Күзде Ресейде "дефолт" болса, Қазақстанның жағдайы не болмақ

6748

Ресейде тарап жатқан қауесетке сарапшылар баға берді, деп жазады Inbusiness.kz.

Күзде Ресейде "дефолт" болса, Қазақстанның жағдайы не болмақ

"Ресейлік банктер дайындалуда..."

Солтүстік көршінің ақпарат құралдары Ресейдің ірі банктерінің біріндегі кеңесте күздегі дефолтқа дайындық мәселесі талқыланғаны туралы мәліметті таратты. Тағы бір дерекке сенсек, Мәскеуден Екатеринбурге, ірі банкке хат түскен, онда да күзде болуы ықтимал дефолт кезінде не істеу, клиенттерге қатысты қандай қам-қарекеттер жасау керектігі туралы нұсқаулық болған-мыс. Бұл ретте РФ экономикасының күйреуіне "жергілікті халықтың шектен тыс кредит батпағына батқаны және Ресейдегі инфляцияның қарқын алуы себеп болады" деген жорамал келтірілуде. Әрине, бұл ақпаратты Мәскеу әзірге ресми растаған жоқ.

Көршінің экономикасы Қазақстанға да, еуразиялық одаққа да ықпал ететіндіктен, еліміз құр қарап отырып, қапы қалмағаны абзал. Бірақ бұл гу-гу сөз қаншалықты шындыққа жанасады? Біз алдымен, ресейлік белгілі экономист, тәуелсіз қаржылық сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Константин Селяниннің пікіріне құлақ салдық. Ол мұндай болжамдар негізсіз емес деген пікірде.

Экономистің байламынша, дефолт ресейлік азаматтардың банктер алдындағы міндеттемесін жаппай орындай алмай қалуымен байланысты болуы ықтимал: "қазірдің өзінде соның алғышарттары түзілуде, ал күзге қарай немесе одан кейін ресейліктер өз кредиттерінің төлемін төлеуден бас тартуға мәжбүр болуы ғажап емес".

"Ресейлік банктер сөзсіз, қазірден дефолтқа дайындалуда. Қаржылық ұйымдар кез келген тәуекелді ескеріп, әзір отыруы қажет. Банктер тұтынушылық несиелер, яғни нақты кепілдемемен қамтамасыз етілмеген заемдар бойынша талаптарын қатайта бастады. Нәтижесінде, несиенің бұл түрінің өсу қарқыны бәсеңдеді. Алайда Ресейде ипотека ғаламат серпін алып, фантастикалық рекорд орнатты. Мысалы, 2020 жыл қорытындысында 4,3 триллион рубльге тұрғын үй несиесі алынған. Бұл коронавирус пандемиясына дейінгі 2019 жылғыдан 51%-ға көп. Мемлекет ипотекаға мемқолдау көрсетіп, кредит ставкасын 6,5%-ға дейін түсірді. Бұл теңдессіз өсімге әкелді. Биылғы жыл басталғалы ресейліктер 10 триллион рубльден астам ипотекалық және тұтынушылық кредит алып үлгерді. Сонымен бірге ресейліктердің табысы құлдырауда, мұны Росстат растады. Егер адамның табысы төмендесе, ал банкке төлемі өсе берсе, ол күндердің бір күнінде төлем жасауға қабілетсіз болады. Бұл құбылыс жаппай сипат алса, оны дефолт дейді", – деді К.Селянин.

"Мемлекеттің дефолтқа ұшырауына негіз жоқ"

Тәуелсіз қаржылық сарапшының хабарлауынша, "ипотекалық бум" бүкіл Ресейде жылжымайтын мүлік бағасының қымбаттауына соқтырған: орта есеппен 8%. Мәскеуде одан да жоғары – былтыр 16%-ға, биыл 19 пайызға қымбаттады.

"Ресейде биылғы қыркүйекте МемДума сайлауы өтеді. Билік оған баса мән беріп отыр. Сондықтан дефолтқа жол бермеу үшін Үкімет былтырғыдай жарты жыл "кредиттік каникул" жариялап, ипотека төлемін кейінге қалдыруы, халыққа есін жиюға мұрша беруі мүмкін. Бірақ ол қарыз ешқайда кетпейді, бәрібір ары қарай төлеуі керек. Оның үстіне "кредиттік каникул" кесірінен халыққа несиені артығымен және көбірек төлеуге тура келеді. Мұндай каникулдар Ресейде "ақылы". Дефолт болмауы үшін ресейліктер жылдам қарқынмен байи бастауы керек. Әзірге, біз мұны байқамай отырмыз", – деді Константин Селянин.

Дегенмен, ресейлік экономистердің тағы бір тобы бұл болжамның салмақты негізі жоқ деп санайды: Ресейдің үлкен резервтік қоры бар, ал бюджеттік дефициті өзге елдермен салыстырғанда көп емес. "Finam" компаниялар тобының аналитигі Алексей Коренев жаппай дефолт туралы айтуға ерте деді.

"Мәселе нақты құнды қағаз түрлеріне – банктердің облигацияларына, федералдық заем облигацияларына (ОФЗ) қатысты болуы мүмкін. Адамдар болса, дефолтты валютаның девальвациясымен шатыстырады. Мысалы, дефолт болса, рубльдің долларға шаққандағы бағамы құлдырайды деп ойлайды. Валюта бағамына басқа факторлар әсер етеді. Бүгінде Ресейде дефолттың айтарлықтай алғышарттары жоқ. Бізде алып резервтік қор бар, бюджет тапшылығы сонша үлкен емес. ОФЗ ахуалын да жаман деуге болмайды. Әрине, оларды нарыққа шектен тыс шығарды, әйтсе де облигациялардың табыстылығы орта есеппен  жылдық 6,5%-ды құрайды", – деді А.Коренев.

Алайда оның тұжырымдауынша, Ресейде экономикалық түйткілдер шешілмей, қордаланып жатыр. Проблема да сонда.

"Эксперт РА" рейтинг агенттігінің болжамынша, биыл Ресейде барлық банктердің 9%-ы немесе 33 банк дефолтқа ұшырауы мүмкін.

Жүздеген миллиард ақша қайда кетуде?

Қазақстандық сарапшы ресейлік әріптестерімен ішінара ғана келіседі. Экономист Марат Ерғозин ресейлік банктер жаппай дәрменсіз жағдайға жетсе, оның рубль бағамына әсер етпей қоймайтынына назар аудартты.

"Себебі, инвесторлар салымын әкете бастайды. Ресейдің құнды қағаздары жаппай кері сатылуы ықтимал. Халықаралық рейтинг агенттіктері де ресейлік банктердің, ізінше Ресейдің өзінің рейтингін төмендетуі мүмкін. Мысалы, 2011 жылы Франция дамыған елдерге ғана берілетін ең жоғарғы рейтингтен – ААА-дан айырылып қалды. Өйткені дағдарыс кесірінен француз банктері өте ірі көлемде рекапитализацияны қажет еткен", – деді қазақстандық сарапшы.

Ол республикамыздың экономикасын назардан тыс қалдырмай, проблемалардың түп-төркініне үңіліп отыру қажет деген байлам айтты. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлметінше, қазақстандықтарға биылғы жартыжылдықта 1,1 триллионнан астам зейнетақы төленді. 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай  бойынша жыл басынан бері 164,4 мың аз қамтылған отбасыға 122,8 миллиард теңге көлемінде АСП, яғни атаулы әлеуметтік көмек төленген. Мұның сыртында азаматтарға өзге де жәрдемақылар берілді. Халық содан неге байымады?

"Осы миллиардтардың көбі аз қамтылған отбасылардың қалтасында қалған жоқ. Олар оның үлкен бөлігін пәтер сатып алуға салды. Біразы бастапқы жарнасын төлеп, ипотека алды. Сөйтіп, жаңа қарызға батты. Ал миллиардтар құрылыс компанияларына, үй жөндеу жұмыстарын жүргізетін фирмаларға, жиһаз, түсқағаз, есік және басқа да шетелден тасылатын өнімдерге ағып кетті. Оның үстіне тұрғын үй бағасы өсті. "Шаңырақ" (5-10-20) бағдарламасы аясында бізде де аз қамтылған отбасыларға арзан ипотека берілгенімен, баспана бағасының өсуі сол жеңілдікті "жеп" қойды. Яғни, жаңа кредит алғандардың жағдайы нашарлай түспесе, жақсара қойды деп айту қиын", – дейді сарапшы.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, еліміздегі тұрғын үй нарығындағы баға 2021 жылы жаңа салынған үйлерде 8,3 пайызға, ал қайталама нарықта 13,3 пайызға қымбаттапты. Бағаның шарықтауы былтырдан бері жалғасуда екен: 2020 жылы баспана жаңа тұрғызылған тұрғын үйлерде 5%-ға, "абаттандырылған тұрғын үйлерді алып-сату" нарығында 13,2%-ға жоғарылаған.

Экономист Қазақстанда жағдай Ресейдегіден ерекшеленетінін және әлдеқайда жақсырақ екенін алға тартты. Ұлттық қорымыз талай дағдарыстан құтқарып келеді. Бірақ сақтық танытқан, алаңсыз отырмай, әбжіл әрекет еткен жөн.

Төрт күн бұрын Қазақстанда тағы бір банк – "Capital Bank Kazakhstan" лицензиясынан айырылды. Биылғы жылдың төрт айында корпоративтік салымдар портфелі бойынша тек 7 банк қана табысын молайта алған. Ал 18 банк "минуске" кетті. Корпоративтік салым портфелдерінің күрт кемуі кәсіпкерлік нысандарының дағдарысты жағдайынан хабар береді. Елде тіркелген 463 мың кәсіпорынның 335,2 мыңы ғана жұмыс істеп тұр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу