Құтырған шенеунікті құрықтайтын жаңа жаза енгізіледі

16469

Билік иесін аздыратын құзырлар шектелмек.

Құтырған шенеунікті құрықтайтын жаңа жаза енгізіледі

Шенділердің, бақылаушы-қадағалаушы органдардың қолында үлкен қолшоқпар бар. Олар оны тоқтаусыз қолданады. Салдарынан әлдебір бизнесмен зардап шегеді, тіпті әлдекімнің бизнесі жайрап қалады.

Осы орайда Президент Қ.Тоқаев билік тізгінін қолына ала сала, Үкіметке кәсіпкерлерді рейдерліктен, сондай-ақ құқық қорғау және бақылаушы органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауға бағытталған қосымша шаралар қабылдауды тапсырған. Атап өту керек, бұл міндет Мемлекет басшысының 2019 жылғы 10 қыркүйектегі №152 Жарлығымен бекітілген жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына 37-бөлім болып кірді.

Содан бері бұл істің көп ілгерілегені шамалы.

Мысалы, тексеру құқығы бар органдардағы шенеуніктер шектен шықпауы үшін әкімшілік құқық бұзушылық саласында кәспкерлерді биліктің заңсыз әрекеттерінен қорғайтын қосымша заңнамалық шаралар қолға алынуы қажет-ақ.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов кейінгі екі жыл түгіл, соңғы бесжылдықта да "айта қоярлық өзгеріс жоқтығын" мәлім етті.

"5 жыл ішінде тексерулер мен бизнеске қойылатын талаптарды қысқарту, кәсіпкерлердің шығындарын төмендету бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Бірақ өкінішке қарай, проблема мен шағым саны төмендер емес. Мемлекеттік машина жыл сайын бизнеске қойылатын жаңа талаптарды енгізеді. Бүгінде олардың нақты санын ешкім білмейді, 2019 жылы "Атамекен" ҰКП Үкіметпен бірлесіп талаптарды санап, қысқартуға тырысты. Біз 30 мың 500 талапты анықтадық, 13 мыңға дейін қысқарттық. Бірнеше жыл қатарынан тексерулерді автоматтандыруға тырысып келеміз. Мемлекеттік органдардың қоятын талаптарын толық пысықтап алмай, цифрландыруды бастап кеттік. Хаосты цифрландырамыз деп, ақыры цифрлық хаосты туындаттық", – дейді ол.

Ол белгілі бір кәсіпкерлер тобы жылда қайта-қайта тексеріле беретінін айтады. Құқық бұзушыларға баса назар аударып, соларға екпін түсіру жоқ. Өйткені есеп беру және тексеру жүйелері өзара біріктірілмеген.

"Сонымен қатар, аса маңызды "тәуекелдерді басқару жүйесі" бойынша тағайындалатын тексерулер саны бізде жылдан жылға азайып келеді: 2016 жылы тексерулердің 43%-ы және 2018 жылы 37%-ы ғана соның үлесінде. Ал дамыған елдерде керісінше, бұл көрсеткіш үлесі 90–95%-ды құрайды. Мемлекеттің реттеушілік саясаты іс жүзінде бизнеске деген сенімге негізделмеген. Меморгандар барлық проблеманы реттеуге тырысады. Осыдан барып бизнестің мемлекетке деген сенімсіздігі туындайды", – дейді омбудсмен.

Бизнес нысандарын тексеруге құмар шенеуніктерді құрықтайтын басты екі бап бар, оның өзі Қылмыстық кодексте емес, Әкімшілік кодексте. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде "Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзу" деген 175-бап және "Жеке кәсіпкерлік субъектілерін бару арқылы бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын негізсіз жүргізу" деп аталатын 175-1-бап күшінде.

Оның екеуі де заңды қайтара бұза беретін шенділерге бар-жоғы 25 АЕК айыппұл салуды қарастырады. Яғни, жеңіл құтылады.

Мәжіліс қарастырып жатқан жаңа заң жобасы да жұмсақ: "Прокурордың қаулысын және оның заңды талаптарын орындамау, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, 15 АЕК айыппұл салуға алып келеді", – делінген онда. Егер құзыр-шоқпарлы шенеунік кәсіпкерге қатысты 1 жыл ішінде заңсыз әрекетін қайталап жасаса, жазасы 30 АЕК-ке дейін ғана өседі.

Ал Тоқаев болса, былтырғы қыркүйектегі соңғы жолдауында "прокуратура қадағалауын азаматтар мен бизнес жүгінетін проблемаларды тиімді шешуге қайта бағдарлауды" жүктегені есте: "Шенеуніктер заңсыз қысым жасаса, кәсіпкерлер батыл түрде прокуратура органдарына жүгінуге тиіс" деп атап өтті ол.

Жүгінгеннің өзінде кәсіпкердің қол жеткізетіні – билік өкіліне 15 АЕК айыппұл салғызу болмақ. Мұның салдары бизнесменнің өзіне ауыр тиюі мүмкін: өшіккен билік өкілі оны банкрот етпей тоқтамауы ғажап емес.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, шенеуніктер әкімшілік жазадан да оңай құтылып кетеді.

"Көп жағдайда бұл баптардың тиімділігі жоққа шығарылады. Тексеру нәтижелеріне шағымдану процесі ұзақ уақытты алады. Нәтижесінде бақылау-қадағалау органдарының лауазымды адамдарын жауаптылыққа тарту мерзімі ескіріп қалады да, қудалау аяқталады. Себебі, Әкімшілік кодексінің 62-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі – бар-жоғы 2 ай! Бұл сайып келгенде, лауазымды адамды әкімшілік жауаптылыққа тартудың мүмкін болмауына әкеп соғады", – деп мойындайды депутат Гүлнар Бижанова.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, 20%-дан астам жағдайда кәсіпкерлердің шағымы болғанына қарамастан, жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты заңсыз тексерулері үшін шенеуніктер үстінен әкімшілік іс қозғалмайды.

Мысалға, 2019–2020 жылдары прокурорлар бизнесті тексеру тәртібін нақты бұзудың 943 өрескел фактісін әшкерелепті. Бірақ олар бойынша небары 14 мемлекеттік қызметші ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. "Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты" қалған кінәлілерді жауапкершілікке тарту мүмкін болмапты.

Сондықтан жаңа заң жобасында "мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша анықталған құқық бұзушылықтар үшін жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартудың" ескіру мерзімін қазіргі 2 айдан 1 жылға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сонда бизнесін жарға жыққандарды жазалап, шамалы болса да әділдікке жету үшін кәсіпкерлерде көбірек уақыты болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу