Күршім ауданында қалың қардан жылқылар тебіндей алмай жатыр

1211

Мұндай қалың қар соңғы рет 2010 жылы түскен екен. 

Күршім ауданында қалың қардан жылқылар тебіндей алмай жатыр Фото: google

Шығыс Қазақстанда қыс қаһарына мінді. Қаңтардың басында соққан қарлы боран халықты әбден әбігерге салды. Қар құрсауында қалған елді мекендердің қатарында Күршім ауданы да бар. Малшылар малдарын аман алмаудың қамына кірісіп, қырдан ойға ойысып жатыр.

Марқакөлдің шеті көршілес Қытай елімен шектесіп жатыр. Шекаралық аумақ болғандықтан мұндағы халықтың негізгі күн көрісі – мал шаруашылығы. Десе де, табиғаттың тосын сыйы малшыларға жайлы болмады, жауған қардың қалыңдығы екі метрге жуықтаған. Аттың жаясынан келеді. Жылқысын жылда тебінмен шығаратын жылқышылар биыл Қамбар ата ұрпағын қырып алмайық деп, етекке түсті. Жуықта әлеуметтік желіде үйір-үйір жылқыны таудан төменгі тебінге түсіріп бара жатқан бақташылардың бейнежазбасы тарады. 

- Бүгін жылқыларды етекке түсіріп, көшіп жатырмыз. Қар қалың, аттың арқасынан келеді. Ақжайлау ауылының маңына апарамыз. Енді осында бір ай тебіндесе жақсы болар еді. Қар жаумаса екен, жылқыға обал, - дейді видео авторы.

Видео авторының сөзінше, айдап бара жатқан жылқының саны 187 бас. жылқылар қалың қардан жүре алмай, салт аттылар алдымен жол салып, жылқыны соқпақпен айдауда.

Айта кетейік, Күршімде қалың қар құрсауындағы ауылдар қатарында Төсқайың, Ақжайлау, Шанағаты, Балықты-бұлақ сияқты елдімекендер бар.

- Биылғы қыс ерекше қатты болып тұр. Малмен күн көріп отырған тұрғындар үшін қиын. Әнеугүні қар жауды, артынша жаңбыр жауды. Енді аяз қысып барады. Тебіндегі жылқы малын етекке түсіріп жатыр ел. Бірақ ауыл маңында жайылым көп емес. Оның үстіне, жаңбырдан соң қабыршық мұз қатып, тебіндей алмай қала ма деп алаңдаймыз, - дейді Марқакөл өңірінің тұрғыны Асхат Уанбаев.

Малшылардың айтуынша, мұндай қалың қар соңғы рет 2010 жылы түскен екен. Марқакөлдіктер енді малын қыстан аман алып шығудың қамын ойлап отыр. Себебі енді бір қар жауса, тебіндегі мал қолға қарайды.

Ал аудан әкімдігі малшылардың жем-шөптен қысылмайтындығын айтуда. Жуырда Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша "Қазгидромет" РМК филиалының директоры Ләззат Болатқан қалалар мен аудандарға жауған қар бойынша мәлімет ұсынып, онда Марқакөл өңірінде бір күнде 90 сантиметр қар түсті делінген болатын. Алайда тұрғындар қардың қалыңдығы екі метрге жуықтағанын айтуда.

Осы орайда айта кетейік, қар қалың жауған аудандардың қатарында қайта құрылған Самар ауданы да бар. Мұнда да қаңтардың басындағы боранның салдарынан жолдар жабылып, қатынасқа қолайсыздық тудырыпты.

Сол кезде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Самар-Тарғын-Өскемен бағытындағы шыға беріс жолды жергілікті полицейлер күзетке алған.

- Боран қатты соқты. 60-қа жуық жолаушы жолға шыға алмай қалдық. Арнайы техникалар қардан жолдарды тазартып жатқанымен, лезде боран үрлеп тастайды. Өскеменнен бері қарай көліктер келгенде, біз ары шығамыз. Жолда екі көлік айқасып өте алмағандықтан осылай істеуге тура келді. Полицейлер алдыда жол бастап отырды, - дейді Өскеменді бетке алған жолаушылардың бірі Ерсанат Мұратбеков.

Самар ауылдық огругінің әкімі Ахмет Фазылұлының айтуынша, ауданда соңғы 10 жылда бұндай қалың қар болмапты.

- Биылғы қыс ерекше. Соңғы рет округте 2000-2010 жылдары осындай қалың қар түскен. Сол жылдары қалыңдығы екі метрден асты. Тіпті кейбір ауылдарда үш метрге жуықтап, ел тырып ете алмай қалған. Қазір жолдардың барлығы ашылды, - дейді округ әкімі.

Осылайша, биылғы қыс кейбір аудандар үшін қалың қарымен есте қалатын болды. Қар құрсауында қалған аудандарда мал шығыны болмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу