Квазимемсектор тендерлері енді жекеменшік интернет-дүкен арқылы жүреді

2972

Бұл команда "Азаматтардың, бизнестің және мемлекеттің жаңа құндылықтарын жасау" миссиясын арқалайтынын жариялады.

Квазимемсектор тендерлері енді жекеменшік интернет-дүкен арқылы жүреді

"Табыс-Ақтөбе" компаниясының мемлекеттік сатып алулар жөніндегі менеджері, белгілі сарапшы Дүйсембай Нұрғалиевтің айтуынша, Қаржы министрінің былтырғы 30 қарашадағы №1253 бұйрығымен "Ұлттық әл-ауқат қоры мен Ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын жүзеге асыру қағидалары" бекітілген.

Оның бір қызықты жаңалығы бар екен. Қазақстанда квазимемсектор сатып алуларының ортақ интернет-дүкені деген ұғым өмірге еніп отыр.

Осы деректі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев растады. Ол сондай-ақ сатып алуларды жүргізуге арналған электронды дүкен мәртебесін кім иеленгенін де айтып берді.

"Аталған қағидалардың 297-бабына сәйкес, электрондық дүкен арқылы сатып алу – жалпы құны 4 мың АЕК мөлшерінен (2022 жылы – 12 252 000 теңгеден) аспайтын біртекті тауарларға жүргізіледі. Ал 298-бабына сай, тапсырыс беруші тауарлардың электрондық дүкеннен сатып алу жеңімпазын айқындаған күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде веб-портал арқылы жеңімпазға шартқа қол қоятын тұлға және шартты ресімдеу үшін өнім берушінің деректемелері туралы мәліметтерді сұрату жібереді. Бұл ретте осы қағидалардың 16-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс берушілерге шарт жасасудан бас тартуға жол берілмейді", – деді бас қаржыгер.

Айтпақшы, "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" 2021 жылы қабылданған жаңа заңға сәйкес, осы сектордың – холдингтердің, ұлттық компаниялардың, мемлекеттің үлесі бар заңды тұлғалардың, мемлекеттік, коммуналдық кәсіпорындардың сатып алулары 7 тәсілмен: 1) тендер; 2) аукцион; 3) баға ұсыныстарын сұрату; 4) бір көзден алу; 5) тауар биржалары арқылы; 6) электрондық дүкен тәсілдерімен және 7) холдингішілік кооперация шеңберінде жүзеге асырылады.

Осылар ішінде тендерлер мен аукциондар қылмыспен, коррупциямен күресуші органдардың қатаң бақылауына алынып жатыр. Бір көзден сатып алулар күрт азайтылды, оған мүмкіндік беретін негіздер барынша қысқартылуда. Биржалар жұмысы "қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін негізінен дағдарды. Холдингішілік кооперация аясында, яғни "Самұрық-Қазына" тобына кіретін компаниялардың бір-бірінен сатып алуына алда тыйым салынбақ.

Сонда "баға ұсыныстарын сұрату" және "электронды дүкен арқылы" тәсілдері үшін кең өріс ашылуда. Әрине, бұлар "шағын сатып алулар" саналады: біріншісі – 8 мың АЕК, екіншісі – 4 мың АЕК мөлшерімен шектелген. Дегенмен компаниялардың осы мақсатта бір лотты бірнеше ұсақ бөлікке бөліп тастауына да мүмкіндігі бар.

Өйткені әлгіндегі заңның 11-бабына сәйкес, сатып алуды жүргізудің қандай тәсілін таңдайтынын тапсырыс беруші өзі шешеді.

"Бұл ретте квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының электронды дүкені ретінде "OMarket" ақпараттық жүйесі анықталды", – деп қысқа қайырды Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев

"OMarket": жетістігі мен кемшілігі қандай?

Ашық дереккөздерде бұл компания туралы дерек өте аз. Жария есебі де табылмады. Компанияның төл ресурсында "OMarket" өзін "оnline-гипермаркет" деп атайды.

"Біз сауданың әрбір қатысушысына ең жақсы жағдай жасау мақсатында, тауарларды сатып алу және сату барысында азаматтарға, бизнеске және мемлекетке жаңа құндылықтар жасауды өз миссиямыз деп есептейтін жігерлі, ынтымағы жарасқан командамыз!", – делінген оның сайтында.

Айтпақшы, дәл осы аттас компания Ресейде де бар, ресейлік "OMarket" тірі малдарды, гүлдер мен өсімдіктерді, ауыл шаруашылығы шикізатын, тоқыма өнмдерін, киім, аяқ киімді, тон-ішікті, жиһаздарды, тұрмыстық тауарларды, метал бұйымдарды, азық-түлікті, сусын, темекіні және басқасын көтерме сатумен айналысады. Яғни ол да алып "онлайн гипермаркет". Бірақ деректер базалары арқылы оның өзге елдердегі осы аттас компаниялармен байланысы анықталмады.

Қазақстандық "OMarket" қызметінің аясы кең көрінеді. Ол "оnline-гипермаркет" болумен шектелмей, "жоғары жүктемелі жүйелерге арналған бағдарламалық қамтылымды әзірлеуге", "интернет саудаға", "деректерді басқаруға" маманданыпты. Отандық қана емес, шетелдік тапсырыс берушілермен және мердігерлермен жұмыс істеу тәжірибесіне ие көрінеді.

Компания экономиканың барлық секторларындағы тауарларға сауда алаңын ұсынады.

Негізі, мұндай қызметті "Каспи" де атқаратыны мәлім, сондықтан алдында квазимемсектордың ұсақ сатып алуларының ортақ алаңы да сол болады деген болжамдар айтылған.

Мамандардың түсіндіруінше, "егер тапсырыс беруші "Omarket" арқылы тапсырыс берсе, онда ол өнім жеткізушіні өз бетінше анықтай алмайды. Оны "OMarket" жүйесі өзі анықтап, тапсырыс берушіге өтінімді жолдайды".

"Тауарларды "OMarket" электронды каталогы арқылы сатып алмау үшін тапсырыс берушілер БҰС (баға ұсыныстарын сұрату) әдісіне жиі жүгіне бастады. Ресми статистика мұндай сатып алулардың 4 еседейге өскенін тіркеп отыр. Оның бірнеше себебі бар: біріншіден, "OMarket"-те тауарды жедел сатып алу әрдайым мүмкін бола бермейді. Екіншіден, тауарды жеткізу құнын алдын ала білу мүмкін емес, тиісінше оны алдын ала сатып алулардың жылдық жоспарына енгізе алмайсыз. Үшіншіден, егер тауарды курьер жеткізетін болса, тапсырыс беруші оны қабылдап алу рәсіміне ықпал ету мүмкіндігінен айырылған", – деген түсініктеме берді сатып алуларға маманданған Е.goszakaz.mcfr.kz кәсіби порталы.

Сатып алулардың интернет-дүкенінің электрондық каталогын веб-порталда тіркелген әлеуетті өнім жеткізушілер өз бетінше қалыптастырады. Бұл үшін олар ақпараттық форманы толтыруы керек.

Сатып алуды ұйымдастыратын квазимемсектор компаниясы да эл.дүкендегі форманы толтырып, өзіне қандай сипаттамаларға сай тауар керектігін көрсетеді. Осыдан кейін веб-портал Google секілді автоматты түрде әлгі сипаттамаларға жауап беретін әлеуетті жеткізушілерді тауып береді. Осы тізімде талап етілетін көрсеткіштерге ұсынысы толық сәйкес келетін жеткізуші бар болып шықса және оның сұрайтын бағасы тиімді болса, онда ұйымдастырушы ол бизнес өкіліне сатып алу туралы өтініш жолдайды.

Корея үлгісі еді

Айта кету керек, бұл негізі – Оңтүстік Кореяның тәжірибесі.

Кореяда мамандырылған орган – PPS атты мемлекеттік сатып алулардың орталық агенттігі жұмыс істейді. Агенттік "Korea ON-line E-Procurement System" (KONEPS) жүйесін басқарады және соған қызмет көрсетеді. KONEPS мүдделі барлық фирмаға интернет арқылы мемлекеттік сатып алуға онлайн қатысуға мүмкіндік береді. KONEPS-тің басты ерекшеліктерінің бірі – электрондық дүкен (On-lineShoppingMall) деп аталатын жүйесінің бар болуы. Ол интернеттегі ақпараттық сайт түрінде болып келеді. Онда шағын және орта кәсіпкерлік жасайтын тауарлардың тізімі көрсетілген.

Аталған ресурстан сатып алуға болатын тауарлардың бағасы өте арзан. Бұған сатып алу рәсімінде туындайтын транзакциялық шығындардың жоқтығы себеп. Тапсырыс беруші меморган бір кликпен-ақ кез келген тауарды содан сатып ала береді.

Қазақстан Үкіметі тіпті осы жүйені Кореядан сатып алмақ болған. 2016 жылғы 8 қарашада Қаржы министрлігінің өкілдері елордаға келген Оңтүстік Кореяның мемлекеттік сатып алулар қызметінің делегациясымен кездесіп, тендер саласында қарым-қатынас жасауға келісті. Жүздесу барысында біздің қаржыгерлер "Таң самалы елінің" KONEPS атты электрондық жүйесімен танысып, ерекшеліктерін зерделеген болатын. Сапар қорытындысында корейлер қазақстандық әріптестерімен сатып алулар саласында ынтымақтасу туралы меморандумға қол қойып кетті.

Бірақ таңдау басқаға түскені енді анықталып отыр.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу