Қырғыз елінің тағы бір шешімі Батыс елдеріне ұнамай қалды

5656

Өткен бейсенбі күні Қырғызстан Парламенті Ресейдің "шетел агенттері" туралы заңына негізделген өзіндік заң жобасын қабылдады.

Қырғыз елінің тағы бір шешімі Батыс елдеріне ұнамай қалды Фото: inbusiness.kz

Халықаралық бақылаушылардың ойынша, енді елде үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы шектелуі мүмкін.

Еуропалық одақ делегациясы мен Батыстың бірнеше мемлекетінің елшіліктері бірлескен мәлімдеме жасап, жаңа құжатты сынға алып, оның қабылдануы "халықаралық нормаларға қайшы келетінін" және 6,6 миллион халқы бар елге шетелдік көмек беру ісіне қауіп төндіретінін ескертті.

Заң жобасы шетелден қаржы алатын және саяси қызметпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға есеп берудің ауыр талаптарын қоймақ.

Жергілікті БАҚ жариялаған үзінділерге жүгінсек, бұл жоба үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік мәселелерге қатысты "қоғамдық пікірді қалыптастыруға тырысуын" тоқтатуды көздейді, ал билік кейбір ұйымдар "мемлекеттің саяси өміріне араласады" деп есептейді.

Енді бұл заң Президент Садыр Жапаровқа қол қоюға жіберіледі.

Халықаралық сарапшылардың ойынша, ол елдегі онсыз да әлсіреп кеткен ат төбеліндей кішігірім азаматтық қоғам топтарының түбіне жетуі мүмкін.  

 "Егер бұл заң қабылданса, ол Қырғызстандағы азаматтық қоғамға, құқық қорғаушыларға және БАҚ-қа теріс әсер етеді деп алаңдаймын", – деді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар кеңсесінің басшысы Маттео Мекаччи өткен айда жасаған мәлімдемесінде.

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ақпан айында Садыр Жапаровқа хат жазып, бұл жобаға қатысты алаңдаушылығын білдіріп, қырғыз лидерінің ашуын тудырды, деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

Қырғызстан соңғы жылдары Ресей орбитасына жақындай түсті. Ал Ресей өткен жылы бұл мемлекеттегі әскери нысандарын "дамыту" бағытында жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу