Квазимемлекеттік сектор да мемлекеттік тілге көшуі керек

2306

Қазақша білу туралы жаңа талап барлық шенеунікке жетпейтін болды. 

Квазимемлекеттік сектор да мемлекеттік тілге көшуі керек

Қазіргі кезде ресми дерек бойынша мемлекеттік қызметшілердің небәрі 20-25%-ы ғана мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Осыдан үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 16,8%-ды құрады. Яғни серпінді өсім бәрібір жоқ.

Қазақстандағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, "Қазтест" жүйесі бойынша ұлттық стандарт негізінде анықталатын В2 деңгейінде қазақ тілін жақсы білетін шенеуніктердің үлесін 2022 жылы – 30%-ға, 2023 жылы – 35%-ға, 2024 жылы – 40%-ға, ал 2025 жылы – небәрі 45%-ға жеткізу жоспарланған. Бұлай бара берсе, барлық шенеунік мемлекеттік тілді білуі үшін тағы 30 жыл жетпеуі мүмкін.

Бірақ бұл істің ілгерілеуіне Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әзірлеген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы тың түрткі болуы мүмкін.

Агенттік шенділердің қазақша білмеуі және мемлекеттік тілде үзіп-жұлып, шалдыр-шатпақ сөйлеуі биліктің беделін түсіргенін мойындады.

"Халықтың мемлекеттік аппаратқа қарым-қатынасы көбінесе мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне және билік органдарынан алынған ақпаратқа байланысты. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын қоғамдық мониторингілеу нәтижелері көрсеткендей, азаматтардың 8%-ы тілдік кедергіге байланысты мемқызметті лайықты ала алмаған", – деп хабарлады агенттік.

Алайда шенеуніктердің тіл білмеуіне байланысты оның қызметіне қанағаттанбаған адамдар саны іс жүзінде әлдеқайда көп болса керек.

Жаңа талап қазіргі шенеуніктерге қолданылмайды

Қолданыстағы заң бойынша тек "Б" корпусының лауазымына үміткерлер ғана мемлекеттік тілді білу деңгейі сыналатын тестілеуден өтеді. Бұл талап министрлер мен вице-министрлерге, әкімдер мен орынбасарларына, агенттік басшыларына және "А" корпусындағы басқа да саяси қызметкерлерге таралмайды. Нәтижесінде, бүгінде мемлекеттік тілді білмейтін министрлер бар.

Сонымен бірге төмен тұрған "Б" корпусындағы шенеуніктердің сынағы да көзбояуға көбірек ұқсайды. Себебі оларға арналған мемлекеттік тіл бойынша тестілеудің шекті мәні жоқ. Шектеу болмаған соң бұл тестілеудің еш мәні қалмайды.

"Салдарынан қазіргі уақытта "Б" корпусының лауазымына кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша ешқандай талап қойылмайды. Мысалы, мемлекеттік тіл тестілеуінің қорытындысында үміткер 0 бал алса, сынақтан құламайды, ол бәрібір іріктеудің келесі кезеңдеріне жіберіледі", – деп түсіндірді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.

Дегенмен тіл саясатын іске асырудың мембағдарламасында осы агенттікке 2025 жылға дейін "Қазтест" жүйесінде шекті мәндерді белгілей отырып, "Б" корпусының лауазымына үміткерлерді жаңаша тестілеуді енгізу жүктелді.

"Бұл ретте ең төменгі шекті мәндер тікелей халыққа мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысатын "Б" корпусының лауазымдарына кандидаттар үшін ғана қолданылатын болады. Осыны негізге ала отырып, мемлекеттік қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді міндетті түрде білу шегін белгілеуге болады деп санаймыз. Қолданыстағы заңнамада мемқызметшілерге мемлекеттік тілді еркін меңгеру бойынша талаптар көзделмеген. Сондықтан қазақ тілін білу талаптарын "Мемлекеттік қызмет туралы" және "Қазақстандағы тілдер туралы" заңда да қарастыру қажет болады", – деп мәлім етті мемқызмет ведомствосы.

Әйтсе де, бұл бастаманың бірнеше солқылдақ тұсы бар. Біріншіден, мемлекеттік тілді меңгеру талабы қазіргі шенеуніктерге қатысты болмайды.

"Жалпы "Құқықтық актілер туралы" заңды негізге ала отырып, осы талаптар өз лауазымына жаңа заң күшіне енгенге дейін тағайындалған мемқызметшілерге қолданылмайды. Яғни бұл талаптардың күші іс басындағы мемлекеттік қызметшілерге емес, алғаш рет мемқызметке тұрушыларға ғана таралатын болады", – деп атап өтті агенттік.

Екіншіден, өзге этностар шоғырлана өмір сүріп жатқан жерлерде шенеуніктерден қазақ тілін білу қатаң талап етілмеуі мүмкін. Өйткені жаңа заң жобасының тұжырымдамасында: "мемқызметшілердің қандай да бір тілді қолдану белсенділігі көбінесе оның қызмет саласына және ол жұмыс істейтін аймаққа байланысты болады. Біздің ойымызша, тілді еркін меңгеру талаптарын енгізу кезінде бұл ескерілуі керек" деген ескертпе жазылған.

Мемфункциялармен бірге мемлекеттік тілді білу талабы көшуі керек

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл мұндай талап тек мемқызметшілерге ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен мемфункцияларды атқаратын жеке ұйымдар өкілдеріне де қойылуға тиіс деген пікір айтады.

"Өйткені қазіргі кезде мемлекет экономикаға қатысуын күрт азайтуда, көптеген мемлекеттік функциялар өзін-өзі реттейтін ұйымдарға, мемкәсіпорындарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тапсырылуда. Демек бұқараға да, бизнеске де енді соларға жүгінуге тура келеді. Ал бұл сала қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді жете меңгермегендер жетерлік. Өңірлерге сапарымызда, көшпелі отырыс кезінде солардың өкілдерімен кездесеміз, сонда біраз маманы қазақша екі сөздің басын құрап айта алмайтынын байқаймыз. Олар да бірте-бірте меморгандар секілді іс-қағаздарын толық мемлекеттік тілде жүргізуге көшуі қажет", – деді депутат.

Ол қоғамда қазақтілділер қатары басым екеніне назар аудартты. Демек халықтың шабына от салғандай болып, шамына тие бермеген жөн.

"Мемлекеттік қызметтің өзінде мемлекеттік тілді еркін меңгергендер аз, үштен біріндей ғана. "Қазтест" бойынша тестілеуді де, тіл бойынша талапты да күшейту керек деп біз Парламентте біраз жылдан айтып келеміз. Егер шенеуніктердің 80 пайыздайы мемлекеттік тілде еркін сөйлесе, мемлекеттік қызметте тіл бойынша өзіндік "ұжымдық иммунитет" қалыптасар еді, яғни қалған азшылық топтан шет қалмау үшін өзі-ақ тілді үйренеді. Оған жету үшін талап күшейтілгені жөн", – деді Б. Смағұл.

Парламентарийдің пікірінше, мемлекеттік қызметшілердің және мемфункциялар жүктелген өзге де тұлғалардың қазақ тілін білмеуі тіпті халыққа қатер төндіруі, зиян келтіруі мүмкін. Қарапайым мысал: таяуда Алтай ауданының төтенше жағдайлар басқармасы "Назар аударыңыз! Ұлы газ!" деп материал жариялапты. Әрине, ол көміртекпен күрес аясында көмірдің орнын басып жатқан көгілдір отынның "ұлылығына" арналмаған. ТЖ органының не айтқысы келгенін тек "Внимание! Угарный газ!" деген орысша нұсқасынан ғана ұғасыз.

Ал Энергетика министрлігі таяуда "СМГ елдеріне берілген көліктер саны" деп ақпарат таратты. Өкінішке қарай нақты ақпарат алу үшін тағы да орысша "түпнұсқасына" жүгінуге мәжбүр боласыз. Себебі бұл "количество автотранспорта, переведенного на СНГ (сжиженный нефтяной газ) дегенді білдіреді. Бірақ қазақша бүкіл мәтінде сұйытылған мұнай газы деудің орнына "СМГ елдері" деп берілген.

Тере берсе, меморгандар тарататын қазақ тілді мәтіндерде мұндай орашолақ орамдар, түсініксіз тіркестер өріп жүр. Салдарынан биліктің өзі мемлекеттік тілдің қадірін түсіріп, қазақ тілінде шындыққа жанаспайтын ақпарат тарататыны, қазақ тілділерді жаңылыстыратыны жасырын емес.

Саясаттанушы Оразғали Селтеев журналистерге сұхбатында еліміздің басқарушылық элитасы өзі бастап, қазақ тілді ортаны түзуге кіріспесе, мемлекеттік тіл өз мәртебесіне сай дамымайтынын жеткізді. Сол себепті мемлекеттік қызметке орналасқысы келетіндер үшін тіл бойынша өзіндік сүзгі енгізілгені абзал.

"Кезінде Алаш арыстары еліміздің азаттығы үшін алысып қана қойған жоқ, сонымен бірге қазақ тілі мемлекетті басқару ісіне толық сай келуі үшін тіл реформасын қатар жүргізуге де баса мән берді. Әліпби-алфавит жасап, шетелдік терминдерді аударды, оқулықтар жазды. Қазір тәуелсіздігіміз бар. Енді тілді дамыту үшін күрескеніміз маңызды. Бұл бағытта екі бағыттан – жоғарыдан да, төменнен де қуатты қозғалыс болғаны қажет. Төменнен дегеніміз – барлық балабақшалардың жас ұрпақты тек қана қазақ тілінде тәрбиелеуіне бірте-бірте көшуіміз керек. Жоғарыдан дейтініміз – мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді қолдану өрісі қарқынды кеңейе беруге тиіс. Тек сонда ғана қазақ тілін өркендете аламыз. Басқаша болмайды", – деді сарапшы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу