Қуаңшылыққа тап болған Қазақстанға Қырғызстан ғана көмек қолын созып отыр

3042

Турист өлімі тіркелген Шарын шатқалының туризм саласында болашағы бар ма? 

Қуаңшылыққа тап болған Қазақстанға Қырғызстан ғана көмек қолын созып отыр

Экология, геология және табиғаи ресурстар министрінің ел алдындағы есеп беру кездесуінде бірнеше өзекті мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Мағзұм Мырзағалиевтың баяндамасында атқарылған істер де, жоспарланған жобалар да көп айтылды. Министрдің сөзіне сенсек, ауа ластануының негізгі көзі саналатын ірі кәсіпорындары сыртқа тастайтын шығарындылардың көлемін біртіндеп  қысқартуға келісіп отырған көрінеді.

Мысалы, Теміртауды улы түтінге бөктіріп отырған атышулы  "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 2025 жылға дейін ауаға тасталатын шығарындылардың көлемін 30 пайызға азайтуға міндет алған екен. Министр мұнымен шектелмейтіндеріне сенімді.

"2030 жылға қарай аталмыш кәсіпорынның атмосфреалық ауаға тастайтын шығарындыларының көлемін 50 пайызға дейін азайту туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз", – деді ол.

Кәсіпорын міндет алып отыр деп айтылғанымен, бұл екіжақты меморандум аясында келісілген дүние екенін ескеру керек. Ал "АрселорМиттал" сияқты апауыттар біздің елде меморандумдарды былай қойып, заңның өзін айналып өтуге болатынын жақсы біледі. Министр  Мағзұм Мырзағалиев Алматыдағы жылу-электр орталықтарын газға ауыстыру арқылы донор  қаланы экологиялық қауіпсіз мекенге айналдырауға күш салынып жатқанын атады. Атап айтсақ, №1 және №2 жылу-электр орталықтарын газға көшіру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатқан көрінеді.

Ведомство басшысы Теміртаумен Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларында да ауаның ластану деңгейі жоғары екенін мойындады. Оның мәліметі бойынша 2020 жылы аталған қалалардың бәрінде жалпы жиыны 2,5 млн тонна шығарынды мен 1,1 млн тонна төгінді қоршаған ортаға тасталған.

"Атырау облысында 75 жылдан бері проблема болып келген мұнай өңдеу зауытының булану алаңдарын рекультивациялау басталды. Ақтөбе облысының ферроқорытпа зауытында цехтарды жаңғырту және қайта құру жобасы қолға алынды.  Шығыс Қазақстан облысында "Қазцинк" ЖШС меморандум бойынша атмосфераға тастайтын шығарындылар көлемін 20%-ға төмендетпекші. Маңғыстау облысында "Қошқар-атадағы" ластану көзін жою басталды. Осылайша 2025 жылы кеңес заманынан бері келе жатқан проблема жойылады. "ҚазМұнайГаз" компаниясының тобы бірнеше жыл бойы көлемі шамамен 2,5 млн текше метрге жеткен мұнай қалдықтарын жояды. Қазірдің өзінде 437 мың тонна қалдықтың көзі жойылды", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

"Жайықтың жағдайы жақсарып келеді"

Қазақстанның бірнеше өңірін қуаңшылық қысып жатқанда су ресурстарына жауапты министрлік басшысының бұл мәселеге тоқталмауы мүмкін емес еді. Оның айтуынша, сусыз жылдар кезеңі Қазақстанда 2019 жылы басталған екен.

"Қазақстанның қолда бар су ресурстары жер асты сулары мен өзен ағысының қорларынан тұрады. Өзен ағыны ресурстарының соңғы жылдардағы нақты көрсеткіштері 90-100 текше шақырымды құрайды. Оның 55% жуығы – жергілікті ағын, ал қырық 45% пайызы Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Қолданысқа түсетін судың жалпы көлемі шамамен 25 текше шақырым. Оның ішінде ауыл шаруашылығына – 15 текше шақырым  (65%), өнеркәсіпке – 6 текше шақырым (30%) және коммуналдық шаруашылыққа – 1 текше шақырым (5%) тиесілі. Тасымалдау кезіндегі шығындар 3 текше шақырымдай болады. "Жалпы 2019 жылдан бастап су аз кезеңге тап келгенімізді анық көріп отырмыз. Бірінші кезекте су тапшылығы Оңтүстік пен Батыста қатты сезіліп отыр. Осыған байланысты вегетациялық кезеңді өткізу үшін көрші елдермен нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз", – дейді министр.

Дегенмен, сол нақты жұмыстарының нақты нәтиежсі шамалы болып тұрған сыңайлы. Малды ауылдар жұтап, егінді өлкелер әр тамшыға телміріп отырған қазақстандықтарға Қырғыз елінен басқа ешбір ел әзірге қосымша су бөлуге келіспеген екен.

"Қырғыз елімен қосымша су алу туралы келістік. Маусым-тамыз айларының арасында Тоқтоғұл су арнасынан қосымша 330 млн текше метр су ағызылады. Бұл көлемді Өзбекстан аумағы арқылы өткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ, тәжік және өзбек тараптарымен бірлесіп, "Бахри Тоджик" су қоймасының жұмыс режимі бойынша келісімдер жүргізілуде. Осыны ескере отырып, ақпан-наурыз айларында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге өңірлерге барып, диқандармен кездесу өткіздік. Су шарушалығында қалыптасып отырған жағдай туралы мәлімет беріп, суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайтуды ұсындық", – дейді ведомство басшысы. Аңдағандарыңыздай, қос министрлік өкілдері аталмыш елдімекендерге су тапшылығы жойылатыны туралы сүйінші хабар емес, көрпеге қарай көсілу керектігі турал нұқсау айтып кеткен.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің болжамына сенсек, биыл Жайықтың жағдайы былтырғыдай аянышты болмауы керек.

"2019 жылы Жайықта тарихта болмаған аз мөлшер байқалды.  Суының көлемі 3,5 мың текше шақырымнан әрең асты. Ал орташа жылдық көрсеткіш 9 мың шаршы шақырым екенін ескерсек, 3 еседей түсіп кеткен. Былтыр 2019 жылға қарағанда сәл жақсырақ болды. Ал биылғф жазды былтырғыдан тәуір өткіземіз деп үміттенемін. Оған қажет алғышарттардың бәрі бар",– деп сендірді есеп беруші министр.

Оның қажетті алғышарт деп отырғаны – Ресеймен арадағы келіссөздер. Қазір екі елдің ғалымдары Жайықтың ластану көздерін анықтап, өзен бойындағы қай өлке мен қай кәсіпорын қанша суды тұтынып отырғанын есептеп шығару керек. Осы есеп бойынша, Жайық бойындағы су қомаларын бір режимде жұмыс істету туралы уағдаластық бар. Аталған уағдаластық бойынша Ресей Қазақстан аумағына шығатын судың мөлшері мен уақытын етектегі елдің қалауы бойынша іске асыруы керек болады.

Шарындағы қайғылы қазадан қандай сабақ алдық?

Мағзұм Мырзағалиевке есептік кездесу кезінде Шарын шатқалына баратын туристерді селден қорғау жұмыстары қалай іске асатыны туралы сауал қойылған болатын.

"Алматы  облысында экологиялық турзим дамытудың бірнеше жобасы талқыланып жатыр.  Шарын шатқалы да  соның ішінде бар. Өткен мамыр айында шатқалда екі рет сел жүріп, бірі қайғылы оқиғамен аяқталғанын жақсы білесіз. Салдарынан әйгілі Шарын шатқалы тартымды туристік аумақтан өлім қаупі бар нысанға айналып шыға келді. Сіз айтып отырған  инвеститицялық жобадан бас тарту керек шығар мүмкін. Неге солй етпеске", – деп сұрады Вадим Борейко.

Министр бұл сұраққа толымды жауап бермесе де, өздері қолға алған жобаның адам өміріне қауіпсіз орындарда бой көтеретінін айтып сендірді.  

"Шарындағы инфрақұрылым туралы айтсақ, жобаланып отырған визит орталық пен глэмпингтер, этноауыл түріндегі сауда дүргіршектері мен басқа да обьектілер шатқалдың өзіне салынғалы жатқан жоқ. Бұл нысандар үстіңгі алаңда бой көтереді. Қазір ол жерде автокөлік тұрағы жұмыс істеп тұр. Сіз айтқан жоба бойынша қоғамдық тыңдау болады. Сол кезде осы мәселелерді қарауға болады. Барлық сын-ескертпелер ескеріледі", – деді Мағзұм Мырзағаиев.

Оның айтуынша, Алматы облысының 4 ірі ұлттық паркінде бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Әр жоба бойынша инвесторлар бекітіліп қойған. Олар:

- "Көлсай көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бойынша – "Атырау-Рент" ЖШС";

- "Шарын" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бойынша - QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі

- "Алтын Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бойынша – QazaqGeografy республикалық қоғамдық бірлестігі

- "Іле-Алатау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бойынша – "Туранга Групп" ЖШС.

Бұл аумақтарда 11 заманауи визит-орталық, 5 эко-қонақүй, 28 глэмпинг, 8 кэмпинг, 4 этно-ауыл салу көзделген. Салынатын инвестицияның  жалпы көлемі – 31,5 млрд теңге. Ведомство басшысы табиғатты адамның шоғырынан пайда болатын зиянды әсерлерден қорғау үшін жылына келетін туристердің санын 2 млн адамнан асырмаймыз деп отыр.  Бұл уәденің қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетеді.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу