Күйеуінің қысымынан қашқандар дағдарыс орталықтарын паналап жүр

766

Республикадағы дағдарыс орталықтарының саны жеткіліксіз.

Күйеуінің қысымынан қашқандар дағдарыс орталықтарын паналап жүр Фото: canva.com

2021 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске 4,5 миллиард теңге жұмсалған.

Бұл туралы Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігінің бастамасымен жасалған тәуелсіз зерттеуінде айтылған.

Оның ішінде 765 миллион теңге жәбірленушілерге арнаулы әлеуметтік қызметтерге және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаларға кеткен. Тағы 2,9 млрд теңге құқық қорғау және сот жүйелерінің тікелей шығысы болса, дағдарыс орталықтарын қаржыландыруға 1,5 млрд теңге жұмсалды, деп көрсетілген құжатта.

Қазақстанда барар жері, басар тауы жоқ, отбасында агрессордың қысымына ұшыраған әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Бүгінде олардың еліміздегі саны 40-тан асады. Жәбірленушілер мұнда алты ай тұра алады.

Бас прокуратураның дерегінше, республикадағы аудандардың 85 пайызы дағдарыс орталықтарымен қамтылмаған. Былтыр әлеуметтік қызмет түрлері 2,7 мың адамға көрсетілгенімен, олардың саны 13 есеге, яғни 38 мың көп болған.

Дағдарыс орталығына түскен әйелдер мен балаларға қандай қолдау көрсетіледі? Қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерді кінәлауға неге бейім? Жәбір көргендер қайда хабарласа алады? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады. 

Жәбірленушілер агрессорға қаншалықты жиі оралады?

Дағдарыс орталықтарында адамдар әртүрлі жағдайда және әртүрлі уақытта түседі. Алматыдағы "Жан-Сая" дағдарыс орталығы 50 төсек-орынға шақталған.

"Қыста салыстырмалы түрде адамдар көп келеді. Бүгінде әйелдер полицияға жиі жүгініп, ал құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын дағдарыс орталықтарына белсенді әкеле бастады. Тұруға және тамақтануға тұрмыстық жағдай жасалмаған дағдарыс орталықтары да бар, оларда заңгерлер мен психологтардың кеңесін алуға болады", – деді "Дағдарыс орталықтары одағының" басқарма төрайымы, "Жан-Сая" дағдарыс орталығының директоры Зүлфия Байсакова

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес, дағдарыс орталықтарында 8 қызмет түрі көрсетіледі. Оған әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтер кіреді.

Жыл басынан бері бұл орталықта 374 адам, оның ішінде 132 әйел мен 242 бала тұрды. Зүлфия Байсакова бұл көрсеткіш жыл сайын өзгеріп отыратынын баса айтты.

"Жәбірленушілерді алаңдататын мәселе көп. Біріншіден, көбі экономикалық тұрғыдан тәуелді болғандықтан, агрессордан кете алмайды. Себебі баратын жері, тұратын үйі жоқ. Кейбірінің білім деңгейі жеткіліксіз. Себебі, олар орта білімді ғана аяқтайды, кәсіби дағдылары болмайды. Дағдарыс орталықтары әйелдердің курстардан өтуіне, кейін жұмысқа орналасуына көмектеседі", – деп жалғастырды спикер.

Оның сөзінше, мемлекеттік дағдарыс орталықтары материалдық тұрғыдан жақсы қамтамасыз етілген. Себебі оларда келер жылдың бюджеті алты ай бұрын жасалады.

"Көптеген дағдарыс орталығының өз орынжайлары жоқ. Бұл ретте Алматының тәжірибесін айта кеткен жөн. Тәркіленген мемлекеттік мүлік әлеуметтік нысандарға беріледі. Қазір тәркіленген мүлік көп, активтер мемлекетке қайтарылып жатыр. Мұны дағдарыс орталықтарын ашу үшін пайдалануға болар еді деп есептеймін", – деп атап өтті "Дағдарыс орталықтары одағының" басқарма төрайымы.

Спикерден тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілерінің агрессорға қаншалықты жиі оралатынын сұрадық.

"Әйелдердің шамамен 30 пайызы отбасына оралады. Соңғы үш жылда агрессорлармен жұмыс істеу бағдарламасын енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Дағдарыс орталықтарында оңалту немесе әлеуметтенуден өтіп жатқан әйелдің зорлық-зомбылық дерегі болған ортаға қайта оралуы жақсы үрдіс емес. Өкінішке қарай, агрессор жаңа өмір сүруге дайын емес, оның ескі әдеттері қалады. Сол себептен агрессорлармен жұмыс жағдайды жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік береді. Талдау бұл бағдарламаның тиімділігін көрсетіп отыр, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстың қайталануы азаяды. Бұл түзету бағдарламасы ұзақ мерзімді. Кейбірі одан 2-3 рет өтуі керек. Топтық және жеке сабақтар қарастырылған", – деді "Жан-Сая" дағдарыс орталығының директоры.

Зүлфия Байсакова отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу қажет екенін баса айтты. Сонымен қатар "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" заңға отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасағандар үшін "түзету бағдарламасы" ұғымын енгізуді ұсынып отыр.

Ауыртпалық балаларға да тиеді

Отбасындағы бей-берекетсіздік баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Дағдарыс орталығындағы психолог мамандар жапа шеккен әйелдермен ғана емес, балалармен де жұмыс жүргізеді.

Ата-анасының сау қарым-қатынасын көріп өспеген, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген балалар болашақта қандай мәселелермен бетпе-бет келуі мүмкін?

"Бірінші кезекте өзі де сондай зорлық-зомбылықтан, сау емес қарым-қатынастан тұратын отбасын құрады. Отбасында дұрыс емес модельді көріп өскен баланың ішінде блоктары көп болады. Бұл адамның өзін сенімді сезінбеуіне, мүмкіндіктерін толық аша алмауына әкеледі. Біреуден өзін не кем не жоғары сезінеді, эгоист әрі қорқақ болады. Ата-анасымен еркін қарым-қатынас құра алмайды, салдарынан адам жалпы әлеуметте өзінің орнын белгілі бір потенциалына байланысты таба алмайды. Оның сондай бір белгілі бір жақсы сезінетін сезімдері белгілі бір нәрсеге тәуелділігі арқылы шығатын болады. Сол себептен психиканы босату керек", – деді психолог Серікгүл Сәли.

Қоғам жәбірленушілерді кінәлауға бейім

Қоғамда "әйелдің өзінен" деген түсінік қалыптасқанын білеміз. Соққының астында қалғанына да, психологиялық қысымға ұшырағанына да, зорлық-зомбылықты көргеніне де көп жағдайда жәбірленушілерді кінәлап жатады. Мұны ғылыми тілде виктимблейминг деп атайды. Бұл физикалық, психологиялық, жыныстық зорлық-зомбылық құрбанын болған жағдай үшін айыптау дегенді білдіреді.

Бұл елімізде кең таралған құбылыс. Әлеуметтік желілерде оның сан түрлі мысалын көруімізге болады. Психологтар дәрменсіз жүргендерге қолдау көрсетудің орнына психологиялық тығырыққа тіреу дұрыс емес екенін айтады.

Жалпы виктимблеймингті қоғамда қалыптасқан стереотипті ойлардың салдары деп қарастырған жөн. Мамандардың сөзінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысында тек қана бір айыпты – агрессор болады.

Тұрмыстық зомбылыққа ұшырағандар қайда хабарласа алады?

Отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер полицияға, медициналық көмек қажет болған жағдайда, жедел жәрдем қызметіне жүгіне алатынын естен шығармағаны дұрыс. Жапа шеккендер тәулік бойы жұмыс істейтін 150 бірыңғай сенім телефонына хабарласа алады. Биылғы 16 қазаннан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсететін 111 бірыңғай байланыс нөмірі іске қосылды. Аталған байланыс нөмірлеріне қоңырау шалу тегін.

Айта кету керек, осыған дейін соңғы 2,5 жылда елімізде отбасылық агрессорлардың қолынан 300 адам көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Дағдарыс орталығы, әйелдер, зомбылық, жапа шеккендер

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу