Қырым енді шынымен шөл далаға айнала ма?

4638

Сарапшылар Каховский ГЭС плотинасын Ресей жағының жарғанын дәлелдеді.

Қырым енді шынымен шөл далаға айнала ма? Фото: news.myseldon.com

Норвегиялық ғалымдар су электр станциясы бөгенінің бұзылуы қарсаңында жарылыстың болғанын растайтын сейсмикалық сигналдарды тіркеді. Бұл туралы Норвегияның NORSAR институтының ресми сайтында жарияланды.

Аталған институттың зерттеушілері Украинадағы Каховский ГЭС күйреген күні өңірлік сейсмикалық станция тіркеген сигналдарға қатысты деректерді талдады. Ол деректер 6 маусым күнгі түнде, Херсон облысының жергілікті сағаты бойынша 2:54-те (норвегиялық уақыт бойынша 01:54-те) жарылыс тіркелгенін анық көрсетті.

Осының алдында Президент Владимир Зеленский де төл барлау деректеріне жүгініп, Ресей әскері өзі оккупациялаған гидроэлектр станциясында түнгі 2:50-де жарылыс жасағанын мәлімдеген болатын. Бұл деректі біраз уақыт өткен соң Ресей жағы жоққа шығарды. Алдымен РФ өкілдері апаттың өзін "фейк" деп атады. Содан соң оған Украина жағын айыптады. Соңында "су қоймасына шектен тыс толған судың қысымына шыдай алмай, жырықтарынан су кетіп, бөген өздігінен бұзылды" деген ұстанымға тоқтады.

Енді мұның техногенді емес, антропогенді, яғни адам қолымен қасақана жасалған апат екені дәлелденіп отыр. Жау өз қолына түсірген Каховский ГЭС-інің бөгенін жаппай миналап жатқанын былтығы қыркүйекте тағы да Президент В.Зеленский мәлімдеп, дабыл қаққан еді. 

"Өңірлік сейсмикалық станциялардың сигналдары жарылыс болғанын нақты көрсетті. Магнитудасы 1-ден 2-ге дейін жетті", – делінген норвегиялық NORSAR есебінде.

Мұны өлшеген BURAR станциясы жарылыс эпицентрінен 620 шақырымда орналасқан.

Өз кезегінде The New York Times анонимді жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап, америкалық тыңшылық жерсеріктері де Каховский ГЭС-індегі жарылысты тіркегенін жария етті. Су тек содан кейін ғана су қоймасынан ағыстан төмен қарай лық төгіле бастаған. Инфрақызыл датчиктермен жабдықталған жерсеріктер қуатты жарылысқа ғана тән жылу сигнатурасын жазып алған. АҚШ барлау қызметінің сарапшылары плотинаны Ресей жарды деп отыр. Өйткені тікелей тактикалық ядролық соққыға да төтеп бере алатындай етіп мықты салынған алып бөгенді жару үшін орасан зор көлемде жарылғыш зат қажет. Ал оны нысанға украиналық диверсанттар жеткіза алмас еді.

РФ Украинаның Новая Каховка қаласын және одан 5 шақырым жердегі Каховский су электр станциясын былтырғы 24 ақпандағы кең ауқымды шапқыншылығынан соң, бірнеше күн ішінде толық басып алған болатын. Содан бері оны өз қолында ұстады. Жарылыс күні әскерлерін ол маңнан негізінен алып кеткен.

Израилдік әскери сарапшы Давид Шарп бір жайтқа назар аудартты. Бөген жарыла сала, ресейліктер өз әскерінің бір бөлігін Днепрдің сол жағалауынан Украинаның басқа өңірлеріндегі майдандарға аттандырып, сондағы осал тұстарды бекемдеген. Себебі, Днепр қатты тасыған соң ол маңда Украина армиясының қарсы шабуылы белгілі бір уақытқа кейінге қалдырылды.

Украина армиясының запастағы полковнигі Роман Свитанның ойы да осы арнада тоғысады.

"Қазіргі кезде Украина Қарулы күштері барлық негізгі бағыттарда – Запорожье, Донецк, Луганск, Сватово және басқа майдандарда шабуылдап, ұрыс сала барлауда. ГЭС бөгенін жару нәтижесінде Ресей тарапы соғыстың алғы шебінің осы учаскесін қарсыластың шабуылы үшін жарамсыз етті. Арнасы шайылып, жайылып кеткен Днепрді ауыр техникамен жүзіп өту мүмкін болмай қалды. Оның үстіне жағалары да ми батпаққа айналды. Ал басқа жақтарда шабуыл орманнан орманға, төбеден төбеге ақырын жылжуда. Украина армиясы дұшпанды тәулігіне бірнеше жүз метрге шегіндіріп жатыр. Мысалы, Донецк қаласына  7 шақырым қалды", – деді Р.Свитан.

Жалпы, кезінде, 1941 жылы Мәскеу немістердің шабуылын тоқтату үшін дәл осы маңдағы Днепр ГЭС-ін дәл осылай жарған болатын.

Ресейлік пропаганда Каховский гидроэлектр станциясын жару Ресейге тиімді емес дегенді уағыздап, бұл станциясыз Қырымның сусыз қалатынын, шөл далаға айналатынын дәйек ретінде келтірді. Кеңес одағы өз заманында Днепрдің суын Қырым түбегіне айдау үшін де осы станцияны тұрғызған еді.

Бірақ пропаганданың дәйктемесі шындыққа көп жанаспайтынын, Қырымның судан тарықпайтынын Қырымның оккупациялық билігі мәлімдеді. Яғни өздерін өздері жоққа шығарып әлек.

Ресейлік журналист Анна Константинованың мәліметінше, Ресей 2014 жылы Қырымды басып алған соң Украина жағы оған баратын каналды шағын бөгенмен бітеп тастады. Аннексияға дейін Қырымның ауыз суға деген мұқтаждығының 85%-ы Днепрден қамтамасыз етіліп келді: оның суы түбекке Солтүстік Қырым каналы арқылы ағындады. Дегенмен Днепр суының 80% ауыл шаруашылығы мақсатында, мысалы егістік пен тоғанда балық өсіруге пайдаланылған. Қалған судың шамамен тек 20% ғана Қырымдағы қалалар мен ауылдардың орталықтандырылған су жүйесіне құйылды.

Мәскеудің оккупалауы салдарынан сегіз жыл бойы Қырымды су тапшылығы қысты. Судан тарыққан түбекте егіс алқаптарының көлемі 30 есеге – 450 мың гектардан 15 мың гектарға дейін қысқарды. Қырым күріш, қарақұмық (гречка) сияқты суды көп тұтынатын дақылдарды егуден бас тартуға мәжбүр болды.

2020 жылы Қырым тіпті қуаңшылыққа тап болды. Ондағы су қоймаларының көбі құрғады. Ондағы ірі көлдер мен қоймалардың кеуіп қалған түбі Марстың бұжыр-бұжыр бетін елестететін. Мәскеу түбекті сумен қамту үшін Ресейден құбыр тартып, соған миллиардтаған рубль бөлгенімен құрғақшылық та, егістік ауқымының азаюы да жалғасты.

2022 жылы ресейлік әскер Херсон облысын, соның ішінде Новая Каховканы басып алып, Днепр айдынын Солтүстік Қырым каналынан бөліп тұрған шағын бөгенді жарып жіберді. Қайта оралған суға қарық болған Қырым 2022 жылы 712 гектар жерге көп жылдан бері алғаш рет күріш егіп, күзде одан 6 мың тоннадан астам өнім жинады. 2023 жылы жоспар бойынша күріштің егіс алқаптары 3,5 мың гектарға дейін ұлғайтылыпты. 12 мамырда Қырымның оккупациялық басшысы Сергей Аксёнов биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жерлердің жалпы ауданы шамамен 20 мың гектарға жететінін мәлімдеді.

Алайда РФ әскерінің Каховский ГЭС-інің бөгенін жаруы кесірінен, Солтүстік Қырым каналы тағы да сусыз қалды. Себебі, Днепр суын соған айдайтын гидроэлектр станциясы негізінен су астында жатыр. "Укргидроэнерго" мамандарының бағалауынша, оның орнына жаңа ГЭС салу үшін 5 жыл қажет болуы мүмкін.

Аграршылардың айтуынша, күріштің 1 гектарын суару үшін орта есеппен 15-25 текше метр су қажет. 2023 жылғы наурызда Қырым Республикасының Мемлекеттік су шаруашылығы компаниясы төрағасының орынбасары Альберт Кангиев биыл Қырымдағы ауыл шаруашылығы егістерін суару үшін алапат көлемде: 488 млн текше метр су шығындалатынын, оның 300 миллион текше метрден астамы Солтүстік Қырым каналымен келетінін хабарлады. Бұл жоспары енді адыра қалуы мүмкін.

Мүмкін дейтініміз, Ресей әскері бұрынғыдай Днепрдің сол жағалауын өз қолында ұстап отыр. Каховская станциясының алып плотинасы күл-талқан болып бұзылғаны анықталысымен Сергей Аксёнов апат салдарынан Солтүстік Қырым каналы таязданатынын мәлімдеді. Бірақ құрғап қалмайды-мыс. Станцияны сорғылар алмастыратын көрінеді.

"Жаудың беті тойтарылып, қауіпсіздік мәселесі шешілісімен, Днепрдің сол жағалауында сорғылар орнатылады. Олар секундына 40 текше метр суды Солтүстік Қырым каналына айдап отырады. Бұл республикамыздың территориясындағы мелиорацияны толық қамтамасыз етеді", – деген ол болашаққа оптимизммен қарауға шақырды.

Бірақ артынша биыл күріш егіп қойған өндірушілер бәрібір зардап шегетінін айтып, олардың шығынын өтеуге уәде етті.

Ресей плотина күйрегенге дейін су қоймаларын суға толтырып алыпты. Қырымның Министрлер кабинетінің төрағасы Юрий Гоцанюк республиканың су қоймасы шамамен 80% толып тұрғанын жеткізді. Онда 280 млн текше метрден артық су бар көрінеді. Севастопольда да сумен жабдықтауда проблема жоқтығы айтылды: оған Днепрдің суы берілмейді, қала жергілікті басқа су қайнарларын пайдаланады.

Ал Қырымның оңтүстік жағалауында тұщы судың төл қоры мол екен.

Каховский ГЭС бөгенінің бұзылуынан Украина қатты зардап шегуде. Мысалы, оның Кривой Рог өлкесі бүкіл суының 70%-ын Каховский су қоймасынан алып келген. Енді оның елді мекендері судан тарығуда. Қаланың өзінде су беру шектелді.  

"Николаев облысы да сусыз қалды. Егісті суару жүйелері күйреуі ықтимал. Херсон және Запорожье облыстаррының егіс алқаптарын суару жүйелеріне де су жеткізу тоқтады. Бұдан бөлек, жеткілікті су болмаса, Марганец, Никополь, Покровтағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар да жұмысын доғаруға мәжбүр болады", – дейді PAEW Қоршаған орта мамандары қауымдастығының басшысы Людмила Цыганок.

Каховский ГЭС-і қайта салынбай, Еуропадағы ең ірі Запорожье атом станциясы да бұрынғы қуатта қайтадан іске қосыла алмайды. Бүгінде бұл АЭС ресейлік оккупацияда: одан Украинаға электр энергиясын беру былтыр тоқтатылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу