Қырғыз бен тәжіктің шекарадағы шайқасы соғысқа ұласа ма?

4520

Бүгін Алатаудың арғы бөктеріндегі ағайын ел Аза тұтуда. Қырғызстанда "19 сентябрь – Улуттук аза күтүү күнү" болып жарияланды. Тәжікстан мен Қырғызстан не себепті атысты? 

Қырғыз бен тәжіктің шекарадағы шайқасы соғысқа ұласа ма?

Қырғыз Республикасының Баткен облысындағы шекаралық қарулы жанжалдан қаза тапқандар саны 59 адамнан асты және артып барады. Бұдан бөлек облыстағы медициналық мекемелерге жараланған 144 адам жеткізілген. Оның 102-сі Бішкекке және Ошқа тасымалданды.

Шекаралық қырғынның құрбандары көбеюі ықтимал. Біраз қырғыз шекарашысы із-түзсіз кеткен. Мысалы, Төтенше жағдайлар министрі Бообек Ажикеевтің хабарлауынша, жоғалып кеткен 4 әскери іздестіріліп жатыр. Олар Ак-Сай, Достық шекара заставаларында, ұрыс қимылдары жүрген аймақтарда Отан алдындағы борышын өтеген.  

Қырғыз-тәжік шекарасындағы ескі шиеленіс 2022 жылдың 16 қыркүйегінде қатты ушықты. Таң азанда шекараның бірден бірнеше уческесінде атыс басталды. Лейлек және Баткен аудандарындағы елді мекендер жауған оқтың астында қалды. Сондықтан билік Баткен облысының осы екі ауданындағы 7 ауылдың, сондай-ақ Ош облысындағы Джекенди ауылының тұрғындарын эвакуациялады. Босыған тұрғындар шайқастан аулақ орналасқан Оштун медреселеріне жайғастырылды. Баткен облысында Төтенше жағдай жарияланды.

Тәжікстан өз аудандарын атқылады деп Қырғызстанды айыптады. 

"Қырғыздың Баткен ауданының Самарқандық және Кок-Таш ауылдары аумағынан Тәжікстанның шекаралас аудандарын топтық түрде қарудан атқылау жүзеге асырылды", – деп хабарлаған Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекаралық әскерлер қызметі қырғыз әскерилері "Душанбе", "Сархадчи" шекаралық заставаларына, Исфара қаласының Сомониён махалласына оқ жаудырғанын нақтылады.

16 қыркүйекте президенттер Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон атысты тоқтатуға уағдаласқан. Алайда артынша қырғын жалғасты. "Тажик чек арачылары Кулунду жана Жаңы-Жер айылдарын кайтадан аткылады" деп дабыл қақты қырғыз ақпарат агенттіктері. Тараптар Өзбекстанның Самарқанында өткен ШЫҰ саммиті аясында келіссөз жүргізіп, шекарадағы жағдайды тұрақтандыра алған. Бірақ қақтығысқа түбегейлі нүкте қоя алмады. Шекара мәселесі сол бойы шешілмей тұр.

Жалпы әр тарап өзінікін әділетті, дұрыс санайды. Тәжіктер осы мәселеде өз Президентінің айналасында топтасуда. Ал қырғыздар шекараны қорғауға аттанған жауынгерлерге қызу қолдау көрсетіп жатты. TikTok-та шекаралас ауылдардың көшелерімен өтіп бара жатқан әскери жүк көліктеріндегі солдаттарға тұрғындар қарбыздарын, қымыз толы бөтелкелерді лақтырып қалуға тырысып жатқаны бейнеленген видеолар тарады. Азаматтар арнайы есепшотқа 18 миллион сом жинап берген. Ош облысында қан тапсырушы тұрғындардан ұзын кезек қалыптасты.

Қырғыз Президенті Садыр Жапаров кеше "Баткен және Ош облыстарының әкімшілік-территориялық бірліктерін қалпына келтіру және дамыту бойынша бірінші кезекті шаралар туралы" жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, мемлекеттік комиссия құрылып, оның мүшелері қос облыста қарулы жанжал кезінде қиратылған және бүлінген нысандарды анықтайды, келтірілген шығынды бағалайды. Қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге бір реттік көмек көрсету жүктелді. Баспанасыз қалғандарға жаңа үйлер салу жоспарланған. Шабуыл кезінде жарылып, өртелген шекаралық заставаларды, өткізу пунктерін, күштік құрылымдардың нысандарын және әлеуметтік объектілерді жедел қалпына келтіру шаралары қабылданбақ.

Қан-қасап қырғын басталғанда қысылтаяң шақты қаскүнем адамдар қарау ниетін жүзеге асыруға пайдаланған: көшеге мародерлар шығып, дүние-мүлікті тонаған, "кек алуға" тырысқан. Сондықтан Қырғызстан мен Тәжікстан Ішкі істер министрліктері кеше Баткен облысының Лейлек ауданындағы Худжант-Канибадам тасжолын бірге патрулдеуге келісті. Қырғыз ІІМ Қоғамдық қауіпсіздік қызметінің бөлім басшысы Нұрлан Исмаиловтың мәліметінше, бұл аумақта екі елдің милицияларының 60 қызметкері жұмылдырылды.

"Бүгінде Баткен облысындағы қоғамдық-саяси және криминогендік ахуал тұрақты болып қалуда. Аймақта күштік құрылымдар мен ішкі істер органдарының біріккен жедел штабы жұмыс істеп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр. Тұрғындары эвакуацияланған ауылдарда патрулдік нарядтар құрылып, азаматтардың баспанасы мен мүлкін тонаудан қорғаумен айналысуда. Атқыланған және тоналған ауылдарда арнайы ведомствоаралық комиссия жұмысқа кірісті. Өкінішке қарай тұрақсыздық пен шиеленіс белең алған алғашқы күндері біз бірқатар ауылдарға кіре алмадық. Сондықтан азаматтардың мүлкін қасақана жоюдың алдын ала алмадық. Оның бәрін комиссия тексереді, келтірілген шығынды құжаттайды", – деді Нұрлан Исмаилов.

Бүлік кезінде жабылған жолдар қайта ашылды, шектеулер алып тасталды. Өңірге 2 мың миллиционер жұмылдырылды.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы тайталас 14 қыркүйекте ушыға бастады. Қырғызстанның нұсқасы бойынша тәжік шекарашылары "тараптар арасында бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды бұзып, мемлекеттік шекараның бір учаскесін басып алып, әскери бекініс орнатқан". Қырғыз шекарашыларының ел аумағын тастап шығу туралы талабына жауап ретінде тәжік шекарашылары атыса бастаған, деп мәлімдеді Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті.

Орталық Азия бойынша эксперт, Карнеги орталығының ғылыми консультанты Темур Умаров қырғыз-тәжік арасында алдыңғы ауқымды шекаралық қақтығыс 2021 жылғы сәуірде болғанын еске салады. Сонда екі елдің шекаралас ауылдарының тұрғындары арасындағы тұрмыстық кикілжің бірнеше күн ішінде қос ел армиясының қақтығысына ұласты. Тараптар бір-бірінің блокбекеттерін шабуылдап, әскерилерді тұтқынға алды. Шекараға танктер, әскери тікұшақтар аттанды, қарсыластар бірін бірі минометпен атқылады. Қос елден ондаған адам қаза тапты. Бірнеше күннен соң көршілер істі насырға шаптырмай, үлкен соғысқа жеткізбей, атысты тоқтатуға уағдаласты. Ал мамырда С.Жапаров пен Э.Рахмон кездесіп, жерге қатысты проблемаларды талқыға салды. Алайда алауыздыққа себеп болған факторлар жойылмағаны қазір белгілі болды.

Сарапшы қос мемлекеттің билігі де шегініс жасағысы келмейтінін алға тартады. Қазіргі саяси, экономикалық дағдарысты кезеңде мұны халық жеңіліс деп тануы ықтимал. Бүгінде Тәжікстан да, Қырғызстан да ұлттық рухты көтеру және патриотизм мәселелеріне екпін түсіруде. Бұл халықты экономикалық күйзелісті көп ойламауға, ұлт пен елдік мәселесі үшін қиындықтарға шыдап бағуға итермелейді. 

Бұған қоса, шекараны демаркациялау және делимитациялау қыруар қаражатты қажет етеді, пандемиядан қажып шыққан қос мемлекетте оған басыартық қаржы да жоқ. Салдарынан, 2020 жылдан бері қырғыз-тәжік шекарасында кем дегенде жеті қарулы жанжал оқиғасы тіркеліпті. Шиеленіс тіптен ушығып кеткен жылдар бұрын да болған. 2014 жылы шекара жақтағы инциденттер саны бір жылда 30-ға жетті.

Жалпы Өзбекстанның, Тәжікстанның және Қырғызстанның шектесетін аумақтарында халық ежелден тығыз орналасқан. Бұған климаттың қытымырлануы, қуаңшылық қосылып, жер үшін талас өрши түсті. Бұл проблеманы Кеңес билігі одан әрі күрделендірмесе, шешпеді. Мысалы, Мәскеу үш республика арасында әкімшілік-аумақтық шекараларды бекіткенде, алып Ферғана өлкесінің ресурстарын тең, біркелкі емес, ала-құла, әрқалай бөлді. Содан КСРО кезінде жанжал өрті қаулады.

Темур Умаровтың дерегінше, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекарада шамамен 70 даулы учаске бар. Ортақ 971 шақырым шекараның тек 519 шақырымы нақтыланып, бекітілген. Қақтығыс ошақтарына қырғыздың Ақ-Сай, Көк-Таш, Самарқандық ауылдарының маңы, сондай-ақ тәжіктің Чорку, Сурх ауылдары жатады. Бұған қоса, қырғыз жерінің ішкері аумағында тәжіктер шоғырлана тұратын Ворух эксклавы бар, оны Тәжікстанмен жалғыз ғана жол байланыстырады.

"Бішкек пен Душанбе даулы телімдердің иесін анықтауда түрлі кеңестік карталардың тек өзіне тиімдісін қолдануды ұсынады. Тажікстан 1924-1939 жылдардағы карталарды қолай көреді: оған сәйкес, Ворух – ешқандай эксклав емес, ел территориясының бір пұшпағы. Қырғызстан 1958-1959 жылдардағы карталарды сауатты санайды. Онда Ворух – Қырғызстан аумағына енген, қырғыз жерімен қоршалған тәжікстандық эксклав. Бірақ ол өлкедегі тәжік-қырғыз ауылдарының аралары ажыратылмаған, байырғы замандардан төсекте басы, төскейде малы қосылған. Көп жерде үйлер мен егістіктер әр жаққа бөлінбей, шахмат тақтасындағыдай аралас-құралас жатыр", – дейді Т.Умаров.

Қырғыздың Баткен облысы да, тәжіктің Соғда облысы да ауыл шаруашылығына маманданған: тұрғындарының 74-75%-ы содан нәпақа табады. Екеуінде де жұмыссыздық – елдердегі ең жоғарғы деңгейде.

Сарапшының айтуынша, шекаралас ауылдар арасындағы жанжалдарға жұртшылық бой үйретіп алған, өйткені бұрындары бұл бір-біріне тас лақтыру, ауыр сөздер айту, әрі кетсе, топ болып төбелесуден аспайтын. Оған шекарашылар араласпауға тырысатын. Енді мұны мемлекеттердің өздері текетірес деңгейіне дейін шарықтатты. Салдарынан шиеленісте қаһарлы қару қолданыла бастады. Темур Умаровтың байламынша, қос елдің басшылығы да қоғамда ұлттық-популистік риториканы қыздыруда. Былтырғы наурызда шекарадағы кезекті жанжалдан соң қырғызстандық Ұлттық қауіпсіздік мемкомитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев тәжік әріптесі Саймумин Ятимовпен Худжанд қаласында кездескен еді.

"Одан орала сала, Ташиев журналистерді жиып, қатаң мәлімдеме жасады. Ол Душанбеге ультиматум қойды не Тәжікстан Ворухқа қатысты претензияларынан бас тартып, өз иелігін ары қарай кеңейтпеуге міндеттеме алады, сонда Бішкек эксклавты Тәжікстанмен байланыстыратын жалғыз жолды жауып тастамайды немесе Тәжікстан Ворухты ауданы бойынша тең территорияға айырбастауға тиіс. Бір апта өткенде, 1 сәуірде қырғыз билігі Баткен, Ош және Жалалабад облыстарына қарулы күштерін жауып, "Коопсуздук-2021" және "Калыптандыруу-2021" жаттығуларын бастады. Бұған жауап ретінде Эмомали Рахмон қырғыз жерін кесіп өтіп, Ворухқа барды және жері шұрайлы бұл өлке Тәжікстан құрамында қалатынын мәлімдеді. Ізінше "Головной" су қоймасы мен Қой-Таш ауылы ауданындағы тұрмыстық жанжал ауқымды әскери ұрысқа ұласты", – деді Т.Умаров.

Ақпарат құралдары жариялаған видеороликтерден Тәжікстан армиясы ол шайқасқа бар күш-қуатын төккені аңғарылады. Шабуылға БТР-70 бронетранспортерлары, Т-72 танктері, Ми-24 тікұшақтары қатысып, олар РПГ-7 гранатометтарынан, С-5 басқарылмайтын авиациялық зымырандарымен соққы берді. Тәжік әскерилері қырғыз шекаралық бекеттерін, ауылдарды басып алып, Интернационал ауылының айылбасы Мырзабек Жұмабаевты кепілге алды. Ал қырғыздың арнайы жасақтары тәжік жеріне баса-көктей еніп, бір тәжік шекаралық бекетін қолына түсірді. Бірақ қырғыз жағының шабуылын табысты деп атау қиын еді. Сарапшылардың бағалауынша, былтырғы жанжал армиясын қоса алғанда, қырғыздың күштік құрылымдарының нашар ұйымдасқанын, дұрыс басқарылмайтынын, жемқорлыққа батқанын паш етті. Шекаралық заставалардың жағдайы сын көтермейді, жете қаруланбаған. Жергілікті тұрғындар тәжік күштерінің қозғалысын бақылау үшін ақша жинап, қырғыз әскерилеріне дрон және рация сатып алуға мәжбүр болды.

Айтқандай, қаңтар оқиғалары Қазақстанның күштік құрылымдары да ұқсас жағдайда екенін әшкерелегені жасырын емес.

Кешегі оқиғалар да қырғыз шекарашыларының күрделі жағдайда қалып қойғанын растағандай. Былтыр қос тараптан қаза тапқандар саны елу адамнан асқан. Қырғыз жағынан 300-ден аса адам жараланған. Тәжік тарапынан жараланғандар туралы дерек болмады.

2022 жылғы қыркүйектегі кезекті қарулы қақтығыс құрбандары былтырғыдан асып кеткелі тұр. Қырғызстанның Ұлттық аза тұту күнін жариялауы бекер емес. Бұл қаралы күннен кейін қырғыз билігі мен қоғамы нені таңдайтыны: қарсыласқа алда жойқын соққы беруді, әлде мәселені ақыры бітіммен шешуді таңдайтыны белгісіз. Аудиториясын кеңейтуді ойлаған қырғыз ақпарат құралдары бұл жолғы шиеленісті "Вторжение в Кыргызстан" деп бағалап, отқа май құйғандай болды. Шекараға қатысты дауды соғысқа жеткізбей, бітіммен, келісіммен шапшаң шешіп алуға болатынына Қазақстан үлгі көрсетті емес пе?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу