Криптовалютаға инвестиция салған дұрыс па?

2686

Жаңа монеталар көп кіріс әкелуі де мүмкін. 

Криптовалютаға инвестиция салған дұрыс па?

Криптовалюта нарығының капиталдандыруы қазір 2 триллион долларды құрап отыр. Ал негізгі криптовалюта – биткоиннің құны шамамен 39 мың долларға тең. Кейбір елдер криптовалюталарды төлем құралы ретінде мойындаса, басқалары қарқынды дамып келе жатқан криптовалюта бизнесін реттеу үшін заңдар әзірлеуде. Криптовалюта нарығы әр түрлі сын мен скептицизмге қарамастан, жыл санап қарқынды дамып келеді. 2009 жылы алғашқы биткоин пайда болды, оның құны сол кезде 1 доллар шамасында болды. Ал қазір мұндай монетаның біреуі 39 мың долларға сатылуда.

Криптовалюта нарығы капиталдандыру бойынша Apple (2,6 триллион доллар) және Microsoft (2,03 триллион доллар) сияқты компаниялардың деңгейіне жақындады. Дүние жүзінде криптовалюталардың 19 мыңнан астам түрі бар. Криптовалюта нарығындағы капиталдандырудың жартысынан көбі Bitcoin және Ethereum-ға тиесілі. Сонымен қатар қаржы құралдарының көлемі мен сенімділігі бойынша алғашқы ондыққа Tether, BNB, USD Coin, Solana, XRP, Terra, Cardano, Avalanche криптовалюталары кіреді.

Криптовалюта нарығы мұндай көрсеткіштерге небәрі 13 жылда жетті. Артықшылықтарын бағалай білген көптеген трейдер осы бизнеске қаражатын сала бастады. Акция, облигация, бонд, нота сияқты сауда-саттық амалдары криптовалюта биржаларында да жүзеге асырылады. Оның үстіне, биржадағы операцияларға қатысты бүкіл процесс толығымен электронды форматқа көшті. Оған қоса, ол желі пайдаланушыларының көпшілігі үшін қолжетімді. Енді әрбір адам өзінің білім деңгейіне және бастапқы капиталының мөлшеріне қарамастан криптотрейдер бола алады.

Криптовалюта биржалары Forex сынды сауда алаңдарының балама түрі саналады. Нақты ақшаны инвестициялайтын әрбір қатысушы ставкаларды талдауға қатысты операцияларды орындауға, сигналдарды қабылдауға, биткоиндерді және басқа танымал валюта түрлерін нақты ақшаға сатумен және айырбастаумен айналысуға құқылы. Дегенмен криптовалюталар тәуекелі жоғары активтер қатарына жатады.

"Біріншіден, крипто биржасын бұзу немесе оның банкротқа ұшырау қаупі бар. Сондықтан қаражатты инвестицияламас бұрын, крипто биржасын егжей-тегжейлі зерттеп, талдау маңызды. Осылайша, активтерді сақтауға болады. Атап айтқанда, биржа туралы пікірлерге, сауда-саттық көлемі мен қатысушылардың санына, комиссия және депозиттер мен қаражаттарды алу бойынша шарттарға назар аудару керек. Күнделікті сауда көлемі бойынша Binance 69 миллиард доллармен көш бастап тұр. Одан кейін тізімде Bybit, Coinbase, FTX сияқты биржалар бар. Биржаны таңдағаннан кейін, сатып алынған криптовалютаны барлық жағынан зерттеу маңызды. Мысалы, монетаның капиталдандыруын және онымен жұмыс істеген команданы тексеру керек. Әдетте "салмақты" криптовалюталардың артында транзакция жылдамдығы, киберқауіпсіздік сияқты блокчейн мәселелерін шешуге тырысатын, монетаны жақсартумен айналысатын адамдардың тобы бар. Сондай-ақ тәуекелге ұшырағыш "‎қоқыстық" коиндар бар. Олардың нарықтағы көлемі аз. Мұндай цифрлық активтер енді ғана пайда болғандықтан, олардың тәуекелі жоғары. Дегенмен жаңа монета көп кіріс әкелуі де мүмкін", – дейді криптоиндустрия сарапшысы, QUANTDART компаниясының бизнесті дамыту бойынша бас менеджері Гимран Әбдірахманов.

Екіншіден, орталықтандырылмаған нарыққа байланысты трейдерлер күтпеген шығындардан қорғалмаған.

"Көптеген трейдер үшін криптовалюталардың реттелмейтін сипаты айтарлықтай тәуекел болып саналады. Криптовалюта нарығының дамуымен бірге блокчейн технологиясына қызығушылық та артты. Бұл нарық қатысушыларына делдалсыз өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді. Клиентке аударым жасау үшін банктік жұмыс күндерін күтудің қажеті жоқ. Ақшаны бірнеше минут ішінде аударуға болады. Блокчейн арқылы криптовалюталар осылай жұмыс істейді. Сондықтан бұл цифрлық активтердің орталықтандырылмаған сипаты туралы жиі айтылады. Мұның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Бір жағынан, аударымдар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін желінің болуы. Екінші жағынан, цифрлық активтерден айырылып қалу қаупінің болуы. Егер бір нәрсе дұрыс болмаса – мысалы, мекенжаймен қателессеңіз немесе сенімсіз желіні таңдасаңыз – мәселені шешіп беретін ешкім жоқ. Криптовалюталардың мұндай реттелмейтін сипаты барлық әлемдік қаржы институттарын алаңдатады. Егер кейбір елдер оларға тыйым салса, басқалары криптовалютаны төлем жүйесі ретінде мойындауды шындап қарастырады", – дейді сарапшы.

Үшіншіден, криптовалюталардың құбылмалығы жоғары. Гимран Әбдірахмановтың айтуынша, криптовалюта бағамының жиі өзгеруіне сұраныс пен алып-сатудан бастап, әлемдегі геосаяси жағдайға дейін әртүрлі факторлар әсер етеді.

"Биткоин әлемдегі ең үлкен криптовалюта ретінде басқа монеталардың бағасына әсер етеді. Егер биткоиннің бағасы төмендесе, басқа криптокоиндар да арзандайды. Мысалы, 2017 жылы Жапония биткоинді мойындаған кезде баға белгілеулері +300 пайызға өсті. Ал Чикаго қор биржасы биткоин фьючерстерінің іске қосылғанын жариялағаннан кейін баға тағы +200 пайызға көтерілді. Криптовалюталардың құлдырауына келетін болсақ, ол әдетте заңды шектеулерден, техникалық қателерден (бұзулар мен хакерлік шабуылдар) және нарықтың ірі ойыншыларының биткоиннен бас тартуынан туындайды. Қытай 2013 жылы қаржы институттарына биткоинді пайдалануға тыйым салған кезде бағаның төмендеуі 30 пайызды көрсетті. Ал Оңтүстік Корея криптовалюта алмасуына тыйым саламыз деп қорқытқаннан кейін баға 25 пайызға төмендеді. Бағаға әсер ететін алыпсатарлық факторлар тиянақсыз оқиғаларды білдіреді – твиттер, мемдер, әртүрлі ақпарат жариялау. 2021 жылдың маусымында биткоин бағамдары Илон Масктың Twitter-де жазба жариялауына байланысты 6 пайызға төмендеді. Бұл бар болғаны #bitcoin хэштегімен жараланған жүрек эмодзиі еді", – дейді ол.

Криптовалюта бағасының құлдырауы немесе күрт көтерілуінің көптеген мысалы бар. Бір қарағанда, оның ұзақмерзімді талдау және даму динамикасын жасау мүмкін емес сияқты көрінуі мүмкін. Криптовалюта бағасы қандай да бір нақты логикаға бағынбайды. Сондықтан акциялар мен облигациялар сияқты дәстүрлі, үйреншікті құралдарға инвестиция салатын көптеген инвестор криптовалютадан күдіктенеді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, биткоиндардың баға белгілеулеріне әсер ететін негізгі факторларды анықтауға болады екен.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу