндай тұқымын өсіру қомақты қаржыны талап етпейді. Тек агротехникалық шараларды дұрыс пайдаланса болғаны", – деген болатын Ханс Громбах.

Железин ауданындағы "Пахарь" шаруа қожалығы биыл өндірістік үлгідегі картопты тәжірибе ретінде өсіріп көрмек.  

"Облыста крахмал зауыты салынатынын ескеріп, биыл өндірістік картопты алғаш рет өсірмекпіз. Еуропадан жеткізілетін үш сұрыпты 5 гектар аумаққа салу жоспарда бар. Оның қайсысы біздің климатқа қолайлы болып, мол өнім берсе, келесі жылы сол сұрыпқа басымдық танытамыз", – дейді шаруашылық басшысы Олег Литвиненко.

Әуелде крахмал зауыты Ақсу қаласында салынады деген әңгіме тараған еді. Кейін кәсіпорынның Железин ауданында бой көтеретіні анықталды.

"Железин ауданының топырағы құнарлы. Айталық, Ақсудағы алқапта гектарынан 400 центнер, ал Железинде 500 центнер картоп жиналады. Бұл бір. Екіншіден, ақсулық шаруашылықтардың барлығында дерлік ірі көкөніс қоймалары бар. Олар өнімді біраз уақыт сақтап, баға күрт өскенде сатуды жөн көреді. Железин ауданында мұндай қоймалар жоқ, сондықтан шикізатпен қамтуда мәселе туындамайды. Үшіншіден, Железин Ресейдің Омбы облысымен іргелес жатыр. Крахмалдың экспортқа бағытталған тауар екенін ескерсек, зауыттың көлік-логистикалық тұрғыдан тиімді аумақта салынғаны дұрыс", – дейді "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Александр Бабенко.

Оның айтуынша, наурыз айында крахмал зауытының құжаттары дайын болып, сараптамаға жіберіледі. Кәсіпорын жылына 150 мың тонна картоп өңдеп, 24 мың тонна крахмал шығарады деп күтілуде.

Алдын ала есептеулер бойынша, зауыт құрылысына 30 млн еуро қажет. Жобаға отандық және шетелдік компаниялар қызығушылық танытып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу