"Қырым халқы Украина құрамына оралғысы келеді"

10388

Уолл Стрит Джорнэлдың жазуынша, тіпті бұрынғы жылдары Қырым республикасының Ресейге қосылуын жақтағандар да бұл райынан қайтып, болғанға өкініп жатыр.

"Қырым халқы Украина құрамына оралғысы келеді" Фото: replyua.net

Америкалық The Wall Street Journal байламынша, Қырым автономиясында украинашыл көңіл-күйлер барған сайын өршіп келеді. Тұрғындар Киевтің қоластына оралуды армандайтынын түрлі "әлеуметтік наразылық" акциялары арқылы білдіреді. Мысалы, жағажайларда украиналық әндерді, тіпті Украина гимнін қосу және қосыла шырқау жағдайлары жиілеген.

2014 жылы Қырым аннексияланғалы бұл түбекке жүздеген мың (500 мыңнан астам) ресейлік көшіп келді, олар Украина тұрғындарынан заңсыз тартып алынған мүлікті иеленді. Міне, негізінен, осы ресейліктер жергілікті жұртшылықтың Украинаны аңсауын басып-жаншуға күш салуда. Олар өзара бірігіп, топ құрып, жеке чаттар, "Крымский Смерш" сияқты тelegram-арналар ашып алған. Сол арқылы Украинаны жақтаудың кез келген көрінісін әшкерелеп, күреседі.

Арман, тілек, пейілін, азаматтық ұстанымын ашық білдірген азаматтардың үстінен құзырлы органдарға домалақ арыз (донос) жаудырады. Олардың қатаң жазалануын бірлесе қадағалайды.

Бұдан бөлек "патрулдер" ұйымдастырып, украиншіл көзқарастағы адамдарды тауып, өз бетінше жазалайды. Қолданған жазаларын трансляциялап, мақтана көрсетеді.

Әлеуметтік желіде, интернетте Қырым тұрғындарын "Ресей сатқындары" ("предатели России") ретінде көрсететін видеолар көбейді. Жағажай қожайыны саналатын үш әйелді украиналық әнші Верка Сердючканың әніне билегендері үшін ұстап алды, тағы бір тұрғынды киіміне көк және сары (жовто-блакитный) лента таққаны үшін ұрып-соғып, бейнекамера алдында Ресейден кешірім сұрауға мәжбүр етті.

Бұдан бөлек, Ресей армиясымен ынтымақтасудан бас тарту, мысалы, РФ солдаттарына тауар сатпау, көліктеріне жанар-жағармай құймау, бетіне түкіру, сондай-ақ басын бәйгеге тіге жүріп, Қырымға қатысты барлау деректерін Украина Қарулы күштеріне жолдау, Киевтің сондағы ресейлік әскери базаларға жасаған соққысының нәтижесін бейнежазбаға түсіру оқиғалары жиілеген.

Жергілікті саяси шолушы Ярослав Трофимовтың айтуынша, қазіргі кезде Қырым жұртшылығының қанша пайызы Украинаны қолдайтынын және соғысты жақтамайтынын дөп басып айту қиын.

Ондай әлеуметтік зерттеулерді бірде бір әлеуметтанушы және әлеуметтік институт жүргізбейді. Жүргізгісі келгеннің өзінде федералдық қауіпсіздік қызметі және басқа да мекемелер оған жол бермес еді. Оның үстіне адамдардың көбісі өз пікірін ашық айтудан қорқады, іштен тынып, Украинаның Қырымды азат етуін тыныш қана күтіп жүр.

Бірақ Ярославтың байламынша, бір жайт анық: былтыр кең ауқымды соғыс басталғалы бері адамдардың батылдығы оянды, Қырымның Ресей бақылауында енді мәңгілік қалмайтынына деген сенім пайда болды.

Мәселен, биылғы тамызда украиналық арнаулы операциялар күштері, арнайы мақсаттағы жауынгерлер Қырымның батысына қысқа уақытқа десантталды. Олар сол жерде Украина туын көтеріп, желбіретті. Ресейлік әскери объектіге шабуыл жасады. Содан соң кері оралды.

The Wall Street Journal тұжырымдауынша, жергілікті тұрғындардың наразылық акцияларының өршуі Кремлге мүлдем жақпайды. Себебі ол "Қырым әрқашан Ресейдің құрамында өмір сүруді қалады" деп келетін, 2014 жылдан бері бүкіл әлемді сендіре жаздаған жалған пропагандасының парша-паршасын шығарады.

"Қырымда украинашыл көңіл-күйлерін ашықтан ашық білдіретін тұрғындар бұрындары да болған, мысалы, Қырым татарлары жыл сайын Украина мен татарлық Қырымның туларын көтеріп, жылда санкцияланбаған митинг өткізетін. Сол үшін олардың қаншама өкілі қудаланды, репрессияланды, түрмеге тығылды, шетелге көшуге мәжбүрленді. Бірақ қазіргі кезде басқа да тұрғындар, соның ішінде украиндер мен орыстар да соғысқа және Путинге қарсы түрлі акциялар ұйымдастыруда", – деп хабарлады басылым.

Әрине, бірқатар қырымдықтар түбек Украина иелігіне қайтқан соң өз тағдырының не болатынына алаңдайды. Өйткені тоғыз жыл ішінде ондаған мың тұрғын Ресей құрған билік органдарына жұмысқа тұрып, Мәскеуге қызмет етуде. Олардың арасында Мәскеу саясатын ілгерілетіп жүрген қатардағы шенеуніктер, сарапшы мамандар, оккупанттың білімін таратып, жас ұрпақты соған тәрбиелеген педагогтер және басқасы бар.

Олар болашақта Киев өздерін коллаборационизм үшін айыптайды деп қорқады. Кең ауқымды шапқыншылық басталғалы Украина жаңа заңдар қабылдап, басқыншымен ынтымақтасқандар үшін жазаны қатайтты. Дегенмен Қырым Украина құрамына қайтып жатса, халықаралық демократиялық қоғамдастық, соның ішінде серіктес Батыс елдері Киевке ондай жаппай қудалау шараларын жүргізуге мүмкіндік бермеуі ғажап емес.

Бұған қоса, қазірден украиналық құқық қорғаушылар азат етілген аумақтардағы коллаборанттарға қатысты қылмыстық заңнаманың тек Кремлге, ресейлік әскерге және арнайы қызметтеріне тікелей көмектескендерге ғана шектеулі түрде қолданылуы үшін күресуде.

Ал әзірге, The Wall Street Journal жазуынша, Қырымда украинашыл ауанның өрістеуінен үрейленген Мәскеу қатаң репрессивті шараларын күшейтіп жатыр.

Украина армиясының Қырымдағы ресейлік әскери инфрақұрылымға соққысы жиілеген сайын, жергілікті тұрғындардың да түбектің Украина бақылауына оралатынына деген сенімі нығая түсуде. Қырымдықтар Ресейден теріс айнала бастады. Бейбіт заманда Алушта сияқты жағалаулық курорттар ресейліктер қаптап демалатын танымал орынға айналды, алайда Путин бастаған соғыс республиканың басты бір табыс көзіне – туристік индустрияға орасан зор нұқсан келтірді. Биылғы жылы Қырымда тек 4,5 миллиондай ғана турист тынығады деп болжануда, бұл 2021 жылғыдан екі еседей аз.

Ресейдегі отын дағдарысы Қырымда да бензин мен дизелдің тапшылығына соқтырды. Отын бағасы шарықтап барады. Көптеген қырымдық жанармай станциялары қаңтарылып бос тұр. Республикадағы кейбір қалаларда таяуда электр қуаты өшіріле бастады. РФ әскерінің Кахов плотинасын жаруы Қырымды Украина тарапынан ауызсумен қамтып отырған магистралді арнаның кеуіп қалуына әкелді.

"Осы және басқа да Ресей ала келген қиындықтарға ашынған жұрттың наразылығына жауабы ретінде ресейлік оккупациялық билік жаңа ғана ұсталған "сатқындарды" телеарналардан көрсетіп, айыбын мойнына қойып, кешірім сұратып жатады. Бұл жерде бұқаралық орындарда украиналық әндерді шырқау, әлеуметтік желіде украина тілінде жазба жазу, үйдің дуалына немесе ағаштарға сары түсті матаны тағу сияқтылар да қылмыс, ресейлік билікке қарсылық ретінде қабылданады", – деп жазады Уолл Стрит Джорнэл.

Украинаға сүйіспеншілігі үшін тұтылып, жаза тартқандардың әлеуметтік санаттары сантүрлі. Соның ішінде агрессордың солдаттарына қызмет көрсетуден бас тартқан беделді бизнесмендер, дүкендердің қожайындары, жанар-жағармай құю станцияларының қызметкерлері бар.

Қырымдықтардың бір бөлігі қару мен әскер тасылатын темір жолдарды жарғаны, украиналық зымырандар мен дрондардың соққыларын нысанаға дәлдегені, барлау деректерін жинағаны үшін айыпталды. Ресейлік барлау қызметі Қырым газ құбырын жарды деген күдікке іліккен тұрғынды қылмысы дәлелденбесе де, телеарналардан паш етті.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, тегеурінді репрессия бір жағынан тұрғындарды оккупациялық билікке сөзсіз бағынуға мәжбүрлеуге қызмет еткенімен, екінші жағынан ол Мәскеудің мазасызданғанынан, тынышы кеткенінен хабар береді. Бұған қоса, қысымның күшеюі жұртшылықтың Украина құрамындағы еркіндік заманын аңсауға итермелей түседі. Таяуда телеарнадағы тікелей эфирде жергілікті жас жігіттің еш тайсалмай: "Қырым – Украинаныкі" деп мәлімдеуі қырымдықтардың Украинаға оралуды ынтыға, іңкәрлана күтіп отырғанын көрсетсе керек.

"Қырымда өмір сүретін және украиналық әкімшіліктің қалпына келтірілуін қалайтын украиналық азаматтар әрдайым көп болатын. Бірақ 2022 жылға дейін олар енді Қырым территориясын Ресей ұзақ уақытқа оккупациялады деп санады. Олар өз өмірінде Украинаға оралуға куә болатынынан түңілген еді. Бүгінде украинашыл халықтың оптимизмі артты. Көкіректі кернеген сол сезімдер байыз таппай, басылмай, сыртқа ытқып шығады. Біз оны түрлі наразылықтардың қатпауынан көрудеміз", – дейді украиналық саясаткер, Қырымның реинтеграциялануы қауымдастығының сарапшысы, бұрынғы Қырым тұрғыны Борис Бабин.

Ол сезімді ашық білдіру үшін жаза қаталдана түсуде. "Орыс армиясын дискредитациялады" деген нақақ жаламен ұзақ жылға соттауы мүмкін.

2014 жылы Украина армиясын тырп еткізбей, қарсы бірде бір оқ атқызбай, Қырымды басып алуын Кремлдің қожайыны әрдайым мақтан тұтады. Режиссёр Оливер Стоун 2017 жылы түсірген "Путин" (Путинмен сұхбат) атты төрт сериялы деректі фильмнен мұны анық аңғаруға болады. В.Путин мұны өзінің тарихта қалар ұлы жетістігі санайды. Сондықтан Қырымды өліспей беріспеуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу