Қазақстаннан білімді адамдар кетіп жатыр

2204

Орыстілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы.

Қазақстаннан білімді адамдар кетіп жатыр

camonitor.kz: Аталмыш басылым кезекті мақаласын Қазақстандағы адам капиталының сапасына арнаған. Бақылаушылар бұл капиталдың сапасы айтарлықтай жақсы емес деген пікірде. Себебі қазіргі қазақ қоғамында өзін жетілдіріп, алға талпынатындар аз.

Сарапшылар аталмыш мақалада, қалыптасқан стереотип бойынша, адамдардың мінез-құлықтарына қарай үш топ барын жазған. Бірінші топқа "дәстүршілер", екінші топтқа өзге ұлт өкілдері жатқызылады. Ал үшінші топқа Кеңес Одағында қалыптасып, сол одақтың рухани әлемінде өмір сүретін адамдар жатады.

Мақала авторы бірінші топқа тек қазақша сөйлейтін қазақтарды жатқызбайды. Қазақ тілін білетін азаматтардың арасында озық ойлы, өзін жетілдіріп жүретін, балаларының біліміне мән беретін азаматтар жетерлік. "Дәстүршілер" тобына ескіні аңсайтындарды жатқызады. Күн өткен сайын олардың қатары көбейіп келеді және көп болғандықтан қоғамдық пікірді қалыптастырушылар болып келеді. Олар саналы түрде орыс тілінен бас тартып, ескі салт-дәстүрлерді қайта жандандыруды қалайды, дінді алға тартады.

"Мұндай азаматтарға Иран және Ауғанстан сияқты елдердің жаңа тарихын еске салғым келеді. Кезінде өркениетті қоғам болған мемлекеттердің бүгінгі жайы жақсы емес. Бізге дамудың осындай жолы керек пе?" – деп жазады мақала авторы.

liter.kz: "Мемлекетке келетін азаматтармен салыстырғанда елден кететін азаматтар әлде қайда білімді әрі білікті", деп жазады аталмыш басылым. Биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстаннан 11 мың адам көшіп кеткен, 7 мыңдай адам көшіп келген. Мемлекет азаматтарының кету себебі неде? 

Сарапшылардың пайымдауынша, 2011 жылға дейін Қазақстаннан кетушілерден келушілер көп болатын. Алайда 2012 жылы жағдай өзгере бастаған. Нәтижесінде 2019 жылы Қазақстаннан көшіп кеткен азаматтардың саны 45 225 адамға жеткен, ал келушілердің саны 12 255 адам болған.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпова азаматтардың елден кетуінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени себептері бар болуы мүмкіндігін айтты.

"Экономикалық жағынан қарайтын болсақ, көбісі өмір сапасы жоғары елде, келешегі бар мемлекетте өмір сүргісі келеді. Жалақысы жоғары, мансап жасауға қолайлы жерлерді іздейді. Ал әлеуметтік жағынан айтатын болсақ, онда бұл сапалы білім, денсаулық сақтау саласы жақсы дамыған, әлеуметтік саясаты қолайлы мемлекет қолайлы болып келеді. Мәдени жағынан алатын болсақ, онда адамдар өз туысқандарына жақын болғысы келеді, өз ана тілінде білім алғысы келеді", – дейді сарапшы.

caravan.kz: "Семей тұрғындарының бір бөлігі жарықсыз, жолсыз және Интернетсіз отыр", деп жазады газет тілшілері. Жағдайдың жоқтығына наразы болған қала тұрғындары ашық хат жазып, наразылығын білдіре бастаған. 

Басылым тілшілері қала өмірін жәннаттай көретін азаматтарға Семей қаласына баруға кеңес береді. Себебі бұл қаланың тұрғындарының көпшілігі қарапайым жарыққа, жолға қол жеткізе алмай отыр. Сол себептен олар жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерін айтып, наразылық білдіре бастаған. Семейліктердің мұңына қала билігінің өкілдері құлақ асқан.

"Тұрғындардың басындағы бұл мәселені шешу жолдарын қарастырамыз. Жарықты қашан жүргізуге болатынын жан-жақты тексереміз. Мәселенің осы уақытқа дейін неге шешілмегенін зерттейміз", – дейді Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев.

Басылымның хабарлауынша, әкімнің орынбасары қала тұрғындарын ауызсумен қамту мәселесінің 2016 жылдан бері неге шешілмей келе жатқанын анықтаймын деп айтпаған.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу