Күзеттің өзіне күзет керек болып тұр

10446

Жеке күзет ұйымдарының қызметкерлері өзге өңірге барғаны туралы полицияға хабарлауға міндеттелмек.

Күзеттің өзіне күзет керек болып тұр Фото: gov.kz

Қазақстанда күзет қызметтерінің қалай "тиімді" жұмыс істейтінін 2022 жылғы қаңтар оқиғалары паш етті. Алматы қаласын, жалпы, оншақты өңірді жайлаған бейберекетсіздікті пайдаланған мародерлар банктерге, дүкендерге, үлкен сауда орындарына бұзып кіріп, жаппай тонап жатқанда, олардың күзетіне жауап беретін жеке ұйымдардан көп көмек болмаған, қорғауға жедел ұмтылмаған.

Сондықтан бұл сала қайта құруды, реформалауды қажет етеді. Осы орайда Парламенттің бір топ депутаты "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірлеген еді. Алайда құжат әлі күнге Мәжілістің талқылауынан аса алмай, сүріленіп жатыр. Дегенмен, сарапшылар оның келесі жылы қабылдануынан үмітті.

Қозғалыс бар: Ішкі істер министрлігі мүдделі кәсіпкерлік субъектілерінің, салалық қауымдастықтардың, "Атамекен" палатасының өкілдерін жиып, заң жобасының қоғамдық талқылауын өткізді. Қатысушылар тарапынан ескертпелер мен ұсыныстар түспепті.

Ішкі істер министрлігі сарапшыларының түсіндіруінше, қолданыстағы мемлекеттік бақылау жүйесі күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілердің өздеріне қойылатын барлық талаптарды сақтауын толық көлемде бақылауға мүмкіндік бермейді.

"Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кез келген жеке күзет ұйымы (ЖКҰ) әділет органдарында заңды тұлға ретінде тіркелсе және елдің қандай да бір өңірінде лицензия алса болды. Содан кейін ол Қазақстанның кез келген өңірінде, мысалы, Астанаға келіп, қызметін жүзеге асыра береді. Қалада не облыста өзге өңірдің күзет ұйымы қызметін бастағанынан жергілікті полиция да хабарсыз болады, себебі, ішкі істер органдарының жергілікті бөліміне хабарлау туралы талап жоқ. Заңнамадағы бұл олқылық бақылау субъектісінің бақылаушы органның назарынан тыс қалуына және күзет қызметі саласындағы заңнаманы бұзуына ықпал етеді", – деді ІІМ сарапшылары.

Сондықтан жаңа заң жобасында жекеменшік күзет ұйымдарына жаңа міндет жүктеу ұсынылып отыр. Ол бойынша ЖКҰ-лардан өз қызметін уақытша тоқтатса, немесе қайта жандандырса, сондай-ақ өзі заңды тұлға ретінде тіркелген орнынан тыс шығып, өзге өңір-қалаларда қызмет көрсете бастаса, бұл жағдайда полицияның аумақтық бөлімін дереу хабардар ету талап етілмек.

Осылайша, жаңа заң жобасының "Күзет қызметін жүзеге асыру тәртібі" атты 15-бабына сәйкес келесі норма ұсынылады: "5. Жеке күзет ұйымдары өз қызметін тоқтата тұрған немесе қайта бастаған, сондай-ақ күзет қызметтерін заңды тұлға тіркелген жерден тыс жерде көрсеткен жағдайларда күзет қызметтерін көрсеткен немесе тоқтатқан күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органның аумақтық құрылымдық бөлімшесінің атына еркін нысанда тиісті хат жіберуге міндетті".

Бастама авторларының бірі мәжілісмен Магеррам Магеррамов мұндай заңнамалық түзету Мемлекет басшысының 2022 жылғы 9 тамыздағы тапсырмасы аясында әзірленгенін жеткізді. Жекеменшік күзет ұйымдары тіркеуден өтіп, лицензия алғаннан кейін полиция департаменттерінің күзет қызметін бақылау жөніндегі аумақтық бөлімшесіне хабарламай-ақ, өз қызметін кез келген өңірде жүзеге асыра алады. Мұның проблема екені айтылды.

Оның үстіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес, күзет қызметімен айналысу құқығына лицензия шектеусіз мерзімге (мәңгілікке деп оқыңыз) беріледі және оның күші Қазақстанның бүкіл аумағында қолданылады. Бұл қағидаттан мемлекет бас тартпайды, ары қарай да солай болып қалмақ. Бірақ ЖКҰ-лардың қызметі мен жүріс-тұрысын полиция барынша жіті қадағалауға алады. Мысалы, мұндай фирма өз қызметкерін қызмет бабымен өзге өңірге жіберсе, бұл жөнінде де полицияның білгені жөн.  

"Мысалы, 2019 жылғы 29 маусымда Атырау облысындағы "Теңіз" кен орнында жаппай тәртіпсіздіктер болды. Осыған байланысты жоғарыдан Атырау облысының Полиция департаментінен осы кен орнын қанша және қандай күзет қызметі субъектілері күзететіні туралы алдын ала ақпарат сұралған. Ұсынылған ақпараттан белгілі болғандай, кен орнында тек 4 жеке күзет ұйымы жұмыс істейді. Алайда Ішкі істер министрлігі профилактикалық бақылау жүргізу барысында "Теңіз" кен орнының аумағында іс жүзінде елдің басқа өңірлерінде тіркелген күзет қызметінің 14 субъектісінің қызмет жүргізетінін анықтады", – дейді мәжілісмен.

Басты кеңсесі, тиісінше, негізгі базасы мен ресурстары өзге өңірлерде орналасқандықтан, бейберекетсіздіктің алдын алуда олардан көп қайыр болмаған.

"Күзет қызметі субъектілерінің заңнама талаптарын сақтауына, оның ішінде ЖКҰ басшылары мен күзетшілерінің біліктілік талаптарына сәйкестігіне тиісті мемлекеттік бақылаудың болмауы көрсетілетін күзет қызметтерінің сапасына да теріс әсер етеді. Салдарынан, қалыптасқан жағдай болашақта да қоғамдық тәртіптің жаппай бұзылуына және күзетілетін объектілерде жұмыс істейтін қызметкерлерге қатысты қылмыстардың жасалуына, оларға қауіп төнуіне әкеп соғады. Бұдан басқа, бақылаушы органның назарынан тыс қалған күзет фирмаларының қызметкерлері ауыр қылмыстар жасап жатыр", – деді депутат Магеррамов.

Олардың өзі күзететін объектінің мүлкін ұрлауы не зақым келтіруі деректері жылда кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан "Степноишим тәжірибелік станциясы" ЖШС-інен аса ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін "Аслан А-Секьюрити" фирмасының күзетшісі Сәдуақасов ұсталды. Бұл фирма Ақмола облысының Көкшетау қаласында тіркелген және СҚО полиция департаментінің есебінде болмай шықты.

Депутаттардың айтуынша, қолданыстағы заңнамадағы осы және басқа олқылықтар мен кемшіліктер күзет фирмаларының ойына келгенін істеуіне мүмкіндік береді. Бұл жерде осындай фирма қызметкерлеріне қызметтік қаруды қолдануға рұқсат етілгенін ұмытпаған жөн. Яғни, оның бір өкілі кез келген өңірге барып, кез келген адамды "қауіп төндірді" деп атып тастаса, ешкім қой дей алмайды. Ендеше, мәжілісмендердің байламынша, оларға қатысты мембақылаудың босаңсығанының өзі қауіпті.

"Өз кезегінде, уәкілетті аумақтық органда, полицияда сол территорияда әрекет етіп жатқан қандай да бір күзет фирмасы туралы ешқандай ақпараттың болмауы күзет қызметі саласындағы заңнаманың бұзылуына әкеп соғады және өңірлерде де, жалпы ел бойынша да құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйіне теріс әсер етеді. Осыған байланысты, жеке күзет ұйымдарын уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің атына тіркелген жерінен тыс жерде күзет қызметтерін көрсететіні туралы тиісті хат жолдауға міндеттеу қажет. Олар ұйым басшысының мөрі мен қолы қойылған фирмалық бланктегі тиісті хатын қағаз нысанда немесе электрондық поштаға жібере алады. Мұнда тұрған еш қиындық жоқ", – делінген бастамашы депутаттардың түсініктемесінде.

Айта кету керек, күзет фирмаларына қатысты бұл түзету бұрын "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында пысықталды. Бірақ оған кірмей қалыпты. 2024 жылдың ақпан айында Президент Әкімшілігі тарапынан, сондай-ақ Премьер-министр қол қойған Үкімет қорытындысы аясында бастама еш ескертпесіз келісілді.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, жыл сайын жеке күзет фирмаларының қызметкерлері жасаған 500-ге дейін қылмыстық және әкімшілік іс тіркеледі. Істер саны жыл сайын артып келеді.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада 4 051 жеке күзет ұйымы тіркелген. Бұл фирмаларда 99 329 күзетші жұмыс істейді. 1 547 ЖКҰ-ның 22 мың 164 қызметтік қаруы бар. Тұтас арсеналға ие екені байқалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу