Күрежолдан күреп қал

Қажет Андас Қажет Андас
2444

Аяқ астынан пайдаға кенелуді көксейтін жергілікті тұрғындар осындай ұстаныммен қосалқы құрылыс бастап, жол жиегіне қызмет көрсету нысандарын қаптатып салып жатыр.

Күрежолдан күреп қал

Алматы облысы жол бойындағы сервистік нысандарды ұлттық стандартқа сәйкестендіруде шаң қауып тұр. Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-иновациялық даму басқармасының ақпаратынша, облыс жолдарының бойында халыққа қызмет көрсететін 335 сервистік нысан бар. Өткен жылы 100 нысанды стандартқа сәйкестендіру жұмысы қолға алынды. Нәтижесінде 80 нысан талапқа сай қызмет көрсетін  болды.

"Жол бойындағы нысандарды ұлттық стандартқа сәйкестендіру туралы сұрай бастасаң тиісті мекеме мамандары сандарды алға тартады. Бірақ ел аралап жолға шықсаң, жол бойындағы көріністер көңіл құлазытады", – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов.

Шынымен, күрежолдардың бойындағы нысандарда күні бүгінге дейін бірізділік жоқ. Тіпті жол бойына 90-шы жылдардан қалған дүңгіршектерді тізіп қойып, сауда жасап, жолаушыларға қызмет көрсетіп отырған адамдарды кездестіруге болады.

Біреулер киіз үй тігіп, ендібіреулер шатыр орнатып, туристерді қабылдап жатыр. Мұндай жерде санитарлық тазалық сақталады деп айту қиын. Ал қоқыс жәшіктері мен дәретханалардың жағдайы мүлде сын көтермейді.

Керек десеңіз, Алматыдан Үшаралға дейінгі 600 шақырым жолдың басым бөлігінде ұялы телефон арқылы байланысқа шығу мүмкін емес.

"Кейінгі жылдары Алматы облысы аумағында  Батыс Қытай - Батыс Еуропа, Алматы-Талдықорған, тағы да басқа халықаралық, республикалық автожолдар салынды. Бұл жол бойындағы келеңсіздікті тіпті көбейтіп жіберді", – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары.

Талдықорған мен Алматыны жалғап жатқан жол бойында қаңыраған нысандар қаптап тұр. Бұл нысандарды ұлттық стандартқа сәйкестендіруге ешкім тәуекел етпей отыр. Ал заң солқылдап тұрған кезде орайын тауып жол бойындағы нысандар мен бос жатқан жерлерді жекешелендіріп алған пысықтар: "Жер бар, ақша жоқ", – дегенді алға тартып жүр.  

Осы кемшіліктерді түзете алмай жатқанда тозығы жетіп, жүргіншілерді әбден қажытқан Талдықорған-Өскемен күрежолының құрылысы басталды. Осы жол салынып біткенше оның төңірегіндегі дау-дамай мен заңсыздық әлі талай мәселе тудыратын сыңайлы.

"Талдықорған-Өскемен бағытындағы жоғары жылдамдыққа арналған жол бойындағы нысандарды "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" АҚ немесе жол құрылысын жүргізетін мердігер компаниялар жоғары өтемақы төлеп, сатып алады дегенге сенген тұрғындар тағы да заңсыз әрекетке көше бастады", – деді Айдарбек Байжанов.

Естеріңізге сала кетейік, мұндай жағдай бұған дейін де орын алған. Талдықорған-Алматы күрежолының бойындағы Бақтыбай ауылын кесіп өтетін кірме жолдан туған дау аяқталғалы тұрған жұмысты 3 жылға кешіктірген.  Бақтыбай ауылын кесіп өтетін жол бастапқы жоба бойынша 6 жолақты болып, кеңдігі 25 метрге жоспарланған. Мұны ақпарат құралдарынан ести сала жолдың кеңдігін адымдап өлшеген тұрғындар жол жиегіндегі жерлерге қосалқы құрылыс салып, оған кеткен қаржыны еселеп жазып, көбірек ақша қармап қалудың қамын жасаған. Кейін жол жөндеуге бөлінген қаржының жетіспеуі салдарынан жоба төрт жолақты жолға ауыстырылып, 15 метрге қысқарған. Осылайша аяқ астынан пайдаға кенелмекші болғандар шығынға батып, дау туғызған. Ақыры бұл жол маңызды нысандардың құрылысы үшін мемлекет қажеттілігіне алынатын жерлерге өтемақы төленбейтін  заңмен қорғалып, талас-тартыс тоқтатылған.

Осыны біле тұра Талдықорған-Өскемен жолының бойына орналасқан жергілікті тұрғындар аяқ астынан пайдаға кенелу үшін жол жиегіне қосалқы құрылыс бастап, қызмет көрсету нысандарын қаптатып салып жатыр. Бұлардың барлығының көкейін бір-ақ  нәрсе  - ақша тесіп тұр. Өкініштісі бұл қадамның ертеңгі күні бос әурешілік болатынын ескеріп жатқан жан жоқ.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу