Квазимемлекеттік сектордың сатып алу конкурстарындағы кепілдік кедергісі азайтылмақ

2835

Ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық компаниялардың  қызметтер мен тауарларды сатып алу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. 

Квазимемлекеттік сектордың сатып алу конкурстарындағы кепілдік кедергісі азайтылмақ

Қаржы министрлігі квазимемлекеттік кәсіпорындардың тауарлар мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Құжаттың толық атауы – "Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 31 қазандағы № 1201 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрық.

Бұйрықтағы өзгеріс тендерге құжат өткізу кезінде берілетін банктік кепілдіктермен байланысты. Бұған дейінгі тәртіп бойынша әлеуетті өнім беруші тендер құжатымен бірге беретін банк кепілдігін ұсынатын екінші деңгейдегі банктің рейтингі Standard&Poor's/FitchRatings халықаралық рейтингтік агенттіктері эмитентінің "BB-"-тен төмен емес және Moody'sInvestorsService бойынша "Ba3"-тен төмен емес ұзақ мерзімді рейтингіне сәйкес келуі тиіс болатын.

Ұсынылып отырған өзгеріс дәл осы талапты алып тастауды көздейді. Мұны ведомство мамандары Қазақстанның банк нарығында аталмыш талапқа сай келетін екінші деңгейлі банктердің саны саусақпен санарлық болуымен байланыстырып отыр. Ұлттық компаниялар мен холдингтердің еншілес ұйымдары жариялаған конкурстарға қатысу үшін тауар өндіріп, қызмет ұсынушыларға сол санаулы банктің кепілдігін алу қажет болатын. Мұны бір жағынан квазимемлекеттік сектордағы қыруар қаражатты игеруге қатысқысы келген "бөгде" мердігерлерге қойылған тосқауыл ретінде де қарастыруға болады.

Бұйрықтың жаңа жобасында бұл талапты алып тастау ұсынылып отырғанын айттық.

"BB-"-тен төмен емес Standard&Poor’s/FitchRatings,  "Ba"3-тен төмен емес Moody’sInvestorsService кредиттік рейтингі бар қазақстандық банктердің тізімі шектеулі. Соны назарға ала отырып әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндіктер беру үшін бұл талап алынып тасталды", - деп жазылған министрліктің бұйрық жобасына берілген түсіндірмесінде.

Тендер құжаттамасындағы осы талап бұған дейін квазимемлекеттік сектордағы сатып алуды ұйымдастыру қағидаларында да болған екен. Жаңа жоба бойынша ол жерде де банктік кепілдікке қойылатын талап жеңілдетіліп отыр.

Әлеуетті жеткізушіге кепілдік беретін банкке қойылатын аталмыш талап  аукциондық құжаттарда да талап етілетін. Ол жерден де алынып тасталмақ. Мұнда да себеп біреу ғана - "BB-"-тен төмен емес Standard&Poor’s/FitchRatings,  Ba3-тен төмен емес Moody’sInvestorsService кредиттік рейтингі бар қазақстандық банктердің тізімі шектеулі".

Бұл өзгеріс күшіне енсе, отандық өндірушілер мен қызмет көрсетуші кәсіпорындардың тынысын кеңейтуге арналған шара болары анық. Екінші жағынан министрліктің бұл қадамын Еуразиялық экономикалық интеграцияның келесі толқынына дайындық деп қарауға болады. Одақтың 2025 жылға дейінгі стратегиясында мүше елдердің квазимемлекеттік сатып алу нарығын біртіндеп біріздендіру, сол арқылы барлық тендер, сатып алу конкурстарын бір арнаға шығару көзделген. ЕАЭО аумағында бұған дейін қазақстандық квазимемлекеттік сектор қойған талапқа сай келетін әлеуетті орындаушылар әлдеқайда көп екені белгілі. Яғни, квазимемлекеттік секторға бөлінген бюджет ақшасы тағы да сыртқа кетеді деген сөз. Отандық жеткізушілерге қойлатын талапты жеңілтеудің астарында осындай сақтық жатуы мүмкін.

Біз келтірген пайымның бәрі теориялық тұрғыда айтылып отыр. Іс жүзінде министрліктің жаңа бұйрығы квазимемлекеттік сектордағы сатып алу нарығын қаншалықты мөлдір әрі ашық ететінін уақыт көрсетеді.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу