Квазимемлекеттік сектор жоғары жалақыдан, бонустардан айрылуы мүмкін

5332

Мемлекеттің 50% және одан көп үлесі бар АҚ, ЖШС-лар шенеуніктер мен олардың туыстары үшін табысты жұмыс тауып беретін орынға айналды. Оларда енді тәуелсіз директорлар саны көбейеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Квазимемлекеттік сектор жоғары жалақыдан, бонустардан айрылуы мүмкін Фото: google.com

Мемлекеттік органдардағы шенеуніктер, әкімқаралар – халық жалдаған қызметшілер. Оларға бюджеттен мол шығын шығарылады, жалақы төленеді. Сондықтан министрлікке, әкімдікке және басқа мемкеңселерге барған азаматтарға мемлекеттік қызметтер тегін көрсетілуге, бір тиын ақша талап етпеуге тиіс. Бірақ олай емес. Билік органдары халыққа қаншама мемқызметті тек ақылы негізде көрсетеді. Осы мақсатта шенділер қаптаған мекемелер, кәсіпорындар, ұлттық компаниялар, холдингтер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрып алған.

Құзырлы органдар анықтағандай, осы квазимемлекеттік сектор бизнестің дамуына да кедергі келтіріп отыр: мемлекетке жанама ғана бағынатын, бірақ түрлі сылтау тауып, тіпті дивидендін де бюджетке аудара бермейтін осы "көзбояу" мемлекеттік ұйымдар монополист рөліне ие болып, өзі жұмыс істейтін сегментке кәсіпкерлерді жібере бермейді, бәсекелестіктің өрістеуін тежейді. Квазимемсеторға қатысты осы және басқа қордаланған мәселелер Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік секторды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына арналған талдауда ашық айтылды.

Құзырлы органдар бұл секторға қатысты түрлі тексерістер жүргізуде. Мысалы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің хабарлауынша, елордада акцияларының, жарғылық капиталға қатысу үлестерінің 50%-ынан астамы мемлекетке тиесілі 10 мемкәсіпорынға, заңды тұлғаларға және олармен үлестес ұйымдарға мониторинг жүргізілді.

"Мониторинг қорытындысында, департамент Астана қаласы әкімдігінің "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының "ақылы негізде арнаулы әлеуметтік қызметтердің қосымша көлемін көрсету" жарғылық қызметін және экономикалық қызмет түрлері болып табылмайтын тағы 13 қызметті көрсетуі монополияға қарсы органмен келісілмегенін әшкереледі. Яғни, Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы аталған кәсіпорын қызметінің түрлерін антимонополиялық органмен келіспеген. Сондықтан департамент бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарды. Нұсқаманы орындау үшін "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жарғысынан монополияға қарсы органмен келісілмеген қызмет түрлері жойылды", – деп хабарлады астаналық антимонополиялық орган.

Бір ғана қаладағы бір ғана кәсіпорыннан осынша бұзушылық табылған. Ал бүкіл елде, әрбір өңірде қанша мың жөнсіздік фактісі орын алған? Құзырлы органдарға білдірмей, азаматтардан, бизнестен тып-тыныш қана ақша жинап отырғаны қаншама.

Ұлттық экономика министрлігі ел Президентінің тікелей тапсырмасымен квазимемлекеттік секторға (КМС) түгендеу жүргізу барысында біраз былықты анықтады. Бүгінде оларды жою үшін пәрменді тетіктер мен тың өзгерістер пысықталып жатыр.

"Қазақстанда КМС субъектілерін басқарудың бірыңғай саясаты жоқ. Яғни, мемлекетке қатысты әрбір компания мен кәсіпорынның не үшін қажеттігі туралы негіздемесі де, оларға иелік ету саясаты да жоқ. "Мемлекеттік мүлік туралы" заң, Кәсіпкерлік кодекс, басқа заңнамалық актілер, нормативтік және институционалдық құжаттар негізді шешімдер қабылдау және квазимемлекеттік секторды басқарудың ұтымды нәтижелеріне қол жеткізу үшін қажетті нұсқаулықтарды, қағидаттарды, өлшемшарттар мен алгоритмдер жүйесін толық қамтымайды", – деген қорытындыға келді Әлібек Қуантыровтың командасы.

Осы саланы зерделеп, Қазақстандағы мемлекет қатысатын кәсіпкерліктің меншік моделіне қатысты ұсыным-рекомендациялар (Multi-dimensional Review of Kazakhstan: Volume 2. In-depth Analysis and Recommendations, OECD Development Pathways, OECD Publishing, Paris) әзірлеген Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) сарапшылары да көңілсіз байламға келді.

Сонымен, сарапшылардың тұжырымдауынша, Қазақстанда квазимемлекеттік секторды басқарудың мемлекеттік деңгейдегі бірыңғай саясаты жоқ". Сол себепті, "мемлекет пен оның агенттерінің ұлттық компаниялардың және басқаларының корпоративтік басқаруындағы рөлін айқындайтын нақты меншік саясатын әзірлеу, реттеуді айқындау", КМС-терді басқару саясаты мен практикасын дамыған елдер мүше ЭЫДҰ басшылыққа алатын қағидаттарға сәйкес келтіру, сондай-ақ мемлекеттік меншік туралы есептіліктің үйлесімді жүйесін әзірлеу үшін осы секторға терең реформа жүргізу қажет.

Қазақстан тәуелсіздік алған 90-шы жылдардан бері тоқтаусыз жекешелендіру толқындарын жүзеге асырумен келеді. Алайда квазимемсектор ұйымдары көбеймесе, азаятын емес. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде мемлекетке тікелей тиесілі 5 582 квазимемлекеттік сектор субъектісі бар. Соның ішінде:

5 352 кәсіпорын немесе жалпы санының 96%-ы іс жүзінде экономикалық емес кәсіпорындар, яғни экономиканы арттыруға, ел қазынасын ұлғайтуға үлес қоспайды.
Тек 120 кәсіпорын ғана экономикалық кәсіпорындар.

Бұдан масылдары көп екені байқалады.

"Қазақстанда мемлекеттік органдардың функцияларын орындау үшін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құру тәжірибесі кең таралған. Олар акционерлік қоғам (АҚ) және жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) корпоративтік нысандарында құрылады. Бұл ұйымдардың біразының атқаратын мандасы ұқсас, бір ғана айырмашылығы олардың тек әртүрлі мемлекеттік органдарға бағынуында. Бұл ұйымдар экономикалық қызметпен айналыспайды және негізінен мемлекет қаржыландырады: кірістің 90%-дан астамын тікелей бюджеттен немесе мемлекеттік сатып алу арналары арқылы жанама жолмен бюджеттен алады", – деп ашығын айтты экономика ведомствосындағылар.

Олар бір қулықты тауып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің сарапшыларының түсіндіруінше, АҚ және ЖШС деген – жеке сектордың, яғни бизнестің ұйымдасу формасы. Бұл қалып кәсіпкерлік қызметті іске асыру үшін керек. Ал мемлекетке қарайтын АҚ, ЖШС-лардың басым көпшілігі (96%-ы) экономикалық қызметпен айналыспайды. Сонда оларға бұл ұйымдық-құқықтық формасының не қажеті бар? Неге мемлекеттік мекеме ретінде құрылмаған? АҚ, ЖШС статусы олардың басшыларына (көбі билікке қатысы бар ығай менен сығайлар) жоғары жалақы, бонустар төлеп, басқа да мемлекеттік қызметшілерге рұқсат етілмейтін әлеуметтік қолдау пакеттерін ұсыну үшін қажет екен.

"Бұл үрдіс көбіне аса тартымды жалақы төлеуге ұмтылыспен байланысты, әрі осы арқылы олар бюджетті жұмсауда икемділік, тәуелсіздікке қол жеткізеді. Сонымен қатар, бұл ұйымдар кейде жеке сектормен бәсекелеседі және кәсіпкерліктің мүмкіндіктерін шектейді. Ал халықтың өзін қолдауға қажетті әлеуметтік сектордағы кәсіпорындар негізінен "мемлекеттік кәсіпорындар" түрінде құрылған. Бұған кеңестік ескі жүйенің мұрасы ықпал етті", – деп мәлім етті министрлік.

Яғни, мемлекетке қарасты майшелпек компаниялар АҚ пен ЖШС аталады. Ал халықтың өзі сияқты жұпынылау, бюджеті аз әлеуметтік КМС субъектілеріне мемкәсіпорын атағы қалады. Осылайша, "секторда бейресми "касталар" қалыптасқан ба?" деген сауал туындайды.

Экономика ведомствосының дерегінше, миллиардтар тасқынын уысынан өткізетін азулы алпауыттар негізінен телекоммуникация, көлік, энергетика салаларын жайлап алған. Оларды жекешелендіру мәселесі қозғала қалса, жұмыссыздар армиясы өседі, ұлттық қауіпсіздік пен өндірістік саясатқа нұқсан келеді деп шулайтыны мәлім.

Соған қарамастан, Ұлттық экономика министрлігі реформа аясында бұл салаларда бәсекелі ортаны шектейтін талаптарды, заңнама нормаларын қайта қарауды, сондай-ақ КМС-ке қатысты монополияға қарсы органның рөлін нығайтуды ұсынып отыр. Реформа квазимемсекторды басқарудың нақты саясатын әзірлеуге де ықпал етуге тиіс. Қаптаған АҚ, ЖШС формалары қайта қаралады, бұл қалыпқа негізсіз көшіп алғандарын одан айыру маңызды.

Осы бағытта келесі шаралар жүзеге асырылады деп күтілуде:

  • Мемлекет қатысатын ұйымдар 2 негізгі топқа бөлінеді. Біріншісі, экономикалық: оған инфрақұрылымдық, өндірістік-қаржылық кәсіпорындар жатады. Екіншісі, экономикалық емес: оған ведомстволық бағынысты ұйымдар, мектептер, ұлттық даму институттары, іргелі салалардағы ғылыми және ғылыми-зерттеу ұйымдары және басқасы кіреді.
  • Барлық квазимемсектор субъектілерінің ұйымдық-құқықтық формасы оның сипатына сәйкес келтірілмек. Негізсіз АҚ, ЖШС болып алған экономикалық емес ұйымдарды "мемлекеттік мекеме" ұйымдық-құқықтық нысанына ауыстыру ұсынылды.
  • Мемлекет қатысатын заңды тұлғалар пайдаланатын кейбір ұйымдық-құқықтық формалар жойылмақ.
  • Мемлекеттік ұйымдардың жекелеген нысандары үшін ерекшеліктер алып тасталуға, мемлекет қатысатын барлық АҚ және ЖШС-ның ортақ мәртебесі анықталуға тиіс.

Директорлар кеңестері мен бақылаушы кеңестердің мүшелерін ұсыну мен тағайындаудың орталықтандырылған, айқын және ашық процесі енгізілмек. АҚ, ЖШС-лардың корпоративтік басқаруында тәуелсіз директорлардың үлесі 50%-дан арттырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу