Қымбатшылықтың зардабын балалар тартуы керек пе?

761

Спортшы балалар басқа қалалардағы жарыстарға бара алмай қалып жатыр. 

Қымбатшылықтың зардабын балалар тартуы керек пе? Фото: ашық дереккөз

Қос өкпесін қымбатшылық қысқан Қазақстанда ересек адамдарды былай қойып, балаларға да қиындық сезіледі. Жарытып жалақы алмайтын ата-аналар балаларын түрлі жарыстарға апаруға қаражат таппай қиналып қалатын кездер болады. Бұл дегеніңіз талаптанып отырған балақайға өте ауыр соққы.

Мұндайды мамандар ғылыми тілде "бала кедейлігі" деп атайды. Сарапшылар елдің экономикасын балалардың "байлығы" мен "кедейлігіне" қарап бағалау керек дегенді айтады.

"МИНИСТР МЫРЗА, СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?"

Семей қаласының тұрғыны Ерлан Серкебайұлы отбасымен салауатты өмір салтын ұстанады. Балаларын қаладағы түрлі үйірмелерге қатыстырады.

- Үлкен ұлым 12 жаста. Таэквондо үйірмесіне апарамын. Өйткені осы спорт түрін жан-тәнімен жақсы көреді. Жалпы отбасымызбен салауатты өмір салтын ұстанамыз. Өзім де спортпен шұғылданамын, - дейді ол.

Алайда көпбалалы отбасы қиналып кездер болады. Мәселенің төркіні қымбатшылыққа тіреледі.

- Үйірмеде ешқандай проблема жоқ. Бірақ басқа қалаларда жарыстар болатын кезде қаражат жағынан қиындық туындайды. Балам осы үйірмесіне былтырғы қыркүйектен бері барып келеді. Содан бері екі жарысты өткізіп алды. Себебі өзге қалаға жіберу керек еді. Өзіңіз де түсінетін шығарсыз, қазақ отбасы қазір айына 150-200 мың теңге еңбекақы алады. Ал басқа қалаға баланы жіберуге кем дегенде 40-50 мың теңге керек. Бұл салмақ саларлықтай сома екенін айта кету керек, - дейді Ерлан Серкебайұлы.

Ол мұндай мәселені қалай шешугі болатынын білмегендіктен Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловқа да жүгінген.

- Көпбалалы отбасы екенімізді ескеріп, балалардың өзге қалаларға сайысқа бару шығынын мемлекет көтеріп ала ма? Егер мүмкіндік болса, онда қандай құжаттарды толтыруымыз керек? Мені және менің отбасымды қуантатындай бір шешім ұсынсаңыз екен деп үміттеніп отырмын, - деп жеткізген ол өзінің тілегін.

Бірақ ол қуантарлықтай жауап ала алмады.

Мәдениет және спорт министрінің берген жауабына қарағанда, спортшыны іссапарға жіберу шығынын көтеру үшін ол ұлттық құраманың немесе облыс құрамасының мүшесі болуы керек. Сондықтан қолдау болмайды.

Сонымен бірге қаржылай қолдау алу келесідей жағдайда көрсетіледі деген: "Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарында өткізілетін спорттық іс-шаралар күнтізбеге енгізіліп, қаржы жоспары жасалса, онда шығын өтелуі мүмкін".

 "БАЛА КЕДЕЙЛІГІ" ТУРАЛЫ

Zertteu орталығының жетекшісі Шолпан Әйтенова елде "бала кедейлігі" проблемасы өте өзекті екенін айтады.

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бір адамға) 70%-ынан төмен табыс табатын адамдарды, яғни 22 мың теңге табатындарды ғана кедей деп таниды. Сонда төрт адамнан тұратын отбасы бар дейік. Оның біреуі ғана ересек, қалғаны бала делік. Бұл отбасы кедей болып танылуы үшін айына 91 мың теңге ғана кіріс алуы керек. Ал 120 мың теңге тапса, онда ол кедей емес. Бұл қаражат қазіргі заман шындығына сай келе ме? Жоқ. ЮНИСЕФ деректері бойынша, қазақстандық балалардың 15,6%-ы табысы ең төмен отбасыларда тұрады. Бұл 1 миллионға жуық бала немесе Қазақстандағы әрбір алтыншы бала кедейлікте өмір сүреді дегенді білдіреді, - дейді Әйтенова.

Оның айтуынша, алдымен балаларға жағдай жасау керек. Үйірмелерді дамыту, білім беруді жетілдіру арқылы балаларға заман қажеттіліктерін толық көрсету керек. Сонда болашақта білімді әрі жан жақты бала өсіп шығады. Ал ондай бала өскенде "кедей" болмайды, табысы аз, қара жұмыстарға байланып қалмайды.

- Балаларға берілетін  11 мың теңге жәрдемақы мәселені шеше ме? Шешпейді. Өйткені ол ақшаны әрбір отбасы балаларды дамыту үшін жұмсап отырғанына мемлекет кепіл бола алмайды. Ол киім-кешек пен азық-түліктен аспайды. Сондықтан балаларды дамытатын тетіктер керек, - дейді сарапшы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу