"Кредит кешіріледі"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
47280

Үкімет осылай десе, депутаттың дегені болады. 

"Кредит кешіріледі"

Кешегі күннің тренд тақырыбы Мәжіліс депутаты, "Халық коммунистері" фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыровтың үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалы болды.

Барлық БАҚ арқылы таратылып, әлеуметтік желіні "жарып" жібере жаздаған сауалдың сыры неде? Депутаттық сауал үкіметтің оң жамбасына келді ме? Елімізде несие рақымшылығы осыған дейін қашан болды? Талдап, еске түсіріп көрейік.

Бірінші сұрақтың жауабы: депутат халықтың жанды жерін тап басты, үкіметке нақты ұсыныс жасады. Қарыз қайтарудан қажып жүрген немесе қарызын қайтара алмай қиналып отырған жандарға үміт сәулесін сыйлады. Карантин кезінде 4 млн 200 мың адам екі қолға бір күрек таппай қалғанын, жұмыссыздық көрсеткіші 46%-ға жеткенін, ел тарихында бұрын-соңды мұндай кері кету болмағанын баяндады. Қазіргі дағдарыс тек санитарлық-эпидемиологиялық қана емес, сонымен қатар еңбек нарығындағы төтенше жағдай сипатына ие екенін айтты. Бұлтартпас дәлелдерді алға тартып,

2020 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнеске берілген

микрокредит көлемі 850%-ға артқанын, ал мерзімі өткен берешек 283%-ға жеткенін жариялады. Бұған қоса жеке тұлғалардың микронесиесі 145%-ға,

мерзімі өткен берешегі 332%-ға өскенін мәлімдеді. Осыны естіген көпшілік, оның ішінде халық пен биліктің арасындағы алтын көпір – журналистер депутаттық сауалды іліп ала жөнелді.

"Карантин жалдамалы жұмысшылар мен кәсіпкерлердің кірісінің төмендеуіне немесе жоғалуына әкеліп соқтырды. Халық пен бизнестің қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемесінің күші жойылған жоқ. Бұл кәсіпкерлердің де, олардың қызметкерлерінің де кәсіпорындарды жабу, банкроттық жариялау, банктермен сот ісін жүргізу секілді тәуекелдерін арттырды. Бұрын азаматтар тұрмыстық техника, қымбат киім сатып алу, түрлі отбасылық іс-шараларды өткізу үшін несие алса, шектеу шаралары жағдайында және одан кейінгі кезеңде уақыты өтіп кеткен несиені өтеуге, оқуға, емделуге, киім мен азық-түлікке қарыз алатын болды, – деді Айқын Қоңыров.

Екінші сұрақтың жауабы: депутаттық сауал Үкіметтің оң жамбасына келген жоқ. Себебі Үкімет басшысы депутатқа қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жауап беруге тиіс. Үкімет несие рақымшылығына "Иә" дей ме, "Жоқ" дей ме? "Иә" десе, депутаттың дегені болып, халық "бөркін" аспанға атады. "Жоқ" десе, қалың көпшілік үкіметті жерден алып, жерге салады. Бір сөзбен айтқанда, үкімет екі оттың ортасында тұр. Оған "өгізді өлтірмейтін", "арбаны сындырмайтын" шешім қабылдау қажет.

Үшінші сұрақтың жауабы: елімізде несие рақымшылығы осыған бір жыл бұрын болды. 2019 жылғы 26 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы жарлыққа қол қойды. Осының ізінше кредитке кешірім жасау бойынша бір реттік акция қолға алынды. Шара шеңберінде мемлекет 500 мыңнан астам адамның 105 млрд теңге көлеміндегі кепілсіз тұтыну кредитін өтеп берді. Кредиті кешірілгендердің арасында көпбалалы, асыраушысынан айрылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар, мүгедек-балалары бар, 18 жастан асқан мүгедек жандарды асырап отырған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар және жетім балалар болды.

Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында Айқын Қоңыров Президенттің 2019 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыздық жүктемесін азайту жөніндегі тапсырмасы, яғни несие рақымшылығы қоғам мен қаржы институттарына оң әсер еткенін тілге тиек етті.

"Елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себепке байланысты несиелерге қызмет көрсету бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет. Олар өмір сүруге қаражат таппай, қаржы институттарының қысымына ұшырауы мүмкін, – деді халық қалаулысы.

Оның сөзінше, Қазақстанда дағдарысқа қарсы жоспар шеңберінде жұмыспен қамтуды және экономикалық белсенділікті қолдауды ынталандыратын шараларға айтарлықтай қаражат бөлінеді. Қаржы осыған дейінгідей коммерциялық банктер мен квазимемлекеттік институттар арқылы жіберіледі. Демек оларға тағы да қолдау көрсетіледі. Түптеп келгенде, қарапайым халыққа түк бұйырмайды.

"Қаржы институттары қарыз алушыларға төлемді кейінге қалдырып төлеуді ұсынды. Бірақ Президент жариялаған мораторий мерзімі қыркүйек айында аяқталады. Межелі мерзімге дейін қарыз алушылар төлем қабілеттілігін қалпына келтіреді дегенге сену қиын. Шағын және орта бизнес пен қызметкерлердің жоғарыда аталған барлық проблемасы қарыз бойынша дефолт тәуекелін арттырады. Мәселені шешу үшін барлық мүдделі тараптардың өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік комиссия құру, несие аудитін жүргізу, қаржыландыру көздері мен рақымшылыққа қатысушылар үшін критерийлерді анықтау қажет. Ал қаржыландыру көзі ретінде мемлекеттік шығыстарды оңтайландырып, несие рақымшылығын ЭЫДҰ елдерінің деңгейінде сән-салтанат салығын енгізу арқылы жүзеге асыруға болады, – деді депутат.

Абылай Бейбарыс


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу