Кремльдің Молдоваға қатысты жоспары қандай?

1957

Бірқатар неміс БАҚ-тарында Кремльдің Молдованың ішкі саясатына қатысты жоспарының көшірмесі жарияланды. 

Кремльдің Молдоваға қатысты жоспары қандай?

Құжатта елдегі батыс әсерін әлсіретіп, Ресей ықпалын ресейшіл шенеуніктерді билікке отырғызу арқылы арттыру жолдары қарастырылған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

                                                Үкіметке қарсы ереуілдер артында кімдер тұр?

Осыдан екі күн бұрын ғана Молдова астанасы Кишинев қаласында халықаралық іздеу жарияланған ресейшіл олигархтар Влад Плахотнюк пен Илан Шор бастаған ереуілдер өтті. Ресей Молдованың "бірінші кезектегі" серіктесі болуы керек деп санайтындар батысшыл Президент Майя Сандудың отставкаға кетуін талап етті. Мұндай наразылық толқыны ел ішінде ғана емес, әлем сарапшыларымен талқыланып, біраз алаңдаушылық тудырды.

Молдова билігі Ресей Федерациясының ФҚҚ қызметкерлері ресейшіл оппозиция ұйымдастырған ереуілдер кезінде полицияға шабуыл жасау мен елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды алдын-ала ұйымдастырып, белгілі бір жоспарға сүйене әрекет жасағанын хабарлады.

Ал ресейшіл саясаткерлер ресми нұсқаға қарсы шығып, шерудегі жалдамалылар туралы мәлімдеме Молдова Үкіметі оппозицияның наразылықтарын басуды ақтау мен батысшыл Президент Майя Сандудың беделін арттыру үшін жасалды деген идеяны алға тартты.

Кишинев Мәскеудің Молдованы тұрақсыздандыру, оның ЕО-ға жақындауына тосқауыл қою, Кремль ығына жығылар үкімет құру туралы жоспары барын халықаралық институттарға бірнеше ай бойы ескертіп келеді.

Ал кейбір шенеуніктер Ресей одан да сорақысы - Молдова тәуелсіздігін қол сұғып, Украинаға қарсы күш ретінде пайдалануы ықтимал деген пікір білдіреді.

"Ресейшіл "Шор" партиясымен ұйымдастырылған шеру еуропалық интеграция процесін тоқтатып, Молдованы Ресейдің Украинаға қарсы соғысында пайдалану үшін жасалды", - деді Парламент басшысы.

Ал бүгін батыс БАҚ-тарында жарияланған құжат ресми Молдова мәлімдемесінің шындыққа жанасатынын көрсетіп отыр. 

                                                ҰҚШҰ мен ЕАЭО - Молдованы басқару құралы

WDR, NDR неміс медиа компаниялары мен Süddeutsche Zeitung газеті 2021 жылдың жазындағы Кремльдің Молдова қатысты жоспарының көшірмесін жариялады.

Бес беттен тұратын құжат Молдовадағы ресейшіл топтар мен азаматтарды қолдау арқылы осы елдің батысқа бет бұрмауының нақты жолдарын сипаттайды. Ресейдің Молдоваға қатысты стратегиясында ұсынылған шаралар елдің саяси, әскери, сауда, экономикалық және әлеуметтік салаларына өзіндік әсерін тигізбей қоймайды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл құжатты Беларусьті Ресейге қосу стратегиясын құрастырған адамдар жасауы әбден мүмкін.

Кремль сарапшылары өз стратегиясында Молдованы "Батысқа қарсы тұру алаңы" деп атайды. Мәскеудің алдағы он жылдағы басты міндеті "сыртқы әсерлердің осы елдің ішкі істеріне араласуын болдырмау" деп танылды. Сыртқы күштер деп отырғаны НАТО болса керек.

Құжатта сыртқы күштердің Ресей Федерациясының ықпалын әлсірету әрекеттері тоқтатылуы керек екендігі баса айтылған. Сонымен қатар, Молдованы Ресейдің бақылауындағы ұйымдарға - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіргізу ұсынылады. Сол арқылы осы аймақта ресейлік мүдделерге қайшы әрекеттер жасалғанда Молдованың осы ұйымдардағы мүшелігін оған экономикалық қысым келтіретін тұтқа ретінде пайдалануға болатыны жазылған.

Сонымен қатар, Кремль сарапшылары Молдованың саяси және экономикалық элиталарында ресейшіл адамдардың санын арттырып, жалпы ресейлік күшті қолдауға шақырады. Тағы бір шара ретінде Молдовада орыс тілінде, оның ішінде қашықтықтан білім беруді кеңейтуге жәрдемдесу және осы елде Ресей университеттерінің филиалдарын ашу ұсынылады.

Ақыр соңында Стратегияның қорытындысы бойынша 2030 жылға қарай Молдованың қоғамы мен саяси топтарында "НАТО-ға теріс көзқарас" орнығып, ресейлік БАҚ-тың кеңінен қатысуы қамтамасыз етілуі керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу