Күшейтілген карантин кезінде атқарылатын іс-шаралар

1834

Антикризистік шараларға 5 трлн 938 млрд теңге қаржы бөлінген.  

Күшейтілген карантин кезінде атқарылатын іс-шаралар

Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов және Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев елде карантин режимі күшейтілген кезде қандай іс-шаралар жүзеге асып жатқанын мәлім етті. 

"Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын және жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы іс-шаралар атқарылды. Антикризистік шараларға 5 трлн 938 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 3 трлн 462 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 2 трлн 476 млрд теңгесі бюджеттен тыс қаражат көзінен алынды. "Еңбекпен қамту жол картасы" бағдарламасына 1 трлн теңге бөлінді. Бұл шара өңірлерде инфрақұрылымды жетілдіріп, 250 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бизнеске жылдық мөлшерлемесі 8%-бен, инвестициялық жобаларды жеңілдетіп қаржыландыруға 6%-бен несие беру үшін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына 1 трлн бюджет қаражаты қарастырылды. Табысынан айырылған 3 миллионнан астам азаматқа Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 370 млрд теңге бөлініп, ең төменгі жалақы – 42500 теңге берілді. 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу үшін 390 млрд теңге бюджеттен тыс қаражат қосымша бөлінеді", – деген Берік Шолпанқұлов, кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік берілген кезде азайған бюджет кірістерінің орнын толтыру үшін әрі барлық әлеуметтік міндеттерді орындау үшін де мемлекет тарапынан қомақы қаржы бөлінгенін айта кетті.

Сонымен қатар, COVID-19 эпидемиясымен күреске бюджеттен 191,9 млрд теңге жұмсалған.

"Бүгінгі күнге дейін пандемиямен күреске республикалық бюджеттен 191,9 млрд теңге жұмсалды. Оның 125 млрд теңгесі бюджетті нақтылау шеңберінде, ал 66,9 млрд теңге Үкімет резервінен бөлінді. Бұл қаражат нақты мақсатқа бағытталады. Мемлекеттік сатып алу сәтінен бастап, соңғы сатып алушының қолына тауар жеткенше қаражат бақылауда болады", – деді Берік Шолпанқұлов. 

Ал Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев пандемия кезінде елдегі экономикалық жағдайға баға беріп өтті. Оның айтуынша, қызмет көрсету секторының өсімі төмендегенімен, өнім өндіру саласы өз қарқынын сақтап қалған.

"Биылғы жылдың экономикалық болжамы сәуір айында нақтыланған болатын. Сол кезде жаһандық экономикада болып жатқан өзгерістерді есепке ала отырып, консервативті, өте ұстамды деректер берілген еді. Қазір коронавирус пандемиясының салдарынан әлем экономикасы соңғы 100 жылда болмаған ең ауқымды қысымды бастан өткеруде. Сауда соғыстары болып, протекционизм өршіді әрі энергия ресурстарының бағасы да құлдырап кетті. Соңғы бес ай нәтижесіне қарасақ, қызмет көрсету секторы 6,2%-ға кеміген, ал тауар өндіру өз қарқынын сақтап тұр. Өндіріс саласындағы өсім 4,8%-ды құрады", – деп айтып өтті вице-министр.

Ұлттық экономика вице-министрі карантин мен төтенше жағдай кезіндегі шектеулердің айырмашылығына тоқталып, жыл соңына қарай экономикада аздаған өсім болатынын болжады.
"Шектеу шаралары екі аптаға созылады. Төтенше жағдай режимімен салыстырғанда экономикалық жағынан өзгешелігі бар. Мысалы, теміржол тасымалы, әуе қатынасы, жүк көлігімен тасымал, құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Сондай-ақ, көлемі шағын азық-түлік емес дүкендер де жұмыс істеуде. Басқа да экономикалық айырмашылықтар бар. Белгілі бір қызмет көрсету көлемі сақталып қалды. Салықтан босату сынды көптеген қолдау көрсету шаралары үшін қосымша уақыт берілді. Мұндай жеңілдіктерді 1 қазанға дейін пайдалануға болады. Жалпы, қызмет көрсету саласы дамиды. Өндіріс секторының жоғары динамикасы байқалуда. Нәтижесінде жыл соңына дейін аздаған оң өсімге қол жеткізе аламыз деп айтуға негіз бар", – деді вице-министр.

Мәди Такиевтің мәліметінше, елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) көрсеткіші қазір -0,9%-ды құрайды. Алты айдың қорытындысы бойынша, қайта есептеу жүргізілмек.

Нұржан Көшкін

 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу