Құрылысы аяқталатын мерзімде басталуы мүмкін

4037

Қазақстандағы  төртінші мұнай зауытының қашан, қайда салынатыны күзде белгілі болады.

Құрылысы аяқталатын мерзімде басталуы мүмкін

Бүгінге дейін ел арасында төртінші мұнай зауытының іргетасы батыс немесе оңтүстік Қазақстанда қалануы мүмкін деген сөз тарап үлгерді. Алайда бұл ресми мәлімдеме емес. Мәселенің мән-жайын энергетика министрі Қанат Бозымбаев былай баяндады: "Қазір нақты айта алмаймыз. Ақтөбеде бола ма, Ақтау не Шымкентте салына ма, әзірге белгісіз. Алдымен техникалық-экономикалық негіздеме жасалады. Соның негізінде жаңа мұнай өңдеу зауыты  қай өңірде салынатыны, жобалық қуаттылығы қандай болатыны, нендей өнім шығаратыны биылғы жылдың қазан-қараша айларында белгілі болады".  

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бірнеше жыл бұрын  төртінші мұнай өңдеу зауытын Ақтау қаласында салу туралы бастама көтерілді. Ақтау қаласының шикізат қорына жақын орналасқаны, дайын өнімді Маңғыстау мен Түркіменстан арасындағы теміржол арқылы Парсы шығанағы елдеріне, Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға, Ресейге, одан әрі Еуропаға, сондай-ақ темір жол арқылы көршілес жатқан Орта Азия елдеріне шығаруға болатыны бұлтартпас дәлел ретінде алға тартылды. Жадыларыңызды жаңғыртып отырғанымыздың себебі жоқ емес. Өйткені қазірдің өзінде министр Қанат Бозымбаевқа төртінші мұнай зауытын Батыс Қазақстан облысына салу туралы ұсыныс түсіп жатыр.

16 ақпанда БҚО әкімі Алтай Көлгінов  халыққа есеп берді. Осы жиынға қатысқан энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа өлкетанушы Жайсаң Ақбай есімді азамат: "Мұнай өңдеу зауыты бізде салынса халықтың тұрмысы түзеліп, жұмыспен қамтылу көрсеткіші артады", – дегенді айтты. Сөз арасында өлкетанушы 2 мыңыншы жылдың басында зауытты Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнының жанынан салу туралы бастама көтерілгенін еске салды.

Өз кезегінде Қанат Бозымбаев жергілікті тұрғынға: "Батыс Қазақстан облысына қатысты мәселеге келсек, Қарашығанақта "Конденсат" АҚ-ның қуаттылығы жылына 80 мың тоннадай өнім өндіретін жаңа зауыты бар. Алдағы екі-үш айдың ішінде дизель отынын шығаратын қондырғыны іске қосса, оны біз кестеге енгіземіз. Сол бағытқа мұнайды Атыраудан жіберетін боламыз. Сонда Батыс Қазақстан облысы да бензин, дизель отыны сынды өнімдермен қамтамасыз етілетін болады", – деп жауап берді.

Бұдан кейін министр төртінші мұнай зауытын салуға қатысты жұмыс тобы құрылғанын, инвестор тарту үшін жол картасы әзірленгенін тілге тиек етті. Алайда Қанат Бозымбаев төртінші мұнай өңдеу зауытына қанша қаржы жұмсалатыны жайлы тіс жарған жоқ.

Бүгінде сарапшылар жаңа зауыттың құрылысына 9 млрд  доллар қажет болуы мүмкін дегенді алға тартып жүр. Дегенмен бұл ресми ақпарат емес. Сондықтан әліптің артын бағып, қаржыға қатысты сұрақтың жауабын энергетика министрінің ресми мәлімдемесінен естіген абзал.

Айта кетейік, осыған дейін құрылысы аяқталып, жұмыс істеп тұрған еліміздегі үш МӨЗ-ді жаңғыртуға қазына қаржысынан 6,2 млрд доллар жұмсалды. Ал таяуда төртінші мұнай зауытының құрылысы 2019 жылы басталуы мүмкін деген сөз тарады. Негізі бұл зауыттың құрылысы 2019 жылы басталуы емес, аяқталуы тиіс еді. Себебі "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның қазіргі басқарма төрағасы, бұрынғы энергетика сонымен қатар мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев 2011 жылы осындай уәде берген болатын.

Ұмытпасаңыздар, төртінші мұнай зауытын салу туралы сұрақ күн тәртібіне 2018 жылдың 9 ақпанында президенттің пәрменінен кейін қайта қойылды. Негізі бұл мәселені елбасы осыдан 4 жыл бұрын көтерген. Ал жауапты тұлғалар жүрдім-бардымға салып, мәселенің соңын сиырқұйымшақтатып жіберген.

Айтпақшы сарапшылар былтырдан бері Қазақстанда төртінші мұнай зауыты салынса, ол шикізат тапшылығын бастан кешіруі мүмкін екенін айтып жүр.

"Тағы бір мұнай өңдейтін зауыт салынды делік, бірақ оған жеткізілетін шикі мұнайды қайдан алады? "ҚазМұнайГаз" барлау өндіру" АҚ жұмыс істейтін мұнай кеніштерінде мұнай жыл сайын азайып келеді. Оның үстіне миноритарлы акционерлері мұнай өңдеу зауыттарына жіберілетін мұнай бағасы қаншалықты әділ деген мәселе көтере бастайды. Қазақстандағы мұнай өндірісі Қашаған кеніші толық қуатына шыққан кезде және Теңіз бен Қарашығанақ жобалары ұлғайса ғана әрі қарай өседі. Ал ол жобалардың акционерлері өнімді кім қымбатқа алса, соған сатуға ерікті. Қазақстандағы жанармай бағасы әлемдік деңгейге жетпей мұнай өңдеу зауытында шикізат өңдеу оның иесіне экономикалық тұрғыдан тиімді емес, сондықтан мұнан кейін де бензин тапшылығы бола береді", – деген еді мұнай саласының зерттеушісі Олег Червинский.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу