Криптовалюта: Құбылмалы болса да құндылығы жоғары

2544

Жоғары құбылмалылықтың да өз артықшылығы бар.

Криптовалюта: Құбылмалы болса да құндылығы жоғары

QUANTDART компаниясының бизнесті дамыту бойынша бас менеджері Гимран Әбдірахмановтің пікірінше, криптовалюталар құбылмалы болғанымен құндылығы жоғары. Яғни мұның да өз артықшылығы бар.

"Криптовалютаға инвестиция салудың пайдасы көп. Соның бірі – криптовалюта бағасының 20-30 пайыздық үлкен дәлізде құбылуы. Ал акциялар мұншалықты көп өсім бермейді. Олардың өсімі 20 пайыздық деңгейге сирек көтеріледі", – дейді Гимран Әбдірахманов.

Сарапшының айтуынша, криптовалюта сатып алған кезде дәл осы бағаның жай-күйіне басымдық беру керек. Сұраныс өте жоғары болған кезде нарыққа кірудің қажеті жоқ. Ал цифрлық монеталарды сатып алған адам не трейдер, не ходлер болады. Трейдерлер – қысқа мерзімді келешекте алып-сатумен айналсатындар. Ходлерлер – активтерді сатып алып, кейін оны ұмытып кететіндер. Әдетте, трейдерлер емес, дәл осы ходлерлер пайдаға кенеліп жатады. Көп адам биткоинды арзан күнінде сатып алады да, ұмытып кетеді. Кейін бағасы өскенде есіне түседі де, миллионер болып шыға келеді. Трейдерлер үшін негізгі ереже – эмоционалды тұрақтылық.

"Қазір криптовалютаға инвестиция салудың қажеті бар ма я жоқ па деген сұраққа нақты жауап беру қиын және бұған ешкім де нақты жауап бермейді. Бұл жерде кепілдік беру қиын. Өйткені биткоинның ертең немесе арғы күні қай бағытта қозғалатынын ешкім білмейді. Көптеген ел криптовалюталардың айналымы мен өндірісін мұқият реттеуге немесе тыйым салуға шешім қабылдағандықтан, баға күрт төмендеуі мүмкін. Трейдерлер жүргізетін әртүрлі техникалық талдаулар бағаның көтерілуіне немесе төмендеуіне кепілдік бере алмайды", – дейді QUANTDART компаниясының бизнесті дамыту бойынша бас менеджері.

Негізгі Bitcoin және Ethereum криптовалюталарын енді ішінара сатып алуға болады. Мысалы, 50-100 АҚШ долларына. Өйткені биткоин 100 миллион сатошиге бөлінген. Бұл бағасы шамамен 39 000 долларға жететін монетаға инвестициялауға тамаша мүмкіндік береді.

Криптовалютаны алып-сатумен қатар, оны өндіретінін де ұмытпаған абзал. Егер криптосфера өзінің орталықтандырылмаған сипатына байланысты көпшіліктің күмәнін тудырған болса, криптокоиндер өндірісі қазірдің өзінде жаһандық және ауқымды мәселе болып саналады. Криптовалюталарды өнеркәсіптік өндіру – энергия шығыны көп қажет етілетін экологиялық емес бизнес. Монеталарды алу үшін электр энергиясын үздіксіз тұтыну қажет. Кейбір майнинг-фермалар бүтін облыстарды қамтамасыз ететін электр қуатын пайдалана алады.

Дегенмен қоршаған ортаға келтіретін залалға қарамастан, криптовалюта өндіру өте тиімді бизнес болып қала береді. Бұл қолма-қол ақша түсімдері тұрғысынан мұнай өндіру ісін ығыстырады. Сондықтан билік бұл мәселені барлығына – мемлекетке де, майнерлерге де тиімді етіп шешуі қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айының басына дейін майнинг бизнесіне салынатын салықты бірнеше есе арттыруды көздейтін заң әзірлеуді тапсырды. "Сұр" майнерлер анықтала бастады. Бірақ әлі күнге дейін крипто-майнерлер үшін жаңа тарифтер бекітілген жоқ. Қазіргі уақытта елімізде 55 майнингтік ферма өз қызметін тоқтатты.

Сәуір айының ортасында Ұлттық экономика министрі майнерлерге салынантын салықтың мөлшерлемесін биткоин құнына тәуелді етуді жоспарлап отырғанын айтты. Егжей-тегжейі әлі белгісіз.

"Мемлекет өзінің крипто-әмиянын құруы керек. Тиісінше крипто-майнерлерге салық салуы керек. Егер салық теңгемен салынса, биткоинның жоғары құбылмалылығына байланысты салық салу тиімсіз болады", – дейді ол.

Әзірге, Қазақстанда криптовалюта тек АХҚО негізінде реттеледі. Өйткені қазақстандық юрисдикцияда қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер (биткоиндер және альткоиндер) айналымға жіберілмейді. Ал қаржы орталығының экожүйесінде цифрлық активтерді реттеуге мүмкіндік бар. Мұнда олар инвестиция түрлерінің бірі ретінде қарастырылады.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстан криптомайнингтен 190 миллион доллар табыс тапқан. Сонымен қатар мемлекетке криптовалюта айналымынан түсетін салық көлемі жылына 26,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Криптовалюта әлі де өсіп, дамитындықтан, көптеген сарапшы криптовалютаның қаржылық операциялардың толық қатысушысы бола аларына сенімді. АХҚО нарықтың болашақта дами түсетінін ескере отырып, ең қымбат криптовалюта – биткоинге инвестициялау мүмкіндігін ашатын қарапайым әдісті ойлап тапты. Бөлшек сауда инвесторларына арналған Tabys қолданбасында ProShares Bitcoin Strategy ETF негізгі активі бар биржалық нота (ETN) пайда болды. Енді кез келген қазақстандық криптовалютаның биржалық нотасына инвестиция құя алады.

Криптосфераның дамуы түсініксіз. Өйткені пайдаланушылар саны жыл сайын артып келеді. CrypoCompare аналитикалық компаниясының мәліметінше, жетекші криптовалюта биржаларының нарықтағы үлесі 2022 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша 96%-ға дейін өсті. Қазір дүние жүзінде 300 миллионнан астам адам криптовалюталарды пайдаланады. Ал рейтингі жоғары биржалардағы пайдаланушылардың өсу үрдісі жалғаса беретіні анық.

"Биткоинды пайдаланушылар мен оған салынған инвестициялардың артуы бағаның өсуіне әсер етеді. Себебі оның саны шектеулі – 21 миллион биткоин. Бұл дегеніміз, егер бүкіл желінің капиталдандыруы 1 триллион доллар болса және айналымда 20 млн биткоин болса, бір монета бағасы 50 000 долларға тең. Пайдаланушылардың үлкен ағынымен және тиісінше капиталдандырудың 2 триллион долларға дейін ұлғаюымен биткоин бағасы 100 000 долларға дейін өседі. Осы есептеуге сүйене отырып, кейбір инвестициялық қорлар 2030 жылға қарай биткоин бағасының 1,3 миллион долларға дейін өседі деп болжам жасап отыр. Ал капиталдандыру 28 триллион долларды құрауы керек", – дейді Г.Әбдірахманов.

Мұндай есептеулер тұрақсыз дәстүрлі қаржы жүйесі белгілі бір мемлекет пен компаниялардың бақылауынан босатылған және байланысы жоқ балама активтерге қызығушылықтың артуына негізделген. Дамушы елдердегі ұлттық валюталардың тұрақсыздығы да криптовалюталарды пайдалануға ынталандырады. Мысалы, Сальвадор мен Орталық Африка Республикасынан кейін Панама криптовалюталарды реттеу туралы заң жобасын қабылдады.

Ал бастапқыда криптовалютаны актив ретінде мойындамаған әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs енді керісінше позицияны ұстанып қана қоймай, биылғы жылдың 30 сәуірінде криптовалютамен қамтамасыз ету үшін алғашқы несиені де беріп үлгерді.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу