caravan.kz: "Оқ атты: неге Жамбыл облысы мен Тараз қаласына қылмысты адамдар орнатқан тәртіп қайта орала бастады, деп айта бастады?", деп жазады аталмыш газет. Себебі жақын күндері бұл өңірде бірден екі адам өлтірілді.
Біріншісі Мойынқұм ауданында көз жұмды. Аудан орталығында екі жігіт жанжалдасып, жігіттің бірі көлікте, екіншісі оны көліктің сыртында тұрып соққыға жыққан. Жұдырықтан сытылып шыққан күдікті көлігімен біраз жерге жүріп барып, одан кейін мылтықты алып қайта түседі. Сөйтіп ол өз қарсыласын атып өлтіреді. Оқиға орнына дереу жеткен жедел тергеу тобы ер адамның мәйітін тапты. Анықталғандай, ол Қылышбай ауылының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір құзырлы органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
"Адам өлтірудің екінші оқиғасы келесі күні облыс орталығында орын алды. Жексенбінің таңында "Ақбұлақ" ықшамауданының тұрғыны оқ тиген адамның мəйітін табады. Сөйтіп, ер-азамат полицияға хабар береді. Оқиға орынына дереу тергеу тобы жеткен. Нәтижесінде қайтыс болған адам 27 жасар жігіт екені анықталады",– деп жазады басылым.
camonitor.kz: Аталмыш басылым өзінің кезекті мақаласын қазақтың біліміне арнаған. Себебі 100 жыл бұрын Қазақтың автономиялық республикасы құрылғанда, сауаты бар қазақтардың саны өте аз болған. Мақала авторының пікірінше, Кеңес Одағының қазақтарға берген жақсылығына осы білім саласын жатқызуға болады.
Мақала авторының пікірінше, биылғы жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрылғанына 100 жыл толғаны елеулі оқиға болғанымен, бұл шара тым-тырыс өтті. Кеңес үкіметі мен билігін сынап, даттауға да болады, бірақ бұл үкіметтің қазақ біліміне, сауат ашуға қосқан үлесі зор. Соны мойындау керек.
"Мүмкін кеңестік білім, әсіресе, жоғарғы білім сапасы әлемдегі үздік білім сапасына сай келмеген шығар. Алайда жалпы халықты сауаттандыру деңгейі жағынан және балалар мен жасөсіпірімдерге орта, кәсіби және жоғары білім беру тұрғысынан көптеген дамыған елдерді артта қалдырып кететін. Әрине, білім беру әдісінде идеология көп болатын (бұл өз кезегінде әлеуметтік ғылымның дамуына тежеу болатын, мәселен, экономика, философия, социология, шет тілін үйрену жағынан). Мұнымен қоса алған білімді тәжірибе жүзінде пайдалану мүмкін емес болатын. Қалай болғанымен, Кеңес Одағының білім жүйесі әлемдік деңгейде жақсы болатын", – деп жазады мақала авторы.
Жалпы, мақалада статистикалық деректер берілген, оған түсініктемелер жазылған.
express-k.kz: "Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арнап ұйымдастырылған ән байқауы аяқталды", деп хабарлайды бұл басылым. Аталмыш шараға республиканың түпкір-түпкірінен 40 әнші мен ансамбль қатысқан.
Басылымның хабарлауынша, дәстүрлі түрде өтетін байқау биыл онлайн өткен. Бірінші кезеңде ең үздік әншілерді таңдап алған. Финалға шыққандар өздерінің шеберлігін ғана емес, сахна мəдениетін де көрсете білді. Сонымен қатар, олардың Шәмшінің қай әнін таңдап алғынына мән берілген.
"Байқау жеңімпазын анықтау барысында соңғы шешім көрермендерге байланысты болды. Нәтижесінде Аяулым Қойшыбай бас жүлдеге ие болды. Екінші орынды "Қос-Тұра" дуэті еншілесе, үшінші орынды Айдос Алқуат иемденді. Қаржылай сыйлықтан өзге байқау жеңімпаздары Шәмші Қалдаяқовтың жуырда оның туған ауылында ашылған үйіне баруға мүмкіндік алды", – деп жазады басылым.
time.kz: Аталмыш басылым Алматы қаласындағы "Мамыр" ықшамауданындағы мектеп төңірегіндегі мәселеге арналған мақаласын жариялап отыр. Газеттің хабарлауынша, №202 мектеп-гимназиясын 2019 жылдың сәуір айында сала бастаған, оның құрылысы осы жылдың қазан айында аяқталады деп күтілген, алайда құрылыс жұмыстарын аяқталып мектеп 1 қыркүйек күні балаларды қабылдауға дайын болған. Жоспар бойынша, бұл қазақ тілді мектеп, алайда жергілікті тұрғындар бұл орыс-қазақ мектебі болсын деп, талап қойып отыр.
"Мамыр" ықшамауданында тұратын ата-аналар балаларының білімді жаңа салынған мектепте алғанын қалайды. Осы мақсатта олар қол жинап, білім басқармасына арыз жазған, мәселені әлеуметтік желілерде көтерген. Нәтижесінде жаңа ашылған қазақ мектебі аралас мектепке айналатын болған. Алайда ата-аналар бұл ақпаратқа сенер емес.
"Менің өзіме мектеп аралас мектеп болатынын тоғыз күн бұрын ғана айтты. Қазір мұғалімдерді табу оңай емес, түсініңіздерші. Кеше ұстаздарды таптым, сөйтіп, бірінші сыныпқа 24 баланың тізімін, екінші сыныпқа 22 баланы және үшінші сыныпқа 17 баланы, төртінші сыныпқа 7 баланы жазып қойдым. Енді біз олардың ата-аналарына хабарласа бастаймыз" – деді №202 мектеп-гимназиясын директоры Сәуле Тіреуова.
Гүлмира Қамзиева