Криптовалюта неге сенімсіз валютаға айналды

1433

Криптовалюта алғаш пайда болған кезде көп ұзамай биліктің ақшаға монополиясы, қаржы капиталының ықпалы жойылады деген болжам болды.

Криптовалюта неге сенімсіз валютаға айналды Фото: inbusiness.kz

Қазақстанның өзі ашық цифрлық майнинг саласында жетекші ойыншы болуға ниетті екені айтылған. Елімізде "Цифрлық активтер туралы" заң қабылданып, құқықтық база құрылды. Дегенмен бұл болжам жүзеге асқан жоқ. Айналымға енген соң лезде бүкіл әлемге танымал болған жоба мүлде басқаша қарқын алды. Ал цифрлық ақша алыпсатарлық объектісіне айналып шыға келді.

"Биткоиндік соғыс" салдары

Бастапқыда криптовалюталар бір АҚШ долларынан да арзанға сатылғаны белгілі. 2015 жылға қарай биткойн кеңінен танымал болып, ең ірі фирмалар қабылдай бастады. Бірақ үміттері ақталмады. Бүгінде биткоинды пайдалану алты жыл бұрынғыдан әлдеқайда төмен. Аударымдар қымбат және сенімсіз. Аударым жасау үшін кейде 50 долларға дейін комиссия төлеп, апталап күту қажет.

Бір сөзбен, биткойнның кәдімгі банктің онлайн транзакцияларынан артықшылығы жоқ болып шықты. Мұның себебі көпшілікке желінің өзінің технологиялық шегіне жетуімен түсіндіріліп жүр. Бірақ жекелеген сарапшылар ғана емес, Роджер Вер сияқты биткойн стартаптарының алғашқы инвесторларының өзі нақты себептің басқа екенін айтады.

Жобаны әзірлеушілер биткойннан пайда табу үшін оның әлеуетін әдейі шектеп отырған көрінеді. Мұндай жағдай өздігінен болған жоқ, "биткоиндік азаматтық соғыс" деген атқа ие болған оқиғалар себеп. Бүгінде криптовалюта жол айрығында тұр. Жоба толығымен банктер мен реттеуші органдардың бақылауына өтеді немесе жалпы жұртшылық цифрлық ақша идеясынан бас тартады.

Кез келген валюта ерте ме, кеш пе, өзгесімен алмастырыла бастайтыны белгілі. Биткойнды жасап шығарған Сатоши Накамото оны ең төменгі комиссиямен күнделікті қолдануға арналған ақша ретінде ойластырған. Биткойн транзакциялары барлық қатысушылар үшін ашық және Орталық банктің немесе басқа қаржы институтының рұқсатын талап етпейді, яғни, тәуелсіз. Крипто әмияндар арасындағы аударымдарды кез келген уақытта бақылай аласыз.

Осылайша, цифрлық ақша барлығына қолжетімді болуы керек еді. Оның басты артықшылығы осы болған. Десек те кейінгі жылдары жағдай өзгерді. Жоба әзірлеушілері жұртшылықты биткоиндарын жұмсамай, көптеп жинап, құнының өсуін күтуге шақыра бастады. Бірақ цифрлық ақшаның ойдан шығарылған құндылығы емес, нақты пайдасы болуы керек. Ал кез келген ақшаның құндылығы – айырбасты қамтамасыз етуінде.

Комиссиясы көп валюта

Биткойн блокчейн технологиясына негізделген. Блокчейн – цифрлық транзакцияларды жазуға арналған арнайы құрылым. Блокчейннің негізгі техникалық параметрі – блок өлшемі. Әрбір блок толған кезде транзакциялар қымбаттайды. Қазір бір блок 2-3 мың транзакцияны қабылдай алады. Егер 150 мың адам бір уақытта биткоинді пайдалануды шешсе, ол елу блокты қажет етеді. Сәйкесінше, аударымды сегіз сағат күтуге тура келеді.

Мәселе мұнымен де бітпейді. Себебі транзакция бағасы тағы өседі. Бірақ пайдаланушы әдеттегіден көп төлесе, аударым жылдам жасалатынына кепілдік жоқ. Басқа біреу сізден артық төлеуі мүмкін. Сондықтан транзакция бағасы кейде шарықтап кетеді. Күрделі транзакцияларының әрқайсысы үшін 1000 доллардан астам комиссия төлейтіндер де бар. Әрине, миллиондаған қаржыны аудару кезінде мұндай комиссия көп болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ, айталық, кофе сатып алу үшін цифрлық ақшаны пайдаланатындарға бұл тиімсіз.

"Жоба авторлары ауадан ақша жасауды ғана ойлайды"

Сатоши Накамото 2010 жылы блок өлшемінің шегін енгізген. Ол кезде әрбір блоктың өлшемі бір мегабайт болды. Бірақ әзірлеушілер блоктың нақты өлшемін осы уақытқа дейін айтарлықтай арттыра алмауда. Небәрі төрт мегабайтқа дейін ұлғайтты.

Криптовалютаның негізгі қолдаушыларының бірі Роджер Вер мұның шын мәнінде алаяқтық екенін айтқан. Жобаны жасаушылар үшін блок өлшемін арттыру тиімсіз. Оларға транзакцияның қымбат болғаны ғана керек. Майнерлер осы блоктар мен транзакциялардан пайда табады.

Криптовалюта жақтаушылары осы мәселелердің барлығын жедел транзакцияларға мүмкіндік беретін Lightning Network төлем хаттамасы арқылы шешуді ұсынған. Ол үшін цифрлық ақшасы барлар бір компанияда депозитарлық әмиян ашып, ақшаны сақтауға беруі тиіс. Орталық хаб өз клиенттерінің мәселелерін өздері шешетін ірі компаниялар тобы болады.

Алайда биткоиннің масштабтану мәселесін осылай орталықтандыру арқылы шешуге қарсылар көп. Себебі ол кезде цифрлық ақшаның "PayPal" сияқты кәдімгі электронды төлем жүйелерінен айырмашылығы болмайды. Себебі нақты компания жұмысы тоқтап қалуы немесе оған билік қысым көрсетуі мүмкін. Ал веерлік желі қатысушыларының біреуі өшірілсе, бүкіл желіде проблемалар туындайды. Осылайша, биткоин қазіргі уақытта төлем арналары шағын, негізсіз күрделі жүйе болуда.

Қазақстан да криптовалютаға құмар емес

Криптовалюта қазір елімізде де қаржы ретінде белсенді қолданыста. Бірақ мұндай ақшаны жымқыру, жасыру оңай, салықтан жалтаруға да жол ашық. Осы тұрғыдан алғанда валютаның тиімділігі төмен болып тұр.

Оның үстіне алаяқтық жетерлік. Мәселен, 2021 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңсыз қызметпен айналысқан "Finiko" компаниясын анықтады. Алаяқтар қазақстандықтарға "Syfron Sapital OÜ" платформасында криптовалюталар мен басқа да инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынған. Бұл – жылжымайтын мүлік, автомобиль сатып алуға, міндеттемелерді өтеуге және инвестициялауға байланысты жағдайларды имитациялайтын ойын алаңы. Шынында СYFRON (CFR) мүлде қаржылық құндылығы жоқ заңсыз криптовалюта. Кейін пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, "ауаға" салғаны белгілі болды.

Алғашында "Finiko" компаниясы осы ойын платформасын пайдаланған кезде күніне 1-1,2% мөлшерлемемен табыс төлеуге уәде берген. Былай қарағанда бәрі әдемі, бірақ мұндай жылдық табыс теңгелей депозиттің орташа нарықтық мөлшерлемесінен 43 есе артық. Компанияның осындай "ертегілері" жетерлік – "кез келген сатып алудан 25%-ға дейін ақша қайтару, қызмет көрсету тегін, ай сайын шотта қалған қалдық ақшаға 6% сыйақы беру" деп жұртты қызықтырды.

Компания банктерде арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбаған. Алаяқтық операцияларды жүргізу үшін тек қолма-қол ақша немесе QIWI-әмиян, Яндекс-ақша, Easy Pay, PayPal сияқты интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйесін қолданған. Ал қатысушылар өздерінің инвестициясы нақты қайда кетіп жатқанын бақылай алмады. Ақыры "Finiko" ресми түрде әлемде қаржы пирамидасы деп танылды.

Айтқанымыз Қазақстандағы крипто қылмыстардың біреуі ғана. Мұндай жағдай аз емес. Қаңтарда Астанада айналымы 15 млрд теңге болатын заңсыз криптоайналымды ұйымдастырушылар анықталды. Алаяқтар криптовалютаны қолма-қол ақшаға заңсыз айырбастап, үлкен табыс тапқан.

Елдің цирфлық активтер саласында ретсіздік көп

Қазақстанда криптовалюта гибрид тәртіппен реттеледі. 2022 жылғы 30 желтоқсандағы "ҚР кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң аясында "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" негізгі заңға өзгерістер енгізілді. Түзетулерге сәйкес, криптоиндустрия мәселелері ҚР Ұлттық банкі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісім бойынша АХҚО актілері негізінде бірлесіп реттеледі. Яғни, криптовалюта саудасы АХҚО беретін лицензия арқылы реттеледі.

Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда АХҚО-дан лицензия алған 13 тұлға ғана цифрлық активтермен заңды түрде жұмыс істейді. Бірақ ел аумағында лицензия алмаған биржалардың қосымшалары да бар. Қарапайым клиент лицензия алған биржаға да, сондай-ақ лицензиясыз жұмыс істейтін биржаға да тап болуы мүмкін. Сол себепті АХҚО өкілдері қазір де алаяқтардың дәурені жүріп тұрғанын мәлімдеген.

– Бұл қылмыс жіті бақылауда болмаған соң алаяқтар криптобиржаның демо-нұсқасын жасап, жарнамалайды. Қарапайым пайдаланушы қайсысы дұрыс крипто биржа, қайсы жалған екенін ажырата алмайды. Алаяқтар тіпті беделді криптоплатформаның демо-нұсқасын да жасай алады. Пайдаланушы шотты толтырса, демо-нұсқада сома көрсетіледі. Бұл жалған шот көз алдында өсіп отырады, инвестор бұл ақшаны шығарып алмақ болған кезде ғана іс жүзінде жоқ криптовалютаға инвестиция салғанын түсінеді. Бар ақшаны алаяқ алады, – деп жария еткен орталық.

Сонымен қатар, өзі білмей крипто алаяқтық жасайтындар бар. Олар криптовалютаны лицензиялау керегін білмейді. Бағам айырмасы арқылы криптовалюталарды сатудан табыс табатын қазақстандықтар көп, тіпті, әлеуметтік желіде бөлісіп, жұртты қызықтырып жататындар бар.

Олар цифрлық активтерді лицензияланған биржадан сатып алады және жаһандық деңгейде сатады. Бірақ еліміздің банктері жаһандық биржаларға қызмет көрсетпейді, лицензиялары да жоқ. Ақыры сатқан валютасын есепшотына аударар кезде біздегі банктер бұғаттап тастайды.

Әрине, криптовалюта белгілі бір орталыққа бағындырылмаған соң "еркін ақша" атауын алған. Алайда оның "еркіндігі" тек алаяқтар үшін тиімді болып тұрғаны жасырын емес. Сондықтан аталған валютаның сенімсіз атанатын жөні бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу