Ақпарат құралдарының жазуынша, ол "ФСБ" (РФ Федералдық қауіпсіздік қызметі) қызметкерлерімен қарым-қатынас жасап жүрмін деп ойлапты.
"Газета.Ru" дерегінше, алаяқтар құрбанын ұзақ әурелеген. Бірінші рет Шуйскийге 2024 жылдың желтоқсанының ортасында хабарласады. Телефонның ар жағындағы дауыс оған ФҚҚ қызметкері шығып, алаяқтық әрекеттер туралы профилактикалық әңгіме жүргізетінін қатаң ескертеді.
"Бір сағаттан соң қоңырау шалынды. Стандартты схемамен алдау басталды: "әлдекімдердің оның атына кредит рәсімдеп, ақшаны Украинаға аударуға талаптанып жатқанын" айтады. Қылмысты болдырмау үшін Денис дереу ол кредитті өзіне рәсімдеп, "қауіпсіз шотқа" аударуы қажет. Олай жасамаса, жауды қаржыландырғаны үшін қылмыстық іс қозғалады. Зәресі ұшқан Денис жедел банк бөлімшесіне барып, кредит алған. Содан соң алаяқтардың тапсырмасымен "Mir Pay" қосымшасын жүктеп, қаражатты көрсетілген шотқа аударды", – деп жазады ресейлік ақпарат агенттігі.
Алаяқтар бұған да қанағаттанбады. Артынан қайта-қайта, күндіз-түні қоңыраулатып, ресейлік телеарна продюсерін тағы бір кредит алуға көндірді. Бұдан бөлек, солардың талап етуімен Шуйский сомасы 5 мың доллар болатын жинағын шешіп алып, рубльге айырбастаған және осы барлық қаражатты да "қауіпсіз шотқа" жолдаған.
Қаскүнемдер мұнымен де тоқтамаған. Жаңа жылда Дениске басқа бір "ФҚҚ қызметкері" телефон шалып, қорқыту жолымен оны Mazda CX-5 автокөлігін автосалонға апарып сатуға және одан түскен ақшаны да "қауіпсіз шотқа" салып қоюға мәжбүр етеді.
"Қауіпсіздік органының" барлық тапсырмасын тап-тұйнақтай орындаған Шуйский аталған шотта жатқан ақшасының кері қайтарылуын күтеді. Алайда "арнайы құрылым" өкілдері онымен сөйлесуден қаша бастайды. Ақырында 10 литр бензин мен сіріңке алуға әжуа тапсырма бергенде ғана Денис полиция барып, шағым жазды. Жалпы жиынтығында алаяқтарға НТВ продюсері 3 424 900 рубль аударған.
РФ Орталық банкі 2024 жылы алаяқтық операциялардың өсуі рекордтық ауқымға жеткенін жариялады. Ол 2024 жылы алаяқтардың тәулігіне тапқан арам табысы 100 миллион рубльден асқанын мәлім етті.
Мысалы, "72.РУ" басылымы Екатеринбург тұрғыны, медицина қызметкері Бористің алаяқтарға сеніп, екі пәтерінен айрылғанын және "бомждарға" арналған панада түнеп жүргенін әңгімеледі. Полицей, Орталық банк және ұялы оператор мамандары атын жамылған жауыздар оны кредит алып, баспаналарын сатып, бүкіл қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуға көндірген.
Осы орайда қылмыстық тергеудің бұрынғы жедел қызметкері, қазіргі заңгер, адвокат Сергей Колосовский "E1.RU" басылымына сұхбатында алаяқтардың "құпия формуласы" туралы айтып берді. Оның сендіруінше, көпшілік ойлайтындай, бұл жерде гипноздау жоқ.
"Белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауды көтермес едім, алайда бейтаныс адамдар қызметіме жүгіну үшін жиі телефон соғады. Кез келген телефон алаяқтығы схемасы қорқыныш-үрейге иек артады. Телефонның ар жағынан таратылатын үрейді 2 түрге бөлер едім. Бұлар – жазаланудан және ақша жолғалтудан қорқу. Көпшілік ойлайды: қылмыстық ештеңе жасаған жоқпын, ендеше мені жазалауға негіз жоқ. Ал, ақшамды менің келісімімсіз ешкім алып қоя алмайды. Алаяқтар осының бәрін басынан аяғына теріс аударады, жазалауға негіз барына сендіреді", – деді заңгер Колосовский.
Сарапшылар қазақстандықтарға алаяқтарға жем болмау үшін келесідей кеңес береді:
• Жеке, дербес деректерді бейтаныс адамдарға бермеңіз.
• Күдікті сілтемелермен өтпеңіз, күдікті қосымшаларды, фото-видеоны және басқасын жүктемеңіз.
• WhatsApp, Телеграм, әлеуметтік желідегі аккаунттарыңызға қандай құрылғылар қол жеткізе алатынын міндетті түрде тексеріп тұрыңыз.
• Туыс, таныс адамдардан қарыз беру, ақша аудару туралы сұрау түссе, солай жасамас бұрын оған тікелей қоңырау (мүмкін болса, видеоқоңырау) шалып, мән-жайын анықтаңыз.
• Сізге таныс емес нөмірлерден видеоқоңырауға жауап бермеңіз.
• банк карталарының нөмірлерін, қолданыс мерзімін, қорғаныш кодтарын – CVV, CVC, смс-кодты, мобильді қосымшалардың логинін, құпиясөз-паролін, басқа құпия деректеріңізді ешкімге бермеңіз, хабарламаңыз.
• Ұялы телефоныңызды бөтен адамдарға ұстатпаңыз.
• Бейтаныс немесе өзіңіз сенбейтін адамдардың сізді жеке фото, видеоға түсіруіне рұқсат бермеңіз (онлайн кредит рәсімдегенде бұл сіздің бейнеңізді идентификациялауға қолданылуы мүмкін).
• Күш құрылымдары, құқық қорғау органдары, прокуратура, банк, ұялы байланыс операторы, пошта және басқа ұйымдардың қызметкерлері хабарласып, жеке деректеріңізді сұратса, ақша аударуға қатысты әңгіме қозғаса, әңгімені үзіп, сол мекемелердің ресми Call-орталықтарына хабарласқан жөн.
Заңгер қазіргі жағдайда ресейліктердің "Отанға сатқындық жасаудан" қорқатынын айтады. Алаяқтар да осы үрей сезімінде ойнайды.
"Егер сізді "құзырлы органдардың өкілдері" қорқыта бастаса, кері хабарласу үшін тұрақты байланыс нөмірін сұраңыз. Олар көбіне нөмірді жиі ауыстырады. Тіпті нөмір бермесе де, тілдесуді дереу аяқтап, адвокатқа жүгінген жөн. Құзырлы органдар негізінен, әңгімеге, тергеуге шақыру үшін ғана қоңырау соғуы мүмкін. Егер дәл қазір жинағыңыз шотыңыздан – алаяқтарға кетіп қалғалы жатқанын айтса, онда да қоңырауды өшіріңіз. Содан соң банктің жедел желісіне хабарласыңыз", – деді ресейлік заңгер.
Ол таяуда өзіне "ФҚҚ капитаны" телефон соққанын жеткізді. Алдымен оның "Телеграмына" өзі жақсы араласатын ақпарат құралының басшысынан хабарлама келіпті. Ол: "Саған қоңырау шалса, дәл қазір сөйлесе аласың ба?" деп сұрайды. Формула бойынша осы арқылы идентификация жүзеге асырылған.
Әрі қарай "алдын ала дайындау" жүргізіліпті: ақпарат құралының басшысы таяуда өзінің ФҚҚ басқармасына шақырылғанын, сонда бірқатар адвокаттардың ісінен шикілік анықталғанын білгенін жазды.
"Мұндай бағдарды ойлап табу қиын емес. Олардың сүйікті тақырыбы – лаңкестерге ақша аудару қаупі. Бірақ басқа да нұсқалары бар, мысалы, шетел азаматы екенін біліп алса, көші-қон заңнамасын бұзғаны туралы хабарлайды. Айтпақшы, "ақпарат құралының басшысы" маған әлдебір кестені де қоса жіберді. Ашпадым, ашсам, ұялы телефоныма вирус жіберіп аламын. Үшінші кезеңде менімен енді әлдебір Колесников деген байланысатынын, адвокаттардың қауіпсіздігімен айналысу соған жүктелгенін және ол туындаған мәселені бүгін шешуге міндеттелгенін "танысым" арқылы ескертті", – дейді Сергей Колосовский.
Осыдан кейін оған "ФҚҚ басқармасынан капитан Колесников" қоңырау соқты. Заңгер қандай басқармадан екенін нақтылады. Өйткені алаяқтар құрбаны туралы барлық ақпаратты білгенімен, оның дәл қазір қайда тұрғылықты тұратынын біле бермейді. Қоңырау соғушы ФҚҚ-ның Мәскеу облыстық басқармасы екенін айтты. Ал, адвокат Екатеринбургте тұрады.
"Алаяқ қоңырауды үзе салмауым үшін мені әңгімеге тартып әкетуге тырысып, жағдайдың қиындығымен үрейлендіруге тырысты. Үні қатқыл, сұрақтары агрессивті. "Мен сізден қайталап сұраймын, танысыңыз мен туралы не айтты?" дейді қақылдап. Тосыннан бөгде адамдар, әріптестерім кіріп келмеуі үшін бөлмемнің есігін іштен кілттеп жабуымды талап етті, әңгіменің құпия екенін ескертті. Мен кілтті сылдырлатып, жапқан сыңай таныттым. Яғни, алаяқтың бұйрығымен алғашқы, қарапайым әрекеттерді жасай бастадым", – деді заңгер.
Оның түсіндіруінше, осы арқылы қаскөйлер сізге үстемдік етуін (доминирование) арттырады.
"Тілдесу ұзаған сайын қысым да күшейді, ол тергеу форматына ауысып кетті. Мен енді "жауап беруге міндетті" тарапқа айналып шыға келдім. Ол әр сөзінде өз жұмысына салмақты қарайтынына, ал, менің ахуалымның "тым ауыр" екенін түсінбейтініме екпін түсірді. Ақыры менің әлсіздігімді, айтқанға көнуге дайындығымды байқаған "ФҚҚ капитаны" дауысын жұмсартып, жағдайды түзеу үшін не істеуім керектігін "жанашырлықпен" түсіндіруге кірісті", – дейді заңгер.
Сөйлесу соңында адвокат "оның алаяқ екенін әу бастан білгенін" жеткізді. Қанша ақша сұрамақ болғанын анықтады. Қаскүнем оның нақты табысын білмейді екен, оны әңгіме барысында айқындап алмақ болған.
Адвокат алаяқпен әңгімесін ғаламторда жариялады. Онда ол уақыты көп болғанда, полицияға хабарласып, ақша беру кезінде курьерді ұстап алуға дейін жеткізе алатынын айтты. Бұған жауабында алаяқ құрбан арасында делдал болатын курьерлерді аямайтындарын, өйткені оларды интернеттегі хабарландыру арқылы жалдайтынын, тиісінше, ақша тасушылар "ақырғы бенефициар" туралы ештеңе білмейтінін баяндады.
"Мен мұның бәрін неге айтып отырмын? Телефон алаяқтарына қалай алданбау керектігін мамандар барлық арнадан мың сан қайталайды. Алайда алаяқтарға жем болғандардың саны да, олар қолға түсірген сома да жыл сайын артып барады. Адамдар алаяқтарды тыңдап, ақшасын табыстауды жалғастыруда. Өйткені халық аңғал, ал, алаяқтар оларға алаяқ екенін айтпайды, өзін құқық қорғау, банк, техқолдау қызметкерімін деп таныстырады. Оларға халық сенуге дайын. Алданғандар арасында төрелік сот судьясы бар. Сондықтан қаржылық сауаттандыру жұмыстары да тоқтаусыз жалғасқаны маңызды", – деді заңгер.
Ол азаматтардың дербес деректері жаппай сыртқа ағып кетіп жатқан заманда алаяқтардың қолында әрбір адам туралы барлық дерлік мәлімет барын ескертті. Тек әзірге көз торы, саусақ таңбалары, CVV, смс-код, кейбір логин мен пароль сияқты деректер жоқ.
Ең құрығанда, адамдар осы азын-аулақ қорғаныш мәліметтерін құпияда сақтап, алаяқтар шабуылы жолындағы соңғы бекінісін өз қолымен қиратпағаны жөн.