Кредит кешірілмейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
12510

Үкімет несие рақымшылығына қатысты ұсынысты қолдамады. 

Кредит кешірілмейді

Өткен айда мәжілісмен Айқын Қоңыров премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себептерге байланысты қарыз ауыртпалығын сезініп отырған жеке және заңды тұлғаларға кең ауқымды несие рақымшылығын жасауды ұсынды.

Депутат карантин кезінде 4 млн 200 мың адам жұмыссыз қалғанын, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнеске берілген микрокредит көлемі 850% артқанын, мерзімі өткен берешек 283% ұлғайғанын және жеке тұлғалардың микронесиесі 145%, ал мерзімі өткен берешегі 332% өскенін алға тартты.

"...Бұрын азаматтар тұрмыстық техника, қымбат киім сатып алу, түрлі отбасылық іс-шараларды өткізу үшін несие алса, шектеу шаралары жағдайында және одан кейінгі кезеңде уақыты өтіп кеткен несиені өтеуге, оқуға, емделуге, киім мен азық-түлікке қарыз алатын болды, – деді Айқын Қоңыров.

Үкімет басшысы депутаттық сауалға жазбаша жауап берді.

"Несие рақымшылығын қолдану туралы ұсыныс тізбекті реакцияға және барлық қарыз бойынша міндеттемелердің жаппай орындалмауына алып келеді. Бұл банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және банктердің салымшылармен басқа да клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындау қабілетіне қауіп төндіреді. Осыған байланысты бұл ұсыныс қолдау таппайды", – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы несиелендіруді ынталандыру мен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекет бірқатар шара қабылдағанын және төтенше жағдай мен карантин кезінде бизнес субъектілеріне үкімет тарапынан түрлі жеңілдік жасалғанына назар аударды.  

"2020 жылғы қазанға дейін шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттері, синдикатталған кредиттер, үшінші тұлғалар алдындағы міндеттемелер, сондай-ақ банк кепілдіктері бойынша тәуекелді төмендету есебінен банктердің меншікті капиталын есептеуге қойылатын талап жеңілдетілді. Сонымен қатар банк капиталының консервациялық буфері 2% -дан 1%- ға дейін төмендетілді. Бизнеске қарыз беру үшін қатты кепілдікті қамтамасыз ету тізбесі мен кредитті қайта құрылымдау негізі кеңейтілді. 2021 жылғы сәуірге дейін банктердің өтімділік коэффициенті бойынша талап 80% -дан 60% -ға дейін жұмсартылды және жоғары өтімді активтердің құрамы кеңейтілді", – деді Үкімет басшысы.

Асқар Маминнің мәлімдеуінше, қабылданған реттеу шаралары банктердің капиталын 468 млрд теңге мөлшерінде босатуға мүмкіндік берді. Осылайша кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беру деңгейін өткен жылғы деңгейде сақтап қалуға және берілген кредит көлемінің төмендеуіне жол бермеуге қол жеткізілді.

"Бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша заңды тұлғалардың кредиттік портфелі 8,2 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері кредит алу көрсеткіші 1,7% немесе 139 млрд теңгеге ұлғайды. 30 мың шағын және орта бизнес субьектісі қарыз алды. Биыл оларға 5,85 трлн теңге несие берілді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%  немесе 102,5 млрд теңгеге көп көрсеткіш", – деді Асқар Мамин.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу